Наурыз айының 23-і күні Еңбекшіқазақ ауданында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен аудандық білім бөлімі, жекеменшік балабақша құрылтайшылары және мәселеге жауапты қызметкерлердің қатысуымен бірлескен семинар өтті. Бұл шара Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылғы 9 шілдедегі № ҚР ДСМ-59 «Мектепке дейінгі ұйымдарға және сәбилер үйіне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» тақырыбына арналды.
Еңбекшіқазақ аудандық санитариялық-эпидемиоллогиялық бақылау басқармасының қызметті жоспарлау және талдау бөлімінің басшысы У. Қанағатова және санитарлық-гигиеналық қадағалау, техникалық регламенттердің талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің бас маманы М. Альхуат және аудандық білім бөлімінің бас маманы З. Булекова қатысқан бұл шарада халықтың санитарлық-эпидемиологиялық сауаттылығы саласындағы және мемлекеттік қызмет көрсетудің кейбір мәселелері туралы сөз болды. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар, заңды тұлға немесе дара кәсіпкермен объектіде өндірістік бақылаудың ұйымдастырылуы мен жүргізілуі талқыланып, құрылтайшылардың өзекті мәселесі қаралды. «Балам басқа балалардан ауру жұқтырмай ма, мемлекеттік стандартқа сай келе ме?» деген ой ата-аналарды мазалайды. Қазіргі қоғамда көптеген балабақшаның жағдайы мәз емес болса да, ата-аналар баласын сол ортаға қосуға мәжбүр. Алайда балабақшаға берерін беріп алып, алаңдап отыратыны да шындық. Балабақшалардың жеткіліксіздігі республикамыздағы мектепке дейінгі тәрбие ісінде көпке дейін күрмеуі шешілмеген күрделі түйінге айналғаны да рас. Болжам бойынша табиғи өсім және елімізге көшіп келушілер есебінен артқан бала саны бұл бағыттағы жұмысты қиындата түсті. Кезінде балабақша ғимараттарының жеке қолдарға өтуі немесе басқа бір мекемелердің кеңсесіне айналуы мәселенің оң шешім табуына өзіндік кедергісін тигізіп келеді. Мемлекеттік балабақшаларға қойылған ұзын-сонар кезек «бармақ басты, көз қысты» жағдай туындатып қана қоймай, барынша етек жаюына әкеліп соқтырды. Бітпейтін балабақша дауы, жылжымайтын кезек дауы үдеді. Өмірге келген соң-ақ бақшаға кезекке тұрған балақайлар кезегін күтумен мектеп жасына жетіп қалатын кездер де аз емес.
Осындай қым-қуыт кездері қабылданған «Балапан» бағдарламасының міндеті бұл бағыттағы қордаланған мәселелерді жеңілдету, мүмкіндігінше шешу болды. Мемлекеттік балабақшалардың жүгін жеңілдету үшін жекеменшік негіздегі балабақшалар ашыла бастады. Қазір еліміз бойынша мыңдаған бала жекеменшік балабақшаларда тәлім алып жүр. Әңгіме осы жекеменшік балабақшалардағы жағдайға байланысты болып тұр. Жекеменшік балабақша – бұл бизнес, яғни кәсіпкерлік негізде қызмет етеді. Алайда меншік құқығына қарамай, ең басты мақсат – дұрыс бақшалық қызмет атқару, Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың» негізгі ережелерін басшылыққа ала отырып, стандарт негізінде талапқа сай қызмет көрсету. Ол туралы аталмыш стандартта «меншік нысандарына, типтері мен түрлеріне қарамай Қазақстан Республикасының барлық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарында… қолдану үшін арналған», – деп анық жазылған. Қазір барлық жекеменшік балабақшалар осы деңгейде дей алмаймыз. «Бала – ұлттың болашағы, елдің ертеңі» демекші, тәуелсіз еліміздің тұғырын нығайтатын балдырғандарымыздың тәрбиесінің бастауы – ол – балабақша. Балапандарымыздың сол ортадан қандай тәрбие алып жатқаны және ол ортаның барлық жай-жапсары кім-кімнің де назарында болуы тиіс.
Зорагүл Әбдіқадір