ЖАЛҒАМЫСТАҒЫ ҚИЯМЕТТІҢ ҚЫЛКӨПІРІ

ЖАЛҒАМЫСТАҒЫ ҚИЯМЕТТІҢ ҚЫЛКӨПІРІ

Он жылдан астам уақыт ішінде Жалғамыс ауылындағы жаңа құрылысқа еліміздің түкпір-түкпірінен көшіп келген жүзге тарта отбасы қоныстанған. Дәл осы жаңа құрылыс пен ауылдың арасын екіге бөліп жатқан өзенге өткен жылы тұрғындар өздері қаржы жинап, көпір салып алған. Әрине, көпір салған арғы беттегі жаңа құрылыстың тұрғындары, бергі бетте мұндай мұқтаждық жоқ. Салмасқа шаралары да жоқ, өйткені ауыл орталығына, мектепке, емханаға басқа барар жол жоқ.

«Көпір» деген аты ғана болмаса, су өткізетін шеңбердің үстіне топырақты үйіп таптай салған. Уақыт өте келе үйілген бос топырақ егіліп, көпірдің ені барған сайын тарылуда. Тұрғындар қолдарынан бұдан басқа ештеңе келмейтінін айтады. Бұл жерден жеңіл көлік күн ашық кездері зорға өтеді. Ал жаңбырлы күндері машина түгілі, адамның аяқ басып жүруінің өзі қиын.

Ауылдың да бар қиындығы Азат пен Құнапин көшесін жалғастырып тұрған көпірден басталады. Әрі қарай не жол, не газ жоқ. Ауыл халқы су мен жарықтың шаруасын өздері шешіп алған. Ауыл тұрғыны Маржангүл Маханова: «Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрболат Манапбаевтан көмек сұрадық. Ол мамыр айында тас төсеп береміз деген уәдесінде тұрмады. Осыған дейін Жаңалыққа кететін көпірмен жүретінбіз. Ол жақта машина батпаққа батып, мектепке бару үшін аяғымызға галош киіп шығамыз. Балаларымыздың аяғы батпақ болмас үшін арқалап, аяғына целлофан кигізіп сабаққа шығарып саламыз. Құлап, үсті-басы батпақ болып келеді. Аяқ киімдері батпаққа батып, шешіліп қалып, сабаққа жете алмай, үйге қайтып келетін кездері де көп болды. Бар шаруамызды қайырып қойып, балаларымызды көпірден шығарып салып, күтіп алмасқа шарамыз жоқ. Көпбалалы отбасылар үшін мүлдем қиын, ауысыратын киімдері болмағандықтан күнде жуып, кептіріп, қайта кигіземіз. Жұмыс істейтін ата-аналар балаларын күтіп ала алмайтындықтан, аман-есен жеткен хабарын алғанша көңілдері жай таппайды. Үкіметтен артық нәрсе сұрап тұрған жоқпыз, тым құрыса Құнапин көшесі мен көпірді жасап берсе болар еді. Балаларымыздың аяқ кимінің батпағын жуумен күніміз өтеді. Тіпті сол киімдері ұзаққа шыдамайды. Тоқты да әр отбасы жүз мың теңгеден жинап, өзіміз тартып алдық. Көшіп келушілер көбейген сайын жарық әлсіреп, үйдегі техникамыз күйіп жатыр. Өзіміз орнатып алған жалғыз генератор осындағы барлық отбасыға аздық етеді. Әр үй суды жер астынан өздері қазып шығарып алған. Ол үшін әр отбасының 200 000 теңгеден артық ақша жұмсауына тура келді. Су жарық арқылы шығатындықтан ай сайын төлейтін коммуналдық төлем құны аз емес. Жарық сөніп қалса, су да жоқ», – дейді ашынған ауыл тұрғыны.

Өз көзімізбен көрмесек, мұның бәрі шындық екеніне сене қоймас та едік, кім білсін? Ауыл халқы «қияметтің қылкөпірі» атап кеткен көпірден ептеп өтіп, әр қадамымызды абайлап басып, тұрғын үйлерге жақындағанда тау болып үйіліп, жанып жатқан қоқысты көзіміз шалды. Жасалмаған жолдың ой-шұңқырын толтыру үшін осылай амалдауға тура келгені белгілі. Бықсыған көк түтін қолқаны қауып, азынаған желмен бірге ұшқындап тұр. Мұнда үнемі жел соғып тұрады екен. Әсіресе, түнге қарай желдің күші ұлғайса, айналадағы тұрғындар үйлерінің отқа орануынан алаңдайды екен. Өртемеске де амал жоқ. Мұнда қоқыс жинайтын ешқандай техника келе алмайды. «Қыл көпірден» өтуге ешкімнің батылы бара бермес, әрине. Электр бағаналары да жарымжан адамдай тоқ сымдарын зорға ұстап тұр. Айлығы шайлығынан аспайтын заманда халық қашанғы өз қалталарынан қаржы шығара береді? Онсыз да қарыз басқан, қарны ашқан халық көп.
Ауыл тұрғыны Замира Бекейова былай деп мұңын шақты: «Үйде он бір жасар мүгедек қызым бар. Күн сайын таңертең дәрігеріміз үйге келіп, ақылы массаж жасайды. Бір күн емі ақсап қалса, неше күнгі еңбегіміз еш кетеді. Жаңбырлы күндері, қыстың тайғақ күндері көпірден өте алмай, үйге жете алмай қалады. Жалғыз менің ғана емес, осында тұратын барлық балаларымыз үшін ауыл әкіміне барып, өзіміз жасаған көпірдің екі жағы егіліп, тарылып бара жатқанын айтып, тым болмаса Құнапин көшесі мен көпірді жақсылап жамап беруін сұраған болатынмын. Одан бері үш ай өтті, «бәрін қатырамын» деген әкіміміздің көмегі түгілі, көлеңкесін де көрмедік. Үш-төрт жылдан бері бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады.
«Айтқанның аузы жаман» дегендей, мұңымызды айта барсақ, «арзан жерден неге жер аласыңдар?» деп өзімізді кінәлайды. 2015 жылы сол кездегі ауыл әкімі Қасенхан Әуелбековтен сатып алғанбыз. Талғар аудандық «Аманат» партиясына да арызымызды жеткізген соң Бақыт Қуатбекұлы осы көктемде келіп, көзімен көріп, көмектесетін болып кеткен. Алайда арты сиырқұймышақтанып жоқ болды. Осы уақытқа дейін өз жыртығымызды өзіміз жамап келдік. Өткен жылы ауылға газ жүргізілгенде тағы сол «жаңа құрылыс жоспарда жоқ» деп қағыс қалдық. Газды құдайдан күттік, егіліп тұрған көпір мен езіліп жатқан жолдың жайын сұрағанда газ тартылмай, жол да, су да жасалмайтынын айтты. Ал газ әлі жобада жоқ. Сонда біз тумаған сиырдың уызынан дәметіп жүргендейміз», – деді.

Жалғамыс ауылының әкімі Нұрболат Манапбаевтың да өз айтары бар шығар деп сұқбатқа шақырғанда берген жауабы мынау болды: «Басында қол ұшын созатын бір кәсіпкер тапқанбыз. Алайда ол бұл істі аяғына жеткізе алмады. Кезінде ауылдың жоспарына қосылмай қалғандықтан, мұнда үлкен мәселе туындады. Газ кіргізгенде де 400 үй қалып қалды. Облыстық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөліміне бұл туралы мәселені көтеріп, судың да жайын ашып айттық. Қажетті қаражат сұрадық. Шынын айтқанда, бюджетіміз аз. Қысқа жіп күрмеуге келмей қалады. Бізде кезек күттірмейтін мәселе – жоспар сыртында қалып кеткен үйлердің жолы, суы, жарығы. Осы жылы халық көп сұраған мәселенің шешімін табатын қажетті қаражат бөлінді. Жылдың соңына дейін жобалық-сметалық құжаты дайын болса, келесі жылдан бастап бөлінген қаржының көлеміне қарай жұмыстарды істейтін боламыз. Бас жоспарға өзгеріс енгізілді. Жақында газетке хабарландыру берілсе, құжаты жоқтар үйінің құжатын ала алады. Жолдың да, судың да, көпірдің де мәселесі шешімін табады».

Жалғыз Жалғамыс емес, өзіміз көріп-біліп жүрген ауданымызға қарасты ауылдарда осы тектес мәселелер көп. Кімнің есігін қақсақ та, еститініміз – «жасаймыз, қатырамыз, дайын болып қалды, жоспарға енгізілді…» Президент Жолдауында да, сайлауалды бағдарламасында да ауылдың гүлденіп-көркеюін басты назарда ұстап отыр. Осыдан соң шырылдаған халыққа сол сарабдал саясатының бір шарапаты тиіп қалар деп үміттенеміз.

«АШ БАЛА ТОҚ БАЛАМЕН ОЙНАМАЙДЫ»

Батпаққа батқан жолдардың тауқыметінен шаршаған ауыл тұрғындарының шыдамы шегіне жетті. Қарашаның 27-сі күні бір топ ауыл азаматы жаңа мешіттің алдына жиналып, наразылық танытты. «Еститін үкімет» өкілдеріне базыналарын қайталап айтты. Ашынған жалғамыстықтар бұл жолы ешкімнің шен-шекпеніне, атақ-абыройына қарамай, ойындағысын қатты айтып, атқамінерлердің сылбыр жұмыстарын сынға алды. Осыған дейін қарап жатпаған халық телеарна арқылы да жанайқайын жеткізгенімен «Ит үреді, керуен көшедінің» кебін киіп, ешкімнен ешқандай қайыр болмаған. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам ойламайды» демекші, жауаптылардың кейбірі шарасыз болса, кейбірі бұл мәселеден еш хабарсыз болып шықты. Ашулы халықты сабасына түсіріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін Талғар аудандық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жауапты мамандары және Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрболат Манапбаев келді.

«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген зейнеткер Әлия Судьяева көпке ортақ мәселені әкім-қаралардың алдына былай жайып салды: «Балаларымыз түрлі спорттық үйірмелерге қатысады. Бос уақытында барып дайындалатын арнайы спорттық кешен жоқ. Неге клуб салмасқа? Біз де салауатты өмір салтын ұстанғымыз келеді. Басқа ауылдардағыдай әжелер ансамблін құрсақ, ұлттық қолөнерімізді жастарға үйрететін үйірме ашып, ұмытылып бара жатқан құндылықтарымызды насихаттасақ, жаман ба? Көбіміз Желтоқсан,
Есенберлин көшелерінде тұрамыз. Алайда ауылымыз өркениеттен ада, оқшау арал сияқты. «Нұрлы жол», «Жайлы мектеп» сынды сарабдал саясат жобаларының шарапаты қашан тиер екен деп екі көзіміз төрт болды. Балаларымыздың амандығы үшін өзіміз көшелерді жарықтандырып алғанбыз. Қисайған бағаналардың кейбір сынып жатса, кейбірі құлаудың аз-ақ алдында тұр. Қайнарда қаңтарулы тұрған автобустар неге Алматы, Каменька, Алмарай, Сегізкөл, Еламан, Талғарға жүрмейді? Таксиге отырмасқа шара жоқ. Үнемі таксимен жүруді қалтамыз көтермейді. Еламан ауылынан толы келген жеңіл көліктер тоқтамайды. Ауыл адамдарының көбі қалада жұмыс істейді. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында сарылып көлік күтуден шаршадық. Барымызды салып, өзіміз тас төгіп, тегістеп алған жолымызды газ кіргіземіз деді де, қопарып тастап кете барды. Қайта-қайта жасай беруге қайда шама? Ауылға газ тартылғалы үш жыл болса да әлі пайдалануға берілмеді. Құбырларды тексеру үшін газ жіберілгенде ауыл газ сасып, қолқаңды қабады».

Көпбалалы ананың сөзін қоштаған тұрғындар арыз-арманын көмейіне іркіп қалмай, айтып қалуға тырысты. Сарышұнақ аязға қарамай, мұң-мұқтажын айтуға жиналған ауыл халқы естіген жауаптарына риза емес. «Талап-тілектеріңізге қатысты көңілге қонымды жауап ала алдыңыздар ма?», – деген сұрағыма ақын, М.Мақатаев ізбасары дипломының иегері Әлия Судьяева:
Әкім келді ауылға, не тындырды?
Құрғақ сөз, бос уәде сақ сындырды.
Бір құжат жоқ қолында қандай әкім?
Екі қол қалтада дардай әкім.
Жүре тыңдап халықтың мұң-мұқтажын,
Қақтырмаған халыққа шаужай әкім.
Ақша жоқ деп таңдайы тақылдайды.
Халық одан көк тиын сұраған жоқ.
Бос уәде таңдайға татымайды.
Әкім келсе, келсінші, құп аламыз,
Елдің мұңын тыңдар деп қуанамыз.
Мардымсыз уәдені біз аламыз.
Қайда әкімдер баяғы атқа мінген?
Қарапайым халықтың қамын жеген? – деп өлең шумақтарымен жауап берді. «Сөз қадірі – өз қадірім» деп білетін халықтың баласына бұдан артық қалай жеткізуге болады?
Ауыл тұрғындарының айтуынша, аудан әкімі Қайдар Әбдіханов бұл жағдайдан хабарсыз болған. Неге ешкім құлақ қағыс етпеген? «Ауруды жасырғанмен, өлім әшкерелейді» деген бар. Қаншама жыл зар жылаған халықтың қалауын айтуға ешкімнің батылы бармады ма? Айтқысы келмеді ме?…

Зорагүл ӘБДІҚАДІР