Сәуірдің алғашқы жартысында Талғар агробизнес және менеджмент колледжінде «Педагогикалық шығармашылық – білім алушылардың дербестігін дамыту негізі» тақырыбында әдістемелік күн өтті. Шығармашыл педагогтардың тәжірибесімен танысу, оқу-тәрбие міндеттерін тиімді шешудің аясын кеңейту мақсатында өткен шараны Алматы облысының білім басқармасы мемлекеттік мекемесінің облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы мен Талғар агробизнес және менеджмент колледжі ұйымдастырды.
Шара басталмас бұрын «Суреттер сөйлейді» атты көрмені тамашаладық. Агротехнология кафедрасының оқытушысы Бота Елақынова көрме жайлы кеңінен таныстырды. Ол колледж студенттерінің Южный зауытымен бірлесіп, өндіріс алдында жасаған іс-тәжірибелік жұмыстарын көрсетіп: «Студенттер өз қолымен табиғи жемістерден түрлі шырын дайындады. Қызанақ ботқасы да білім алушылардың үйренгені негізінде даярланды. Ал тұздалған қияр өзіміз үнемі пайдаланатын дәстүрлі тәсілден өзгешелеу дайындалды. Сондықтан дәмі де тіл үйіреді. Студенттеріміз әр жылы өндіріске белсене атсалысатындықтан осы күнге дейін жиған білімдерін іс жүзінде қолданып, біліктіліктерін одан ары шыңдайды. Міне, өзіңіз көріп отырған өнім – сол жастардың жұмысы», – деп көрмеге қойылған балрық өнімді бір-бірлеп таныстырды. Мал шаруашылығы мамандығы кафедрасының ұйымдастарған көрмесінде ветеринарлық құралдар орналасқан. Онда буаз малдың жағдайын анықтау үшін қолданылатын ультра дыбысты зерттеу апараты айырықша назар аударады. Осы құрылғы арқылы іштегі төлдің жағдайын, аналық бас пен төлдің қосымша ауруы бар-жоғы анықталады. Ал қандай да бір ақау болған жағдайда төлдің аман-есен тууы үшін алдын-ала зерттеу жасалады. Іштегі төл өлі болған жағдайда бөлшектеп алу үшін қолданылатын темірден жасалған құрал-жабдықтардың рөлі де түсіндірілді. Малдың қан сараптамасын жасайтын зерттеу құрылғысы да осында. Жерге орналастыру мамандығының жауаптылары ұйымдастырған көрмеге қойылған 2016 жылы Германияда өндірілген соңғы үлгідегі ЖПС апараты жұртшылықты қатты қызықтырды. Құрылыс саласы мен егіс алқабына аса қажетті құрал радио толқындары арқылы автоматты түрде бір-бірімен кері байланыс жасай отырып, жер-учаскесінің жағдайын бағдарлайды.
Шара басында сөз алған облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының техникалық және кәсіптің бөлімінің басшысы Шынар Исаханова: «Орталықтың бастамасына сәйкес колледждердің тәжіріибесін насихаттау, жаңашылдықты дер кезінде игеру және оны өндіріспен ұштастыру бүгінгі әдістемелік күн жұмысы аясында қарастырылды. Ағымдағы жылы алты колледж осы әдістемелік күнге енгізілді. Алғашқы шара аталған колледжден сәтті басталып отыр.
Қазір бағдарламаларда білім алушыларды дербес оқыту қарастырылып, модулдерді толық игеру басты назарда. Болашақ ұрпағамыз альфа ұрпақ болып саналады. Олар – қазіргі технологияны, ақпаратты алдын ала білетін, өздігінен үйренетін буын. Сондықтан олардың алдында ұятқа қалмау үшін ғарыштық жыдамдықпен дамып бара жатқан технологияны терең меңгере білуіміз керек. Күн сайын түрленген ақпарат ағымына ілісе алмай жатқан жайымыз бар. Алайда рухани құндылық әрдайым басты орында болуы – шарт. Бұл ретте педагогтарға қойылатын талап ауыр. Сондықтан ұстаздар өзара тәжірибе алмасып, бір-бірімен тығыз шығармашылық қатынаста болуы қажет деп есептеймін. Бүгінгі шарамыздың басты мақсаты да осы», – деген ойын ортаға салды. Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің арнайы пән оқытушысы Алтынай Азимакунова электрмен қамтамасыз ету мамандығының білім алушыларына арналған модулдік оқыту құралымен арнайы таныстырды. Жас ұстаздың баяндамасын ден қоя тыңдаған Ш. Исаханова оған бірқатар сұрақтар қойып, бұл оқыту құралының әлі де толықтыруға тиісті тұстары көп екенін ашып айтты. Қазақ тілі мен әдебиеті және география пәндерінің оқытушысы Мария Ахметова өзі баулыған жас маман Ақжан Әкімғалиқызымен бірлесе отырып, қысқа уақыт ішінде жеткен жетістіктеріне тоқталды. Ұлағатты ұстаздың жетекшілігінде «Алатау арайы», «Жетісу» сынды басылымдарда мақалалары жарық көрген жас маман «Қиын іс жоқ жаһанда, ықылас қойған адамға» деген мақалды өмірлік ұстанымы еткенін атап өтті. Ал Ұлықбек Сұлтанбаев сабақта электрлік тізбекті моделдеуде Every Circuit интерактивті бағдарламасын қолдану тақырыбында баяндама жасады. Зер сала тыңдаған ұстаздар ондағы жаңа оқыту әдісі мен озық идеяларына аса қызығушылық танытты. Шара соңында әдістемелік күн жұмысын қортындылаған Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Сымбат Ақжол бүгінгі іс-шараның шығармашыл ұстаздарға берерінің мол екеніне тоқталып, осындай кездесу арқылы педагогтар арасындағы тәжірибе алмасу тереңдеп, біліктіліктің артуына ықпал ететінін жеткізді. Сонымен қатар бұл игі бастаманың әлі де жалғасын табатынына сенім білдірді.
Зорагүл Әбдіқадір