Ұлылықтың басында қашан да ұстаз тұрады. Бала бойына ата-анасынан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, сана-сезімді сіңіруші де ұстаз. Тіптен ақыл, білім,парасат, көркем мінез иесі де осы мұғалім. Өзінің мол тәжірибесі мен терең білімімен өскелең ұрпақты сусындатып, оларды уақыт ағымына сай тәрбиелеп, бал арасындай өлшеусіз еңбек етеді. Міне, ақындығы мен ұстаздығын қатар алып келе жатқан, шәкірттерінің қиялына қанат бітірген Баян Топарова – осындай абзал жандардың бірі.
Алматы облысы Іле ауданының КазЦик ауылында тұратын осы бір жүрегі мейрімге, жанары нұрға толы Баян Қожамұратқызы өткен ғасырдың 1981 жылы ауылдағы № 6 орта мектеп ұстаздық қызметке кіріскен. Содан бері тапжылмай 40 жылға жуық еңбек етіп, мыңдаған шәкіртке білім нәрін септі. Оларды ізігілікке, имандылыққа, адалдыққа баулып, алтын ұясынан баптап ұшырды. Оқушыларға
география пәнінен сабақ беріп, олардың әлем туралы түсінігін кеңітіп, көкірек көзін ашты. Сонымен қатар әр сабағына арнаған өлеңін оқып, оларды әдебиетке, поэзияға жетеледі.
Иә, оның өмірі бесігінен бері имандылықпен, адалдықпен өріліп, ұлттық әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді құрметтеуден қалыптасқан. Ол шопанның құтты таяғын қадірлеп ұстап, отар-отар қой өргізген, жүздеп төл алған әкесі Қожамұрат Нарынбетовты, кітапханашы анасы Әниді, нағашы әжесі Әуенді үлгі тұтты. Берекелі, ынтымақты отбасының ерке қызы Баянның тәрбиесі әжесі Әуеннің мойнында болды. Бес уақыт намазын қаза етпейтін, ұлттық салт-дәстүрді құрметтейтін ақылман әже кеңес үкіметінің билігіне қарамастан ораза ұстап, наурыз тойының отбасында ғана емес, ауылында атап өтілуіне ықпал етіп отыратын. Мінезі қатал болса да Әуен әже немересі Баян мен Розаны бетінен қақпай өсірді. Екі немересін еркелете отырып, олардың жақсы оқуына да мән беретін. Түнімен Баянға кітап оқытып, тыңдайтын. Оқыған кітабының мазмұнын айтқызып, ақындардың өлеңін жаттатқызатын. Осылайша кішкентай Баянның әдебиет әлеміне деген қызығушылығы басталды. Бірте-бірте ол да өлең жазатын болды. Оның 4 сыныпта жазған ең алғашқы өлеңі
«Қызылқұм» аудандық газетінде, кейін «Қазақстан пионері» басылымында жаряланды. Қоғамдық жұмысқа белсене араласатын, әдебиетке жаны құмар Баян мәнерлеп тақпақ айтумен де көзге түсті.
Баян тіптен ауылдың өнерпазды Күлғайша Әбдірайымова («Шаншар» театрының директоры Уәлибек Әдбраимовтың анасы) басқаратын халық театрының құрамында жергілікті мекендерді аралап концерт қоюға да уақыт тапты. Театрдың спектаклі Баян оқитын «Алтын заң» өлеңін оқудан басталатын. Сонымен бірге жүгіруден алдына жан салмайтын оның жеңіл атлетикадан өтетін аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындарды бірнеше мәрте жеңіп алып, «Спорт шебері» атанғандығы да бар.
Алтын ұя мектебінде жан-жақты білім алып, шығармашылықпен айналысып, спортпен шұғылданып, ширығып өскен Баян ұстаздары Сейітмұрат Байбалаевқа, Рақымбай Бимұрзаевқа, Күлсінбай
Наурызбаевқа, әсіресе география пәнінен сабақ беретін Әкімқұл Әбдірайымовқа еліктеді. Оқушы кезінен осы ағалар сияқты мұғалім болсам деген мақсаты оны Қазақтың қыздар педагогикалық институтының география факультетіне әкелді.1981 жылы институтты үздік бітіріп, ұстаздық еңбек жолын бастады.
«Мен келін болып түскен отбасы КазЦИК ауылындағы өнегелі жанұяның бірі еді», – дейді бір әңгімесінде Баян Қожамұратқызы. «Ауылдың іргетасын қаласқан атам Сіргебайдың көзін көрмедім. Мен келін болып түсерден бір жыл бұрын қайтыс болыпты. Жолдасым Серік – отбасындағы жалғыз ұл. Арғы атамыз Топар ел-жұртына сыйлы би болған екен. Енем Күлсара Кәукенайқызы мені қызындай көрді. Жұмысымнан бір күн қалдырған жоқ. Немерелерін өзі бағып, өсірді. Білмегенімді үйретіп, ақыл-кеңесін айтып, жақсылығымды асырып, жамандығымды жасырды. Үй тіршілігіне, отбасының жағдайына байланысты мәселелерді ақылдасып, тіпті туыс-туғанның, ауылдың бірлігін, ынтымағын ойлап отырушы еді. Жолдасым Серік те әрдайым түсіністікпен қарап, ұстаздық қызметімді алаңсыз атқаруыма жағдай жасады. Жалпы мен жақсы өмірлік серік тауып, ынтымақты отбасына келгенімді мақтан тұтамын. Серік екеуміз еңбек ете жүріп балаларға өмір берсек, бұл жерде енем Күлсараның үлкен еңбегі бар екендігін ерекше атап өткім келеді», – деп тебіренді.
Баян Қожамұратқызының қаламынан туған табиғат, тәрбие, өнер-білім тақырыбындағы туындылары «Ұлағат» кітабына арқау болды. Әдебиет пен педагогиканы қатар алып жүрген ұлағатты ұстаз бен жұбайы Серік екеуі алты баланы тәрбиелеп қатарға қосты. Бүгінде олардың әрқайсысы өз мамандықтары бойынша еңбек етіп, жеке шаңырақ құрған. Айтолқыны дәрігер болса, Айманы – химия саласының маманы. Еркебұлан, Ернар, Ерсайын секілді ұлдары өздері таңдаған мамандық бойынша еңбек етуде, Сүт кежелері Айдана – филолог. Күйеу балалары Алтай мен Арман, келіндері Жанар, Әйгерім, Ділшат өз балаларындай болып кетті. Құдай бұйыртқан 18 немересі желкілдеп өсіп келеді.
Жасынан еңбекке араласып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген Баян
Қожамұратқызы зейнетке шыққанда да үйде қарап отыра алмады. Бүгінде КазЦик ауылдық округі бойынша аналар кеңесін басқарады. Өзі құрып, аяғынан тік тұрғызған «Қазына» ансамбліне жетекшілік етеді. Осы округтегі мәдени-әдеби іс шаралар, бала тәрбиесі, жастармен жұмыс істеудегі игілікті істердің басы-қасында жүреді. «Қазына» ансамблі – Іле ауданындағы бірден-бір ұйымшыл әрі өнерлі ұжым. Алматы облыстық «Өнерде де қарттардың бар таласы» атты байқауда 2 орынды иемденуі, Қазақстан республикасы ардагерлер ұйымының 35 жылдығына орай өткізілген өнарпаз ардагерлердің облыстық байқауында ансамбль құрамындағы ұлт-аспаптар тобының «Келіншек» күйін бабына келтіре, жоғары деңгейде орындағаны үшін гран-приді жеңіп алып, арнайы сертификатпен марапатталуы – осының дәлелі.
Баян Қожамұратқызы
Қазақстан ұстазы, қоғамдық жұмыстың белсендісі ретінде «Құрметті Ұстаз» төсбелгісімен, Республикасының Тәуелсіздінеге 25 жыл, 30 жыл мерекелік медалдарымен, әлем халықтары жазушылар одағының М. Дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықпен марапатталды. Ұлағатты ұстаз, ардагер ана, халықаралық жазушылар одағың мүшесі, өз ауылындағы қоғам белсендісі Баян Қожамұратқызының өмір тәрбиесі, ізгілікті ісі кім-кімге болса да үлгі-өнеге деп білеміз.
Роза АЙДАРБЕКОВА,
Іле ауданы
Роза АЙДАРБЕКОВА,
Іле ауданы