АЙҚЫН МАҚСАТ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКІЗЕДІ

АЙҚЫН  МАҚСАТ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКІЗЕДІ

ЖОЛДАУДЫ ҚОЛДАУ

Иə, бағыт-бағдар, қойылар мақсат айқын болғанда ғана ел дамуы алға жылжып, оң нəтижеге қол жеткізудің мүмкіндігі мол болмақ. Жуырдағы Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркəсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын тыңдап, өзімше саралап, ой түйдім. Жолдауда көрсетілген 10 бағыттың алтауында экономиканың барлық салаларында жаңғырудың негізгі құралға айналатыны айтылған. Жолдаудың тақырыбы айқындап тұрғандай, өнеркəсіпті өркениет өресіне сай дамыту арқылы, бəсекеге қабілетті экономиканы қалыптастырып, дамудың даңғыл жолына түсуді мақсат етіп отырмыз. Қазақстан жері табиғи ресурстарға, пайдалы қазбаларға өте бай. Десек те, шикізат өнімдеріне иек арта бермей, оны өңдеу жолын мықтап қолға алу керектігі айтылған. Бұл дегеніміз – кəсіпорындарды жаңғырта отырып, цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдармен жабдықтауды жүзеге асыру міндеті қойылып отыр. Сонымен қатар ІТ жəне инжинирингтік қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие болуда. Жолдауда: «2018 жылы «цифрлық дəуір» өнеркəсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын əзірлеуге кірісу керек» делінген. Бұл ретте, цифрлы технологиялар саласында екі үдерісті қатар атқару қажеттілігі де қамтылған. Яғни, білікті де білімді кадрлар дайындау, бұл ретте ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында кадрларды дайындайтын университеттеріміздің деңгейін нығайту болып табылады. Жолдауда міндеттелген он бағыттың бəрі де аса маңызды, қай саланы алмайық атқарылуға тиісті келелі істер еліміздің өркендеуі мен жаһандық дамуда көштің алдыңғы қатарынан көрінуге бағытталғаны анық. Мəселен, екінші бағытта айқындалған «ресурстық əлеуетті одан əрі дамыту» бойынша табиғи ресурстардың жаһандық экономиканың даму процессінде ерекше маңызға ие болатындығы алға тартылған.
Бұл орайда, кешенді ақпараттықтехнологиялық платформаларды белсенді түрде енгізу қажеттігі қамтылып, кəсіпорындардың энергия тиімділігі мен үнемділігіне, экологиялық талаптардың күшейтілетіндігі, жаңартылған, «таза» энергия саласын əрі қарай дамыту мəселелері де айрықша айтылды. «Жасыл» технологияларға инвистиция салу үшін бизнесті ынталандырудың маңыздылығын да қамтып өткен Елбасы өңірлердің əкімдеріне нақты тапсырма жүктеді. Белгілі ғалым, ойшыл Шоқан Уəлиханов: «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін алдымен азаттық пен білім қажет» -деп, ешқашан да мəні мен маңызы жойылмайтын құнды пікір айтқан еді. Расында да, əлемді қарудың сесімен емес, білімнің десімен бағындыратын заман қазір. Білім деңгейі биік ел өркениет өресінен көрінері анық. Елбасы өзінің Жолдауында білім, денсаулық саласын дамытуға қатысты келелі ой өрбітіп, маңызды міндеттерді айқындап берді. Бəсекеге қабілетті маман дайындап, нағыз азаматтық қоғам қалыптастыруда заманауи технологиялар мен инновациялық даму үрдісіне сай цифрлық білім беру ресурстарын дамытудың маңыздылығы түсіндіріліп, бұл бағытта атқарылуға тиісті жұмыстар мен талаптар белгіленді. 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын əліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау міндеттелінді. Нəтижесінде, үш тілді меңгерген жастарымыз жаһандық əлемде өмір сүруге, еңбек нарығына еркін кіруге мүмкіндік алатын болады. Сайып келгенде, еліміздің əрі қарай да өркендеп, кемелді келешекке нық қадаммен ілгерлеуінің бағыт-бағдарын айқындаған құнды құжаттың əр сөзі салмақты. Межелеген міндеттерді атқаруда үлкен жауапкершілік пен ынта-ықылас керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қажырлы еңбегімізбен ел дамуына өз үлесімізді қосып, рухани əрі экономикалық жаңғыруға бағытталған кешенді жоспарды жүзеге асыруда аянбайық, ағайын!

Иса Өскенбай

Талғар ауданының Құрметті азаматы