ХХІ ғасырдың ортасынан бері жолға қойылған адам қабілеттерінің әртүрлі функцияларын жүзеге асыра алатын жасанды зерде жайлы жиі айтылады. Бұл терминді компьютерлік бағдарлама лаудағы ең алғашқы тілдердің бірі Лисптің негізін салған Джон Маккарти есімді америкалық өнертапқыш 1956 жылы алғаш рет қолданған. Жасанды зерденің дамуына қосқан үлесі үшін информатика саласындағы ең беделді марапаттың бірі – Тюринг премиясының лауреаты атанған. Оның пайымдауынша, ЖЗ адамның интеллектуалды (есептер мен теоремаларды шешу, т.б.) және саналы іс-әрекетін қарастырады. Ал Алан Тьюринг деген кім? Бұл турасында да аздаған мәлімет бере кетейік.
Уикипедияда бұл терминге оған дейін дәл атау берілмегені болмаса, ашық ақпарат көздерінде жасанды интеллект термині Джон Маккартиге дейін де қолданылғаны туралы ақпарлар бар. Мәселен, Алан Тьюринг атты ағылшын математигі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістің құпия ақпаратын бұзып, оны шифрдан шығаратын машина құрастырып, 1948 жылы бүгінде теңдеулерді шешу үшін кеңінен қолданылатын LU кеңейту әдісін ойлап тапқан. 1950 жылы компьютердің жасанды зердесін сынауды көздейтін Тьюринг тестін ұсынады.
Отан соғысы кезінде Алан Тьюринг Блетчли-паркта орналасқан Үкіметтік Байланыс Орталығында қызмет ете жүріп Жапония, Германия және Италия секілді нацисттік елдер мен олардың жақтаушыларың құпия жазбаларын, шартты белгілерінің мағынасын ашумен де айналысқан. Германияның әскери-теңіз флотының хабарламаларының криптоанализіне жауапты Hut 8 тобын басқарып, криптоанализдің бірқатар тәсілдерін ойлап тапқан. Оның ішінде неміс шифраторы Enigma-ның құпия жазбаларын шешуді мақсат ететін Bombe базасы да бар деген ақпарат айтылады. Тьюринг Белоусов-Жаботинский секілді ауытқып отыратын реакцияларды болжап, оны 1968 жылы ғана ғылыми бірлестіктерге таныстырады. Міне, сандық әлемде ашқан осындай жаңалықтары жоғары бағаланған оның құрметіне орай информатика саласында Тьюринг марапаты тағайындалып келеді.
Сонымен тақырыпқа оралсақ, жасанды интеллект дегеніміз не? Ол – адамның ойын, іс-әрекетін компьютерде нақты бейнелейтін компьютерлік жүйе. Күн өткен сайын жасанды интеллект (AI) жайлы сандаған ақпарлар тарап, тіпті заман үрдісіне сай оған деген қажеттілік те туындап отыр. Осы салаға қызығушылық танытушылар мен зерттеушілер саны да күрт артып келеді. Қазірдің өзінде өзекті қолданбалы мәселелерді шешуде маман тапшылығын жою мақсатында, ғарыш, мұхит, өрт немесе радиоактивті ластану аймақтарында, дәрігерлердің жұмысын жеңілдету барысында қолданылатын нанотехнологияға негізделген медициналық құрылғыларда, ішкі ағзалардағы ісіктерді анықтауда кеңінен қолданылып отырған ғылымның бұл жетістігіне деген тәуелділік те туындап отыр. Бұл ретте алысқа бармай-ақ, еліміздегі медицина саласында қолданып жүрген шетелдік аппараттардың дені осы негізде жұмыс істейтінін айтсақ та жеткілікті. Қазіргі уақытта әлемдегі ірі державалар арасында нанотехнология өндіруден бәсеке басталып та кеткенін айтқан «The Qazaq Times» порталы: «Қытай зерттеу мен өндірісте АҚШ-қа тәуелсіз болу үшін жасанды интеллект жасауға айрықша көңіл бөліп отыр. Қытайлық Huawei компаниясы жасанды интеллекті өңдеуге арналған өз чиптерін әзірлейтінін мәлімдеді. Бұл елдегі жасанды интеллект индустриясын Intel және Nvidia сияқты америкалық өндірушілерге деген қажеттілігін азайтты. Ал Еуропалық Одақ АҚШ пен Қытайдан қалыспай жасанды интеллект жасауға 22 млрд доллар қаржы бөлген» деген де ақпарат берген.
Алайда inbusiness.kz сайты мыңнан астам эксперт жетілген жасанды зердені (ЖЗ) әзірлеуді тоқтата тұруға шақырып, ашық хат жариялады деген ақпар таратты. Онда «Future of Life коммерциялық емес ұйымының хабарлауынша, осы саланың майталманы саналатын мыңнан астам эксперт анағұрлым озық жасанды зердені әзірлеуді уақытша доғаруға шақырған ашық хатқа қол қойған.
Үндеушілер арасында SpaceX, Tesla және Twitter бас директоры Илон Маск, Apple корпорациясының негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк, Иерусалимдегі Еврей университетінің профессоры және «Sapiens: адамзаттың қысқа тарихы» кітабының авторы Юваль Ной Харари, Stable Diffusion жобасының иесі, Stability бас директоры AI Эмад Мостак және басқасы бар», – делінген. Олардың айтуынша, сандық әлемнің сансыз құпиясы жинақталған жасанды зерде арқылы кез келген елдегі билікті заңды жолмен де құлатуға болады. Мысалы, РБК, Коммерсантъ секілді ақпарат көздерінің мәліметінше, Евгений Пригожиннің тек АҚШ-та ғана емес, Африка елдеріндегі сайлауларға араласқаны анықталған. Бұл іске ЖЗ және боттар кең пайдаланылған. Ол үшін әуелі ел басшысы лауазымына қатысты сайлау өтетін мемлекетте әлеуметтік-саяси ахуалға мониторинг, онлайн сауалнамалар жүргізіліп, сараптама жасалады. Одан қарсылас кандидатқа және оның штабына электронды шабуылдар ұйымдастырып, екіншісінде оны қолдайтын электорат жұмысына кедергі келтіру тетігі нысанаға алынады. Осының барлығын ЖЗ көмегімен жүзеге асырылады. Салдарынан мыңдаған сайлаушылар дауыс беру мүмкіндігінен айырылып қалады. Мұндай жағдайлар Мадагаскар, ОАР, Кения, Ливия, Зимбабве, Чад сияқты елдерде қолданылған деген мәліметтер кездеседі. «Мен өз кәсібімде ЖЗ саласындағы ең озық әзірлемелермен жұмыс істеймін, сондықтан жақсы білемін. Сол себепті де адамзатты абай болуға шақырып келемін. Бірақ адамдар жан-жақтан кісі өлтіруші роботтар қоршап алғанша, одан келетін қауіпті көре алмайтын сияқты. ЖЗ кесірінен өркениетіміздің жойылуы – әбден мүмкін сценарий. Ендеше оның алдын алу үшін мемлекеттердің рөлі өте маңызды», – деген SpaceX, Tesla басшысы Илон Маск бұдан бұрын да ЖЗ-нің жетілген түрлері тіпті апокалипсиске, ақырзаманға соқтыра алатынын мәлімдеп, АҚШ губернаторлардың ұлттық қауымдастығының жазғы жиынында да дәлелді болжамдар жасаған. ЖЗ-нің ғылым өркениетінде қаншалықты маңызы болса, адам өмірінде соншалықты зияны да жетерлік. Мысалы, ЖЗ-нің негізінде құрылған нейрожелілер кез келген адамның сөз сөйлеу мәнерін салып, даусын дәлме-дәл келтіре алады. Қазірдің мөзінде интернеттегі қолжетімді ЖЗ-лар Байден, Трамп, Обама және басқа да белгілі тұлғалардың мақамымен сөйлей алады.
ЖЗ диктатураларлы елдердің қолындағы қауіпті қаруға айналғаны да жасырын емес. Оның көмегімен Қытай әр азаматын қалт жібермей қадағалап отығаны мәлім. Ал болашақта игерілетін озық үлгідегі ЖЗ кесірінен күллі әлем орасан зор виртуалды апатқа тап болуы мүмкін деген болжамдар айтылады. Жоғарыда аталған ашық хатта көрсетілгендей, жұрт қызық көріп жатқан GPT-4-ден де қуатты жоғары нейрожелілер тұтас мемлекеттер өркениетіне қауіп төндіруге қауқарлы. Сол себепті қарсылық танытқан хат иелері ЖЗ әзірлеуші компанияларды 6 айлық үзіліс алуға шақырады. Олар: «Жарты жылдық үзіліс барлығын жаппай қамтуы және бақылауда болуы шарт. Оған саладағы барлық шешуші қатысушылар атсалысуға тиіс. Егер бұл үзілісті өз бетінше орнатуға компаниялар құлық танытпаса, онда үкіметтер араласуға және мораторий енгізуге тиіс. Адамның ой-санасымен бәсекелесе алатын жасанды интеллект жүйелері адамзатқа да, елдерге де салмақты қауіп төндіреді, мұны кең ауқымды зерттеулер көрсетті, ЖЗ жетекші лабораториялары мойындап отыр. Озық ЖЗ болашақта Жер ғаламшарындағы тіршілік тарихын терең өзгеріске түсіре алады. Сондықтан оны басқаруға баса мән берілгені жөн. Өкінішке қарай бүгінде ондай басқару мен жоспарлау жоқ. Соған қарамастан ЖЗ зертханалары өзара бақылаусыз жарысқа түсіп, ақылы жөнінен анағұрлым қуатты цифрлық зерделерді әзірлеп, өрістетуге жанталаса күш салып жатыр. Бір іске қосылған соң олар тіпті өзін жасаушыларға да бой бермейді. Өйткені озық ЖЗ жұмысын сенімді бақылау түгілі, оны түсіну, болжау да мүмкін емес», – дегенді алға тартты. Жасанды зерде жүйелерінен қоғамға, адамзат өркениетіне келуі мүмкін қауіп-қатерлер туралы егжей-тегжейлі сипатталған хатта оның экономиканы және саяси құрылымды күйретіп, халықаралық ақпарат әлемін азамзатқа аса қауіпті жалған деректермен толтырып жатқанына да тоқталған.
Қазіргі кезде әсіресе авиатасымалдау, көлік, тамақ, сауда-саттық, қару өндірісі, медицина, тіпті мемлекеттік қызмет көрсетудің көптеген түрлерімен қоса т.б. өзге де салалар ЖЗ басқаруына өтіп жатыр. Біз үйден шықпай-ақ талай шаруаны электронды құрылғылар арқылы алып отырғанымызға қуанамыз. Ал бірақ мұның артында не тұр дегенге бір сәт зер салып қараңызшы. Жай ғана қарапайым мысал, жұмыс орындарының жаппай автоматтандырылуы салдарынан онсыз да шықпа жаным, шықпа деп отырған заманда талай маман жұмыссыз қалып, жұмыссыздар саны әлем бойынша жедел артып келеді. Сонда «егер әлемде барлық жұмыс ЖЗ арқылы жүзеге асатын болса адамзат не істейді?» деген сұрақтың тууы да заңдылық. Ақыр соңында барлық саланы жаппай цифрландыру ЖЗ-нің тұтас мемлекетті өз бақылауына алуына мұрындық болуы бек мүмкін екені де ойланарлық, ой саларлық жайт емес пе?… Осыған қатысты пікір білдірген мамандар: «Тек тиімділігі, нәтижелері оң сипатта болатынына, ал тәуекелдер басқаруға көнетініне сенімді болған жағдайда ғана жасанды зерденің қуатты жүйелерін әзірлеген жөн», – деген қорытындыға келген. Шындығында, бүгінгі таңда біз қуана қолданып, жарыса іске асырып жатқан ЖЗ жұмыстарына деген тәуелділік осы қарқынмен кете берсе, ертең адамзат өркениетінің бүгінгі жетістігі адамдардың өзіне жау болып шықпай ма? Ойға алатын, ойланатын жайт.
Жанбота Сұлтанмұратқызы