КИБЕРГИГИЕНА – ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАРДАН САҚТАЙДЫ

КИБЕРГИГИЕНА – ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАРДАН САҚТАЙДЫ

Қазір – ақпараттық технологияның дамыған заманы. Қоғам, адам  игілігі үшін пайдасы ұшан-теңіз болғаныман  қатері де кем емес. Адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан қылмыстың түрі – алаяқтық қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс беріп жатыр. Яғни, интернеттің дамуына байланысты пайда болған интернет-алаяқтықтың құрбандары күн санап емес сағат санап өсуде. «Қалам ақымақтың қолына тисе, көсеуге айналады» дегендей, қазір интернет желісінің мүмкіндіктері алаяқтардың пайдасына жарап, киберқылмысқа айналды.  Қылмыстары «цифрланған» кибералаяқтардың кесірінен әлемде киберқылмыс өршіп барады.

Кейінгі жылдары киберқылмыс, интернет алаяқтық мәселесі Қазақ­станды да алаңдата бастады. Ішкі іс­тер министрлігінің мәліметінше, ел­дегі барлық киберқылмыстың 99 пайызын интернет алаяқтық құрап отыр. Соңғы 7 жылда киберқылмыс 10 есеге дейін өскен. Салдарынан, был­тыр ел азаматтарына кибер­қыл­мыстан 21 миллиард теңге шығын кел­ген.

Қаржылық сауаттылық төмен

Алаяқтарға ал­дану­шылар қатарының көбеюі қаржылық сауатсыздықтың аздығынан екені айтпаса да түсінікті.  Ма­мандардың айтуынша, қоғамда қаржылық сауаттылықтың және сы­ни ойлаудың төмендігі, «көп ақ­ша тапсам», «тез байып кетсем» де­ген қиялдың жетегінде жүргендер са­нының артуы алаяқтардың ай­ла­сын асыруға бірден-бір себепкер бо­лып отыр.

  • Қазір алаяқтар Америка не­месе Ресей, Украинада, Түркияда, яғни әлем­нің кез келген түпкірінде оты­рып, айласын жүзеге асыра береді. Тіп­ті, қосымшалар арқылы кез кел­ген телефон нөмірінің соңғы 4 са­нын басқа бір компанияның нө­мі­рі­не айналдыра салады. Дауысты да кейбір қосымшалардың көмегімен өз­гертіп, сенімге кіріп, алдаудың да жолдары бар. Олар ВПН, IP адрес ар­қылы да адамдарды тонай алады. Бірақ соларды ұстау көп жағдайда қиын­дық тудырады. Әрине, IP ад­рес арқылы Қазақстанда табуға бо­ла­ды, бірақ олардың көбі ВПН пай­­­­даланғаннан кейін деректер ауы­сып кетеді де, табу қиынға соғып жа­тады, — дейді IT маманы Б.Инияз.

Сілтемені бастың – сан соқтың

Киберқылмыстың артуына он­лайн режимдегі қызмет түрлерінің көптігі де әсер етіп отыр. Интернет алаяқ­тар кез келген адамның элек­трон­дық поштасына вирустық хат­тарды, SMS-хабарламалар немесе қо­сарланған сайтқа апаратын сіл­темелері бар push-хабарламалар жі­беру арқылы арам ойын оңай жү­зеге асырады. Сонымен қатар әр­түрлі ұтыс ойындары мен лото­рея­ларға қатысуға үгіттеу немесе не­сие қарыздарының коллек­тор­лар­ға берілгендігі туралы хабарлама жіберу арқылы көрсетілген сіл­те­ме­ге енгізілген жеке деректер бойын­ша, танымал мессенджерлерде жал­­­­ған боттар жасау арқылы да аза­маттардың карточкаларынан бар­лық ақшаны ала алады және олар­ға алаяқтық жолмен несие де бе­ре алады. Статистика деректеріне сүйенсек, бопсалаушы бағдар­ла­ма­лар кесірінен әлемде жыл сайын ша­мамен қарапайым азаматтардың 1 млрд электрондық поштасы бұзы­ла­тын болса, бұл ғаламшардағы әр­бір бесінші интернет пайдалану­шы­ның зардап шегетінін білдіреді.

Данияр Мухияев, аудан прокурорының орынбасары: 

  • Алаяқтықтың барынша қазіргі кең тараған түрі – азаматтарды күмәнді қар­жылық жобаларға тарту. Мұндай схема­ларда алаяқтар тіпті халыққа танымал адам­дардың бейнесін пайдаланып, әлеу­меттік желілерде (Инстаграм), видеохос­тингтерде (YouTube) жарнама орналас­тырады. Онда өз құрбандарын «тиімді», «қолайлы» жағдайлармен қызықтыра таныстырып, көрерменді арбайды. Әрбір тұрғынға дивидендтер төленетінін әйгілі адамдардың аузымен айтып тұрса, ондайға қалай сенбессің? Бұл схемаларда жәбірленушіге бас­тапқы кезеңде ақшаның аз мөлшерін тө­лейді, сонымен қатар бағалы қағаздар­дың пайыздық мөлшерлемесін көтеретін жал­ған кестелерді көрсетеді. Алаяқтың мақ­саты – жәбірленушіні үлкен сомаға қызық­тыру, ұтыстар мен қолма-қол ақ­шаны инвестициялауға қол жеткізу.

Кибергигиена ұғымы керек

Мемлекет басшысының тап­сыр­масы бойынша Ақпараттық-ком­муникациялық технологиялар мен киберқауіпсіздік саласын цифр­лық трансформациялау және да­мыту тұжырымдамасының 2023-2029 жылдарға арналған жобасы ая­сында «Қазақстанның киберқал­қа­ны-2» тұжырымдамасының жаңа нұсқасы дайындалды. Тұжырым­да­ма аясында елде өңірлік цифрлық хаб­ты қалыптастыру, байланыс са­ла­сын монополиядан арылту, ки­бер­қауіпсіздікті күшейту және ден­саулық сақтау, білім беру, азаматтық қауіп­сіздік салаларында жасанды интеллектіні дамытуға басымдық бе­рілмек. Азаматтар мен бизнесті жыл­дамдығы жоғары интернетпен, ал республикалық және негізгі об­лыстық жолдарды мобильді кең жо­лақты желілермен қамту бойын­ша жұмысты аяқтау жоспарланып отыр.

  • Мемлекет басшысының тапсырмасының жергілікті жерде жүзеге асуына барынша жұмыс жасап жатырмыз. Аудан тұрғындарымен кездесіп, талқылап, ақпараттандырып келеміз. Оның ішінде аудандық прокуратурамен бірлесе жұмыс жоспарын құрып, кәсіпкерлердің құқығын қорғау үшін кездесулер ұйымдастыру үстіндеміз. Одан бөлек түрлі мекеме ұжымымен кездесіп, ақпараттық парақшалар таратып, қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша жұмыс істеудеміз, — дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Талғар аудандық филиалының директоры Айдос Ермекұлы.

 

Құзырлы органдар күресті күшейтуде

Ауданымызда құзырлы органдар кибер­қыл­мыс­қа қарсы күресті күшейіп, түрлі ал­дын алу шараларын қабыл­да­нуда.

Ерлан Тағаев, Талғар ауданының прокуроры:

  • Ең бастысы, алдымен қоғамда ки­бергигиена деген ұғымды қа­лып­тастыру керек. Мысалы, қаржы пи­­­­рамидалары мен интернет алаяқ­тар­ды «оңай олжаға елітіп, қаржыға қарқ қыламын» деуінен-ақ тануға болады. Кез келген адам әлеуметтік же­лілердегі ақпараттарға көзсіз еріп кет­пей, критикалық ойлауға дағ­ды­лануы керек. Оңай олжа қақпанда ға­на болатынын естен шығармаған аб­зал. Сондықтан қулығына құрық бой­ламайтын интернет алаяқтардың ар­бауына түсіп, сан соғып қалмау үшін кез келген адам күмәнді қо­сым­ша немесе сайтқа жеке деректі тір­кемеу, кез келген сілтемеге өтуде абай болу, құпиясөзге мұқият болу деген секілді қарапайым ережелерді ес­тен шығармағаны жөн. Себебі бү­гінгі күні киберқауіптен қорғау, ки­берқауіпсіздік мәселесі тек мем­лекеттің немесе құзырлы орган­дар­дың ғана міндеті емес, жекелеген аза­маттардың да сауаттылығы мен сақ­тығының мәселесі болып отыр.

 

М.Бөлек