АЛАҢҒА ШЫҚҚАНЫ ҮШІН 4 ЖЫЛЫН АБАҚТЫДА ӨТКІЗГЕН ЖЕЛТОҚСАНШЫ

АЛАҢҒА ШЫҚҚАНЫ ҮШІН 4 ЖЫЛЫН АБАҚТЫДА ӨТКІЗГЕН ЖЕЛТОҚСАНШЫ

АЛАҢҒА ШЫҚҚАНЫ ҮШІН 4 ЖЫЛын АБАҚТЫДА ӨТКІЗГЕН ЖЕЛТОҚСАНШЫ: «АЛАҢҒА БАРМАДЫҚ, ЕРЕУІЛГЕ ШЫҚПАДЫҚ» ДЕП СҮТТЕН АҚ, СУДАН ТАЗА БОЛЫП АЛҒАНДАР БҰЛ КҮНІ ӨЗДЕРІН ЖЕЛТОҚСАН БАТЫРЫ САНАП, КЕУДЕСІН КЕРІП ЖҮРГЕНДЕРІНЕ ҚАЙРАН ҚАЛАМЫН…»

 

1986 жылы 16 желтоқсанда алаңға шыққаны үшін жас өмірінің төрт жылын абақтыда өткізген Бақтығали Артықбайұлы газет оқырмандарына жазылмаған жан жарасының сырын ашты. Жаны жалынға оранған желтоқсаншының әңгімесі жүректі жылатады. Осы сұқбаттан соң бейбіт өмірдің қадірін тіптен терең түсінгендеймін…

 

– Бақтығали Артықбайұлы, алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз…

– 1962 жылы Қарақалпақстанда дүние­ге келгенмін. 1970 жылы Талғар ауданы Таулы қырат совхозына көшіп келдік. Бүгінгі таңда екі ұл, екі қызымнан 8 немере сүйіп отырған бақытты атамын. Жұбайым фармацевтика саласында жұмыс істейді. Өзім соңғы жылдары күзетші болып жұмыс істеп жүрмін. Арасында қара қазан, сары баланың қамы үшін адам тасымалдап, нәпақамызды айырамын. Немерелерімді сабаққа апарып, әкелу де менің мойынымда.

– Желтоқсан оқиғасын есіңізге түсірсеңіз. Ол кезде қайда болдыңыз?

– 1986 жылы желтоқсан айында қазіргі Достық пен Қарасай батыр көшесінің қиылысында салынып жатқан көпқабатты үйді жаңа жылдың алдында өткізу үшін жанталасып жатқанбыз. 18-і күні таңертең сол көпқабатты үйдің самалдығынан қазақ қыз-жігіттерінің топтасып жатқанын көріп, ниеттес екенімізді білдіру үшін қатарларына қосылдық. Қарамыз көбейе бастаған соң Алматының көшелерін аралап, талап-тілектерімізді ашық айта бастадық. Ескі алаңның бойымен жүріп отырып, қазіргі Наурызбай мен Бөгенбай батыр көшесінің қилысында шерушілер мен әскерилер арасында қақтығыс басталып кетті. «Арашашыға алты таяқ» дегендей, аяқастынан құмырсқадай қаптап кеткен әскерилер ешкімді ажыратып жатпай-ақ, бас-көз демей, сабалай бастады. Арыққа жығылып түссем де басымдағы тұмағым мен үстімдегі тонның арқасында еш жарақат алмадым. Қасымдағы Талғар ауданының тумасы Ермек Иманбаев деген жігіт басынан соққы алып, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға кетті. Кейін оның сотталғанын естідім. Алған жарақатының себебінен ол да өмірден ерте озды. Көшеде арнайы көліктерімен қарауылдап жүрген әскерлер бізді қорғап жүр деп ойладық. Сөйтсек олар керісінше, бізді суретке түсіріп, іс-әрекетімізді бақылап жүріпті. Ол кезде үкіметке қарсы шығайық деген ойда болған жоқпыз, тек кеңес үкіметінің озбыр саясатына наразылығымызды білдіргіміз келді. Қазақстанды елдің жайын, тілін білетін, салт-дәстүрін түсінетін өз елінің азаматтары басқарсын деген талабымызды билікке жеткізуге тырыстық. Бейбіт шеру болғандықтан қолымызға «Әр ұлтқа өз көсемі билік етсін!» деген лозунгтар көтеріп, «Менің Қазақстаным» әнін шырқап жүрдік.

– Сол кезде ереуілшілерді итке талатып, суық сумен атқылағаны жайлы көп естиміз. Олардың арасында сіз де болдыңыз ба?

– Итке де таландым, мұздай суық судың астында да қалдым. Барлығымызды ішкі істер бөліміне апарды да құлын дауысымыз құдайға жеткенше сабады. Подполковник Воробьевтің тергеуінде болдым. Ол отбасылы, екі баланың әкесі екенімді ескеріп, құжатым толық болған соң ертеңіне мені шығарып жіберді. Сол кезде бөлімшеге де адам сыймай кеткен еді. Алайда маған арақ ішкен, нашақор деген жала жабылып, Алматы соты қатаң режимдегі абақтыда төрт жыл отыруға шешім шығарды.

– 1986 жыл желтоқсан айы сақылдаған сары аяз болғаны айтылады. Жоғарыда сол аязда суық судың астында қалғандарыңыз­ды айттыңыз. Оның үстіне ұзақ жыл темір тордың арғы жағында болдыңыз. Осының бәрі жүйкеге салмақ салып, денсау­лығыңызға да кері әсер еткен болар…

– 1999 жылы таксопаркте жұмыс істеп жүргенде өкпеден қан кетіп, ұзақ уақыт ем алғаннан кейін екінші топтағы мүгедек қатарына қосылдым. Мұндай жағдайда жақсы жұмыс табу өте қиын. Сол себепті мүгедектіктен бас тартып, кез келген қара жұмысты істеп жүрдім. Жұмыс істегім келіп, құжат жинай бастасам, сол баяғы өкпемнен өткен суық қара дақ болып рентген аппаратынан көрініп тұрады. Мұндай диагнозбен еш жер жұмысқа қабылдамайды. Сол ауыр күндердің салған жарасын жанымда ғана емес, тәнімде де сақталып қалды…

– Ауыр болса да абақтыдағы қиын күндеріңізді еске түсіре аласыз ба?

– Қарағандыдағы абақтыда қамаудағыларды арасында серуендеуге шығаратын. Сол уақыт аяқталғанда қарауылда тұрған әскер жоғарыға ескерту оғын атады. Сондай бір күні қарама-қарсы бағытта жүгіріп бара жатып кезекшілік атқарып жүрген лауазымды қызметкерге соқтығысып қалдым. Оның погоны жыртылып кетті. «Кеңес үкіметі әскери қызметкерінің кимін жыртты» деген жазамен темір тордағы уақытым тағы екі жылға ұзартылды. Онда ақ-қарасын анықтау деген атымен жоқ. Біздің сөзіміздің де, өзіміздің де олар үшін көк тиындық құны жоқ еді… Өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдеу үшін бір ай аштық та жарияладым. Салмағым 49 келіге түсіп, есімнен танып қалған кезім де болды. Павлодарда орналасқан қатаң тәртіптегі түрмеде жалғыз адамдық камерада отыр­ғанда «Жұт жеті ағайынды» дегендей, төбелес ұйымдастырды деген жаламен тағы екі жылға сотталдым. Денсаулығым да сыр берді. Ол күндерді айту түгілі, еске алудың өзі ауыр…

– Көпті көріп, талай ыстық-суықты бастан өткізген адамсыз. Кімге өкпе-ренішіңіз бар, кімге алғыс айтар едіңіз?

– Ең алдымен жарық өмірге әкелген, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мәпелеп өсірген анама мың алғыс! Сондай-ақ сүйген жарым Жібекке айырықша алғыс айтқым келеді. Мен сотталып кеткенде күдерін үзбей, қанаты қатпаған екі баламды жалғыз өзі арқалап жүріп есейтті. Ауру анамды да далаға тастамай, өз анасындай бағып, қабағына қарады. Бір сотталғанда қатарынан екі рет істі болғаныма қарамай, жолымды күтіп, шаңырағымды шайқалтпай сақтап отырды. Партияға да менің кесірімнен өте алмады. Жұмысында көп қиындықтар болды. Соның бәріне төзе білген қайсарлығы мен адалдығына ризамын. Кезінде «бүлікші де, бас бұзар да осы» деп бар бәлені бізге жауып, өздері «алаңға бармадық, ереуілге шықпадық» деп сүттен ақ, судан таза болып алғандар бұл күні өздерін желтоқсан батыры санап, кеудесін керіп жүргендеріне қарап қайран қаламын…

– Басыңызға іс түскенде сізден сырт айналғандар да көп болған шығар…

– Мен істі болғанда ат тонын ала қашқандар көп болды. Қазақта «Қараға жолама, күйесі жұғады» деген сөз бар емес пе?! «Байтал түгіл бас қайғы» болған заманда бір бәлесі жұғады деп қорыққан шығар. Көптеген дос-жарандарым, туыс-туғандарымның арасында да хабарсыз кеткендер аз емес. Мен жоқ кезде үлкен ұлым балалармен ойнап жүріп, төбелесіп қалса керек, сол кезде қасындағылар оған: «Сенің әкең – халық жауы, жаман адам, түрмеде жатыр», – деп мазақтапты. Сөйтіп менің басымдағы жағдай балаларымның да өміріне кері әсерін тигізді. Сол кездер есіме түссе. жаным ауырады. Көңіл-күйім бұзылып, күйзеліп кетемін. Үлкен қызым Испанияға оқуға баратын кезде де менің сотталғаным жолына кедергі болды. Қызымның шетелде оқуын жалғастыруы үшін ақталғанымды дәлелдеп, бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. «Ақталды» деген сол анықтамам болса да, бала-шағамның жолында кедергі көп кездеседі. Құдайға шүкір, тұңғышым шетелден білім алып, елге оралды. Бүгінде олар мені мақтан тұтады.

– «Еститін үкімет» өкілдеріне айтарыңыз бар ма?

– 1997 жылы берілген құжат арқылы Қазақстанның кез келген аумағында қоғамдық көлікте тегін жүруге болатын. Жылына бір рет поезд немесе ұшақпен еліміздің қалаған аумағына тегін барып келуге және шипажайға барып, демалып қайтуымызға да жағдай жасалған еді. Қазір ақталғандар арасында Талғарда тұратын 35 адам осындай мүмкіндіктен қағыс қалып отырмыз. Ал қаладағылар жылына бір рет болса да, тегін медициналық көмек алады. Шипажайда демалады. Бір елде тұрсақ та, неге бәрімізге ортақ жағдай жасалмайды? Осы жағына көңіл бөлсе екен деймін.

– Жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз болса…

– Бейбіт өмірдің қадірін біліңдер! Мынау – білекпен емес, біліммен жарысатын заман. Сондықтан оқу-біліммен қаруланып, бабаларымыздан қалған байтақ жерді гүлдендіріп, көркейтіңдер дегім келеді. Замандарың тыныш, таңдарың арайлы болып, анасы баласынан, баласы анасынан айырылмаса екен деген тілегім бар. Біз көрген қорлық пен зорлық сендердің бастарыңа келмесе екен деп тілеймін!

Сұқбаттасқан
Зорагүл ӘБДІҚАДІР