АЗАЛЫ ТАРИХҚА – АЙРЫҚША ТАҒЗЫМ

АЗАЛЫ ТАРИХҚА – АЙРЫҚША ТАҒЗЫМ

Қарашаның 25 күні М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінде қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі Мұхамеджан Тынышбаевқа арналған «Азалы тарихқа – айырықша тағзым» атты  дөңгелек үстел өтті. Талғар ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараға «Мұхамеджан Тынышбаев» қорының президенті, М.Тынышбаевтың жиен немересі Нұршакен Жүнісова, Мұхамеджан Тынышбаевтың немересі, ғалым, техникалық ғылымдардың докторы, профессор Асқар Дәулетұлы Тынышбаев Шейх-Али, Мұхамеджан Тынышбаев туралы «Ғасырлар жобасы» деректі фильмінің авторы, продюсер Базаргүл Абдулдина, М.Тынышбаев қорының атқарушы директоры, фильмнің әкімшісі Рүстем Аитов және «Желтоқсан – Алматы» қоғамдық ұйымының төрағасы Серікбек Жандыбай Дүрімбайұлы, сонымен қатар колледж директоры Ж.Сатылғанов және колледж студенттері қатысты.

Талғар ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева студенттерге келген қонақтарды таныстыра отырып, шараның мақсаты туралы сөз қозғады. Алаштың ірі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы, ағартушы, тұңғыш теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбаев туралы дөңгелек үстелдің колледж қабырғасында өтуі тегін емес екенін айта отырып, оның институт қабырғасында оқып жүрген кезде-ақ туған халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, баспасөзде ащы шындықты тілге тиек еткен мақалалар жариялағанын және әр түрлі жиындарда сөз сөйлегенін жеткізді. Осындай жиынның бірі 1905 жылы 19 қарашада өткен Автономшылар одағының І съезінде жасаған баяндамасында сөйлеген сөзінен үзінді келтірді. «Қазақтардың жер мәселесі — сөзсіз аса маңызды. Үкіметтің нені көздеп отырғаны түсінікті. Біріншіден, қазақтарды дербес ұлт ретінде жою және бүкіл өлкені орыстандыру; екіншіден, қазақтарды қауқарсыз тобырға айналдыру; үшіншіден, ежелгі атақонысынан айыру – қандай қанқұйлы, зымиян мақсат?!» деген сөзін мысал ретінде айта отырып, бұл мәселенің бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпағанын жеткізді. Сондай-ақ жастарды тарихын тану арқылы отансүйгіш болуға шақырды.
Жиын барысында Алаш ардақтысының өнегеге толы өмірі мен тарпаң тағдыры бейнелеген «Ғасырлар жобасы» атты деректі фильм көпшіліктің назарына ұсынылды. Мұнда саяси қайраткер ретінде құқы аяққа тапталған, ұлтының теңдігі жолында күрескен тұлға бейнесі көрініс тапса, теміржол инженері ретінде төңкеріске дейін де, одан кейін де шойын жолды салуда қазақ халқының мүддесін бірінші кезекке қойған ұлтының сүйікті ұлының тұлғасы сомдалған. Ал публицист ретінде орыс тілінде шыққан мақалаларында Петербордың зиялы қауымына патша шенеуніктерінің әділетсіздігін жеткізсе, қазақ тіліндегі мақалаларында қандастарына теңдік алудың жөн-жобасын көрсеткені, тарихшы ретінде қазақ елінің көне дәуірден бүгінге дейінгі шынайы тарихын жасаудың батыл бағыттарын айқындап бергені туралы тың деректер айтылды.

Нұршакен Жүнісова анасының аузынан естіген оқиғаларды баяндап, жиналған жұртты ойға қалдырды. Тағдыр айдап жат ел, жат жерде өскен Асқар Дәулетұлы Тынышбаев Шейх-Али атасының ерлігі мен еңбегі туралы сөз қозғап, ұлт ардақтысының жұрт біле бермейтін ізгі қасиеттерін майын тамыза әңгімеледі. Айтылмаған ақиқатты, тарих тасасында қалған шындықты паш ету жолындағы ізденістерімен бөлісті.

Тағылымы мен тәрбиесі мол шара тәуелсіздік жолында жанын пида еткен Алаш арыстарының асқан ерлігі мен отансүйгіш қасиеттерін үлгі ете отырып, жастарды ел жанды азамат болуға үндеді.

Зорагүл Әбдіқадір