АЛАШ РУХЫНЫҢ АЛДАСПАНЫ

АЛАШ РУХЫНЫҢ АЛДАСПАНЫ

Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» мұражайында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Алаш рухының алдаспаны» атты ғылыми конференция өтті. «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында Алматы облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен шараға елімізге танымалы алаштанушы ғалымдар мен Жаңалық ауылының оқушылары, ұстаздар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Ғылыми конференцияда Ұлттық ғылым академиясының академигі Хангелді Әбжанов «Ахмет Байтұрсынұлының Ленинге хаты» атты баяндама жасап, онда А.Байтұрсынұлының Ленинге хат жазуы арқылы Қырғыз (Қазақ) ревкомы құрылған 10 ай ішінде ештеңе тындыра алмауының нақты себептеріне тоқталды. «Туған даласының жай-күйі толғандырған А.Байтұрсынұлы қазақ өлкесін басқаруға келген орталықтың өкілінде өзі басқаратын елдің әлеуметтік жағдайы мен өзіндік ерекшеліктері туралы, көшпенді қазақ даласындағы басқа да мәселелер жөнінде айқын көзқарас, таным-түсініктің болмауы, орталықтың өкілі мен халық арасында өзара сенімнің жоқтығы дала халқының өсіп-өркендеуі барысында дағдарыс тудырғанын ашып айтты. Үкіметке үрке қараған елдің күдігі мен күмәні үдей түскенін жасырмады. Дәл осындай мәселелерді көзге шұқып көрсеткен Алаш зиялысы еш именбестен Ленинге батыл түрде өзінің талап-тілектерін жеткізді. «Ел билігіне нағыз коммунистер мен халық сеніміне ие болған ұлт зиялыларынан шыққан, сыннан өткен қызметкерлер қойылсын. Әртүрлі ұлт өкілдері аралас қоныстанған аудандардың үкімет органдарының бәрінде езілген ұлттардың өкілдері кемінде 2/3 бөлігін ұстауы тиіс. Қазақ өлкесінің шаруашылық-экономикалық мекемелерін басқару басқа губернияларға немесе облыстарға бөлінбей, тек қазақтардың қолында болуға тиіс. ­Қазақстанды біріктіретін, Орынбор қаласынан басқарылатын әскери округ құрылсын. Қалалардағы гарнизондар міндетті түрде қазақтардан болсын. Қазақ өлкесінің шекарасы жөнінде ешқандай да өзгерістерге жол берілмеуі тиіс» деген талаптарды алға тартты. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегендей, қаһарынан қан тамған патша үкіметінен сескенбей, оның озбыр саясатының артық-кемін ашық айтып, талап-тілегін төесінен қойған Алаштың аяулы ұлдарының ерен еңбегін бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргетасы десек артық айтқандық емес.

Биыл ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті. Алаштанушы ғалымдарымыз Франсияға барып, қайсар қазақ халқы мен қаһармен ұлдарының азаттық жолындағы талайлы тағдырын тілге тиек етіп қайтты. Сондай-ақ ахметтану ғылымы әлі де үлкен ізденіс пен зерттеуді талап ететін абыройлы міндет екенін де атап өтті.

Қырғыз елінен келген Эшенаалы Арабаев атындағы Қырғызстан мемлекеттік университеті нің «Арабаевтану» институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жұмағұл Байдил­­­деев «Эшенаалы Арабаев пен Ахмет Байтұрсынұлы қырғыз-қазақ ілім-білімінің ағартушы ғалымдары» тақырыбында баяндама жасады. Ол баяндамасында тағдырлас екі халықтың ардақты ұлдарының ел бостандағы мен болашағы үшін сіңірген еңбектерін салыстырды. Олардың «Қазақ» газетінде бірге жұмыс істегенін, 1920 жылы Эшенаалы Арабаевтың Ленинге хат жазып, қырғыз даласында сақталған мәселелерді көтеріп, елінің мүддесін қорғайтын талаптар қойғанын баяндады. 1924 жылы мау­сым айында Орынбор қаласында тұңғыш рет өтіп, жеті күнге жалғасқан Қыр­ғыз-қазақ съезінде олар бауырлас екі елге ортақ әліппе мәселесі, бастауыш мектептердің, техникумдар мен институттардың бағдарламасы сынды түйткілдерді түбірінен қозғағанын айта отырып, тамырласып жатқан тарихымыздың терең қатпарларынан сөз қозғады.

Қырғыз халқының ағартушысы Э.Арабаев А.Байтұр­­­сынұлының «Төте жазу» әліпбиінің негізінде 1924 жылы қырғыз тілінің әліпбиін және әліппесін дайындадағаны көпке мәлім. Бұл турасында түркітанушылар  К.К.Юдахин мен А.М.Сухотин латын жазуына көшкенше қырғыз елі А. Байтұрсынұлы әліпбиін сол күйінде қолданғанын атап айтты. Мұның өзі түркі халықтарының А. Байтұрсынұлы әліпбиін негізге алып, сауатсыздықты жою мақсатында бірлесіп қызмет атқарғандығының дәлелі болмақ. Өз кезегінде танымал академик әрі филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес «Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі – Алаш рухының уызы» тақырыбында ой бөлісіп: «Қазақ қоғамына жаңаша оқыту жүйесін енгізе отырып, төте жазу мен оқуды қалыптастырған қазақтың ғұламасы А.Байтұрсынұлы «Қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолмен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын», – деген болатын. Ол 1910 жылдан бастап араб әліпбиін қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеуді қолға алғаны белгілі және ғалым реформалаған әліпби 1912 жылдардан бастап қолданысқа енді. Сол әліпби негізінде тұңғыш «Әліппе» оқулығы жарыққа шықты. Ұлт ұстазының бұл «Әліпбиі» сол кезеңдегі қазақ қоғамын сауаттандыру ісінде теңдессіз қызмет атқарды. Қорыта айтқанда, Алаш арысы – ұзақ ғасырлар бойы орта түркі жазу дәстүрін сақтап келген, қазақ жазуын ұлтының ауызекі тіліне лайықтаған алғашқы реформатор. Ал араб жазуына негізделген «Әліппедегі» әріптердің ретін алдағы шығатын «Әліппе» оқулығында сақтау, сақтамау мәселесін әдіскерлер талқылай жатар», – деді.

Еліміздің ғылым саласындағы үзеңгілес ғалымдар мен игі жақсылар бас қосқан шарада ұлт көсемінің ерен еңбегі терең талқыланды. Жеткіншектер ғалымдарға сұрақтарын қойып, арман-мақсаттарымен бөлісті. Осындай тағылымы мол шараларды өткізудің түпкі мақсаты – ата-бабалары қалдыр­ған рухани қазынаны жас ұрпақтың санасына сіңіру екені белгілі. Ал алаштанушы әрі ұстаз Аманқос Мектептегі ұлы ағартушының өмір жолын, шығармаларын, еңбегі мен ерлігін зерттеу барысында өзі кездескен қызықтары мен қиындықтары туралы әңгімеледі. Ұлт ұстазының бұрын өзі тұрған үйінің қалай мұражайға айналғанын айтып, қазақтың аяулы ұлының ізі қалған, бүгінде сылағы сылынып, тозығы жеткен ескі баспананы алғаш көргенде жаны қалай ауырғанын да жасырмады. «Алматы ақшамы» газетіне «Алматыда бір үй бар» атты мақала жариялап, осы үй орналасқан көшені (қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы көшесі) ұлт ұстазының атына беру туралы мәселенің қалай шешілгенін майын тамыза әңгімеледі. Ертегіге бергісіз әңгімені ет құлағымен естіген қауым ғалымның батылдығы мен еңбекқорлығына тәнті болды.

Шара соңында айтулы кештің арнайы шақырылған қонақтары «Ұлтымыздың біртуар перзенті, қазақ тілі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өнегелі өмірі мен шығармашылығын зерттеп, зерделеп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқаны үшін» деген алғыс хатпен марапатталды.

Зорагүл ӘБДІҚАДІР