Қаңтардың 10-ы күні «АMANAT» партиясы Талғар аудандық филиалының кезектен тыс ХХХV конференциясы өтті. Бұл шараға Алматы облыстық партия филиалы фракциясының жетекшісі, саяси кеңес бюро мүшесі Сұлтан Нұрдаулетов, «АMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев, Талғар аудандық бөлімшесінің атқарушы хатшысы Серік Думчибаев және ауылдыық округ әкімдері, аудандық мәслихаттың депутаттары қатысты.
Конференцияның жалпы күн тәртібі үш кезеңнен тұрды және оны қатысушылар дауыс беру арқылы мақұлдады. Белгіленген күн тәртібіне сәйкес Талғар аудандық партия филиалының атқарған жұмыстары және 2023 жылға арналған жоспарлары туралы С. Думчибаев баяндама жасап, онда: «2022 жыл халқымыз үшін айрықша маңызды, саяси оқиғаларға толы жыл болды. Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Ел дамуында түбегейлі бетбұрысқа жол ашқан ауқымды өзгерістер жасалды. «АMANAT» партиясы – мемлекет мүддесі үшін тарихи жауапкершілікті арқалаған, халық мұрасын сақтаушы, мемлекеттік мүддеге адал, қоғам игілігіне жұмыс істейтін партия. 2022 жылы қатарымызға 190 адам қабылданса, 2023 жылы 10 қаңтарда Талғар аудандық филиалы партия мүшелерінің жалпы саны 6170 адамға жетті. Жыл басынан бері мемлекет басшысының жаңа Қазақстанды құру бағыты бойынша берілген тапсырмаларына және партиялық жобаларды іске асыруға байланысты барлық бастауыш партия ұйымдарында кездесулер өткізілді. Партиямыз осы бағытта 4 үлкен жобаны іске асырды. Атап айтқанда, «Бақытты отбасы» жобасы аясында әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жедел көмек көрсету үшін 6 адамнан тұратын қоғамдық кеңес және әр ауылдық округте шұғыл әрекет ету тобы жұмыс істеді. Өткен жылы әлеуметтік көмекке мұқтаж, тұрғын-үй коммуналдық мәселелер, баспана және жер учаскесін алу, еңбек құқығын қорғау, оның ішінде жұмысқа орналасу, заңсыз жұмыстан шығару сынды мәселелер бойынша партияның қоғамдық қабылдау бөлімдерінің көмегіне 1319 адам жүгініп, көкейкесті сұрақтарының шешімін тапты», – деп атап өтті. Конференция күн тәртібіне сәйкес баяндама жасаған аудандық мәслихат депутаты Роза Баракова Алматы сынды алып мегаполистің іргесінде орналасқан ауданымызға қарасты ауылдардың жай-күйін тілге тиек етті. Бұл ретте Дәулет ауылының жанданып келе жатқан жаңа бет-бейнесі туралы жағымды жаңалықтармен бөліскен депутат онда әлі де шешімін таппаған мәселелердің көп екенін жасырмады. Жылдан жылға көшіп келушілер санының артуына байланысты ауылдың жан саны күрт өсіп, тұрғын-үйлер көптеп салынған, осыған байланысты инфрақұрлым мәселесі де белең алғанын, сонымен қатар балаларға арналған ойын алаңдары мен балабақша тапшылығы туындағанын, мектептердегі үш ауысымдық оқу процесі де кезек күттірмейтін түйткілді мәселе екенін атап көрсетті. Сондай-ақ пандемияға байланысты карантин жарияланған кезде мұқтаж отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды да назардан тыс қалдырмай, жақыннан жәрдемші болып азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еткенін жеткізді. Конференция соңында дауыс беру нәтижесі есептеліп, «АMANAT» партиясы Талғар аудандық филиалының төрағасы лауазымына С. Думчибаев тағайындалды. Еңбек жолын 1984 жылы Фрунзе ауылында жұмысшы болып бастаған Серік Кеңесұлы Талғар қаласының бас маманы, әкімнің орынбасары болып қызмет істесе, 2022 жылдың тамыз айынан бастап Талғар аудандық партия филиалының басшылық қызметін абыроймен атқарып келді. Осындай жауапты міндетті арқалаған ол өзіне сенім артқан басшылыққа және әріптестеріне алғысын білдіре отырып, жауапкершілігі мол қызметін бар ынтасымен атқарып, ел мүддесі үшін ерінбей еңбек ететініне сендірді. Маңызды қызметке ие болған партия филиалының төрағасын құттықтаған Талғар аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов: «Өткен жыл еліміз үшін қаралы «Қаңтар» оқиғасы секілді тың өзгерістерге бастаған үлкен саяси науқандармен есте қалды. Еліміздің ертеңі өздеріңдей ер азаматтардың қолында. «Ел үмітін ер ақтар» демекші, көп жылдан бері еңбекқорлығың мен табандылығыңды көрсетіп, жүктелген міндетіңді мүлтіксіз атқарып келдің. Өзіңе сенім артқан партия мен халықтың мүддесінен шыға аласың деп сенемін, жолың ашық болсын!» – деп ақ тілегін арнады. Өткен жылды қортындылай келе қоян жылына арналған жаңа жоспарлар жасалған шарада көптеген мәселелер көтеріліп, шешу жолдары қарастырылды. Жаңа басшы тағайындалып, елдің ертеңі үшін атқарылар игі істердің бағыт-бағдары айқындалды.
Зорагүл Әбдіқадір