Армандағандай болмаса да, алға жылжып келеміз

Армандағандай болмаса да, алға жылжып келеміз

– Ернар Ниетбайұлы, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін өткіздік. Алда жаңа жыл келе жатыр. Сіз үшін бұл мерекелердің мән-маңызы қандай? Алғы сөзімізді осыдан бастасақ.

– Біз үшін бейбіт өткен әр күн маңызды, мәнді деп есептеймін. Ата-бабамыздың аманатын арқалап жүрген бүгінгі буын бұл тәуелсіздіктің қалай келгенін жақсы біледі. Оны ешқашан ұмытуға болмайды. Желтоқсан желінің ызғырығы да әлі күнге жанды қариды. Мұның бәрін болашаққа бүтін күйінде жеткізу – біздің басты міндет. Жас ұрпақ та осы бақтың бағасын білуі керек. Тәуелсіздік құрбанына айналған ата-баба, аға-бауыр, әпке-қарындастарға, тарихымызға тәу етіп, елге амандық тілеймін! Ал жаңа жылға келсек, осы күнге дейін азды-көпті шаруаларды қолдан келгенше атқардық. Бағасын халық бере жатар. Жылдың басы айтулы қаңтар оқиғасымен есте қалды ғой. Ендігі жерде жаңа жылдан тек жақсылық күтіп, халқымызға береке-бірлік, оңды тірлік, елімізге тыныштық пен бейбітшілік тілеймін!
– Жыл аяғы боп қалды ғой. Өткенге бір көз жүгіртсек. Бесағаш ауылдық округіне әкім болғаныңызға бір жарым жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында қандай шаруалардың басын қайырдыңыз? Ауылдың қандай мәселелері, қалай шешілді?
– Қолдан келгенше біршама шаруаны атқардық. Мысалы, Бесағашта нақты атауы бар 168 көше бар, оның сыртында аты жоқ көшелерді қосқанда 180-ге жуықтайды. Осының ішінде Мира, Нұрпейісова, Лермонтов, Латиф Хамиди, Т.Рысқұлов, Ж.Жамбыл, К.Бәйсейітова, Амангелді
Иманов, Сағат Әшімбаев, Алпамыс, Күлтегін секілді 11 көшеге асфальт төселді. Сағат Әшімбаев атындағы көше қысқа, тұйық көше еді, осыны Талғар-Алматы тас жолына қостық. 2 шақырымдай болатын Естай көшесіне, Бердіқұловта 800 метр, Тұранда 600 метр жолға және атау берілмеген тағы бір көшеге тас-құм төселіп, тегістелді. Жаңа құрылыстағы кейбір көшелерде адамдар тұрып жатқанымен, ауылдың басты жоспарына кірмеген. Соларға да тас-құм төселді. Одан бөлек ойылған жолдардың шамамен 500 м.кв-ына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Әйтеке, Сәтбаев, Қарасай, Нау­рызбай, Бердіқұлов, Амангел­ді, Аманжолов, Құдайбер­­диев, Хамраев көшелері жарықтандырылды. Осылайша жоспарланған шаруа­лар шетінен атқарылып жатыр. Қаржы-қаражатқа байланысты қиындық тудырып отырған мәселе­лерді келесі жылдың еншісіне қалдырып жатқан жайымыз бар.


– Бесағаш – көпұлтты ауыл. Елдің бірлігіне президенттің кезектен тыс сайлауында да куә болдық. Елді ұйыстыру оңай емес. Тұрғындармен қарым-қатынаста қандай да бір қиындықтар бар ма?
– Иә, Бесағаш ауылдық округінде қазақ, түрік, ұйғыр, күрт секілді ұлттар тұрады. Әр ұлтты өзінше ұйыстырып отырған жігіт басылары бар. Олар сол ұлтқа қатысты барлық мәселелерді шешуге атсалысып, қолдау көрсетіп отырады. Бәрі бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста. Барлығы – Бесағаштың тумалары, белсенді азаматтары. Әкімдікпен де тығыз байланыс жасап, ортақ мәселелерді бірге шешіп отырамыз. Ұлты басқа болғанымен, бәрінің тілі – қазақ. Ортақ тілде тіл табысу да оңай. Ондай белсенді азаматтар ақсақалдар алқасының құрамында да бар. «Бірлік бар жерде тірлік бар» екенін бәріміз жете түсінеміз. Сайлауда да өте жақсы белсенділік танытып, жоғары көркеткішке ие болдық. Сондықтан тұрғындармен қарым-қатынас жасауда еш қиындық жоқ, бірлігі жарасқан елміз деп айта аламын.
– Әкім көп қой. Бірақ елмен етене араласатыны, сөзі мен ісі қабысып жатататыны санаулы. Бұл турасында не айтасыз?
– Бесағаш халқы өте бірлікті, белсенді. Ауызбірліктің арқасында ауылдық округте тұратын әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, мүгедек адамдарға, көмек қажет ететін тұрғындарға жанашыр азаматтармен бірлесіп үнемі қолұшын беріп тұрамыз. Ауылға қарасты әлеуметтік чаттардан да ауылдың барлық мәселелерін біліп, оқып, қадағалап отырамын. Көп уәде бергеннен гөрі, реті келгенше іспен айналысқан жөн ғой. Барлық уақытта бәрінің көңілінен шығу да мүмкін емес. Бірақ шама келгенше елмен бірлесіп өз міндетімді атқарып жатырмын деп ойлаймын. Халыққа қай уақытта да есік ашық, ұялы байланыс нөмерімізді де бәрі біледі. Ал атқарылып жатқан іске қай уақытта да халық төреші деп білемін.
– Басқа да ауылдардағы сияқты Бесағаштың «бас ауруы» да ауыз су мен жарық. Солай ғой. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды? Алдағы жоспар қандай?
– Рас, халықтың жанайқайына айналған ауыз суға қатысты мәселе жаз мезгілінде көп қиындық тудырады. Бесағаштың жоғарғы жағынан анау «Магнум» сауда орталығына дейін қоныстанған ел әсіресе жазда су тапшылығын тартады. Бұл бірінші жыл емес, бұрыннан келе жатқан басты мәселе деуге болады. 1968 жылы «Тас-құм-Су» деген мекеме темір құбырлар арқылы ауыз су құбырын тартқан екен. Міне, содан бері 45 жылдай уақыт болыпты. Олар әбден шіріп, қызмет ету мерзімі де әлдеқашан өткен. Сондықтан кез келген уақытта, кез келген жерінен жарылып кетеді. Әзірге жамап-жасқап амалдап отырған жайымыз бар. Қазір су құбырын тартатын бір компаниямен келісім жүргізіп жатырмыз. Сол шешілсе, алдағы жылы Бесағаш ауылдық округінің оңтүстік бөлігінен бастап жаңадан су құбырын тарту жоспарлануда. Бұл тұрғыда аудан тарапы да мәселеге қатысты тиісті қолдау көрсетіп отыр. Бұйыртса, 1 жыл 2 айдың көлемінде мұны да іске асырамыз деп жоспарлап қойдық. Ол іске асса 52 сотық жерге су сорғызатын құрылғы орнатылып, айтарлықтай үлкен су қоймасы салынатын болады.
– Жыл аяғына да санаулы күндер қалды. Биылғы жылдың бюджетті толық игерілді ме?…
– Биылға бөлінген қаражат толық игерілді. Бюджет қаржысына қатысты жоспарланған жұмыстың соңғысын тамыз айында істегенбіз. Үнемделген қаражат есебінен Хамраев көшесі жарықтандырылды. Ал келесі жылдың бюджетінің қаншалықты көлемде болатыны әзірге белгісіз…
– Алдыңызға келген халықтың мәселесі шешілмей кеткен кезі бар ма? Себеп қандай?
– Жасыратыны жоқ, жұмыс барысында ондай жағдайлар болады. Алматыға тиіп тұрған ауылдық округ болғандықтан көп мәселеміз де осы қаламен ортақ. Кейбір адамдар мәселемді табан астында шешіп бер деп талап та қойып жатады. Оның бәрін бір күнде, бір жолда шешу мүмкін емес. Біртіндеп, өз кезегімен шешуге тырысамыз. 29 245 адам тұратын бұл округте шешімін табуға тиісті мәселе де жетерлік. Тұрғындардың басты талабы да, басты мәселесі де көбіне су, жарық, жол, арыққа қатысты болады. Біз оларды құзырлы мекемелерге тапсырамыз. Ал су мәселесі әзірге сұрақ күйінде тұр. Келісімшарттар жасалып бітсе, алдағы уақытта ол да өз шешімін табатын болады. Президентіміз де 2026 жылға қарай Қазақстан мемлекетіндегі жолдың 95 пайызы жасалады деп айтты ғой, сол себептен алда атқарылатын шаруа да шаш етектен деуге болады. Биыл да көп нәрсе жасап үлгеруге болар еді, «Қайғылы қаңтар» оқиғасы салдарынан экономикамызға да біршама нұқсан келгені белгілі. Осыған байланысты ойлаған жұмыстарымызды түгел атқара алмадық. Өйткені қаражат жағынан қиындықтар туындады. Тұрғындардың шұғыл мәселесін демеушілер арқылы да шешіп беретін кездеріміз жиі болады.
Аудан тек Бесағаш ауылдық округіне қарап отырған жоқ, өте үлкен екенін білесіздер. Оның үстіне алып шаһар Алматының іргесінде болғандықтан мұндағы мәселелер де ауқымды. Айталық, 10 ауылдық округте 47 ауыл, 100-ден аса саяжай, 1 қалалық әкімдік бар. Олардың барлығында өзіне тиесілі мәселе бар. Оның бәрін бір аудан бір жолда шеше алмайды, ол мүмкін де емес. 1990 жылдармен салыстырғанда армандағанымыздай болмаса да, әлдеқайда алға жылжып, көп нәрсе оңынан өзгеріп жатыр ғой. Осы тұрғыдан ауыл тұрғындары да түсінікпен қарап, шыдамдылық танытса деймін.
– Жұмысыңызға байланысты әріптестеріңізбен ақылдасып шешетін ортақ мәселелеріңіз көп екені белгілі. Бұл турасында не айтасыз? «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген бар, ерекше атайтын әкім әріптесіңіз бар ма?
– Әріптестермен міндетті түрде тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Аудан бойынша 11 әкім бармыз. Өзара жиі пікір алмасып, ортақ мәселелердің шешімін де бірге ойластыратын кездеріміз көп. Ешқайсысын бөліп-жарғым келмейді, бәрі білікті, белсенді мамандар. Аудан әкімі Қайдар Әбдіханов бас болып әр дүйсенбі сайын облыс әкімдігімен аппараттық кеңес өтеді. Сол жерде ауылдық округтердің ортақ және басты мәселелерін ортаға салып, жетістіктерімізді де айтып жатады. Ал өзіміздің әкімдіктегі әріптестермен барлық істі бірге атқарамыз. Бұл – күнделікті болатын жұмыс барысы.
– Қандай бір мәселеге қатысты тұрғындарға айтар өтініш, талап-тілектеріңіз болса…
– Тұрғындарға айтар талап-тілек те, ұсыныс та аз емес. Олардың ең бастысы – тазалық. Алдымен балаларды дұрыс тәрбиелеп, туған ауылының көшесін таза ұстау­ға үйретсе деймін. Ойын алаңдарының да тазалығына мән беріп, ондағы ойыншықтар мен спорт­тық құрылғыларды бүлдірмесе, сындырмаса екен деген тілек бар. Кейде бұзық балалар қоқыстарға от қойып, балалар ойнайтын жерлерге ішкен сусындарының құтылары мен шыныларын сындырып, жеген тамақтарының қалдықтары мен қағаздарын қалай болса, солай лақтырып кетеді. Балалардың қауіпсіздігі мен ауылымыздың тазалығы үшін бұл да үлкен мәселе. Халыққа айтарым, өз үйлерінің ауласын қалай таза ұстаса, көше тазалығына да сондай жауапкершілікпен қараса екен деймін. Олардың шашқанын да солардың ата-анасындай, аға-бауырындай, әпке-сіңілісіндей адамдар жинайды, тереді, тазалайды. Сол кісілердің еңбегін бағаласа екен деген үлкен өтініш айтқым келеді. Әлеуметтік маңызы бар мекемелердің айналасын жинайтын қызметкерлер бүкіл ауылды жинауға міндетті емес, оның үстіне физикалық тұрғыдан да үлгермейді. Көбі үлкен кісілер болғандықта сол адамдардың еңбегіне жанашырлықпен қараса дұрыс болар еді.
– 20 қарашада президент сайлауы өтті. Сол күні Ш.Айманов көшесіндегі ашық жатқан құбыр құдықтарының суреттерін өзіңізге де көрсеттім. Олардың қақпақтары қайда кеткен?…
– 2019 жылы Бесағаштың төменгі жағына «Мап» деген ЖШС су құбырларын тартқанда сол құбыр құдықтарына жоба бойынша арнайы технологиямен жасалған, құрамында құм араласқан желім бар қақпақтар жауып шыққан. Олар сапасыз болғандықтан түрлі көліктердің салмақтарын көтермейді, сынады. Оны да көзімізбен көріп отырмыз. «ТалғарСу» мекемесіне осыған байланысты хат та жазып қойдық. Олар бұл құбыр құдықтарын өз қарамағына әлі алмапты. Осыған байланысты сот процесі жүріп жатқанын хабарлады. Егер сот оларға міндеттесе, алдағы уақытта бұл мәселені қолға алады деген үміт бар. Қазіргі уақытта округ бойынша 57 құбыр құдығының беті ашық тұр… Қауіпсіздік үшін бетон құймалармен жауып, көліктің дөңгелектерін қойып деген сияқты, әйтеуір бір көзге көрінетін белгі қойып әупірімдеп, ептеп-септеп амалдап отырмыз. Темір қақпақтарды жаппай жатып ұрлап кетеді. Дәнекерлеп тастауға тағы болмайды. Қандайда бір апатты жағдай орын алса, ашылмай қалады. 1 темір қақпақтың орташа бағасы 60 мың теңге. Сондықтан осы мәселеде қаражат та қол байлау болатын жайы бар. Бұл – біздің ауылға ғана емес, барлық жерде қатысты мәселе. Темір-терсек қабылдайтындарды да жиі тексеріп тұрамыз. Бірақ ұстап алған ешкіміміз жоқ. Орынсыз біреу­ді тағы кінәлай алмайсың. Жалпы, бұл кім-кімді де тығырыққа тірейтін мәселеге айналғалы талай жылдың жүзі болды.
– Сондай-ақ ашық-шашық тұрған трансформаторлар да жетерлік. Жалпы жағдайда, ел бойынша қауіпсіздік сақтамау салдарынан тоққа түсіп жататын адам, бала-шаға, мал туралы ақпарат өте көп. Олардың айналасы қашан қоршалады? Жалпы саны нешеу?
– Бізде қазір 288 қосалқы транс­форматор бар. Оның 35-і ғана «Алатау Жарық» компаниясының меншігінде. Қалғандарының барлығы жекеменшіктің қолында. Бесағаш көне ауыл болғандықтан, кезінде арнайы бетонға орнатылған трансформаторлар көп. Әзірге жаман жағдайға тап болған ешкім жоқ, болмай-ақ та қойсын. Мұндай мәселе аудан бойынша бар. Қазір көбіне жабық негіздегі трансформаторлар қойылады. Барлығын қоршау үшін де қыруар қаражат керек қой… Сондықтан бұл сұрақ басы ашық күйінде қалып келеді…
– Сұқбат үшін рақмет. Ісіңізге сәттілік, елге тыныштық тілеймін!

Сұқбаттасқан
Жанбота
СҰЛТАНМҰРАТҚЫЗЫ