Талғар ауданы Қайнар ауылдық округіне қарасты Дәулет ауылының мәселесі шаш етектен. Жарық, жол, ауыз судың жайын былай қойғанда, 3 жыл бұрын ғана салынған мектептің қазіргі жағдайы адам шошырлық. Ауыл тұрғындары 30 жылдан бері мектепсіз, балабақшасыз, жолсыз, интернетсіз отырғанын айтады. дәулеттіктер ауылын «ұмытылған, ешкімге керегі жоқ ауыл» деп те атайды екен. Олар жергілікті шенеуніктерден өркениет игіліктерін қосып беруді өтінеді.
Ауыл белсендісі Тамара Егізбекқызы: «Біздің ауылда 1 миллиард 900 миллионға салынған мектеп апатты жағдайда деп танылып жөндеуге жабылған. Енді қайтадан 3 500 000 теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 150 орынға есептелген ескі мектепте әзірге 700 оқушы білім алуда. Сондай-ақ құбырлардың тозығы жеткендіктен ауыл тұрғындары сусыз отыр. Трансформаторлардың жетіспеушілігінен ауылда жарық жиі өшеді. Электр қуатының жоғары-төмен құбылуына байланысты қарапайым халықтың тұрмыстық техникалары жиі істен шығады. Қазір қыс мезгілі, ал көктемде көшеде аяқ алып жүргісіз болады. Айналаның барлығы сары балшық болады. Газ қостыра алмай жүргенімізге де 20 жылдан асты. Әкімдіктегілер 2018 жылдан бері газ қосылады деп уәде беріп келеді. Ауылымызда 5 мыңға жуық адам тұрады. Елеп жатқан ешкім жоқ. Қашанғы бұлай жалғаса береді? Біздің биліктің ұяты қашан оянады?» – десе, тағы бір тұрғын Жазира Оңғарбайқызы округке газ бен кәріз жүйесіне, жолға, балалар алаңқайына ақша бөлінгенін, алайда не себепті игерілмей жатқанын түсінбей дал. Жергілікті биліктің айтуынша, мектептің бірінші қабатын жөндесе болды, балалардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қойылған конструциялардың және 1,2-ші блоктардың жобалық шешімдерге сәйкестігі туралы қорытындысы алынды. Осыған сәйкес мектеп ғимараты қазіргі уақытта апатты жағдайда деп танылған. Аудандық әкімдіктегілердің сөзіне қарағанда, 9 қыркүйекте мектептің дренажында күрделі жөндеу жұмыстарын орындауға 51 млн 563 мың теңге қосымша қаражат бөлініп, конкурс жарияланған. Қаңтардың 21-і күні Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков те осы мектепте жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын тексеріп қайтты деген аудандық әкімдіктің баспасөз хатшысы ол туралы толық ақпаратты аудандық білім бөлімінен аласыңдар деген уәж айтты. Дәулет ауылындағы басты мәселе туралы Талғар ауданының білім бөлімінің берген ақпарына жүгінсек, «2019 жылы пайдалануға берілген Дәулет ауылындағы №11 орта мектеп ғимаратында жер асты суларының көтерілуіне байланысты сыртқы дренаж жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылдың 3 тоқсанынан бастап 1-11 сыныптардағы 643 оқушы ескі мектеп ғимаратында білім алуда. Ол мектептің ғимараты 1986 жылы 140 орынға арнап салынған. Оқушылар жаңа мектепті қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін осы ғимаратта білім алады. Ескі мектеп ғимаратына жасалған жөндеу жұмыстары демеушілер көмегімен іске асты». Мән-жайды білмек болып Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрболат Манапбаевпен телефон арқылы тілдестік. Ол: «Дәулет ауылында болып жатқан оқиғалардың бәрінен хабардармын. Жеке бақылауымда жіті қадағалап отырмын. Мектеп 2019 жылы пайдалануға берілген. Алайда білім ошағының едені опырылып, оқушылар қашықтан оқуға мәжбүр болды. Қазіргі таңда мектептің астынан шыққан суды дренаж арқылы ауылдың шет жағына ағызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Маусымның бірі күні яғни, соңғы қоңырау күні оқушылар осы мектепте өткізетін болады», – деп уәде берді. Алайда жыл бойы сабақ оқылмаған мектепте соңғы қоңыраудың қалай өтетінін елестете алмадық… «Жаңа мектептің бірер жылдан соң пайдалануға жарамсыз болып қалғаны үшін жауапты жан табылар емес. Қазынаның қыруар қаржысына тұрғызылған білім шаңырағының қазіргі жағдайы жүрек ауыртады. Барлығын табиғатқа жауа берген дұрыс емес. Құрылысқа жер таңдағанда қайда қараған? Жерасты суларының жақын орналасқаны зерттелмеген бе?», – дейді ауыл тұрғыны Салтанат Пазылбекова. Аталған білім ошағы 2019 жылы аяқталып, қолданысқа берілген. Алайда сол уақыттан бері оқу жағдайы үш рет онлайнға ауысыпты. 2020 жылдан бері ғимараттың сапасы сын көтермей, қирай бастағанын айтқан ата-аналар балаларының білімі төмендеп кете ме деп алаңдаулы. Олардың айтуынша, мектеп саз жерде орналасқандықтан жерасты суы көтеріліп, нысан шөгіп кеткен. «Мектеп салынса да дұрыс оқи алмадық. Карантин басталып, онлайн оқуға көштік. Сосын ғимарат қабырғасында үлкен жарықтар пайда болып, едендері түсе бастады», – дейді ауыл тұрғыны Гүләйім Омарова.
Білуімізше, аталған нысанға тапсырыс беруші – Талғар ауданының құрылыс бөлімі. 2017 жылдың 23 қарашасында «Еламан» ЖШС-мен құны 1,6 миллиардқа келісім шарт жасалған. Жобалаушы – «Нұр Құрылыс – 80» ЖШС. Техникалық бақылаушы – «УКС» ЖШС. Мектеп құрылысы 2017 жылдың 1 желтоқсанында басталып, 2019 жылдың оқу жылында пайдалануға берілген. Ал жабдықтауға 71 млн теңге бөлінген. «Жобалаушылардың геологиялық барлау жұмыстарын дұрыс орындамауы салдарынан осындай олқылықтар орын алды. Себебі жобалаушы мекеме мектеп ғимаратын жер астында батпақ пен шөгінді топырағы бар аумаққа салған», – дейді Талғар аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі. Ашылмай жатып жабылған мектепке қыруар қаржы жұмсалып, күрделі жөндеу жұмыстары қайта жасалып жатыр. Әкімдік ақпаратына сүйенсек, қазіргі уақытта мектеп ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 94,663 млн теңгеге ашық конкурс жарияланып, 15 қыркүйекте «Айт-Мус құрылыс» ЖШС-мен 81,760 млн теңгеге келісімшарт жасалды. Нысанға демонтаж жұмыстары жүргізіліп, бірінші қабаттағы бөлмеаралық қабырғалар толық алынды. Екінші қабаттағы еденнің де бетоны алынып, үшінші қабаты бұзылып жатыр. Үш қабатты мектептің шөгіп кеткен еденін биіктету үшін әркім өз білгенін істеп, қабат-қабат цемент құйған. Қазіргі құрылысшылардың айтуынша, еден кемінде 10 см шөккен. Ал ауыл тұрғыны Айгүл Талғатқызы былай дейді: «Бұл мектептің құрылысы 2017 жылдың қыс айында басталды. Дәл сол айда-ақ қысқа уақытта асығыс салынған білім ошағының спорт залында дене шынықтыру сабағы өтіп жатқан кезде төбеден су сорғалағанын айтты. Одан кейін мектептің асхана жағы сыр бере бастады. Менің үшінші балам даярлық сыныбынан бастап онлайн оқыды. Мектеп қабырғасын мүлдем көрмеді. Ескі мектепті де ауыл халқы шулап жүріп әрең дегенде жөндеттік. Бір айдың ішінде ескі мектепті жамап-жасқап жүріп қолданысқа берді. Жаңа мектептің іргетасын қаларда биік құйғанның орнына, керісінше жерді қазған. Мысалы, ата-аналары қалада нәпақа тауып жүрген үшінші сыныптың оқушылары әлі күнге дейін әріп танымайды. Ол балаларға мұғалімдер әріпті енді үйретіп жатыр. Осыған қарамастан құжат жүзінде мектебіміз білім сапасы жағынан алдыңғы қатарда деген ақпар бар…». Ауыл мұңың жеткізген тұрғын Әсел Мұратқызы: «Онлайн сабаққа кеткеннен кейін мектебіміздің жыртық-жамауы, есік-тесігінен бәрі шыға бастады. Сөйтіп онлайн оқуға көштік. Мектепке қайта келдік. Содан мектебіміздің көп жері құлап түсіп, қайта онлайнға өттік. Өз басым қол қойып, балам онлайнға кетсін деген жоқпын. Бірақ барлығына ата-аналар өзі рұқсат берді деп айтып жатыр. Негізі онлайн сабақты ешқандай ата-ана қалаған жоқ», – дейді ашынып. Қалай десек те, 21 ғасырда бір ауылдың бүлдіршіндерінің түгел әріп танымай, көбінің сауатсыз қалып отырғаны – ойланарлық, алаңдарлық жайт. Бұл аудан мен ауылдағы жергілікті билік жұмысындағы жүйесіздік пен немқұрайлылықты көрсетсе керек. Атқамінерлердің сөзіне сенсек, аталған мектеп осы жылдың қыркүйек айында қолданысқа қайта берілетін көрінеді… Түсініксіз тұсы көп түйткілді мәселенің алдағы уақытта оң шешім табарынан біз де үміттіміз. Сондықтан ауыл мектебінің жайын назарда ұстайтын боламыз.
Кәусар Әбдікерім