Балағат сөз айтқандар айыппұл арқалайды­

Балағат сөз айтқандар айыппұл арқалайды­

Рухани жұтаңдыққа ұшыраудың айқын көрінісінің бірі және ең жаманы – балағат сөз айту. Ал бұл бүгінгі қоғамның ажырамас бір бөлігіне айналған үйреншікті нәрсе болып кеткелі қашан?! Әсіресе жастар арасында белең алған осы оғаш қылық үлкендерді былай қойып, балабақша балаларының да санасына ұялап алды.

Себебі кітаптан қол үзіп, телефонға телмірген жастар мен балалардың әлеуметтік желіден көретін, алатын ақпараттарының дені жеңіл-желпі күлкіге құрылған немесе балағат сөзбен басталатын қысқа видео мен аудиолар екенін ескерсек, жаман әдеп пен әдеттің жұққыш келетініне көз жеткізу қиын емес. Нәтижесінде үйде үндемесе де, түзде біреудің «жеті атасын түгендеп», «шешесінен түк қоймайтын» жаман әдет қалыптасты. Бұл туралы айтылып та, жазылып жатқан дүниелер аз емес. Бірақ олар оғаш қылықты тоқтатуға қауқарсыз. Ал енді осы жағдайдың алдын алып, тоқтау салатын заң қабылданды десек, балағат сөзі тілінің ұшында тұратындардың көбі қуана қоймас. Өйткені «Ауру қалса да, әдет қалмайды». «Сөйлеп үйренген ауыз жыбырлағанын қоя алмайды» деген тағы бар. Дегенмен қоғамдық орындарда сақталмайтын тәр­тіп пен бұзыла беретін әдептердің ал­дын алу мақсатында  арнайы заңның қабылданғанын былайғы жұрт қос қолдап қолдайтыны анық. Осы жылдың 3 қаңтарында пре­зи­ден­т Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Қыл­мыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне экологиялық құқық­бұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды», – деп мәлімдеген ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаев онлайн брифингте елімізде қоғамдық орында балағат сөз айтқандарға салынатын айыппұл көлемінің 4 есе өсетінін де тілге тиек етті. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жаңа нұсқасында қоғамдық орындарда балағат сөз айту, адамдарды қорлау мен қудалау, ғимараттарды, құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, ортақ пайдалану орындарын, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру, айналадағы адамдарға құрметсіздік таныту, қоғамдық тәртіпті және адамдардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер ұсақ бұзақылық болып саналатынын» да ескертіп: «Қазіргі уақытта ұсақ бұзақылық үшін сот 5 АЕК (17 250 теңге) көлемінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу түрінде жаза тағайындалған. Енді ол айыппұл 20 АЕК   (69 000 теңге), қамауға алу 5 күннен 30 тәулікке дейін ұзарды», – деп атап өтті. Президент қол қойған бұл заңдық түзетулер 60 күннен соң, яғни наурыз айында күшіне енеді. Бұдан бұрын құзырлы орган өкілі Қа­зақс­танда вандализм мен жеке мүлік­ті бүлдіргендерге қатысты тәртіп күшейтіліп, айтарлықтай көлемде айыппұл салынатынын мәлімдеген. Оның айтуынша, алдағы уақытта мұндай жағдай орын алатын болса келтірілген залалдың деңгейіне қарай 200 АЕК немесе 690 000 теңгеден астам айыппұл салынатын болады. Бөгде адамның бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін жүктелетін қылмыстық жауапкершілік ҚК-нің 202-бабы бойынша қарастырылып, елеулі залал келтірілген жағдайда заң шеңберінде шара қолданылады. «Залал мөлшері оған жетпеген жағдайда азаматтардың өздері дәлелдемелер жинау, бұзушылардың сауалнамалық деректерін анықтау, олардың жүрген жерін білу сияқты мәселелерімен айналысады.Өйткені залалды өтеу азаматтық-құқықтық алаңда шешіледі. Бұл зардап шегіп, полициядан көмек күтетін адамдар мен қоғам тарапынан теріс реакцияны тудырады. Әдетте азаматтардың едәуір бөлігі сотқа жүгінбейді, нәтижесінде құқықбұзушылар жауапкершіліктен жалтарып кетеді», – деген А.Құрымбаев: «Мұнда біріншіден, вандализм қылмыстық бабының диспозициясы анықталды және нақтыланды (Қылмыстық кодекстің 294-бабы), оның нормалары «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес келтірілді. Сондай-ақ осы құқықбұзушылықтар үшін санкциялардың төменгі шегі белгіленді. Енді заң бұзушыға ең төменгі сома – 172 мың теңге немесе 50 АЕК қаралған. Екіншіден, бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді (ӘҚБтК-нің 147-1-бабы), яғни залал 200 АЕК-тен (690 мың теңге) аспайтын жағдайда. Үшіншіден, ұсақ бұзақылықтың әкімшілік бабының (ӘҚБтК-нің 434-бабы) диспозициясына «көліктегі мүлікті қасақана бүлдіру немесе өзге де қоғамдық орындарда», сондай-ақ оның құқықбұзушылықтары үшін санкциялар ұлғайтылды», – деп айырықша атап өтті.

Жанбота Сұлтанмұратқызы