Журналистер сауалынан жалтарғандар жауапкершілікке тартылады

Журналистер сауалынан жалтарғандар жауапкершілікке тартылады

Елордада өткен «Өңірлік мерзімді басылымдар форумына» премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, сенатор Нұртөре Жүсіп, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Омаров және  өңірлерден келген 200-ден астам БАҚ өкілі қатысты. Екі күн бойы БАҚ мәселесін жан-жақты қозғаған форумда мерзімді басылымдардың қазіргі және алдағы мақсат- мүддесі мен бағыт-бағдарын айқындау және ақпарат қауіпсіздігі сарапқа салынып, журналистер жайы кеңінен талқыланды. Сонымен қатар елдің шекаралық аудандарын отандық радиохабарлармен толық қамтамасыз ету жұмысы қолға алынып, олардың қауіпсіздігі күшейтілетіні айтылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың 16 наурызындағы Жолдауында «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін еместігіне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» екенін ескертіп, құзырлы орындарға арнайы тапсырма жүктеген. Осының нәтижесінде қазіргі уақытта ақпараттың нақтылығы мен шынайылығы басты назарға алынып, оқырманға толық мәліметті жеткізу мәселесі алға шыққанын айтқан премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов: «2016 жылы Қазақстанда 2 мыңға жуық БАҚ тіркелген болса, бүгінде олардың ұзын-саны 5 мыңнан асты. Оның 70 пайызы – баспа мен мерзімді басылымдар. Бұл – медиа саласының қарқынды даму әлеуетінің ұлғайғаны мен оның болшағы зор екенінің дәлелі. Отандық медианың әлеуетін одан әрі дамыту үшін алдымызда ауқымды міндет бар. Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясатты, жастар саясатын, азаматтық қоғаммен байланыс құралдарын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар беріп, міндет қойды. Осы орайда министрлік өңірлік БАҚ оқырмандарының саны мен басылым таралымын қайта көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, уақтылы жеткізу мен жергілікті БАҚ-тың ахуалын жақсарту бағытында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуі керек», – деп айырықша атап өтті. Бұл форумда мерзімді басылымдарды тарату, уақтылы жеткізу мәселесінің өзекті және әлі де күн тәртібінен түспей тұрғаны айтылды. Жұмыс барысында журналистердің ресми мәліметтерге қол жеткізудегі қиындығы да тілге тиек болды. Аталған мәселеге қатысты Ақпарат және қоғамдық даму министрі журналистердің сауалын елеусіз қалдырған немесе жауап беруден жалтаратын мемлекеттік қызметкерлер жауапкершілікке тартылатынын айтты. Осыған байланысты алдағы уақытта журналист сауалдарына жауап беру мерзімі 3-5 күнге дейін қысқаратынын жеткізді. Сондай-ақ ол: «Осыған дейін отандық медиа индустрияны дамыту, іскерлік қатынастарды көбейту мақсатында Astana Media Week халықаралық медиа апталығын ұйымдастырдық. Сондай-ақ аймақтағы өзекті мәселелерді ортаға салып, ортақ ақпараттық кеңістік құру мәселелесі көтерілген «Орталық Азия» медиафорумын да өткізгенбіз. Оған өзге мемлекеттерден экс-президенттер, экс-премьерлер, әлемдік медиа саласының белгілі мамандары, Пулитцер сыйлығының иегерлері бастаған 300-ден астам делегация қатысқан. Сонымен қатар таяуда өткен алқа мәжілісінде ақпарат және БАҚ мәселесін көтердік. Өткен жылы өңірлерге сапарлар кезінде бірқатар басылымдардың редакциясына арнайы барып, жай-күйімен жақын таныстық. Міне, мерзімді басылымдардың хал-ахуалын аңдап, жағдайын талқылап, бағыт-бағдарын саралаудың кезегі келіп отыр. Мерзімді басылымдар, оның ішінде өңірлік БАҚ – журналистиканың алғашқы мектебі, алғы шебі іспетті. Аудан, аймақтарымыздың ардақты азаматтары, зиялылар қауымы топтасатын өнегелі орта. Қазақтың көптеген көрнекті тұлғалары тырнақалды туындыларын сонда жариялап, елге танылды. Баспасөздің қай уақытта да қоғамда алатын орны ерекше», – деген пікірді тілге тиек етті.Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелері қайта қарастырылып жатқанын атап өтіп, ендігі жерде БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдету көзделіп отырғанын жеткізді. «Өңірлік басылымдардың сайттарын жасау және қолдау, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі. Сайттары жоқ кейбір аудандық газеттердің сайттарын жасап беруге қолдау көрсетеміз. Өңірлік газет-журнал қызметкерлерінің біліктілігін шыңдау мақсатында жақында ғана қайта құрылған Қазақ газеттерінде және Қазконтентте тәжірибе алмасу жобасы іске қосылады. Жыл бойы баспа басылымдарының өкілдері «Егемен
Қазақстан» және «Казахстанская правда» сияқты іргелі басылымдарда тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады», – деді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі
Дархан Қыдырәлінің айтуынша, бүгінге дейін жабылып қалған отандық газет-журналдардың нақты себептері терең ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет етеді.
Қазақстандық қоғамдық даму институты медиа саласындағы мәселелерді кешенді түрде талқылап, нақты шешімдер шығаруға тиіс. «Журналистердің құқықтық мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Масс-медиа туралы» заң қабылдауды көздеп отырмыз. Халықаралық тәжірибелерді ескере отырып әзірленген жаңа заң таяуда жұртшылық талқылауына шығарылды. Бұл заң жобасы кәсіби журналистің қоғамдағы орнын айқындап, әлеуетін көтереді деп ойлаймыз. Ұсынылған өзгерістер, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеген мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді. Ақпараттық доктрина талқылаудан өтті. Сондай-ақ Ақпарат саласын дамытудың 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындауға кірістік. Аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелері қайта қарастырылуда. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетуге мүдделіміз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтері 2019 жылдан бері өзгермегені белгілі. Соған байланысты біз тарифтерді ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар жобалық тәсілде өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті ақпарат құралдарына жаңа серпін беріп, оң әсер етеді деген үміттеміз», – деген министр, бұл басқосу өңірлердегі басылымдардың маңызды мәселелерін талқыға салып қана қоймай, олардың түйткілді мәселелерінің түйінін шешетінін де атап өтті.

«Кейбір өңірлік басылымдар республикалық деңгейде тарап отырғанын, сайттарының жақсы жұмыс істейтінін көрдік. Өңірлік басылымдардың сайттарын жасау және қолдау, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі.  Постшындық кезеңінде шындығымызды жоғалтып алмас үшін баршаға ортақ ережелер мен заң талаптарын басшылыққа алғанымыз жөн. Осы орайда онлайн платформалар мен интернет жарнаманың қызметін реттейтін жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл заң жобасы шеңберінде қолданушылардың жауапкершілігі күшейеді. Осы ретте басылымдар жарнама берушілермен жүйелі жұмыс істегені абзал. Әсіресе қазақ басылымдары жарнамамен жүйелі жұмыс істемейтіндігін айта кеткен жөн. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмау керек. Өңірлік БАҚ-ты қолдау үшін оларда жарық көрген мазмұнды мақалаларды республикалық басылымдарда жариялау тәжірибесін жалғастырған жөн деген ойдамыз. Шалғай аймақтардағы басылымдарда шыңдалып шыққан жас журналистерді үлкен басылымдарға жұмысқа тарту мәселесін де назарда ұстау керек. Буын алмасуы, дәстүр сабақтастығы сәтімен жалғасу тиіс», – деп атап өткен ақпарат министрі Д. Қыдырәлінің сөзіне сүйенсек, министрлік «Қазпочта» АҚ-мен бірлесіп, ақылы жеткізу, жазылуға оңтайлы жағдай жасау туралы меморандумға қол қойылған. Жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтерін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл туралы өңірлік мерзімді басылымдар форумында айтылды деп хабарлайды ҚазАқпарат сайты. Сонымен қатар Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Ақпарат министр­лігі журналистерге қарсы қылмыстар қатаң бақылауға алынатынын хабарлап: «БАҚ өкілдерінің қауіпсіздігі мен сөз бостандығы мәселесі министрліктің бақылауында. Журналистерге қатысты оқиғалардың бағасын тергеп-тексеруден кейін құқық қорғау органдары береді деп ойлаймын. Өздеріңіз білетіндей, бұл мәселеге Мемлекет басшысының өзі ерекше назар аударып отыр. Дәл қазір болған фактілер  бойынша алдын ала ақпарат немесе нақты бір дәйек айта алмаймын. Дегенмен журналистердің қауіпсіздігі мәселесі министрліктің қатаң бақылауында екенін еске саламын», – деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров. Мемлекет басшысы журналистерге қарсы бағытталған қылмыстарды  мұқият тергеуді тапсырғанын мәлімдеген президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, қоғамдық қауіпсіздік пен мемлекеттің беделіне нұқсан келтіру үшін жасалған бұл заңсыз әрекеттердің орындаушылары ғана емес, тапсырыс берушілерді де анықтау керек. Осыған сәйкес халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, «Масс-медиа туралы» заң қабылданатын болады.

Жанбота Сұлтанмұратқызы