Алматы облысында 28 қарашада болған бет қаратпайтын аяз шенеуніктердің шикі дайындығының бетін ашты. Газетіміздің өткен аптадағы нөмірінде ғана атқамінерлер «қысқы қажетті дайындықтың барлығы жасалды, қысқа дайынбыз» деп сұқбат берген болатын. Алайда қысқы дайындыққа қатысты мәселе олар айтқандай болмады.
Атап айтар болсақ, Еркін ауылындағы №26 жалпы білім беретін мектепке Айғаным және Көктал ауылынан барып оқитын балалар автобустың тоқтап қалуына байланысты екі күн қатарынан сабақтан қалған. Бұл туралы Көктал ауылының тұрғыны әрі ата-ана Әлия Әбілсейітқызы хабарлап, әлеуметтік желіде дабыл қақты. Ауыл тұрғындарының жанайқайын жеткізген жазбада: «Екі күн болды мектепке балаларды тасымалдайтын автобус жоқ. Бүкіл екі ауылдың балалары екі күн сабаққа бармады. Мектепке хабарлассақ, «жаздық солярка қатып, от алмай жатыр» дейді. Не сұмдық? Алда аязды күндер екенін біледі. Неге ертерек дайындалмайды?» – делінген.
Мән-жайды өз аузынан білмек болып хабарласқанымызда: «Бізге автобус қатып тұр» деп сурет жіберді. Білім алу азап болды, балалар қиындықпен тасымалданады. Енді 2 күнге жететін солярка берді деп жатыр. Одан кейін не істейміз?… Бұл мектеп директорының үстінен мұғалімдер шағымданып, жұмыстан кетіпті. Қарап тұрсаңыз, мұнда мәселе көп, жауап беретін басшы жоқ», – деп мұңын шақты.
Басқа жауап беретін адам болмағандықтан аталмыш ауыл мектебінің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Салтанат Пазиловамен хабарластық. Алайда қақаған аяз басталғанша қысқа қамданбаған мектеп басышылығы ауданға хат жіберіп қоюмен ғана шектелгені түсініксіз. «Бізде еш кінә жоқ. Директор жұмыстан шығып кеткен. Орнында әзірге ешкім жоқ. Ауданға бір ай бұрын өтініш бергенбіз. Әлі күнге дейін қыстық жанар-жағармай бермей отыр. Бүгін автобус шықты. Шопырлар автобусты түнімен қарап, от алдырып отырды», – деп қысқа қайырды директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Ал аудандық білім бөлімі ата-аналар айтқандай оқушылардың екі күн емес, тек бір күн ғана сабақтан қалғанын айтып отыр. Осы мәселеге қатысты түсініктеме беруін сұрағанымызда, қазіргі уақытта білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат Серікқызы: «Еркін ауылына 1 ауысымда жалпы тасымалданып оқитын оқушы саны 300 оқушы, оның ішіндегі 203 оқушыны ата-аналары өздері әкелді. 28 қараша күні келмегені Көктал ауылынан 52, Айғанымнан 45 бала. Алайда 2 ауысымда барлығы келді», – деп мәлімдеді.
Мәселе бойынша Қайнар ауылдық округінінің әкімі Нұрболат Манапбаевқа сұрау салдық. Ол: «Таңертең автобустардың соляркасы қатып қалыпты. Соны ерітіп жүргізді. Қазір тұрақты жүріп жатыр. Басқа ақпаратты білім бөлімінен аласыздар. Қазір оған аудандық білім бөлімі жауапты. Тасымалдауға қатысты ақша-қаражатты да солар бөледі. Бұрын оқушыларды тасымалдауға біздің әкімдік жауапты болатын. Алдыңғы жылдан бастап толығымен білім бөліміне өткізгенбіз», – деген білдей ауылдық округ әкімінің де ауыл балаларының мәселесін бақылауда ұстауға құлық танытпай отырған жайы бар.
Алматыдай алып шаһардан бар болғаны 9 шақырым жерде орналасқан Көктал және Айғаным ауылдарының өркениеттен қол үзіп, оқушылары сабақтан қалатын жөні жоқ. «Қыстың қамын жаз ойла» деуші еді, алда қақаған қыс барын ескермеді ме, әлде Алматының қысы әдеттегідей жылы боларына сенді ме екен, кім білсін? Әйтеуір қамсыз қалған құзырлы мекемелердің қылығына біз де қайранбыз. Оны қойшы, кесірі оқушыларға тиген сарышұнақ аяздың салдарынан ел болашағы болар ұл-қыздар айдың-күннің аманында сабақтан қалып, білімнен алар үлесінен қағылуда.
Қыстың қысымшылығында ескерусіз қалып, естен шығып кеткен екі ауылдың оқушыларына қатысты ауыл тұрғындарының жанайқайы «еститін үкіметтің» есті құлақтарына жетіп, аудан әкімі назарға алып, жауапты мамандар мәселені шұғыл шешеді деп сенеміз.
Жанбота СҰЛТАНМҰРАТҚЫЗЫ