Құрамына Жетіген, Жаңаарна, Еңбек, Құйған ауылдары кіретін Іле ауданына қарасты Жетіген ауылындағы әр жексенбі сайын таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейтін жайма базарды сол маңдағы тұрғындар мен алыс-жақындағы ауылдың бәрі біледі. Бұл базар олардың күнделікті нәпақасын табатын күнкөріс көзі ғана емес, апталық азық-түлігін алатын басты сауда орталығына айналғалы талай жылдың жүзі болды.
Мұнда қолындағы барын сатқан қарадан бастап, азын-аулақ малын, өтпей қалған тауарын саудаға салатындардан бөлек, арнайы сауда істеуге келетін кәнігі саудагерлер де баршылық. Берісі Жетігеннің өз тұрғындары болса, арысы тіпті Қонаевтан, Есік қаласынан да келетіндер бар. Нарықтағы бағадан әлдеқайда арзандау азық-түліктен бастап, киім-кешекке дейін күнделікті керегінің бәрін осы жерден табатын тұтынушының да қымбат бағаға ұрынғысы жоқ. Сол себепті иінтірескен тұтынушы мен алақандай жерге аз болса да тауарын жая салып, сауданың көрігін қыздырып жатқандар көп. Шашлықтың сан алуан түр-түрі сатылып, ауыл адамдары үшін таңсықтау көрінетін бәліш, дөнер, пицца, сушидің де саудасы жүріп тұр. Алушысы да аз емес. Құдды бір ертеректегі кітаптарда жазылған «ертегі әлемі» дерсің!
Тұтынушы Торғын Шәріпханқызы: «Жеміс-жидек сататындардың көбі Есік пен Моловодныйдан, су май сататындар сонау Сарқаннан келеді. Жалпы сауданың көрігін қыздыратындардың көбі – Іле мен Талғар ауданының саудагерлері. Арзан болса да ел 5-10 теңгесін үнемдеу үшін саудаласып жатады. Қазы-қартаны да осы жерде көзіңше аударып, салып береді. Еттің де бағасы басқа базарлардан көп арзан. Ауыл адамдарына бұл – қарапайым халық үшін кәдімгідей жеңілдік. Апта бойғы азығымызды осы жерден алып аламыз. Былайғы дүкендерде баға у болып кетті ғой…», – деп қымбатшылықтың қарапайым халықтың қалтасына түсіріп тұрған салмағын да атап өтті.
Санитарлық жағдайы жоғары талаптарға сай емес деген болмаса, ет-сүт өнімдерінің түр-түрі табылатын бұл базардан балық пен құс еті, көкөніс, тұрмысқа қажетті керек-жарақтың барлығын табасыз. Баға айырмашылығын да бірден бағамдауға болады. Қала бағасынан әлдеқайда арзан азық-түлікті көргенде «бұл не деген батпан құйрық, айладада жатқан құйрық?» деген ойдың келгенін де жасырмаймыз. Мысалы, Алматыда тауық еті 1100-1350 теңге аралығында болса, мұнда 900-950 тг, картоп бағасы қалада 230-260 тг болса, мұнда 150-160 тг, түрлі-түсті болгар бұрыштары қалада 1800-2300 тг, тіпті 2700-ге жеткен кезі болды, ол бұл базарда 1500 тг. Пайғамбар сүннеті бойынша саудалассаң мұнан да арзанға алуға болады. Сондықтан қымбатшылықтан қалтасы, қу тірліктен жүйкесі жұқарған жұрт азын-аулақ тиын-тебенін үнемдеп жұмсап, керегіне жеткізу үшін де ат арытып алыстан келеді. Айтпақшы, мұндағы жұрт осыған дейін аспандап кеткен қант пен ұнның, су майдың бағасы аздап болса да арзандапты десіп жатты.
Адамы мен техникасы жарыса жүретін жайма базардың жылдан-жылға үлкейіп келе жатқаны өз алдына, қасындағы күре жолда болатын ұзынсонар кептеліс те күннен-күнге ұзарып кетіпті. Бірақ өз «менін» еркін жеңе алатын ауыл адамдары мұндайда да үлкендеріне жол беріп, кішілерге жөн сілтеп, түсіністік шеңберінде одан да ың-шыңсыз өтіп жатыр. Қаладағыдай жолға таласып, тар жолды «тамаша қылып» қырқысып-қырылысып, жаға жыртысып жатқан ешкім жоқ. Бір жақсысы басқа жермен салыстырғанда бағасы айтарлықтай төмен болғанына қарамастан, мұндағы саудагерлер кейбіреулер сияқты «өзім салып беремін, сен таңдап алып кетесің…» деп те ешкіммен жүз шайысып жатпайды. Есесіне тұтынушылармен саудагерлер арасындағы саудаласу «салты» орнымен жұмыс істейді. Екі тарап өз бағаларын айтысып, көңіл жықпас шамасына тоқтап, өзара түсінісіп жататынын көргенде ауыл адамдарының сыйластығы мен адамгершілігіне тәнті боласың. Ақшасын беріп, таңдағанын алып жатқан жұрт та, саудасы өтіп жатқан саудагер де дән риза. Қалтасы қалың, шертиген шен-шекпенді аяқ баспайтын бұл базардан сән-салтанат іздеудің қажеті жоқ. Таппайсыз да. Сондықтан мұнда жалтыраған дәу машина да, қарнын сипап, елдің төбесінен төнетін байшыкеш те жоқ. Өйткені ескісін киіп, ешкісін сауып күнелткен, ескі машинасын қанағат етіп, арзан болса да шайтан арбасына, жамау дорбасына арланбайтын, барын базар еткен арлы, салқын сабырлы, қанағатшыл қарапайым халық қана бар. Алар затына тиыны жетпей жатқан тұтынушысының да намысына тиіп, «алмасаң сұрама, ақшаң жетпесе неге келесің?» деп тамағы жыртылып, шапылдап жатқан шайпау саудагерді көрмейсің. «Ала беріңіз», «жарайды, келесі келгенде бере саларсыз» деген зор сеніммен-ақ әңгіме тамам. Өйткені оның алдамайтынын, ақшасы болған кезде міндеті түрде әкеліп беретінін біледі. Сол үшін тұтынушысынан құжат сұрап, күдік келтіріп жатуға уақыттары да жоқ.
Әдейі барып, 2 сағатқа жуық бақылағанда адамгершілігін жоғалтпаған ауыл адамдарының айналасына деген сенімін, жылы көзқарасы мен қарым-қатынасын, бір-біріне деген құрметін де осы жерден көрдік. Әншейінде сіркесі су көтермей жүретін қала менталитетіне уланғандардан бір сәтке аулақтап, жайшылықта құж-құж қайнап, адамдары қылаяғы автобусқа сыймай қырылысып жататын қаладан кеткім де келді. Кеудені кернеген алтын ұя –ауылға деген сағыныш бір сәтке өксік болып тамағыма тығылғандай. Қазақы қалыбынан арылып, ниеті тарылып, «мен білем, мен ғана» деп тұратын эгоист ортадан шаршай бастағаныңды да осындай да біледі екенсің…
Дархан қазақтың жарқын көңілі мен аппақ пейілін көргіңіз келсе, ауылға ат басын жиі бұрып тұрыңыз. Қысқасы, аядай ауыл – шынымен, алтын бесік!!!
Жанбота Сұлтанмұратқызы