Ауызашар берудің сауабы мол

Ауызашар берудің сауабы мол

Қасиетті Рамазан айында islam.kz сайты ауыз аштырудың сауаптары жайлы мәлімет беріп, арнайы хадистен үзінді келтірген. Онда: «Ораза ұстаған адамның аузын аштырса, онысы күнәләрына кешірім болады және ол тозақ отынан азат болады. Ораза ұстаушыға берілетіндей сауап, ораза ұстаушыдан кемітілместен оған да (ауыз аштырған адамға да) беріледі» дейді Алла елшісі. Сонда сол жердегі сахабалар Алла елшісінен «Ораза ұстаушының ауызын аштыруға бәріміздің шамамыз жете бермейді», – дейді. Сонда Алла елшісі оларға: «Ондай сауапты Алла Тағала бір құрмамен болса да ораза ұстаушының аузын аштырған кісіге де береді. Тіпті бір жұтым су беріп болса да ауыз аштырған кісіге немесе су араласқан сүт беріп болса да ауыз аштырған кісіге сондай сауап беріледі», – деп жауап қайтарады. Сондай-ақ аталған хадисте: «Кімде-кім ораза ұстаушы адамды тойдырса, Алла Тағала қиямет күні оны, менің хаузымнан (кәусар хаузынан) бір жұтым шербет ішкізеді. Сосын ол пейішке кіргенге дейін шөлдемейтін болады» (Ибн Хузәймә риуаят еткен) делінген.

Жоғарыда келтірілген хадиске иек арта отырып, ауыз бекіткен жанға ауызашар берген адамға төрт түрлі сауап жазылатынын байқауға болады. «Олар:
Ораза ұстаушының сауабы беріледі; Күнәлары кешіріледі; Рамазан айы бойына періштелер ауыз аштырған кісіге Алладан жарылқау тілеп тұрады. Тозақ отынан азат болады».
Ал islamdini.kz сайтында мынадай мәліметтер бар: Ауызашар беру – сауапты іс. Зәйд ибн Халид әл-Жуһайнидің (р.а.) риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген кісі – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді», – деген. (Тирмизи, Саум, 82; Ибн Мажә, Сиям, 40). Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер кімде-кім Рамазан айында адал табысымен ауызашар берсе, періштелер Рамазан айының соңына дейін оған дұға жасайды», – деген. Сонда риуаят етуші: Уа, Расулалла! Ауызашарға ештеңе таппаса не істейді? – деді. – «Бір тілім нан берсін» – деді. – «Ол да болмаса ше?» – «Онда қара су берсін» – деді (әт-Тарғиб уәт Тархиб, 2/431.) Ораза тұтқан кісіге бір құрма немесе бір кесе сүт берген адам да ауызашар бергендей сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Кімде-кім Рамазанда ораза тұтқан кісіге ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Ораза тұтқан кісінің сауабына тең сауап бұған да беріледі» дегенде, сахабалардың біреуі бір адамға да ауызашар беретін мүмкіндігі жоқтығын айтты. Оларға жауап ретінде: «Бір құрмамен ауызашар берген адамға да, тек сумен ғана ауыз аштырған адамға да, аздаған сүт берген адамға да бұл сауап жазылады», – деп жауап береді (Бәйһақи). Тағы бір хадисте: «Ауыз бекіткендер тамақ жеп отырған уақытта тойғанға дейін ауызашар берген адамға игілік тілеп тұрады», – делінген. Міне, бұл хадистерден байқағанымыздай, ауызашарда дастарханның ас та төк болуы міндетті емес, әркім жағдайына қарай берсе болады. Ең бастысы – Алланың разылығын табу ниеті болса болғаны.


Ауызашар беру – өте үлкен сауап. Жолда кетіп бара жатып кез келген аузы берік адамға бір дана құрма берген адам ауызашар беру сауабына ие болады. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Кімде кім бұл айда аузы берік бір адамға ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Сол аузы берік адамның алған сауабындай сауап бұған да беріледі», – дегенінде сахабалардың кейбірі аузы берік бір адамға да ауызашар беретіндей жағдайы жоқ екендіктерін айтты. Оларға Расулуллаһ былай деп жауап берді: «Бір дана құрмамен ауызашар бергенге де, тек сумен ғана оразасын аштырғанға да, кішкене сүт бергенге де осы сауап жазылады». (Бәйһақи)
Тағы бір хадис шәрифте былай делінді:
«Рамазанда бір қонаққа ауызашар берген адамға Сырат көпірінен өту оңай болады.» (У. Нәжат)
Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Рамазан айында аузы берік адамға су беріп, аузын аштырған адам, анасынан жаңа туғандай күнәсіз болады», – дегенінде, сахабалар: «Суға тапшылық болған кезде ме?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз алейһиссалам оларға: «Қаласа өзен жағасында берсін, бәрібір», – деп жауап берді. (У. Нәжат)
Тағы бір хадис шәрифте былай делінген:
«Амалдардың ең құндысы – бір мұсылманның айыбын жабу, қарнын тойдыру және мұқтаждығын беру арқылы оны қуанту». (Исфахани)
«Аллаһу та’ала тамақ жегізетін жомарт құлымен періштелеріне мақтанады.» (Имам Ғазали)
«Қонақ дастарханда отырғанынша, періштелер үй иесіне дұға етеді». (Табарани)
«Жәннатта сондай зәулім сарайлар бар, бұлар жылы сөйлейтін, тамақ жегізетін және барлық адам ұйқыда жатқанда намаз оқитындар үшін». (Тирмизи)
«Досына, оның жақсы көретін тамағын әперген адамның күнәлары кешіріледі». (Бәззар)
Дос-жарандарға тамақ беру садақа беруден абзал болады деген Хазреті Әли: «Достарға жегізген бір наным, кедейлерге берген бес нанымнан құнды. Достармен желінген тамақ, құл азат етуден де абзал», – дейді.
«Ол мені тамаққа шақырмайды, мен оны неге шақырайын?» деп айтпау керек. Тамаққа шақырғанда да, тамаққа бара жатқанда да тек Аллаһ разылығын ойлау керек. Күнә істелетін жерге тамаққа шақырса бармау керек. Кедейлердің шақырғанына бармай, байлардікіне бару – тәкаппарлықтың белгісі. Өзінен төмендердің үйіне бару – қарапайымдықтың белгісі.
Үйлену асына шақырылған адамның баруы сүннет, басқа шақыруларға бару мүстаһаб болады. Кейбір ғалымдар «үйлену асына бару уәжіп, басқа шақыруларға бару сүннет» деп білдірген. Мұсылманның мұсылманға міндеті болған бес ақысының біреуі шақыруына баруы болып табылады. Хадис шәрифте де «Шақырған жерге барыңдар» делінген. (Мүслим)
Көп шығынданып, әуреге салынып шақырылған жерге барудың керегі жоқ. Сараңның да шақыруына бару міндетті емес. Ол туралы Хадис шәрифте былай делінеді: «Жомарт адамның асы шипа болады, ал сараңның асы ауру тудырады». (Дәйләми, Хаким, Ибн Лал, Дарә Кутни, Хатиб)
«Мұсылман бауырына сый көрсеткен адам, Аллаһу та’аланы да сыйлаған болады». (Исфахани)
Қалай десек те шын көңілмен шақырған жерден қалмаған абзал.Қазақта «Шақырғанда бармасаң, шақырғанға зар боларсың» деген аталы сөз бар. Астарына үңілсең салмағы ауыр, айтары бар екеніне көз жеткізу қиын емес. Алайда «Екі адам бір уақытта шақырған жағдайда есігі жақын болғанына бар! Өйткені есігі жақын болғанының ақысы бірінші келеді. Шақырылған жерге бармаған адам Аллаһ пен Расулына қарсы шыққан болады», – делінген де хадисті де есте сақтаған жөн болар. (Бухари)
Көріп отырғаныңыздай, «астан әулие емеспін» дейтін қазақы танымның ислам дінімен қабысар маңызды тұсының бірі де осында жатқаны анық. Алайда орынсыз, аспа-төк дастарқан жайып, ысырап жасауға жол берілмейді. Ендеше қолда барды қанағат тұтатын қазақы қалыбымызды да бұзбай, қасиетті Рамазан айында мол сауаптан да құр қалмай, айтылған ойларды сараптай, салмақтай отырып, ауыз бекіткен жолаушыға, жақын-жуыққа, дос-жаранға, таныс-тамырға сәрәғатты дастарқаннан дәм татқызып, сауапқа кенеліңіз!

Жанбота Сұлтанмұратқызы