Желтоқсанның 21-і күні сағат 10.00-де М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінде Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Талғар ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиынды модератор – Алматы облысы мәслихатының хатшысы Дәулет Жамалбекұлы жүргізді. алғашқы сөзді алған аудан әкімі
Қайдар Әбдіханов өз кезегінде жылдың қорытындысын жасап, халық алдында есеп берді.
Аудан әкімінің айтуынша, ауданның 11 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінен өсу динамикасын көруге болады. Ауылшаруашылығында 75,7 млрд. теңгенің жиынтық өнімі өндіріліп, жылдық жоспардың орындалуы 106,5%-ға жеткен. Аудан бойынша 1,5 млрд. теңгенің 3 инвестициялық жобасы іске асырылып, 29 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұлардың қатарында 40 га жерге алма бағын отырғызып, алма өңдеумен айналысатын Панфилов ауылындағы «Баймене» ЖШС-і, Белбұлақ ауылындағы картоп сақтайтын қойманың иегері «Номад Тек» ЖШС-і де бар. Өнеркәсіп саласында 76,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, жылдық жоспардың орындалуы 103,0%-ды көрсетті. Осы негізде 3 өндіріс орны іске қосылып, 2,2 млрд. теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде 58 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл ретте Талғар қаласында медициналық жасанды буындар шығаратын «Sintes-kz» зауыты мен сплитер блоктарын шығаратын «Айсұлтан», Тұздыбастау ауылындағы «Кәусар» тігін цехын ерекше атап айтуға болады.
Аудандағы халыққа қызмет көрсететін 34 туристік нысанның жұмысы аясында жыл басынан бері 2,6 млрд. теңгеге туристік қызметтер көрсетіліп, бұл көрсеткіш өткен жыл деңгейімен салыстырғанда 156,9 %-ға артқан.
Ауданға салынған инвестиция 69,8 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 96,1 % құрады. Шағын және орта бизнес өкілдерімен «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 17 жобаға 811,5 млн. теңге қаржы бөлінген көрінеді. Баяндамасында: «Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, аудан халқымен кездесулерімнің кезінде көтерілген 156 проблемалық мәселелердің бүгінгі күнде 48-і орындалып, 92-сі орындалу үстінде және 16-сына түсініктеме берілді. Көтерілген мәселелер негізінен алғанда инфрақұрылым бағытында болып отыр. Яғни жол, ауыз су, газ, көше жарықтары және тағы басқа мәселелер. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 17 маусымында өзіңіздің аудан халқымен кездесуіңіз барысында көтерілген 43 сұрақтың 14-і орындалып, 29-ы орындалуда. Әрбір көтерілген мәселелер мен қойылған сұрақтар бойынша 2025 жылға дейін іс-шара жоспары әзірленіп, жұмыстар жүргізілуде», — деген аудан әкімі Қайдар Әбдіханов ауылшаруашылық саласына да кеңінен тоқталып, суару каналдарын салу және жайылым жерлермен қамтамасыз ету мәселесі бойынша бүгінгі күнге Алматы облысы құрылыс басқармасымен 11,8 млрд. теңгеге жобалық құжаттар әзірленіп, 403,8 шақырым арналар жөнделетінін тілге тиек етіп, аудан тұрғындарының жекеменшік малдарын жаю үшін жайылымдық жерлерге деген қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында 6,4 мың гектарға меморандум жасалғанын атап өтті. Бұл ретте 200 гектар жер Іле-Алатау ұлттық саябағының аумағынан бөлінгенін, Талғар ауданы әкімдігінің бастамасымен осы мақсатта пайдаланылмаған жайылымдық жерлерден 400 га жер берілді деген ақпар айтты. Алайда осыған қарамастан аталмыш мақсатта әлі де қосымша 3 мың гектар жайылымдық жер қажеттілігі туындап отыр. Осы қажеттілікті жою мақсатында Алматы облысының Жер ресурстарын басқару департаментіне 20,1 мың гектар пайдаланылмаған жайылымдық жерлерге түзету енгізу үшін құжаттар берілгенін де атап өтті.
Су құбырларын тарту мәселесі бойынша Талғар қаласы, Тұздыбастау, Кеңдала және Панфилов ауылдық округтеріне қатысты туындаған сұрақтар төңірегінде де жауап берген аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, Талғар қаласындағы 235 шақырым су желісін қайта жаңарту үшін жобалау-сметалық құжаттамасы даярланып жатыр. 10 ауылдық елдімекенді Талғар топтық су құбырына қосудың 2, 5, 6 кешендері бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде 2 ауыл бойынша (Бесағаш (шығыс бөлігі), Тұздыбастау (Айсұлу,Тұздыбастау ш.а.) жұмыстар аяқталып, қалған елдімекендерге қатысты жұмыстарды аяқтау келесі жылға жоспарланып отыр. Жобалар толық іске қосылған кезде 89,2 шақырым су желісі салынып, 25 мың адам таза сумен қамтылады. Осыған байланысты 2023 жылғы бюджетпен Тұздыбастау, Ақдала, Панфилов ауылдарының су жүйесін салуға жобалық құжаттамаларды даярлау үшін 152 млн. теңге қаржы бөлінгенін де айта кеткен жөн.
«Жолаушыларды тасымалдау, оларға сапалы, уақтылы, тұрақты қызмет көрсету жергілікті атқарушы органдар бекіткен маршрут желісі бойынша жүзеге асырылуда және де аудан тұрғындарының, мекемелердің ұсыныстыры негізінде жасалды. Нәтижесінде, ауылішілік, ауданішілік автокөлік маршруттарын субсидиялауға ағымдағы жылы 100 млн. теңге бөлініп, 11 маршрут бойынша тасымалдау жұмыстары жүргізілуде.
Әлеуметтік саладағы ең ауқымды салалардың бірі – білім саласы. Дегенмен қазіргі демографиялық ахуал мен ішкі көші-қонға байланысты мектептерде орын тапшылығы сақталып, ауданның 6 мектебі үш ауысыммен жұмыс істеуде (№34ОМ Талдыбұлақ а., №37 ОМ Жаңалық а., №15 ОМ Жалғамыс а., №13,31 ОМ Тұздыбастау а. №42 ОМ Кендала а.). Ауылдық округтердің тұрғындарымен кездесу барысында Тұздыбастау, Белбұлақ, Гулдала, Қайнар ауылдық округтеріне жаңа мектеп салу қажеттілігі бойынша сұрақтар көтерілген. Осы негізде үш ауысымды мектептерді жою мақсатында үстіміздегі жылы Талғар қаласында 1200 орындық мектеп пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары 12 200 орындық 14 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Сондай-ақ кездесулер барысында айтылған Талғар қаласындағы №9 орта мектеп ғимаратының жобалық-сметалық құжаттары жасалуда», – деген аудан әкімі: «Аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау мен нығайту, сырқаттарды емдеу мен аурудың алдын алу мақсатында 35 мемлекеттік денсаулық сақтау мекемесі халыққа қызмет көрсетеді (1 аудандық орталық аурухана, 2 ауылдық аурухана, 12 дәрігерлік амбулатория, 11 фельдшерлік-акушерлік пункті, 9 медициналық пункт). Үстіміздегі жылы 14 денсаулық сақтау мекемелері күрделі жөндеуден өтіп өз қызметтерін көрсетуде», – деп атап өтті.
Айта кетейік, аудан аумағындағы 152 саяжай қоғамдастығында 9642 үй салынып, оған 29 мыңнан астам адам қоныстанған (тұрақты тұратындар – 3,2 мың, уақытша тұратындар-26 мың ). Барлық саяжай қоғамдастығының 12-сінде ғана қала құрылысы құжаттамасы әзірленіп бекітілген. 113 саяжай қоғамдастығы елдімекен шегінде орналасқандықтан, елдімекенге қосу мүмкіндігі бар. Қалған 27 саяжай қауымдастығының елдімекен шекарасынан алыс орналасуына байланысты елдімекенге қосып, жаңа статус беру мүмкіндігі болмай отырғаны да жиын барысында ашық айтылды. Қазіргі таңда саяжай алқаптарын елдімекен шегіне қосу мақсатында қала құрылысы құжаттарын әзірлеу үшін Алматы облысының сәулет және қала құрылысы басқармасына өтінім жіберілген.
Аудан әкімінің есепті баяндамасынан соң облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз алып: «Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында Қазақстанда әрбір азамат үшін әділдік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарына негізделген жаңа экономикалық саясат құруға бағыт жариялады. Біздің барлығымыздың, атап айтқанда, Талғар ауданының тұрғындарының алдында әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтау міндеті тұр. Ағымдағы жылдың 11 айында облыс экономикасының өсуін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралардың арқасында барлық салаларда оң динамика байқалады», – дей келіп: «Облыс экономикасына Талғар ауданы қомақты үлес қосуда деп айтуға болмайды. Мәселен, облыс өнеркәсібіндегі үлесі небәрі 5,3 пайыз. Салыстыратын болсақ, дәл осындай әлеуетке ие болып отырған Іле ауданының үлесі 42%, ал Қарасай ауданының үлесі 33%, яғни бұл көрсеткіштерден 6-8 есе төмен. Бұл тіпті 3 есе аз халқы бар Қонаев қаласының көрсеткішінен де аз (8,8%). 231 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді, оның 172-і немесе 74%-ы өңдеу өнеркәсібінде. 11 айда олар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4 есе өсіммен 76,3 млрд. теңгеге өнім өндірді. Мұнда пластикалық құрылыс материалдарын өндіру бойынша «Керуен плюс», полиграфиялық өнім өндіру бойынша «Интелсервис», жиһаз өндіру бойынша «КПК ЗЕТА», арнайы киім мен форма өндіру бойынша «Клотвелл» және т.б. сияқты ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар орналасқан. Тек осы кәсіпорындардың шығарған өнім көлемі ауданның өнеркәсіп өндірісінің ширек бөлігін құрайды (24,5%).
Облыс әкімінің орынбасары
А.М. Дәндібаев, кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы, аудан әкімімен бірлесіп, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағдарланған жаңа кәсіпорындарды ашу және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту жолымен өндірісті ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Аудан басшылығына ауданның бәсекелестік артықшылықтары мен қолайлы орналасуын пайдалана отырып, экспортқа бағытталған өңдеу кәсіпорындарының санын арттыру міндеті қойылады», – деп қадап айтты. Сонымен қатар ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін арттыру мақсатында егін алқаптарын кеңейту, ет-сүт өнімдерінің көлемін ұлғайту туралы бірқатар тапсырмалар беріп, ауданда 2,6 мың басқа арналған 4 бордақылау алаңы және 5,7 мың басқа арналған 8 сүт-тауарлық фермасы бар, оның ішінде «Хайроев» шаруа қожалығының 200 басқа арналған мал бордақылау алаңы және «Ниязов Санат» жеке кәсіпкердің 100 басқа арналған сүт тауарлы фермасы жұмыс істемей тұрғанын айтып, «Талғар ауданы Алматы агломерациясының аймағында орналасқанын ескерсек, ет, сүт сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру Талғар ауданы үшін басым бағыт болуы тиіс» деген уәжді алға тартты. «Облыс әкімінің орынбасары Р.Т.Рақымбековке және ауыл шаруашылығы, жер қатынастары басқармаларына аудан әкімімен бірлесіп ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлерді қайтару және жерді ұтымды пайдалану жөніндегі жұмысты жалғастыру, жердің нысаналы мақсатындағы негізсіз өзгерістерге жол бермеуге тапсырамын», – деген облыс әкімі: «Ауданда 1,8 мың жұмыс орнын құрумен 316,2 млрд. теңгеге 12 инвестициялық жоба бар. Оның ішінде биыл бір жоба да іске қосылмады. Облыс әкімінің орынбасары А.М. Дәндібаевқа, кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасына аудан әкімімен бірлесіп инвестициялық жобалардың іске асырылуын ерекше бақылауды, сондай-ақ жаңа инвесторларды тарту жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырамын», – деп осы бағытта облыс әкімінің орынбасары мен аудан әкіміне нақты тапсырмалар жүктеп, аудан әкімінің халық арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға өз ісін ашу үшін шағын несиелер мен гранттар беруді қамтамасыз етуі қажет екенін ескертті. Сондай-ақ ауданда туризм саласына ерекше назар аудару қажет екенін атап көрсетіп, бұл жалпы Қазақстандағы туризмді дамытудың серпінді бағыты болуы керек деген пікір айтты.
«2020-2021 жылы Талғар ауданында жалпы алаңы 27,9 мың шаршы метр (360 пәтер) 5 кредиттік тұрғын үйлердің құрылысы басталып, 2022 жылы қазан айында пайдалануға беру жаспарланған. Алайда инженерлік-коммуникациялық желілердің дайын болмауына байланысты, тұрғын үйлер қолданысқа берілмеді. Салыстыратын болсақ, Еңбекшіқазақ ауданы 11,7 мың шаршы метр (180 пәтер), Балқаш ауданы 13,7 мың, Ұйғыр ауданы 3,7 мың (60 пәтер) және Қарасай ауданы 9,1 мың мың шаршы метр (125 пәтер) тұрғын үйлерді пайдалануға берді. Сонымен қатар өткен жылы аудан бойынша әлеуметтік осал және көпбалалы отбасыларға тұрғын үй берілмеді, ағымдағы жылы да жоспарланбаған. Аудан бойынша тұрғын үй алуға кезекте 8 971 адам тұр, 2021 жылмен салыстырғанда олардың саны 2 080 адамға өсті (23,2%), бұл халықтың ішкі көші-қонының өсу көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Бұған ерекше назар аудару керек, өйткені халықтың тұрғын үй ұсынысынан асып кетуі аудан тұрғындарының жалпы әлеуметтік әл-ауқатына әсер етуі мүмкін», – деген облыс әкімі М.Сұлтанғазиев Талғар ауданына қарасты Дәулет ауылындағы № 11 орта мектепте орын алған жағдайға да тоқталды. «Мектеп 2019 жылы 31 тамызында пайдалануға берілген. Құрылыс жұмыстарына 1,6 млрд.теңге бюджет қаражаты жұмсалды. Алайда аудан әкімдігі тарапынан құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде бақылау болмағандықтан қазіргі таңда мектеп апаттық деп танылған. Аудан әкіміне тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтуды және жеке тұрғын үй құрылысына қажетті инженерлік инфрақұрылымы бар дайын алаңдарды қамтамасыз етуді тапсырамын», – деп ерекше атап өтті. Осыдан соң аудандағы ауыз су мәселесіне көңіл бөліп: «12 ауылды және 2-ші, 5-ші және 6-шы іске қосу кешендерін (Бесағаш ауылдары (шығыс бөлігі) қоса отырып, Талғар ауданының топтық суағарын қайта жаңарту және салу (2-кезең) жүргізілуде (Бесағаш (шығыс бөлігі), Тұздыбастау ауылдары (ш/а. «Айсұлу», «Тұздыбастау», Бірлік, Талдыбұлақ, Алтын Дан санаторийі, Шымбұлақ, Березка, Алмалық, Амангелді, Байбұлақ санаторийі). Жобаның құны – 2,9 млрд. теңге, бөлінген – 1,3 млрд. теңге. Алайда 2-ші кешені бойынша сот процестерінің жүргізілуіне байланысты республикалық бюджетке 260 млн теңге кері қайтарылды. Ендігі жылы бұл қаражат қайта берілмейді, ал жергілікті бюджетке қосымша жүктеме түседі. 2021 жылы 5 елдімекенде ауыз су жүйелері құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 105,3 млн. теңге қаражат бөлінген. Төңкеріс, Кіші Байсерке, Қайнар ауылдарының су жинау алабын орналастыруға жер телімі жоқ болуына және Қарабұлақ, Төңкеріс ауылдарын сумен қамтамасыз ету үшін «Алматы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнынан су құбырына қосылуға техникалық шарт алмауына байланысты жобалық-сметалық құжаттамалар сараптамаға тапсырылмай отыр. Бұл жағдай тұрғындар тарапынан наразылық тудырып, әлеуметтік желілерге жарияланған», – дей келіп, ауылдық елдімекендерге газ құбырын тарту мәселесін алға тартып, алдағы уақытта облыстық бюджет есебінен тағы 9 ауылды газдандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын жеткізді (Кіші Байсерке, Төңкеріс, Қызылту, Арқабай, Дәулет, Жаңалық, Нұра, Туғанбай, Өстемір). Келесі жылға жоспарланып отырған бұл жұмыстардың жалпы құны – 214,5 млн. теңге екенін де жеткізді.
Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, Талғар ауданында біраз елдімекендерде ауыз су құбырлары толығымен тартылмаған және су құбырларын салуды уақытында қарастырмағандықтан ауыл ішіндегі көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіруде. Осының салдарынан аудандық жолдарды жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу мүмкін болмай отыр. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Н.К.Құдайбергеновке, энергетика және ТКШ, жолаушылар көлігі және автожол басқармалары аудан әкімімен бірлесіп көпбалалы отбасыларды және халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу жөнінде шаралар қабылдауды, халықты орталықтандырылған сумен және газбен жабдықтаумен қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауға алуды, белгіленген мерзімде автомобиль жолдарын, оның ішінде кентішілік жолдарды жөндеуді аяқтау, олардың сапасын қамтамасыз ету туралы маңызды тапсырмалар берді. Сондай-ақ жұмыссыздықпен күресу, кәсіпкерлікті дамыту, білім беру саласын да қарқынды түрде қолға алу секілді міндеттерді жүктеп: «Білім беру саласында облыс бойынша 20 мектептің құрылысы жүргізіліп, 21 мектептің күрделі жөндеуі жүргізілді. Өздеріңіз білетіндей, біз үшін шұғыл мәселе – үш ауысымды оқытуды жою. Облыс бойынша осындай 52 мектептің 6-уы сіздердің ауданда. Тапшылық 5 852 оқушы орнын құрайды. Осыған орай «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыста 2023-2025 жылдары 63 мектеп салу жоспарланған, оның 44 500 орындық 37 мектеп үш ауысымды жою үшін, Талғар ауданында 6 200 орындық 6 мектептің құрылысы бар. Бұл оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселелерін шешуге және балаларымызға сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасауға мүмкіндік береді. Аудан әкімі жыл соңына дейін жер учаскесін бөлу, инфрақұрылымын дайындау бойынша барлық мәселелерді шешуі қажет. Сонымен қатар мектептердегі профилактикалық жұмыстардың әлсіздігі туралы атап өткім келеді. Жыл басынан бері жасөспірімдер арасында 3 суицид және 3 әрекет тіркелді. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар 14 қылмыс жасады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 2 есе көп (11 ай. 2021ж. — 7)», – деп бүгінде орын алып отырған келеңсіз жағдайлардың алдын алу керек екеніне де арнайы тоқталды.
Аудандағы денсаулық сақтау саласындағы олқылықтардың орнын толтыруды баса назарға алған облыс әкімі облыс әкімінің бірінші орынбасары Л.М. Тұрлашовқа, білім, денсаулық сақтау, құрылыс басқармалары аудан әкімімен бірлесіп, білім беру және денсаулық сақтау
объектілерін салу және күрделі жөндеу бойынша жоспарланған жұмыстардың белгіленген мерзімдерде аяқталуын қамтамасыз етуді, мектептерде білім беру сапасын арттыру және балаларды мектептен тыс секциялар мен үйірмелермен қамтуды ұлғайту жөнінде шаралар қабылдау, жасөспірімдер арасында суицидтер мен қылмыстардың алдын алу бойынша психологтардың жұмысын күшейтуді, денсаулық сақтау объектілері желісінің мемлекеттік нормативіне сәйкес күрделі жөндеу бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырып, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет екенін баса айтқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев тұрғындар сұрағына да жауап берді.
Кездесу соңын қорытындылай келе, әріптестері мен аудан жұртшылығына экономиканың аталған салаларында жинақталған мәселелерді шешу жолдарының қарқынын бәсеңдетпеуді, сондай-ақ барлық саладағы, әсіресе әлеуметтік саладағы басты кемшіліктерді жою бойынша табысты еңбек етуге тілектестік білдірді.
Жанбота
Сұлтанмұратқызы