11-13 жас балалардың биологиялық есею кезеңі екені белгілі. Алайда қыздар мен ер балалар арасындағы өтпелі кезеңде өзіндік айырмашылық бар. Мәселен, қыздарда жасөспірімдік дағдарыс жұмсақ жағдайда өтеді. Ұлдарға қарағанда ерте басталады және тез аяқталады.\
Ал ұл балалар бұл кезде ашушаң, бұзықтау, тіл алмайтын, өзін-өзі ересек етіп көрсетуге талпынады. Мұны психологтар жасөспірімдік дағдарысты ата-ана мен бала арасындағы осы кезге дейін созылып келген табиғи байланыстың өзгеріп, жаңа өмірге қадам басуы деп түсіндіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес өтпелі кезең 10 жастан басталып, 19 жасқа дейін жалғасады. Бұл уақытта баланың жыныстық жетілуі, дене пішінің өзгерісі мен психологиялық дамуы болады. Бұл уақытта жасөсіпірім екі жақтан түсетін күшті қатар алып жүруге мәжбүр. Бірінші гормондар ойнаса, екінші жағынан психологиялық жетілу кезіндегі тұрақсыз көңіл-күйдің де салмағы басым болады. Олар өзге біреудің ықпалынсыз шешім қабылдауға тырысады. Есте сақтау қабілеті нашарлайды. Сондықтан оқу үлгерімі де нашарлауы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда жазалау әдісі оларға кері әсірін тигізеді. Олар «нағыз» өздерін іздеумен болады. Басқаларға еліктеп шашын бояу, тату жасату, ашық киіну секілді нашар қылықтар шығара бастайды. Осы мезгілде үлкендер балаларына қолдау білдірген абзал. Егер жасөсіпірім ата-анасымен қызығушылықтары туралы сөйлессе, қуанған жөн. Демек гормонды өзгерістерге қарамастан олардың арасында байланыс сақталып қалған деуге болады. Бұл уақытта ата-ана барынша баланың хоббиі мен таңдауына сыйластық білдіргені дұрыс. Күн сайын өзгеретін баланың «жаңа» денесіне сын айтудан аулақ болу керек. «Иығың үлкен», «аяғың жалпақ», «толып кетіпсің» деген сөздер баланың бүгіні мен болашақ өміріне қатты әсер етеді. Олар өзін қабылдай алмайды. Өзгелермен салыстыру арқылы ата-ана баланың өзіне деген сенімін жоғалтып алады. Шектен тыс өбектеу, орынсыз кеңестер мен бітпейтін сұрақтар жасөспірімнің шамына тиеді. Егер сұраққа қалай болса, солай жауап берсе, тілдесу әдісін өзгерту керек. Балаға өз ойын толық жеткізуге мүмкіндік беру арқылы онымен дұрыс қарым-қатынасты сақтап қалуға балады. Жасөспірім шақта онымен ересек адамдарша ақылдасу, сөйлесу болашақта өз жемісін береді. Өтпелі кезеңде ойланбай от басатындар да аз емес. Бүгінде кәмелет жасына жетпей жатып қылмысқа баратындардың саны да артқан. Мұндай оқиғалардың бастауында әлімжеттік тұратыны да анық. Көбіне бір-біріне күш көрсету оқу-білімсіз жүрген, айналысатын ісі жоқ жасөспірімдердің арасында орын алады. Абай атамыз айтқандай «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын». Бірақ қазіргі таңда түрлі деңгейдегі білім ошақтарының өзінде мұндай оқиғалардың жиілеп кеткендігі алаңдатарлық жағдай болып тұр. Ақпарат көздеріндегі мәліметерге көз жүгіртсек, кәмелетке толмаған жасөспірімдер еліміздегі тұрғындардың он бесінші бөлігін құраса да, бүкіл қылмыстық әрекеттердің бестен бірін жасайды екен. Жасөспірімдердің қауіпті жолға түсуі – барып тұрған қасіретті құбылыс. Олар қылмыс жасай отырып өз басына ғана емес, қоғамға, өз отандастарының мүддесіне, туған-туысқандарына үлкен зиян келтіреді. Өтпелі кезең – адам баласының өсу барысындағы аса маңызды уақыт. Осы маңызды уақыттың ерекшеліктері туралы және ата-аналардың ескеруге тиісті жайттары турал психолог Айгүл Қайратқызымен сұқбаттастық. Психолог былай дейді: «Өтпелі кезеңде балада көңіл-күйінің жиі өзгеруі, мазасыздану, зейінінің нашар шоғырлануы, агрессия, тіл алмау, дөрекілік таныту сияқты өзгерістер жиі байқалады. Сол себепті өз ортасында көзқарасы өзгеріп, түсініспеушіліктер туындай бастайды. Осы кездегі баланың бар мәселесі ішкі және сыртқы өзгерістерге байланысты болғандықтан, оларға барынша қолдау көрсету қажет. Ата-ана өзін баласына қолдаушы дос, сырлас ретінде көрсетіп, жиі әңгімелесіп, ішкі жандүниесіне үңілуі керек. Олай болмаған жағдайда бала басқа ересек идеал тауып, соған еліктеп кетеді. Жақынынан таба алмаған жылулықты, сырттан іздейді деген сөз. Қоршаған ортасында өзін жайсыз сезінсе, жеткіншек өзіне жайлы орта іздей бастайды. Тіпті жаман әдеттерге баруы мүмкін немесе жалғыздықты қалайды, қиял әлеміне сүңгіп кетеді. Болмаса жағымсыз ортаға жақындай бастайды. Әлеуметтік желідегі теріс әсер беретін ойындарға құмарлана бастауы да ықтимал. Мен психолог ретінде осы сұқбатты пайдалана отырып баланың өтпелі кезеңнен аман-есен, өз күш-жігерімен дағдарысты жеңіп шығуы ата-ананың қолында екенін айтқым келеді. Баланы кішкентай кезінен бастап сен мықтысың, күштісің, қолыңнан келеді деп жетелей отырып, өз ойын анық жеткізуіне мүмкіндік беру керек. Оның өзінің ерекше орны бар екенін сездіру аса маңызды. Бірақ ешқашан өзіңіздің ата-ана екеніңізді ұмытпауыңыз керек». Сонымен бала тәрбиесіндегі басты нәрсе – оның бойында өнегелік қасиеттерді қалыптастыру, өзін саналы түрде ұстаудың үлгісіне айналдыру болып табылады. Бала тәрбиесі туралы нақылдардың бірінде «Он бес жастан бастап тең құрбыңдай сыйлас» деген халқымыз. Тіпті «Он үште отау иесі» деген де сөз бар. Яғни бала өзіне артылатын жауапкершіліктерді сезіне білуі керек. Өз жауапкершілігін жақсы білген бала дұрыс жолдан таймайды. Бұл жағдайда жақындарының қолдауы балаға ауадай қажет. Осы орайда ой-санасы мен мінез-құлқы, ар-ұжданын дұрыс қалыптастыруға бағыт-бағдар беру ата-ананың басты міндеті.
Зорагүл Әбдіқадіір