Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияның нысаны мен оны толтыру қағидалары айқындалып, ҚР Қаржы министрінің 2021 жылдың 13 қыркүйегіндегі № 927 бұйрығымен 2022 жылдан бастап шенеуніктерге, мемлекеттік қызметкерлерге және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілгендер және олардың жұбайлары кірістері мен мүлкі туралы 270.00 нысанды декларация тапсыру міндеті жүктелгені мәлім.
Осыған сәйкес аталған тұлғалар елдегі және елімізден тыс жерлерден алатын табыстарын нақты көрсетіп, өз активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырғаны да белгілі. Тұрғылықты жері бойынша ұсынылатын бұл декларацияның негізінде:
— жылжымайтын мүлікті (пәтер, үй, жер учаскесі және т.б.);
— механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін (автокөлік, тіркеме және т.б.);
— заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін;
— бағалы қағаздарды (акциялар, облигациялар, вексельдер және т.б.);
— инвестициялық алтынды;
— туынды қаржы құралдарын;
— тұрғын үй құрылысына қатысу үлесін сатып алуға жұмсаған шығындарын растап, мәліметтерді көрсетуі қажет.
Яғни «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы» Заңдарына сәйкес декларация тапсыру міндеті жүктелген тұлғалар «Бағалы қағаздар нарығының құжаттары туралы» деклариция тапсыру міндеттелген. Ал осы жылдың басынан бері жоғарыда аталған декларацияға елеулі өзгерту енгізген ҚР парламентінің сенаты 2027 жылдан бастап көрсеткен декларациясындағы табысынан шығысы көп шенеуніктерді қызметінен алып, жазаға тартуға туралы түзетулерді мақұлдады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталатын Заң жобасында шенеуніктер мен олардың жұбайларының заңсыз табыстары анықталған жағдайда салынатын айыппұл көлемі де көрсетілген. Сонымен қатар табысы мен шығысындағы айырмашылық 1000 айлық есептік көрсеткіштен (1 АЕК – жаңа жылдан бастап 3450 теңге болады) асқан шенеуніктерге «карьералық санкциялар» да қарастырылған, яғни үш жылға қызметтен шеттету немесе қызмет істеуге тыйым салу сияқты жаза түрлері белгіленген. Бұл тұралы сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарықұлов: «Әрбір жағдайда шенеунікке шығындарының заңдылығын түсіндіру мүмкіндігі беріледі. Бұл Салық кодексінде қарастырылған. Яғни, біз немесе мемлекеттік кіріс органдары кінәсіз адамдарға осындай санкция қолданбас үшін объективті көрініс болуы тиіс», – деп мәлімдеді. Агенттік өкілдерінің мәлімдеуінше, 2027 жылдан бастап күшіне енетін бұл бастама аясында жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұлғаларды қорғау туралы түзетулер де мақұлданды. Айтулы құжатта жемқорлық туралы хабарлаған адамды арнайы комиссияның нұсқауынсыз тәртіптік жауапкершілікке тартуға немесе өзге қызметке ауыстыру, сондай-ақ жұмыстан шығармау негіздері қарастырылғаны айтылды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп ататын Заң жобасына ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойса, алдағы күндері күшіне енетін болады. Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерге қарағанда Transparency International халықаралық ұйымының осы қаңтарда жариялаған жемқорлық индексінде Қазақстан сегіз сатыға төмендеп, 180 елдің ішінде 102-орында тұрақтағаны көңіл көншітерлік көрсеткіш емес. «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайтынын» ескерсек, ел шенеуніктерінің арасында жемқорлықпен ұсталатындар туралы жел сөзден басқа, нақты ақпараттардың жиі айтылатыны да жасырын емес. Мемлекет тарапынан жемқорлықтың алдын алып, парақорлықпен күресу мақсатында көптеген бағдарламалардың болуына қарамастан, әлемдік жемқорлық индексінде Қазақстанның «жемқорлық жайлаған елдердің» қатарында тұрғаны өкінішті жайт…
Шыны керек, ақпарат құралдарын ашып қалсаң жаңалықтың алдыңғы шебінде тұратын жемқорлықпен ұсталғандар туралы ақпараттан көз тұнады. Сондықтан ел ертеңі сеніп тапсырылған шенеуніктердің адалдығына деген күмән мен күдіктің сейілмеуі де заңдылық. Салдарынан «бір құмалақ бірі қарын майды шірітедінің» күйін кешкен кейбір лауазымды тұлғалар ашкөздіктен арыла алмаған кейбір әріптестерінің теріс әрекеттерінің зардабын тартып келеді. Жауапсыз, парақор қызметкерлердің кесірінен ол қызмет еткен мекеме мен ұйымдардың да ел алдындағы беделі түсіп, ондағы адал азаматтардың абыройына да орасан нұқсан келетіні айтпаса да түсінікті. Осы тұрғыдан алғанда аталған заңға енгізілген өзгерістерге оң көзқарас танытып, жарқын болашақтан үмітін үзбеген халықтың да қолдауы көп.
Жанбота Сұлтанмұратқызы