Бүгінде Талғар ауданына қарасты жолда көлік те, көшесінде жаяу жүргінші де көп. Осыған байланысты ауданымызда тұрғындардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаруалар қолға алынды. Жаңадан бағдаршамдар, жасанды жол кедергілерін орнату жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп келеді. Биыл аудан бойынша тағы 13 бағдаршам орнату жоспарланып отыр.
Бұл мақсатта бюджеттен 170 млн теңге бөлінген. Жаңа бағдаршамдар жол апаты көп болатын қиылыстарға орнатылатын болады. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Асқат Досжанов: «Алматы облысы бойынша Талғар ауданында жол көлік оқиғасы алдыңғы қатарда тұр. Бұл әсіресе республикалық, облыстық маңызы бар жолдарда көп орын алуда. Сол себепті ауданымызда жол апаты жиі болатын аймақтарды анықтап, тиісті шаралар қолданып жатырмыз. Сондықтан аудан бойынша қауіпті деп саналатын 13 қиылысқа жаңадан бағдаршам орнату жоспарланып отыр. 2022 жылы адам өміріне қауіпті деп саналатын жерлерді анықтап, жобасын жасап, сараптамадан өткіздік. Биыл бюджеттен осы мақсатта арнайы қаражаттың бөлінуіне байланысты мердігер компанияларға конкурс жарияладық. Осы жылға 9 бағдаршам орнатуға қаражат бөлінді. Қалған 4 бағдаршамды келесі жылы орнату көзделіп отыр. Одан бөлек 2022 жылы мектептер мен республикалық маңызы бар жолдарда екі жағынан жарықтандырылған 18 жаяу жүргіншілер жолағы жасалады. Сонымен қатар әкімшілік полицияның ұсынысына орай қажетті деп саналатын жерлерге арнайы жол белгілері орнатылады. Сондай-ақ алдағы уақытта жаяу жүргіншілер жолағын ұзақ уақытқа шыдайтын пластиктен жасауды жоспарлап отырмыз». Ауданымызда қосымша бағдаршамдарды орнату мәселесі полицейлердің ұсынысымен жүзеге асады. Тәртіп сақшылары жол көлік апаттары жиі орын алатын көшелерді анықтап, бөлім мамандарына ұсыныс жасайды. Әкімдік осыдан кейін тиісті шара қабылдайды. Мәселен, қала тұрғындары Халыққа Қызмет Көрсету орталығының қасындағы Абай және Лермонтов көшелерінің қиылысында бағдаршам орнатуды көптен бері сұрауда. Өйткені бұл тұста көлік ағыны қатты, әрі жол апаты жиі болатын көрінеді. Талғар ауданы полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің мемлекеттік көлік инспекторы, полиция аға лейтенанты Асқар Нұрахметов берген ақпарға сүйенсек, ауданымызда күннен-күнге автокөлік саны көбейіп келеді. Жол апатының алдын алу мақсатында көшелерге бағдаршам орнатуға әкімдікке ұсыныс жасадық. Біздің міндетіміз – жол апаттарының алдын алып, қай жерге бағдаршам қажет соны анықтап, ұсыныс айту. Әрине алдымен көлік жүргізушісі жол ережесін қатаң сақтағаны жөн. Аталған қиылыста 2021 жылдың қортындысы бойынша 11 жол апаты және 2022 жылы 7 жол көлік апаты тіркелген. Сондай-ақ бағдаршам қоюды қажет ететін Мұратбаев пен Павлов көшелерінің қиылысында жүргізушілер үнемі қиын жағдайға тап болады. Төрт бірдей жолдың қиылысында жол көлік апаты туындауының ықтималдылығы аса жоғары. Талғар ауданы полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің мемлекеттік көлік инспекторларының берген мәліметі бойынша, 2021 жылы аудан бойынша 334 жол апаты орын алып, 49 адам мерт болса, салдарынан 418 адам жараланған. Ал 2022 жылы 339 жол апаты болып, 50 адам опат болып, 464-і ауруханаға түскен. Мәліметтерге көз жүгірсек көңіл көншітерлік емес. Сондықтан 2023 жылы аудан бойынша автокөлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында 300 дана жол белгілерін орнату және 1000 метр жаяу жүргіншілер өткелдерін белгілеу, Талғар ауданы бойынша 21 дана жарықтандырылған жаяу жүргіншілер жол белгілерін және аудан бойынша 9 бағдаршам қондырғысын орнату қарастырылып отыр. Қаңтардың 25-і күні аудандық прокуратура Талғар аудандық полиция басқармасымен «Жол қауіпсіздігі» атты жобасы аясында рейдтік іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылық жасалған тұлғалар анықталып, жауапқа тартылды. Аталған іс-шара жол көлік апатының алдын алу мақсатында аудан прокуратурасымен әрдайым жүргізілетін болады. Құзырлы орындар қолдан келгенінше мәселені шешуден аянып жатқан жоқ. Қаншама жыл бағдаршамсыз тұрған қауіпті қиылыстардың мәселесі де жақын күндері шешілмек. Оған дейін жолда жүру қауіпсіздігіне тұрғындардың өздері ғана жауапты екенін ескерте кеткен жөн.
Кәусар Әбдікерім