ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНЫҢ КУӘГЕРІ: «АЙНАЛА ТҮГЕЛ ҚАНҒА БОЯЛДЫ. АЛ ЕРТЕҢІНДЕ ОЛ ЖЕРДІ ТІПТІ ЕШҚАШАН ЕШТЕҢЕ БОЛМАҒАНДАЙ ТАЗАЛАП ТАСТАДЫ»

ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНЫҢ КУӘГЕРІ:  «АЙНАЛА ТҮГЕЛ ҚАНҒА БОЯЛДЫ.  АЛ ЕРТЕҢІНДЕ ОЛ ЖЕРДІ ТІПТІ ЕШҚАШАН  ЕШТЕҢЕ БОЛМАҒАНДАЙ ТАЗАЛАП ТАСТАДЫ»

1986 жылы күллі қазақтың жанына жара салып, онысы әлі жазылмаған Желтоқсан оқиғасының көзі тірі куәгері Роза Медетқызымен сұқбаттастық. Сөз арасында апамның күрсінгені, көзінің тостағаны толып, жанары жасаурап үнсіз қалған шақтары жанды ауыртты. Осы сұқбатты жазып отырып жаным ауырған сәттерде өзім де жанарымды жаспен жуып алып, ішімде бір аласапыран басталғандай күй кештім. Сіздерге мың алғыс, ұлы елдің ұлағатты ұрпақтары! Біз сіздерді желтоқсаншылар деп қана емес, тәуелсіздіктің өзі, егемендікті аңсап өткен ата-бабаларымыздың көзі деп білеміз!

– Құрметті Роза Медетқызы, сізді алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, барлық жақсылықты тілеймін!

– Рақмет! Мереке бәрімізге құтты болсын, айналайын!

– Әлі күнге дейін азабы қыр арқаға батып, аязыжанды аяусыз қаритын 1986 жылдың желтоқсанында қаншада едіңіз, қайда болдыңыз? Алдымен осы туралы ой толғасаңыз…

– Ол кезде мен бар-жоғы 21 жаста едім. Қыздар педагогикалық институтының «Музыка» факультетінде баян мамандығы бойынша 2 курста оқып жүрген кезім. Мұғалімім екі көзі де суқараңғы Ошлаков деген кісі болды. Тура сол кезде ол ауруханаға жатып қалып, мамандыққа қатысты сабақты баласы Сергей Константиновичтен алып жүрдім. Ол кезде әр бөлмеде кіштентай радиолар болатын. 16-17 күні радиодан «Дінмұхамед Қонаев атамыз себепсіз орнынан алынып, оның орнына Ресейдің Ульяновск қаласынан келген 7 жылдық қана білімі бар бір орыс келді. Оған біздің күллі қазақтың жастары қарсылық білдіріп жатыр» деген хабарлама тарады. Театр институтында оқитын Сәуле, Гуля деген достарым бар еді. Таңертең сағат 10.00 шамасында сол қыздар келіп, «алаңға шығыңдар» деген үндеу жасады.

– Ары қарай жағдай ушығып, жастардың жаппай алаңға шыққан тарих ақтаңдақтарынан білеміз. Сол кезде нақты не болғаны есіңізде ме?

– Әрине, бәрі күні бүгінгідей есімде. Ол ешқашан ұмытылмайтын, жүректен өшпейтін кез ғой, алтыным!… «Әр ұлттың өз көшбасшысы болуы керек» деген лозунг ұстап, тіпті қазақ болмаса да осы елдің азаматы болуы керек деген мақсатпен алаңға шықтық. Осыдан соң 5-жатақхананың алдында күшейтілген күзет тұрғанына қарамастан алаңға шыққан жастарға қосылдық. Бәріміз «Менің Қазақстаным» әнін айтып, ол кезде Космонавт аталатын, қазіргі Байтұрсынов көшесінің бойымен алаңға беттедік. Біз орталық алаңға жеткенде сағат 12.00 шамасы еді. Содан бастап әр жақтан топ-топ болып жастар келіп жат­ты. «Д.Қонаев келсін, ол кісіні көруіміз керек!» деген ұран тастадық. Күн де сондай суық еді. Біз ол кісіні көп күттік. Бірақ келмеді. Есесіне басқа адамдар әр түрлі уәж айтып, «үйлеріңе қайтыңдар» деп жатты. Оларды ешкім тыңдаған жоқ.

– Сіздердің де талаптарыңыз орындалмады…

– Жоқ, орындалмады. Жастар сол жерден табан аудармай кешке дейін тұрды. Түс ауды. Аласапыран, айқай ұранмен тұрғанда адам қарасы да көбейді, кеш те батты. Сол кезде алаңның Фурманов көшесі (қазіргі Н.Назарбаев көшесі) жағынан су шашатын машиналар келіп, адамдарға суық су шашты. Алаң азан-қазан болып кетті. Соның арасында бір көлік өртенді. Араңдатушылық та сол кезде белең алды. Тағы да сол жақтан үстіне арақ, оны-мұны басып алған бір машина келіп, онысын елдерге тарата бастады. Алайда рухы мықты ел жастары тұрған орнынан қозғалмастан «Д.Қонаев атамыз ортаға шықсын!» деген талабынан танбады. Өкінішке қарай талабымыз кешке дейін де орындалмады. Қараңғы түсе бере бізді шынжырлармен қоршай бастады. Алғы шепте өз еліміздің әскери училищенің жастары тұрды, олардың сыртын милиция қоршады, олардан кейін Ресейден келген әскери күш жұмылдырылды. Олардың қолдарында күрек, шынжыр, мылтық секілді қарулар, арнайы үйретілген қабаған иттері бар еді. Дала тас қараңғы болған шақта алаңда «Елім-ай» мен Абайдың «Қараңғы түнде тау қалқып» әні айтылды. Қазіргі Әнұран да шырқалды. Д.Қонаев сонда да алаңға келмеді. Мінберде басқа адамдар сөйлеп жатты. Уақыттың қанша болғаны есімде жоқ, арнайы техникалармен тағы да су шаша бастады. Ұрып-соғу да, төбелес те сол кезде басталды. Сол шақта онсыз да малмандай су болып тұрған адамдар не істерлерін білмей тапырақтап, толқып кетті. Біз де солармен бірге біресе оңға, біресе солға теңселіп, әрі-сәрі күйге түстік.

– Сол қиын шақта өр рухты қазақ жастарының сағы сынбағанын, ел ертеңі үшін жанпидалық еткенін өздеріңіз секілді көзқарақты адамдардан естіп, газет-журналға шыққан азын-аулақ ақпарлардан оқыдық. Көзбен көрген адамдардың жан жарасы жазылмағанын, жазылмайтынын да білеміз. Дегенмен бүгінгі жастар мына бейбіт күннің қашан, қайдан, қалай келгенін ұқсын, сезінсін. Бейбіт күннің қадірін білсін. Қиын болса да сол кезді еске түсіріп көріңізші…

– Сақылдаған сары аязда суық су шашқаны аздай, бізді ұрып-соғып, таяқтың астына ала бастағанда өз көзіммен көргендерім өте көп… Оның бәрін айтып тауыса да, түгел жеткізе де алмаспын. Қазақ жастарының пат­риоттық сезімінің күштілігі сондай, бір-бірімізге көмектесіп, итке таланып жатсақ та ештеңеге қарамастан әділетсіздікке қарсы тұрдық. Ол кездегі жағдайды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өте қорқынышты еді… Көз алдымызда орын алған айуандық пен айқайлаған, шыңғырған дауыстар жадымнан кетпейді. Ойласам, жаным ауырады. Оны бастан өткерген, көзбен көрген адам ғана түсінеді… Қазір өз көзімен көрмеген адамдарға айта беру оңай шығар, бірақ адам төзгісіз жайттарға куә болдық. Бізді бір-бірімізге деген жанаршылық құтқарған шығар деп ойлаймын. Ұрып-соғу, итке талату, қақаған сары аязда шашылған суық су бәрі дәл кешегідей көз алдымда. Суға малшынып малмандай болған киімдеріміз ауырлап, қата бастады. Қолдарына түскенді аяусыз жазалап, машиналарға тиеп әкетіп жатты. Солардан қашып бара жатқанымда басымнан ауыр соққы алдым.

Басым жарылып, құлағымнан, мұрынымнан қан ағыпты. Бір есімді жиғанда көлікке басып жатыр екен. Бәрімізді сол қалпымызда «Целинный» кинотеатрының жанындағы Ішкі істер бөліміне әкеліп, жертөлеге қамады. 54 қыз сол жерде отырдық. Арамызда қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінде сабақ беруші едім деген аяғы ауыр әйел де болды. Соны дәретханаға апарып, үстінен сарылдатып суық су құйып қинағанын естідік. Бір ер адам «Босатыңдар!» деп айқайлады. Тарс-тұрс етіп темір есікке тиген шынжырдың дауысынан жан шошырлық. Есім бір бар, бір жоқ отырғанда түннің бір уағында «кім бастады, алаңға кім апарды, неге барасыңдар?» деген сынды сұрақтар қойып, тергеуге алды. Бізді қырықтар шамасындағы ұлты қазақ, ер адам тергеді. «Кім бастағанын білмеймін. Бірақ алаңға барғаным рас. Жағдайымды көріп отырсыз…» дедім. Денсаулығымыз тым нашарлап кеткен кезде мені, әлгі аяғы ауыр келіншекті, тағы бірнеше жарақаттанған адамдарды босатты. Қанша жаяу жүргенімді білмеймін, әйтеуір жатақханаға жеткенде жанымдағы жолдас қыздарым үсті-басымдағы қанды жуып-тазалап, жедел жәрдем шақырды. Ол келді. Бірақ менің алаңда болғанымды білген соң алмай, тастап кетті. Сол күннен бастап бізді институтқа шақырып, «мыналар бұзақы, тәртіпсіз, бұларды оқудан шығару керек…» деп көптеген жиналысқа салып, қыспақтан-қыспаққа алды. Нәтижесінде оқудан да шығарылдық. Ешқандай жерге жұмысқа алмады. Өйткені «бұзақы» деген қара тізімнің бел ортасында тұрдық. Әкемді де «қызыңда тәрбие жоқ» деген желеу­мен жиналысқа шақырды. Сондықтан біз азапты өзіміз ғана тартпадық, бізбен бірге ата-анамыздың да жаны қысылды. Қазір еске алып айтып отырмын ғой, бірақ ол кездегі көрген қорлығымыз бен жағдайымызды түгел айтып тауысу мүмкін емес… Сессияны да тапсыртпады. Біресе таң атқанда, біресе түн ортасында келіп тергеуге алады. Бір сөзбен айтқанда жан таптырмады.

– Ішіңізде «әттең-ай» дейтін өкініш жоқ па?

– Жоқ. Өткен өтті ғой… Ештеңеге еш өкінішім жоқ. Қанша таяқты жесем де, қаншама қиындық көрсем де көретін күнім бар екен, құдайға мың да бір шүкір. Екі ұлым бар, жолдасым да өте білімді, қызметтегі адам. Өзім мектепте мұғаліммін. 86-ны ойласам, жүрегім мұздай болып кетеді. Соның салдарынан жаман ауруға да ұшырадым. Бірақ еш жасымадым. Өйткені менің әке-шешем, ата-енем, бауырларым, бала-шағам, жолдасым бар, барлығы қай кезде болмасын маған үлкен сүйеніш болды. Басымнан өткенді ұмыту қаншалықты қиын болса да, ел қатарлы егеменді елімде өмір сүріп жатырмын. Осының өзі бір емес, мен үшін мың бақыт!

– Апа-ау, жаныңызды ұқпай жаралап алсам, кешірім сұраймын. Бірақ сондай жағдайды көріп, біліп отырып алаңға неге бардыңыз? Өзіңіз жап-жас қыз баласыз. Жасыңыз болса бар-жоғы 21-де…

– Жарқыным-ау, ол кез бен бұл кездің айырмашылығы жер мен көктей ғой. Ол уақытта жастардың бойындағы жалындаған патриоттық сезім басқаша еді. Кішкентай кезімнен ата-әжелеріміз оқымаған адамдар болса да Алаш арыстары туралы, елдің өткені мен ертеңі туралы құлағымызға құйып өсірді. Ашаршылық уақытта қазақтың тартқан нәубетін де сол кісілерден естіп өстік. Ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздік ұғымы да жүрегімізде сол сәтте еріксіз оянып, ойланып жатуға мұрша бермеген шығар. Бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаны ұшымен қорғап қалған ұланғайыр даламызды бар байлығымен аманаттап кетті емес пе?! Осыны қорғау керек деген ұлы сезім алға жетелеген шығар.

Әйтеуір жастардың бәрі орталық алаңнан табылғаны шындық. Ата-баба арманы қанша азапқа толы болса да 1986 жылы алаңға шыққан жастардың мұқалмаған ерік-жігерінің арқасында орындалды деп ойлаймын. Әркім әрқалай түсінер, бірақ менің ойым, пікірім осы. Мысалы, 1917 жылдан бастап орын алған соғысты да, одан кейінгі аштықты да көрді. Бұл қазақ 1937-1938 жылдары нақақтан-нақақ жала жабылып, күйе жағылып, атылып кеткен Алаш азамат­тарының қайғысын да көтерді. Екінші дүние жүзілік соғыста қанша қазақ қынадай қырылып кетті? Ауған соғысына да қазақ жастарын апарып қырып салды. Тірі қалғаны мүгедек күйде оралды. Осының бәрін өздеріңіз де білесіздер. Жүрегінде кішкене болса да еліне, халқына, жеріне деген сезімі, бойында қазақтың тамшыдай қаны бар әр қазақ сол желтоқсанда «желден қашып» жерге қарап отыруы мүмкін емес еді. Сондықтан бәріміз жұдырықтай жұмылып, ештеңеге қарамастан алаңда тұрдық, балам.

– Сол кездері жолдас-жораларыңыздан жала жабылып, ұсталып, бекер жазаланып кеткендер де аз емес екені анық. Өкінішке қарай қатарларыңыз да айтарлықтай сиреп кетті ғой. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді, сол кісілер туралы айтып өтсеңіз…

– Дұрыс айтасың, талай жастар, жан жолдастар қыршын кетті ғой. Қалғандарымыздың да қатарымыз күн санап азайып барады. Жатқан жерлері жайлы болсын! Бүгінгі жастар осы тәуелсіздіктің ата-баба қанымен, қыршын жастардың жанымен, көз жасымен келгенін ешқашан ұмытпауы керек! Сізге өтірік, маған шын, сол кезде алаңда төгілген жастардың қаны судай ақты. Айнала түгел қанға боялды. Ал ертеңінде ол жерде тіпті ешқашан ештеңе болмағандай тазалап тастады. Міне, бұл егемендік осындай ауыр қиындықпен келді, айналайындарым! Ғасырлар бойы ел ертеңі үшін төгілген ата-баба қанымен, 1986 жылдың желтоқсанындағы кінәсіз жастардың шырылдаған шыбын жанымен келді.

– Кешегі қаңтар оқиғасы да қазақтың қайғысына айналды. Ол туралы не айтасыз?

– Қаңтар оқиғасы туралы ақпарат­ты теледидардан естіп, көріп отырдым. Жаныма қатты батты. Соны көріп отырып жүрегім езіліп, егіліп тұрып жыладым. Осы қаңтарда менің халқым сол 1986 жылғы желтоқсандағыдай желінің өтінде тағы қалды. Қазақ тағы сондай азапқа толы қиын күндерді көретін болды-ау деп қиналдым. Біз қайсар халықпыз ғой. Не көрмедік? Бәріне төздік. Ендігі жерде бүгінгі ұрпақ ата-баба аманатына дақ түсірмей арқаласа екен деген аналық тілегім бар.

– Жастарға айтар ақылы-кеңесіңіз қандай? Жалпы бүгінгі жастардың тәлім-тәрбиесіне, қалыбына көңіліңіз тола ма?

– Қазір Бауыржан Момышұлы атындағы №35 мектеп-гимназиясында мұғаліммін. Бұрын Талғардағы №3 мектепте, сосын Талдыбұлақтың №34 мектебінде жұмыс істегенмін. 36 жылдан бері ұстазбын. Барлығын көріп, біліп отырмыз. Көз алдымызда үлпілген жастар өсіп келеді. Қаншамасының қанатын қатайтып, қатарға қостық. Жалпы айтқанда қазіргі жастар өте білімді, ақылды. Мен олардан үлкен үміт күтемін. Көздері ашық, оң мен солды анық біледі. Бірақ кейбір жастар желтоқсан туралы мүлде білмейді. Себебі насихат аз, үнемі айтылмайды. 6-желтоқсан қарсаңында ғана атүсті ашық сабақтар өткізіліп, аздаған мағлұмат беріледі. Бұл дұрыс емес. Бір 45 минутта бәрін айтып үлгеру де мүмкін емес қой. Дегенмен әр қазақ өз елін, жерін сүйсе, сонда ғана жағамызға жау жармаспайды, дұшпан аяқтан шалмайды. Мен мұны оқушыларыма да үнемі айтып отырамын.

– Бүгінде егемен елдің ертеңі үшін жан қиған желтоқсаншыларға лайықты деңгейінде құрмет көрсетіліп жүр ме? Жеке пікіріңізді білсек…

– Өкінішке қарай бізді «Желтоқсан туралы айтыңыздар, насихаттаңыздар» деп көбіне желтоқсанның айының 10-15-інде іздей бастайды. Оған да рақмет. Бірақ Желтоқсан оқиғасы туралы айтылар ой-пікірді тек желтоқсанның ортасында ғана емес, басқа уақытта да үнемі жеткізіп, насихаттап отыру керек деп есептеймін. Желтоқсан шындығы әлі ашылған жоқ. Ылғи жылы жауып қоя салады. Мүмкін алдағы күннің еншісінде шығар, бірақ Желтоқсан оқиғасының шындығы бәрібір айтылуы керек. Жекелеген зерттеушілер, журналистер мен жазушылар өз беттерінше айтып, жазып жатыр ғой, бірақ бұл аздық етеді. Өз деңгейінде айтылып, дәріптеліп жатқан жоқ. Желтоқсан шындығының түндігін түретін де сіздер секілді жастар. Сондықтан жастарға сенемін! Тарихтың ешқашан ұмытылмайтыны да анық. Ол үшін біз идеологияны күшейтуіміз керек. Қазір адамдар эгоист, «өзім ғана» деп өзін ойлап тұрады. Ол да керек шығар, бірақ елді ұмытуға, тарихты тәрк етуге әсте болмайды. Жоғарыда отырған қолында билігі де, мүмкіндігі де барлардың көбі өздерінің орнын сақтап қалу үшін, болмаса өзге де жайттарға байланысты бұғып отырады. Олар үшін біз ешкім емес шығармыз. Олардың сыйына да зәрушілігіміз де, ренішіміз де жоқ. Тек бүгінгі және елер ұрпақ қазақтың өткен тарихынндағы ақтаңдақтарды ұмытпаса болғаны. «Әр нәрсенің өз уақыты бар» дейді, біз де барлығын бірден ақтарып, айтып тастай алмаймыз. Бірақ бір ақиқат анық. Ол – Желтоқсан оқиғасының шындығы болашақтың еншісінде екені.

– Әңгімеңіз үшін рақмет. Сіздерге деген алғысым да, құрметім де шексіз! Жүз жасап, мың болыңыздар!!!

Сұқбаттасқан
Жанбота СҰЛТАНМҰРАТҚЫЗЫ