24 желтоқсанда Талғар ауданы Ішкі саясат, мәдениет, тілдері дамыту, спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Қызыл Қайрат ауылының мәдениет үйінде ауданымыздың спорт сүйер жастары мен тұрғындары кәсіпқой боксшы Қанат Исламұлымен кездесті. Дәл осы сәтті асыға күткен Талғар қалалық №2 спорт мектебінің оқушылары еліміздің туын биік көтеріп, чемпионды ыстық ықылыспен қарсы алды. Керемет кештің шымылдығын Талғар ауданы мәдениет үйінің өнерпаздары рухты ән-күйлермен ашты. Дәстүрлі әнші әрі күйші Ермек Рақымбайұлы Қанат Исламға арналған авторлық күйін орындап, боксшының жанкүйерлерін тәнті етті.
Өзін асыға күткен қауымға алғысын білдірген боксшы көкейіне түйгенін көппен бөлісіп: «Өнер жолында кездестірген кедергілер арқылы көп нәрсеге көзім жетті. Әр жеңілісіміз өзіміз үшін дұрыс саналған, алайда шын мәнінде дұрыс болмаған көзқарасымыз бен таяз санамыздың салдары екенін түсіндім. Кез келген спортшы тек дене жаттығуымен ғана шұғылданып қоймай, кітап оқу арқылы да ішкі жандүниесін байыту керек. «Күш білекте емес, жүректе» деген аталы сөз бар. Жан мен тәннің күш-қуаты үйлесім тапқанда ғана жеңіске жетуге болады. АҚШ-қа барып кәсіпқой бокспен айналыса бастаған кезде елдегі жаттығуда жіберген ағаттығымды байқай бастадым. Бізде қанша көп жаттықсаң, жеңіске жету мүмкіндігі сонша көп болады деген түсінік бар. Қаншалықты көп жесең, соншалықты күшті боласың деп жатады. Алайда орынды жаттығу, дұрыс тамақтану арқылы рингте бабыма келетінімді ұғындым. Жаттықтырушысының қателігінен жарақат алып, сүйікті кәсібімен қоштасқан талантты жастарды көрдім. Бапкерлер өз шәкірттерінің жандүниесіне үңіле отырып, оларды өз баласындай баптау керек еді. Алайда артық жүктеме, артық қысым салдарынан көптеген жастардың спортпен қоштасып жатқаны жаныма батады. Сондықтан біз сонау кеңес кезінен қалған ескі сүрлеуден арылуымыз керек», – деді.
Чемпионмен кездесуге келген Талғар қалалық №2 спорт мектебінің оқушысы Аян Бақытбектің «Сізді спортқа жетелеген кім?» – деген сұрағына: «Мені спорт саласына әкелген туған ағам – Ерлан Ислам. 7-8 жасымнан бастап өзімен бірге алып жүретін. Таңғы тәтті ұйқымды бөлгім келмей жалқауланған кезімде жасытып ұрыспайтын, үмітін үзбейтін. Берген уәдемді алға тартып, ақырын оятып, жаттығуымды үзбеуге қатты назар аударатын. Анам «әлі кішкентай, ұйықтап алсын» десе де, алған бетінен қайтқан емес. Ол менің ағам ғана емес ұстазым, жанашырым бола білді», – деп жауап берген чемпион осы мектептің тағы бір шәкірті Абдусайт Зерековтің: «Сіз үшін ең ауыр өткен қай жекпе-жек?» – деген сұрағына: «Мен үшін осыдан үш жыл бұрын Алматыда өткен жекпе-жек өте ауыр болды. Алғашқы айналымда басымдылық көрсеткеніммен, біртіндеп өзімді жайсыз сезіне бастадым. Қимыл-қозғалысым баяулап бара жатқанын білдім. Десе де ата жұртымда өтіп жатқан алғашқы бәсеке болғандықтан жанкүйерлерім мен жақындарымның қолдауы арқасында қолым сынса да, намысты қолдан бермедім. Ертеңінде қан сараптамасын жасау арқылы өзіме қастандық жасалғанын яғни, қимыл-қозғалысымды баяулататын қандай да бір дәрілік зат берілгенін білдім. Бірақ оны қашан, қай кезде, немен ішкенімді білмеймін. Шамалауымша, мен ішетін суға қосылған болуы керек. Бұл кез мен үшін өте ауыр кезең, үлкен сабақ болды», – деп жауап беріп, күрсіне еске алды.
Кездесу барысында өздерін болашақ чемпион қатарынан көргісі келген жасөспірімдер жарыса сұрақ қойып, батыр ағаларымен емін-еркін сұқбаттасты. Олардың арасында боксшымен бірге тер төккен аға-бауырлары, әр жекпе-жегін қалт жібермейтін жанкүйерлері де болды. Ойға алған сұрақтарын қойып, былғары қолғап шеберінің басынан өткен оқиғаларын ден қоя тыңдап, еңбекқорлығы мен қайсарлығына тәнті болды.
Шаңғымен жүгірудің жаттықтырушысы Нұржан Баяхметов: «Болашақта өзге де өнер, спорт жұлдыздары сияқты Парламент немесе басқа да мінберде билік тізгінін ұстағыңыз келе ме?» – деп сұрағанда, мансап, билік туралы ешқашан ойланбағанын айтып, билікте отырып халыққа еш пайдасы тимеген көп депутаттың бірі болғанша, өз саламда жүріп қазақтың талантты балаларын бәйгеге қосып, бағын ашсам, сол артық деген ойын да жасырмады. Спортшының сөзін қостаған Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту, спорт бөлімінің басшысы Фарида Бөгенбаева қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда өскен азаматтың бүгінде кім көрінгенге еліктеп, өз ұлтының құндылығынан адасып бара жатқан жастарға үлгі боларына сенім білдірді. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі парақша арқылы болса да іні-қарындастарына ұлтымыздың құндылықтарын, салт-санасын жоғалтпауды, үлкенді құрметтеп, кішіні аялайтын асыл қасиеті туралы да үнемі айтып жүруін тапсырды. Себебі ел аузындағы жандардың әр сөзі назардан тыс қалмайтынын да тілге тиек етіп, «Нар жолында жүк қалмайды» дегендей, осындай намысты, рухты азаматтар барда ұлтымыздың еңсесі биік боларына сенім білдірді.
Танымал боксшы сырқаттанғанына қарамастан, жеткіншектер мен жанкүйерлерінің сұрағына белсене жауап беріп, еңбек жолындағы қиындық пен қызыққа толы әсерлі сәттерімен бөлісті. Сөз реті келгенде: «Қытайда туып, ата жұртқа оралдыңыз. Қазір АҚШ-та тұрасыз. Ел аралап жүрген азамат ретінде өз еліңіздің өзге жұрттан нендей артықшылығын немесе кемшілігін байқадыңыз? Және өзіңізді бақытты сезіндірген ел үмітін ақтадым-ау деген жемісті жеңісіңіз туралы айтып берсеңіз?» – деген сұрағыма: «2008 жылы Пекин олимпиадасында қола медаль алдым. Бұл мен қатысқан алғашқы олимпиада болатын. Сол жолы қола медалді жеңіп алдым. Мен үшін алтынға бергісіз жүлде болды. Ол кезде Қытай құрамасы атынан шықсам да, өз ұлтымның атын аспандаттым деп ойлайдым. Себебі жершарында қазақ атты ұлт жалғыз. Оның жеңіс тұғырынан көрінген әр баласы өз ұлтының текті, намысты екенін айғақтап тұрады.
АҚШ-та жүргенде өз еліме деген құрметім, махаббатым еселене түсті. Онда жанбағысқа жайлы болғанымен, біздегідегі ағайын-туыс арасындағы бауырмалдық, сүйген жарымызға деген адалдық, үлкенді сыйлап, кішіні аялау, отбасымыз бен балаларымыз алдындағы жауапкершілікті ешқайдан кездестіре алмадым. Мен осындай текті елдің ұрпағы болғанымды іштей мақтан еттім. Торқалы той, топырақты өлімде ағайын-туыстың басын қосып, қайғысы мен қуанышын бөлісудің үлкен маңызға ие екенін ұқтым. Жаратушымыз бізді осындай асыл қасиетімізден айырмасын деп тілеймін!» – деген Қанат Ислам жиналған қауымға шынын айтып, ағынан ақтарылды.
Аталмыш шараның соңында шаңғымен сырғанау, асық ату, шахмат, бокс, еркін күрес сынды спорт түрлерінен республикалық, облыстық турнерлерде жүлделі болған жасөспірімдер чемпионның қолынан марапат алды. Екі сағатқа жуық әйгілі боксшымен сұқбаттасқан жеткіншектер жеңіске жетудің қыр-сыры туралы кең мағлұмат алып, қанаттанып қайтты.
Зорагүл Әбдіқадір