Ақорданың ресми сайты өткен аптаның ортасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен сенаторлардың тағайындалғанын хабарлады. Аталған хабарламада: «Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 2-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары болып: Жақып Қажманұлы Асанов, Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев, Нұртөре Байтілесұлы Жүсіп, Ләззат Молдабекқызы Қалтаева, Асқар Оразалыұлы Шәкіров тағайындалсын», – делінген. Бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан тағайындалатын 9 мандат қазіргі уақытта 5-ке қысқарды. Осыған орай Президент Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан Евгений Андреевич Болгерт, Закиржан Пірмұхамедұлы Кузиев, Нурия Исмагиловна Ниязова, Әлішер Ғапыржанұлы Сатвалдиев, Геннадий Геннадьевич Шиповских Сенат депутаттары болып тағайындалды.
Орталық сайлау комиссиясы Конституциялық заңның 24-бабының 1-тармағына сәйкес және Президенттің «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын тағайындау туралы» 2023 жылғы 24 қаңтардағы №113 Жарлығы негізінде қаулы шығарып, оларды ресми тіркеді. Орталық сайлау комиссиясының отырысында комиссия хатшысы Мұхтар Ерман Сенат депутаттарын тіркеу туралы қаулымен ресми түрде таныстырды. Қаулы мәтінінде: «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңның 12-бабы 10-тармақшасына, 45-бабына, 46-бабының 2-тармағына және 82-бабының 1-тармағына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы қаулы етеді: Облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалалық сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде 2023 жылғы 14 қаңтарда сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары тіркелсін», – деп жазылған. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сенаторларды жаңа қызметімен құттықтап: «Орталық сайлау комиссиясы тіркеген сәттен бастап, сіздердің ҚР Сенаты депутаты ретіндегі өкілеттіктеріңіз басталды. Сіздер еліміздің заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы – Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары болдыңыздар. Сонымен қатар 19 наурызға тағайындалған кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары сайлауында жаңа құрам жасақталғанға дейін сіздер Сенат депутаттары ретінде Конституциялық заңдарды қабылдау бойынша міндеттерді орындайсыздар. Сіздерге сәттілік тілеймін!» – деп тілектестік білдірді. Отырыста ресми тіркелген Сенат депутаттарына тиесілі мандаттық куәлік пен төсбелгі табысталды. Сонымен Сенат депутаттарының жаңадан тағайындалуына байланысты Мемлекет басшысы 13 сенатордың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Арнайы Жарлық негізінде сенатор атанып, куәлік алып, төс белгі таққан депутаттың бірі – Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Жақып Асанов журналистер сұрағына: «Сенат депутаты болғанымды кеше ғана білдім. Зор сенім артылып отыр. Құқық қорғау және сот жүйелеріне қатысты заң жобаларын әзірлеуде Сенатпен бірлесіп жұмыс істеп келдік. Әсіресе Сенат депутаттарымен өткен жылдың тамыз айынан бастап тығыз жұмыс істедік. Бірқатар келісілген шешімдер қабылданды. Ендігі уақытта сот жүйесі және құқық қорғау жүйесіндегі тәжірибені, білім мен идеяларды қолданамыз», – деп жауап берді. Сенат осыған дейін заң шығарып келсе, енді Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес өңірлермен жұмысты күшейтуге мән бермек деген журналист Бибігүл Жексенбай бас қаланың атынан депутат болып сайланды. Сенат қызметінде үлкен өзгерістер болып жатқанын айтқан ол: «Сенат депутаты болып Астана қаласынан сайланып отырмын. Қолдау танытқандарға алғыс айтамын. Оның ішінде әріптестерім, тілшілер қауымы да бар. Халық қалаулысы аманатын арқалау – зор жауапкершілік. Бұл қадамға саналы түрде бардым. 30 жылға жуық сіздер сияқты микрофон ұстап жүрдім. Елдің әлеуметтік жағдайы маған таңсық емес, хабарым бар. Халықтың мұң-мұқтажын түрлі деңгейдегі билік өкілдеріне жеткізіп жүрдік. Қазір мас-медиа туралы заң жобасы қоғам талқысынан өтіп жатыр. Көптеген ұсыныстар айтылып, өзгерістер енгізілгелі жатыр. Аталған заң Парламент қабырғасына келгенде өз үлесімді қосып, көзқарасымды білдіремін. Өздеріңіз білетіндей, наурызда Мәжіліс және жергілікті мәслихаттар депутаттары сайлауы өтеді. Демек өңірлердегі мәслихаттардың пәрмені артады. Халық өміріне оң өзгерістер әкелетін заң жобаларын бірлесіп қарастыратын боламыз деп ойлаймын», – деді. Танымал депутат Геннадий Шиповских Мәжілістен Сенатқа ауысып жатқанын айта келе, депутат ретінде ұсыныстар мен пікірлерді тыңдауға дайын екенін жеткізді. Өз сөзінде: «Депутат ретінде бекітілген
регламентпен жұмыс істейтін боламыз. Өңірлердің мәселелеріне баса назар аударылады. Мен бұған дейін Парламент Мәжілісінің 6 және 7 шақырылымының депутаты болдым. Мәжілісте жиып-терген тәжірибемді Сенат қабырғасында жалғастырамын. Тағайындалғаныма қуаныштымын, себебі Мәжілісте бастаған шаруаларды Сенатта жалғастыру мүмкіндігі бар», – дегенді алға тартты. Бұл туралы «Ortalyq Qazaqstan» сайтында жазылды. Естеріңізде болса, 14 қаңтарда Сенат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп, саяси науқанның нәтижесінде әр өңірден бір депутат сайланғаны туралы газетіміздің өткен аптадағы санында (№4 (4551) 27.01.23 жыл) арнайы мақала жарық көрген.
Жанбота Сұлтанмұратқызы