Жаңа түскен келін тапқан табысын ата-енесіне беруге міндетті ме? Осы төңірегінде ой қозғағым келеді.
Тұрмысқа шыққан кезімде де жұмыс істедім. Бастапқыда алған айлығымды ешкімге бермей, өз керегіме жараттым. Түрлі әшекейлер мен тұрмыстық заттар алатынмын. Екі-үш айдан кейін енем айлығымды сұрады. Тұрмыста ақшаның бір жерде сақталып, бір адамның жаратқаны абзал екенін түсіндірді. Сөйтсем жолдасым да тапқан-таянғанын анасына беріп отырады екен. Сол күннен бастап айлығымның көп бөлігін енеме өткізетін болдым. Қыз баласы болғанан кейін бетке шашқа деген күтім керек дегендей, жалпы өз тапқан табысым өзіме жететін. Қазір балалы болғаннан кейін айлығым мүлдем ештеңеге жетпейтін болды. Енем сұраса да жоқ…
Бала кезден араласатын жан досым Дана да тұрмысқа шығып, бір шаңырақтың түтінін түтетті. Ол келін болып түскенде енесі айлығын беруді сұрағанда: «Сіз мені дүниеге әкелдіңіз бе, оқыттыңыз ба, жұмысқа тұрғыздыңыз ба? Неге қайта-қайта сұрай бересіз?», – деген екен. Осыдан кейін енесі де келіннің жалақысын сұрауды доғарыпты.
Осындайда туған анамның келелі кеңесіне жүгінемін. «Базарға, дүкенге жұмсайтын ақшасын өзіне ұстатып қой. Үйге қажетті заттарды өзі сатып алсын. Сонда ақша бермейді деген әңгіме шықпайды», – дейді ол.
Ал әйелдің табысы туралы ислам дінінде не дейтіні туралы: «Шариғат заңы бойынша үйдің отағасы отбасына барлық жағдайды жасауға міндетті. Әйел адамның жұмыс істеп тапқан табысы өзінің қақысы балып табылады. Сондықтан оны кімге және қайда жұмсайтынын өзі шешеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Бір-бірлеріңізге сыйлық жасаңыздар. Ол араларыңыздағы өшпенділікті жойып, сыйластықтарыңызды арттырады» деген өсиетіне мән бере қарайтын болсақ, алған айлығының аздаған бөлшегін енесіне, не анасына, не жақсы көретін туыстарына бергеннің еш сөгеттігі жоқ», – дейді дінтанушы Аян Байтұрғанұлы. Құранның Ниса сүресінің 34-аятында Алла тағала: «Бір-біріңнен артықша жаратылғандықтан әйелдердің нәпақасы ерлерге жүктелген, еркектер әйелдердің қорғаушысы болып қалады. Жақсы әйелдер – мойынбұрушылар» – деп айтқан. Сондықтан келіннің жұмыс істеп тапқан айлығының барлығын енесіне беруді шариғат та қолдамайды.
Бұл турасында сіз не дейсіз, көзқарақты оқырман?
Кәусар Әбдікерім