Иә, көптің көкейінде жүрген дәл осы сұрақ экологтарды ғана емес, алып мегаполистерде тұратын барлық халықтың жауап таппай отырған мәселесі екені анық. Олардың ішінде Алматы қаласының экологиялық ахуалы туралы дабылдар да жиі қағылады. Кезінде 700 мың адамға негізделген бұл қаладағы халық саны қазір 2,2 миллионнан асты, 2040 жылға қарай 3 миллионнан асуы мүмкін деген болжамдар бар. Адам санының артуына байланысты экологиядан өзге инфрақұрылымдық мәселелердің ушығып тұрғаны тағы бар. Мұндай маңызды мәселелер тізбегі Алматы шаһарының іргесінде орналасқан Талғар ауданына да тиесілі екенін ескерсек, экологиялық және экономикалық өзгерістерді жақсарту мақсатында атқарылатын ауқымды жұмыстардың ықпалы ауданымызға да айтарлықтай әсер етері анық. Өйткені алып қаламен қоңсы отырған өзге ауданындардың да бұл мәселеге қатысты шешілмеген шаруалары шаш етектен екені айтпаса да түсінікті.
Сонымен бұл ретте Ерболат Досаев басқаратын Алматы қаласының әкімшілігі ұсынған алып қаланың 2040 жылға дейінгі бас жоспарында көпқабатты үйлерге басымдық берілетіні айтылған. inbusiness.kz. сайтының хабарлауынша, аталған құжат қоғам және мүдделі меморгандардың атсалысуымен болатын талқылаудан соң жаңа Үкіметтің «Алматы қаласының Бас жоспары туралы» қаулысымен бекітілмек». Егер жаңа жоспар қабылданса Алматылық жаңадан салынатын тұрғын үйлердің қабаттары туралы көрсеткіш мынадай болмақ:
Қаладағы үйлердің 90%-ы – 6 қабат және одан жоғары көппәтерлі үйлер;
7,8%-ы – таунхаус үлгісіндегі аз қабатты, 2–3 қабатты ғимараттар;
2,2%-ы – сарайлар мен коттедждер болады. Олар 1000 шаршы метрге дейінгі жер учаскелері бар усадьба үлгісіндегі жеке үйлер болады деген сипаттама берген.
Сондай-ақ аты аталған сайттағы деректерде қала әкімдігі 2020–2040 жылдар аралығында жалпы ауданы 45 миллион 607,5 мың шаршы метрді құрайтын жаңа тұрғын үй кешендерін салатыны, ол үшін алдағы уақытта Алматының көне бөлігінде орналасқан ескірген құрылыстар түгелге жуық сүріліп, заман талабына сай құрылыс нысандары бой көтеретін көрінеді. Бас жоспардағы бұл ауқымды жобаны іске асыру мақсатында қаланың даму жоспарына сәйкес келмейтін құрылыстар да түп орынмен алынып тасталмақ. Бұл турасында қала әкімдігі мынадай түсініктеме берген: «Қарастырылып отырған кезеңде қазіргі тозығы жеткен және құны төмен тұрғын үй қорының жалпы ауданы 1 млн 820 мың текше метрі сүрілуі мүмкін. Соның ішінде 2030 жылға дейін – 953 мың м.кв сүріледі. Бұзылғаннан кейін босатылатын аумақтардың жалпы ауданы шамамен 2 000 гектарды құрайды. Бас жоспарда осы аумақтарда көп қабатты тұрғын үйлерді және аудандық, қалалық деңгейдегі әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілерді салу, көше-жол желісін және жалпы пайдаланымдағы жасыл желектер жүйесін қалыптастыру көзделеді».
Ал Алматыдай үлкен мегаполиске арналған «Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары» деген құжатта мынадай анық деректер келтірілген: «Қала экологиялық ауыртпалықты бастан кешіруде. «Қазгидромет» РМК деректері бойынша Алматы атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары қалаларға жатады. Алматыда PM2,5 ұсақ дисперсті шаңының орташа жылдық деңгейі соңғы 3 жылда 20%-ға 36 мкг/м3-ге дейін, оның ішінде сырттан келетін автомобильдер санының ұлғаюына байланысты өсті. Ауаның ластануына бір бөлігі ескірген автопарк көліктері мен автокөлік санының көп болуымен қатар, Алматы 2-ЖЭО (Жылу электр орталығы), қала маңындағы аудандардың тұрғын үй секторы, Алматы облысының 3-ЖЭО да өз үлесін қосуда. Бұл ауаны ластаушы көздер атмосфералық ауадағы NO2 азот диоксидінің құрамына әсер етеді, ол қазіргі уақытта шекті рұқсат етілген мөлшерден екі есе жоғары және 81 мкг/м3 құрайды. Қатты тұрмыстық қалдықтардың (ҚТҚ) жинақталуы жалғасуда, оның үстіне олардың көлемі артып келеді, ал қайта өңдеу үлесі айтарлықтай төмен мөлшерде қалып отыр. 2021 жылы қала 430 мың тонна қалдық «шығарды», олардың 73 мың тоннасы ғана сұрыпталып, қайта өңделді – бұл барлық көлемнің 17%-ы. Бұл ретте қала біркелкі көгалдандырылмаған. Егер қала бойынша орташа есеппен бір адамға 12 шаршы метр жасыл желектен келетін болса, онда Алматының батысы мен солтүстік-батысындағы тұрғындарға – екі есе аз мөлшерден келеді (5-7 м2 /адам). Сонымен қатар Алматыдағы 4 млн ағаштың 485 мыңы – қартайған ағаштар, бұл электр желілерінің үзілуіне және қала тұрғындарының денсаулығы мен мүлкіне қауіп төндіреді. Жоғарыда аталған сын-қатерлер қала тұрғындарының өтініштері бойынша жинақталған статистикамен, сондай-ақ тәуелсіз зерттеулердің деректерімен дәлелденеді».
EXIMAR форсайт-агенттігі жүргізген зерттеулердің нәтижесі бойынша бүгінде Алматы ауасын ластайтын зиянды заттардың 80 пайызы көмір жағып отырған үш жылу станциясына тиесілі. Ал көліктердің үлесі тек 20 пайызды құраған. Ескі Алматыны алмастыратын жаңадан салынатын нысандар бой көтерсе ең ірі мегаполисте орналасқан алып өндірістер ошақтары қала сыртында шығарылады. Бұл жоба іске асатын болса тұрғындар тарапынан болатын әлеуметтік қарсылықтарды орын алу әбден мүмкін. Алайда экологиялық жағдай күрт төмендеген қала мен оның айналасында орналасқан Жер сілкінісі қауіпі өте жоғары аумаққа орналасқан Алматыда көпқабатты алып құрылыстар салу қаншалықты қисынға келетін жағдай екені өз алдына бір төбе. Одан бұрын алда болуы мүмкін экологиялық апаттардың алдын алу да аса маңызды екені әмбеге аян. Қазіргі уақытта 25-560 млрд теңге аралығындағы шығынды қажет ететін Алматының қақ ортасындағы 2-ЖЭО-ғын жаңғыртудың төрт нұсқасы қарастырылып отыр.
Экология саласының мамандары мен экобелсенділердің ауаның шамадан тыс ластануы ең алдымен денсаулыққа аса зиян екенін ескертіп, айтып, дабыл қаққанына талай жыл болса да ахуалдың жуық арада өзгерер түрі көрінбейді. Салдарынан атмосфераға таралған улы, зиянды қалдықтардың кесірінен өкпе аурулары өршіп, қатерлі ісікке шалдыққандар саны күн сайын көбеюде. Мәселен, ашық ақпарат көздеріндегі деректерге көз жүгіртсек, тек қаланы жылумен қамтамасыз ету мақсатында жылына шамамен 2,5 млн тонна көмір жағатын 2-ЖЭО-ынан ауаға таралатын улы газдардың зияны туралы өзіңіз де бағамдап отырған боларсыз. Осыған байланысты Informburo.kz сайты мынадай мәліметтер ұсынады: «Ауаға жылына 122 мың тонна зиянды қалдықтар таралады. Алматы халқы жылдан-жылға артып келеді. Тиісінше көлік саны да көбеюде. Қазір қалада 600 мыңнан астам темір тұлпар ресми тіркелген болса, 300 мыңға жуық көлік күн сайын қала аумағына кіріп-шығады. Алматы әкімдігінің тапсырысы бойынша зерттеу жасаған «ЭкоСервис-С» ЖШС мәліметінше, қала ауасын ластауда ең үлкен үлеске ие – дәл осы автокөліктер. Олар атмосфера құрамындағы зиянды заттардың 65 пайызын таратады.
Одан кейінгі орынға 2-ЖЭО (26 пайыз) ие. Қаланың төрттен бірінен астам бөлігін жылумен қамтамасыз ететін цех бір жылда 2,5 млн тонна Екібастұз көмірін жағады. Қай жақтың көмірі екенін ерекшелеп айтып отырғанымыздың себебі – Екібастұз көмірі күлінің көптігімен ерекшеленеді.
Ал өнеркәсіп нысандары мен газға қосылмаған жер үйлердің үлес салмағы үшінші орында. Қалада 3 мыңнан астам жер үй иелері көмір жағу арқылы үйлерін жылытады. Жеке үйлер көп салынған Алатау ауданы Алматыдағы ауасы ең лас аудандардың көшін бастап тұр».
Экобелсенді Әсия Тулесованың пікірінше: «Қазіргі уақытта ластанудың қауіпті деңгейі туралы халықты хабардар ету жүйесі жоқ. Ауа сапасы туралы ақпарат көпшілікке күнделікті қолжетімді болуы тиіс. Көптеген елдерде ауа сапасы туралы мәлімет ауа райы туралы ақпаратпен бірге беріледі. РМ2,5 концентрациясының жоғары деңгейлерінде халыққа смс хабарламалар жіберілуі тиіс. Мысалы, Лондонда тұрғындарға ауаның сапасы мен денсаулығына қатысты хабарлама телефондарына жіберіледі. Соған қарап адамдар демалыстарын жоспарлайды. Егер зиянды қалдық мөлшері көп болса, бронх демікпесі барлар сыртқа шықпай, үйде отырады». Ал біздегі ахуалды мұнымен салыстыра аламыз ба?
Эколог-зерттеуші Айымгүл Керімрай былай дейді: «Алдағы уақытта біз РМ2,5 бөлшектерін сынамаға алып, олардың химиялық құрамын талдауды жоспарлап отырмыз. Бұл ұсақ бөлшектерді зерттеу өте маңызды. Себебі, олар өкпеге терең түседі, қанға еніп, ағзаға кері әсер етеді. PM2,5 бөлшектерінің тәуліктік шекті дозасы өкпенің қатерлі ісігі, тыныс жолдары аурулары, жүректің ишемиялық ауруы, инсульт және басқа аурулардан мезгілсіз қайтыс болу қаупін арттырады. Ластанған ауа ең бірінші кезекте балалар мен қарт адамдар үшін өте қауіпті».
Бұл ретте белгілі эколог Мэлс Елеусізов: «Қазір халық саны 2 миллионнан асады, қала бұдан әрі өсе береді. Биік ғимараттар салынып, құрылыс үшін қаншама ағаш кесіліп жатыр. Қазір зиянды қалдықтарды жұтып, бізді сақтап тұрған – осы ағаштар», – дегенді алға тартады. Осыған қарамастан инфрақұрылымды дамытудың алға шығына байланысты бірінен соң бірі жарыса бой көтеріп жатқан зәулім ғимараттар қаладағы ауаның дұрыс айналуына кедергі келтіреді.
2017 жылы қыркүйекте үкімет тарапынан Алматы әкімдігіне «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-мен бірлесіп 2-ЖЭО-ын 2020 жылға дейін газға көшіру жөнінде шаралар қабылдау тапсырылған. Алайда түрлі себептерге байланысты бұл әлі күнге дейін орындалмай келеді. Кезінде Алматы ауасының ластануына іргелес орналасқан елді мекендерден келетін түтін мен қалдықтардың да ықпалы зор екені өз алдына бір мәселе айтқан «Самұрық-Энерго» АҚ өндіріс және активтерді басқарушы директоры Серік Түтебаев: 2009 жылдан бері 2-ЖЭО жұмысын жетілдіруге 30 млрд теңгеге жуық қаржы салдық. Содан бері зиянды шығарылымдарды 24 пайызға төмендеттік. 2016 жылы өзіміздің есебіміз бойынша, электр станциясынан атмосфераға тарап жатқан қалдықтар 11 пайызды құрады. Ал қазіргі қала әкімдігінің статистикасы бойынша – 27 пайыз. Көмірді Екібастұздан алып келеміз, бірақ жаққан отынымыздан шыққан күл-қоқыстың 99,5 пайызын сыртқа шығармай, өзімізде көмеміз. Демек ауаға 0,5 пайыз қалдық таратып отырмыз. Олар – NOX, SOX және күкірт бөлшекті қалдықтар»,– деген пікір айтады.
Экологиялық ахуалды оңтайландыру үшін жылыту жүйелерін көмірмен іске асыратын жылу қазандықтары мен автокөліктерді түгелдей газға көшіру жайы жиі айтылады. Алайда көгілдір отынның бағасы таскөмірге қарағанда тым жоғары болғандықтан, сала мамандары аталған орталықтар газға көшірілген жағдайда жылудың да, электр энергиясының да құны екі есе қымбаттайды дегенді алға тартады. Ал көлік саны қалыпты жағдайдан әлде қайда көп Алматыда жылу қазандықтарын газға көшіру түбегейлі шеше алмайтыны да көпке мәлім. Бұл ретте сырттан келетін автокөліктердің кіруіне шектеу қою да экологиялық ахуалды жақсартуың бір тетігі ретінде қарастырылады. Тіпті Алматы орталығына кіріп-шығуды ақылы ету, аптаның жұп және тақ күндері көліктердің қалаға тиісті нөмірлермен кіруі сияқты шараларды қабылдау әлемдік тәжірибеде бар үрдіс болғанымен мұның ешқайсысы мәселені түр орнымен шешуге қауқарсыз болып отыр. Қазіргі уақытта қала ішіне қатынауға арналған экологиялық қоғамдық көліктер көбейді. Олардың көбі электр қуатын қолданатындықтан экологияла тиімді болғанымен, электр қуатын жоғары деңгейде өте көп қолданатындықтан қаражатқа келгенде қалтаға салмақ салатыны түсінікті жайт.
Сонымен «былай жүрсе арба сынатын, былай жүрсе өгіз өлетін» жағдайдан қалай шығуға болады? Біздікі тек оқырманға ой салу. Әзірге қалғанын уақыт еншісіне қалдырудан басқа амал жоқтай…
Жанбота Сұлтанмұратқызы