Аудан әкімі ҮЕҰ-дың өкілдерімен кездесті

Аудан әкімі ҮЕҰ-дың өкілдерімен кездесті

2014 жылдан бастап ақпанның 27 күні Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) күні атап өтіледі. БҰҰ ҮЕҰдың жаһандық мәселелерді шешудегі рөлін 1950 жылы мойындады. Бүгінде Қазақстанда ҮЕҰ-ның тұтас саласы қалыптасқан. Олардың қызметі құқық қорғаудан қайырымдылыққа, экономика мен әлеуметтік саладан саясатқа дейінгі барлық салаларға жауап береді.

Қазіргі уақытта елімізде барлық әлеуметтік маңызды салалардың жұмысын жүзеге асыратын 5000-ға тарта үкіметтік емес ұйым қызмет етеді. 2002 жылы Үкімет қаулысымен үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың Тұжырымдамасы бекітілді. Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерге сүйенсек, бұл ұйымдар жергілікті, ұлттық және дүниежүзілік деңгейде құрыла алады. Әйгілі үкіметтік емес ұйымдарға, әсіресе Халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға Шекарасыз дәрігерлер (Médecins sans frontièrs), Гринпис (Greenpeace), Халықаралық амнистия (Amnesty international), Билл және Мелинда Гейтстер Қоры (Bill and Melinda Gates foundation), Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF), Шекарасыз репортёрлер (Reporters without borders), т.б. дүниежүзіне ортақ адам құқықтары мен қоршаған ортаны қорғауға, сондай-ақ басқа да қоғамдық мәселелерді шешуге ұмтылған ұйымдар жатады Осыған орай аудан әкімі Таңат Айдарбеков Талғар аудандық ҮЕҰ-дың жетекшілерімен кездесті. Кездесу барысында әлеуметтік қозғалыстар мен өзгерістердің алдыңғы қатарында тұрған ҮЕҰ-ның маңыздылығы мен шешуші рөлін айрықша атап өтті. Сонымен қатар ауданға қатысты жұмыстың егжей-тегжейі айтылып, бірлескен бағыттары талқыланды. Айта кетейік, Үкіметтік емес ұйымдар — үкіметтен тәуелсіз жұмыс істейтін, әдетте қоғамдағы маңызды мәселерді алға шығарып, оларды шешуге ұмтылған еріктілер тобы құрған бейкоммерциялық ұйымдар.

Жанбота Сұлтанмұратқызы