Қадір түні – Рамазан айындағы ең қасиетті мүбәрак түн. Бұл түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар. Ол мың айдан да қайырлы. Мың ай тура сексен үш жыл, төрт айға тең. Өйткені бұл түнде тілеген дұға-тілектер қабыл болып, Жаратушы иеміз алақан жайған әр пендесіне ризық-несібесін үйіп-төгіп береді. Сол себепті мұсылман қауымы бұл құлшылықты құр жіберіп алмауға тырысады. Өйткені хадисте айлардың қайырлысы – Рамазан, түндердің қайырлысы – қадір түні, күндердің қайырлысы – Жұма күні екені айтылған. Қасиетті түнді негізінен Рамазан айының соңғы он күнінде, тақ саннан іздеу керек. Көпшілік ғалымдардың ортақ пікірінше, қадір түні Рамазан айының жиырма жетінші түні болып есептеледі. Ал бұл өз кезегінде бұрынғы үмбеттердің өмір бойы жинаған сауабын бір түнде алу мүмкіндігі деген сөз.
Қадір түні не үшін сонша қайырлы деген сұрақтың жауабына тоқталсақ. Алғашқы құран аяты пайғамбарымызға (с.ғ.с) қадір түні түскен. Қасиетті кітаптың «Қадір» сүресінің 1-аятында: «Расында, біз оны (Құран Кәрімді) қадір түні түсірдік» дейді. Ал бұл түнді құлшылықпен өткізген пенденің Жаратушысы алдында дәрежесі артады, тілеген дұғасы қабыл болады. Бұл түні адамның тағдыры бекітіледі. Бұл туралы ғұлама ғалым Мужаһит: «Қадір түні – тағдыр түні. Алла тағала бұл түні келесі жылғы осы түнге дейін кімнің ажалы жететінін, кімге қанша ризық-несібе бөлінетінін, т. б. үкімдерді белгілейді» деген. Құранда бұл түннің артықшылығын түсіндіретін арнайы сүре де бар. Ол сүреде Жаратушы иеміз былай дейді: «Анығында біз Құранды Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Бұл түні періштелер мен Рух Раббыларының әмірімен жерге түседі. Ол таң ағарып атқанша жалғасады» деген. Қадір түнінің мағынасына келер болсақ, бірінші мағынасы – Құран Кәрім түскен түн. Құран Кәрім кітабы – Алланың сөзі, адамдарды дұрыс жолға бастайтын және екі дүниенің бақытына жеткізетін кітап. Құран Кәрім жаратылмаған. Екінші мағынасы – құрметті, ардақты. Бұл түні мұсылман баласы барынша көп құлшылық жасап, Жаратушыға мінәжат етеді. Құран Кәрімді оқып, қателік-күнәлары үшін кешірім сұрайды. Ал Қадір түнін дәл осындай ізгі амалдармен өткізген адам Жаратушы алдында құрметті әрі ардақты болады. Үшінші мағынасы – таршылық. Бұл түні аспаннан жерге түсетін періштелердің көптігі соншалық, оларға жердің өзі таршылық етеді. Демек, бұл Қадір түніндегі періштелердің көптігін көрсетеді. Алла Елшісі: «Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады», ‒ деп хабар береді. Төртінші мағынасы – ұлық түн. Бесінші мағынасы – тағдыр бекітілетін түн. Сондай-ақ бір жыл ішіндегі табиғат құбылыстарын, жақсылық пен жамандықты, өмірге келетін һәм өмірден өтетін адамдардың мезгілін бекітеді. Қадір түнінде тағдыр тақтасына құлшылықтағы құлдардың тілектері тоқылып, алдағы бір жылға қатысты үкімдер бекітіледі.
Мүминдер бұл түнді дайындықсыз өткізбеуі тиіс. Өйткені Әбу Хұрайра (р.а.) сахабамыз жеткізген хадисте: «Кімде кім қадір түнінің артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, ғибадат, құлшылықпен өткізсе, өткен-кеткен күнәлары кешіріледі» делінген. Бұл түні жасалуы тиіс істердің қатарында намаз оқу, Құран оқу, өткен күнәларды енді жасамасқа тәубе етіп, кешірім тілеу, жалбарынып тілек тілеу керектігін айта аламыз. Мойнында намаз қарызы барлар нәпіл намаз оқымай тұрып, әуелі бес уақыттық қаза намаздарын өтеуі артықшылыққа жатады. Ғалымдардан Суфиян Сәури: «Қадір түні тілек тілеп, кешірім сұрау намаздан ұнамды. Құран оқып, артынан тілек тілеу – ең жарасымдысы», – деген.
Жылына бір рет келетін қасиетті қадір түнінің рухани салмағы орасан зор. Әйтседе қалың бұқара қасиетті кешті ерекше ілтипат көрсетіп ұлықтағанымен, бұл түннің тарихы мен мән-мағынасына терең үңіле бермейді. Алла Тағаланың кәләмі Құран Кәрімде қасиетті кеш хақында «Қадір» сүресінің бар екені белгілі.
Ендеше таным-түйсігімізді арттыру мақсатында осы сүренің түсіндірмесіне бір шолу жасайық. Иә, шынында да, Қадір түні атына заты сай, адамзат баласының келешегі үшін аса қадірлі һәм маңызды. Хақ Тағала адам баласына шайтанның арбауына тез көнетін нәпсіні берік сынап, өзінің аса мейірімділігімен бұл тығырықтан сытылып шығатын даңғыл жолды да меңзеген. Ол даңғыл жол – қасиетті Қадір түні тәубеге келіп, ықыласты түрде кешірім сұрап, жан-тәнімен Хаққа жалбарынып, болашағына зор үміт артып, жасыл бақтары бар жұмаққа жетелейтін рақым жолы. Лайым, осы жол – барша адамзатқа нәсіп болғай!
Зорагүл Әбдіқадір