Талғар ауданы таулы аймақ болғандықтан қыс мезгілі ерте түсіп, қарлы боран жиі болады. Ауа-райының қолайсыздығы жолаушыларға ыңғайсыздық туғызып, автокөліктердің қар құрсауында қалуына себепкер болып жатады. Қысқы маусымда туындауы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу үшін аудан көшелерінің тазалығын сақтайтын мердігер ұйымдардың қысқы дайындығы қалай? Қыстыгүні қар күрейтін, тұз, құм себетін техникалардың жанар-жағармайы жеткілікті ме? Себебі қақаған қыста жанар-жағармайдың бағасы шарықтап кететіні рас. Жалпы қар тазалайтын техникалар жай-күйі қалай? Былтырғы қар тазалығына тұрғындардың көңілі тола ма? Осы сұрақтардың жауабын арнайы мамандардан естіп, көзімізбен көріп қайттық.
Өткен сейсенбіде Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Асқат Нұрадинұлы және Талғар ауданы полиция басқармасы әкімшілік бөлімінің мемлекеттік көлік инспекторы полиция аға-лейтенанттары Асқар Нұрахметов және Асхат Қалидоллин, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Сағындық Матан бастаған топ алдағы қысқы маусымда қала көшелерін қардан тазалау үшін пайдаланылатын арнаулы техникалардың дайындығын тексерді. Көшелердің тазалығына жауапты мердігер ұйымдар басшыларының есептерін тыңдап, олармен жолдарды күтіп ұстаудың өзекті мәселелерін және алдағы қысқы маусымдағы міндеттерін талқылады. Талғар ауданы полиция басқармасы әкімшілік бөлімінің мемлекеттік көлік инспекторы, полиция аға-лейтенанты Асқар Берікұлы:
«Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық Кодексі 630 және 631-бабы (жолдарда жұмыстар жүргізу, жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа да жол құрылыс жайларын күтiп ұстау жөніндегі талаптарды орындамау) бойынша айыппұл салынады», – деді. Облыстық, республикалық маңызы бар жолдарды «ДЭУ-21», «Азимут жолдары» атты мердігер ұйымдар қысқы күндері күтіп-баптаса, ал Талғар қаласы мен Панфилов ауылдық округтерінің жолдарын күзгі және қысқы маусымда күтіп ұстауға «Алматы жолдары» жауапты.
«ДЭУ-21» жол пайдалану бөлімінің басшысы Марғұлан Дүйсенұлы өз сөзін: «Бізге республикалық бюджеттен қаржы қарастырылған. Жанар-жағармайды бір жылға келісім-шарт арқылы аламыз. Жылға жететін бензин, дизель жеткілікті. Уақтылы арнайы талон арқылы коммуналды көліктерімізді бензинмен қамтамасыз етіп отырамыз», – деп толықтырды.
Асқат Нұрадинұлы осы мердігер компаниялардан заманауи техникаларының бар-жоғын, оның қолданылуы мен жұмысшылардың арнайы киіммен жабдықталуы жайын, жұмысшылардың еңбекақыларының көлемін, қар жауған және көк тайғақ болған жағдайларда жұмысты бастау дайындықтарының деңгейін сұрады.
Ауыл арасында нәпәқасын тауып жүрген жергілікті такси жүргізушісі Жеңіс Иса былтыр қысқы маусымда көшелерді қардан тазартқан арнайы техникалар туралы былай деді: «Былтыр қыс жеңіл өтті. Дегенмен бұрқасын да болды. Осы уақытта Алматыдағы «Саяхат» автобекеті мен Талғар арасындағы тас жолдарды арнайы коммуналдық техникалар уақтылы тазалап отырды. Алайда көп жағдайда ауданымызда қардың суы ерігенде ағып кететін арнайы тоғандар аз болғандықтан, жол шетіне үйіп-төгіп кеткен қар балшыққа айналады. Осы жағын коммуналдық ұйым қызметкерлері ескерсе деймін. Биыл қыс ызғарлы болады деп болжануда. Осыған орай қар тазалайтын мекемелер бұл жайттарды естен шығармаса екен».
Ал Талғар қаласының тұрғыны Әділ Пірманұлы: «Біздің Талғар таулы аймақта орналасқандықтан қар қалың түседі. Сондықтан аудан, ауылдық округтердің көшелерін қардан тазартып, сыпырып, тұз араласқан құм сеуіп отырғаны дұрыс. Былтырғы қыста қар қалың жауған жоқ. Бірақ аязы қатты болды. Көшеге шыққанда қар тазартып жүрген техникаларды көріп тұрамын. Әсіресе жаңбырдан кейінгі жауған қар өте қауіпті. Соңы көктайғаққа ұласады. Жүйткіп келе жатқан көліктер байқамай жол апатына түсіп, тіпті соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жатады. Сондықтан көшелерге тұз араласқан құм себу мәселесі басты назарда болса деймін», – деп қала мәселесін тілге тиек етті.
Тұрғындар пікірін тыңдағаннан кейін Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Досжанов Асқат Нұрадинұлынан сұхбат алдық. «Мұндай олқылықтар болып тұрады. Мысалы, біз кеше ғана барған республикалық маңызы бар жолдарды тазалайтын «ДЭУ-21» мекемесінің техникалары ескі. Темір болғаннан кейін ол сынады, бұзылады. Бұл мекеме тек Талғар ауданының жолдарын ғана емес, Еңбекшіқазақ ауданының тас жолдарын да күтіп-баптайды. Ол жақта қыс мезгілінде қауіпті деп саналатын Түргенге қарай көтерілетін күре жол бар. Сондықтан екі жаққа бірдей үлгермей, кейде түрлі олқылықтар орын алып жатады. Сол кезде халық тарапынан да наразылық туындайды. Оның алдын алу үшін профилактика ретінде тексеріп, жағдайға байланысты алынатын қосымша техникасының жалдау ақысын есептеп, барлығын басшыларға жеткізіп отырамыз. Алдында «ҚазАвтоЖолдың» басшысы келді. Осы мәселені айттық. Қосымша техника береміз деді. Қалғанын жұмыс барысында көретін боламыз», – деді ол.
Сонымен қатар Асқат Досжанов тұрғындар тарапынан қала тазалығына қатысты түрлі сыни сауалдар түсетінін айтып, осыған орай мекемеге қыс мезгіліне дайынбыз деп арқаны кеңге салып отыруға болмайтындығын, күнделікті күш-жігерді тазалық жұмыстарына жұмылдыру қажеттігін тапсырды. Тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беріп, бағыт-бағдар беруде тиімді тәсілдерді пайдалану керектігін ескертті.
Кәусар Әбдікерім