Өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жұмысына көңілі толмайтынын жеткізіп, әкім-қаралардың да жұмысын қатаң сынға алды. Сондай-ақ халықтың Үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына шағым айтып жатқанын атап өтті. Келесі жылғы жағдайдың биылғыдан да қиын болатынын ескертіп: «Өкінішке қарай жағдай ушығып, халықтың өмір сүру сапасы төмендеп барады. Азаматтардың, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткен. Мұндай жағдайда жай отыруға болмайды. Өйткені мұндай жағдай барлығына қауіп төндіреді. Оның үстіне келесі жыл қазіргіден де күрделі әрі қиын болуы мүмкін», – деп қадап айтты.
«Ашығын айтуымыз керек, биыл Үкімет тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады. Қойылған міндеттер толыққанды орындалған жоқ. Ал кейбір бағыттар бойынша мүлде жұмыс істелмеген. Мәселен, әбден ескірген, қажеті жоқ нормативтік актілерді жою керек екені осыған дейін де бірнеше рет айтылды. Үкіметке тиісті тапсырмалар да берілді», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев берілген тапсырмаларға қарамастан министрлер және мекеме басшыларының өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайтынын тілге тиек етті.
«Бітпейтін жиналыстарға, құжатты келісу жұмысына өте көп уақыт кетеді. Министрлік және ұлттық компания басшылары нақты шешім қабылдауға келгенде, өздеріне жауапкершілік алудан бастарын алып қашады. Ал тұтас елдің, халықтың тағдыры сол маңызды шешімге байланысты болып жататыны, өкінішке қарай ескерілмейді. Үкімет пен Президент әкімшілігі арасындағы өзара іс-қимыл дұрыс жолға қойылмаған», – деген мемлекет басшысы: «Бұл – Үкімет мүшелерінің, әкімдердің, ұлттық компания басшыларының тікелей жауапкершілігі. Сондықтан мен премьер-министр Әлихан Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді. Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма?», – деп сұрақты төтесінен қойды.
Бұл сұраққа тігісін жатқыза жауап берген премьер-министр Әлихан Смайылов өзекті мәселелерді дер кезінде жедел шешудің орнына жалпақтап, жалпақтап, жалтарма жауаппен сытылып кететін шенеуніктерге өз орнын босату туралы талап қойып: «Премьер-министр ретінде Президент жүктеген тапсырмалардың орындалып, нәтижелі шешілуі үшін бәрін істеймін. Біз халықты қолдайтын, батыл шешім қабылдап, оның жауапкершілігін көтере алатындармен ғана жұмысты жалғастырамыз. Біздің жұмысымыздың нәтижетін қазақстандықтар сезінуі керек. Талап өте жоғары. Ал қолымнан келмейді, шешім қабылдай алмаймын деген әріптестеріміз қазірден орнын босатуы керек. Орындарыңызға басқа адамдар келеді», – деп жауап берді.
Екібастұзда орын алған төтенше жағдай кезінде де тапсырманы дер кезінде орындамаған атқарушы билікке сын айтқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Менің тапсырмам бойынша Президент әкімшілігі жанынан құрылған арнайы комиссия кешенді шаралар әзірледі. Соған сәйкес бақылау-қадағалау тетігін күшейтіп, меншік иелерінің жауапкершілігін және жалпы саланың тиімділігін арттыру қажет. Комиссия дұрыс жұмыс істемей тұрған 19 жылу электр орталығын анықтады. Оларды шұғыл жаңғырту қажет. Алдын ала есеп бойынша, оған шамамен 90 миллиард теңге керек.
Жалпы мұндай төтенше жағдайларға жол бермеу үшін тапсырмалар дер кезінде орындалуы керек. Атқарушы билік қарапайым жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізе алмады. Сондықтан ауыл мен қаланың ауқымында шешіле беретін тұрмыстық мәселені Үкіметтің деңгейінде қарауға мәжбүр болып отырмыз. Орындаушылық тәртіпті арттыру қажет. Өйткені осы саладағы төтенше оқиғалар тым көп болып кетті. Петропавлда, Теміртауда, Степногорскіде, Балқашта, Қарағандыда, Ақтөбеде және Риддерде апаттар болды. Бірақ соның ешқайсысынан әкімдер мен министрлер, ең бастысы, меншік иелері тиісті қорытынды жасаған жоқ. Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты режимде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ іс жүзінде жағдайдың қалай болып жатқанын көріп отырсыздар. Ал Екібастұзда болған апат бұл саланың мүшкіл хәлде екенін көрсетті. Қызметкерлердің жауапсыздығы, бақылау жүйесінің қауқарсыздығы мыңдаған адамды жылусыз қалдырды», – деп ашып айтып, қиын-қыстау кезеңде қала халқына барынша қолұшын берген тұрғындар мен ел азаматтарына алғысын білдірді.
Сондай-ақ «Мемлекеттік аппарат жұмысында менің тапсырмаларымды орындаудағы формальды көзқарас әлі сақталып отыр. Орындау мерзімі әр түрлі себептерге байланысты кешіктіріліп, бірнеше рет кейінге қалдырылып жатады. Жыл басынан бері Президент әкімшілігі мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың атына тапсырмаларды орындау сапасы бойынша 400-ден астам ескерту жолдады. Өйткені тұтас саланың және аймақтардың дамуы көбіне орынбасарлардың жұмысына байланысты болады. Вице-министр және әкім орынбасары лауазымына нағыз кәсіби мамандар тағайындалуы тиіс. Мұндай қызметке халықпен тілдесе алатын, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар келуі керек. Яғни шешім қабылдай алатын, жауапкершіліктен қорықпайтын адамдар қажет. Сондықтан келесі жылы бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді. Тіпті Үкіметтің жақында отставкаға кетуі ғажап емес. Өйткені әкім, министрлердің жұмысына қатысты халықтан шағым көп» екенін де жасырмады.
Президент сайлауынан соң оң өзгерістер күтіп отырған қарапайым халық үмітінің қаншалықты ақталатыны уақыт еншісінде екені белгілі. «Өйткені халық құрғақ уәдеден жалықты. Оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр» деген Президент сөзіне сүйенсек, осы сенімді ақтау үкіметтің ең басты және нақты міндеті болуы тиіс екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан ендігі жерде министрлер мен әкімдердің атқарған ісі жалпылама жаттанды статистикамен емес, істің нақты нәтижесімен өлшенетіні де айтылды. Ендеше мінберде айтылған міндер мен басты мәселелер алдағы уақытта өтетін Үкімет отырысы мен арнайы жиындарда кеңінен талқыланып, нақты шешімдер негізінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткіземіз деген үміт басым.
Жанбота
СҰЛТАНМҰРАТҚЫЗЫ