ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАР ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАР ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Бейбіт өмірдің жастары үшін ертегідей естілетін Желтоқсан көтерілісі халық жанына жазылмас жара салып кетті. Сол қаралы күнді басынан өткізген абзал жандар арамызда аз емес. Олардың сырт келбетінен еш уайымсыз көрінгенімен, көрген қорлықтары мен қиыншылықтары жан дүниесінде теңіздей тулап жатқаны анық. Осы орайда көрген-білгенін ортаға салып, жастармен ой бөлісу мақсатында Таубай Бақтығали, Ораз Шалданбаев, Улия Базарова, Алмагүл Шопатова сияқты талғарлық желтоқсаншылар Тәуелсіздік күні қарсаңында медицина колледжінің студенттерімен және №16 мектеп оқушыларымен кездесті.

Желтоқсаншылар 1986 жылғы оқи­ға­ны үлкен толғаныспен еске алып, үзік сырларымен бөлісті. Ұлт мүддесі үшін бас көтеріп, әділет жолында аянып қал­ма­ған жандар желтоқсанның ашыл­маған ақиқаты әлі де көп екенін айтады. Желтоқ­сан оқиғасы кезінде көпшілікпен бірге ереуілге шыққаны үшін жазықсыз жала жабылып, жапа шеккен Алмагүл Шопатова: «Ауылдан жаңа келген 16 жас­тағы студент едім. Бір ауыз орысша біл­ме­генім үшін көрмеген қорлығым қалмады. Сол кезде «өз елімізде жүріп неге ана тіліміз­де сөйлемейміз?» деген ой мені қатты маза­лай­тын. Қазақ жастарының қатарында болған менің бар қалауым – қазақ елін өзінің ұлдары билесе, ешкімнен тартынбай, ана тілімізде сөйлеу болды. Алаңға барынша көп жиналсақ, ешкім бізге соқ­тыға алмайды және сөзімізді де тыңдата ала­мыз деп ойладық. Жастықтың жалыны ма, әлде бойымыздағы өр рухымыз ба, еш алаңсыз, ешкімнен именбей алаңға бардық.

Ертеңінде, яғни 17 желтоқсанда оқи­ға шиеленісіп кетті. Жиналған қалың адамның қарасын сейілту үшін қақаған аязда арнайы техникамен суық су шашты. Үстімдегі қойдың жүнінен тоқылған сырт киім­ім малмандай су болды. Менің ғана емес, барлығының жағдайы осы еді. Ол кездегі күннің суықтығын айтып жеткізе алмаймын. Тоңғаным сонша, тістерім сақылдап, тұла бойым қалшылдап кетті. Киімдерім мұз болып қатып қалды. Бір кезде ша­шым­нан сүйреп, жүк көлігіне басты да, Қас­келеңдегі түрмеге апарып тастады. «Сөз сүйектен өтеді» дегендей, сол жерде естіген сөзіміз жеген таяғымыздан да ауыр болды. Олар бізді жабайы санап, далада босып жүрген аңға теңеді. «Малдың соңында жүріп мал болған, надан» екенімізді айтудан жалықпады. Тастай суық абақтыда шіріген картоп пен қырыққабатты талғажау етіп, жан сақтадық. Бір апта дегенде темір тор­дан зорға шықтық. Ол аз болғандай, ауылдан келген әкем «тыныш жүрмедің» деп қамшының астына алды. Алайда оған еш өкінбеймін. Өз елімізде, өз жерімізде еңсемізді тіктеп, кеудемізді тік көтеріп алаңсыз жүре алмасақ, ел мен жерден не қайыр? Ана тілімізде сөйлей алмасақ, қашанға дейін ел болып тұра аламыз? Өз елімізде өгейдің күнін кешкенше, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегендей, ай­та­рын айтып, талап-тілектерімізді қойға­ны­мыз дұрыс», – деп ішіндегісін ақтарып салды.

Өз кезегінде Улия Базарова басынан өт­кен жайды былай жеткізді: «Мен 18 желтоқсан күні шерушілер қатарына қосыл­дым. «Наразылық шарасына шыққан жастарды аяусыз соққыға жығып, қарсыласқандарды жүк көлігіне мал басқандай тиеп, сырт киімдерін сыпырып алып, айдалаға тастап кетіп жатыр» дегенді естідік. Ел екенімізді көрсетейік, көп болсақ бізбен санасар деген ойда болдық. Арамыз­дағы батыл қыз Сандуғаш Аманбаеваның «біз бастаңғыға барамыз, бізді тоқтата алмайсыңдар!» деген сөзі құлағымда әлі жаңғырып тұр. Автобуспен Байтұрсынов пен Сәтбаев көшесінің қиылысына келіп, алаңға қарай жаяу жүрдік. Ол жердегі адам­ның көптігінен ине шаншыр жер бол­мады. Бір кезде әскерлер бізге қарай тұра ұмтылды. Қарулылардан қашқан жастар бірін-бірі жапыра артқа қарай шегіне бастады. Сол кезде жерге жығылып, адамдардың аяғының астында тапталып қалдым. Қайырымды жанның көмегі болмаса орнымнан тұра алмас едім. Өзім таяқ жемедім, алайда басы жарылып, қан-жоса болып жатқандарды көзіммен көрдім», – деді терең күрсініп.

Болған оқиғаны куәгердің аузынан ет құлағымен естіген жастар өздері бақытты өмір сүріп жатқан бейбіт күннің қалай келгенін жете түсініп, өз ойларын тебірене жеткізді. Сондай-ақ берекелі де бейбіт өмір сыйлағаны үшін желтоқсан батырларына алғыс білдірді.

Алаңға шыққандар – студенттер мен жұмысшы жастар. «Елім», «жерім» дейтін нағыз патриот қыз-жігіттер биліктің құйтыртқы саясатына қарсы шығамыз деп мерт болды. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ерболат Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджановалардың есімі мәңгі жүрегімізде. Желтоқсаншылардың барлығы дерлік сол толқудың салдарынан оқудан шығарылып, партия қатарынан шеттетіліп, жазықсыз абақтыға қамалды. Кездесу барысында бүгінде елуді еңсерген аға-апалар сол бір зұлмат заманның артта қалғанына шүкіршілік етіп, тәуелсіздіктің баянды, жастардың болашағы нұрлы болуын, бейбіт заманда берекелі ғұмыр кешуін тіледі.

Зорагүл ӘБДІҚАДІР