ДЕНСАУЛЫҚ – ЗОР БАЙЛЫҚ

ДЕНСАУЛЫҚ – ЗОР БАЙЛЫҚ

Мемлекетіміздің әр азаматын жеке тұлға деп қарастырсақ, оның әлеуметтік жағдайын түзеуден асқан міндет жоқ шығар. Солардың бірі халықтың денсаулығын жақсарту екені де белгілі. «Қазақстанда денсаулық сақтау саласына республикалық бюджеттен 1 триллион 180 миллиард теңге бөлінген. Көп шара атқарылып жатыр, оның ішінде тегін медициналық кепілдендірілген көмек көрсету жұмыстары да бар. Дегенмен әлі күнге дейін аймақтарда қарапайым медициналық қызмет алуда қиындықтар жоқ емес. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беру керек. Азаматтардың денсаулығын сақтау мәселесі менің жіті бақылауымда», – деген еді ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы мәселенің қолға алынғанының көрінісі ретінде ауданымыздың Бесағаш ауылында орналасқан медициналық орталық өз жұмысын қайта қарап, игілігін жергілікті халық пен көрші елдімекендердегі жұртшылық көре бастады. Оның жай-жапсарын сол ауылдағы «Promedical-2021» медицина орталығы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Әбілжанова Еңлік Қанатқызынан естідік.

– Біз бір жылдан бері жекеменшік медицина орталығы ретінде жұмыс істедік. Сонымен қатар мемлекеттік емханалардан келген науқастарға арнайы жолдамалар арқылы
МӘМС, ТМККК бағытында қызмет көрсеттік. Одан бөлек 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге тегін стамотологиялық көмек көрсетудеміз. Жергілікті халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуге берген өтінішімізді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы құптай отырып, 2022 жылы бізді халыққа қызмет көрсете алатын аймақтық медициналық мекемелер тізіміне қосты. Осыған орай 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында халықты өзімізге тіркеу акциясын жүргіздік. Келесі жылға учаскелік құрылымды қалыптастырып жатырмыз. Қаңтар айының басынан бастап халыққа барлық қызмет түрін көрсететін боламыз. Қазір халық саны өте көп Бесағаш, Тұздыбастау, Алматы қаласының Думан шағын ауданы, Гүлдала, Белбұлақ ауылдарынының халқы тіркеуге келіп жатыр.

Қазір көптеген емдеу орындарында компьютерлік томография жоқ. Біздің басқа клиникалардан артықшылығымыз – халыққа медицинаның осы жетістігімен қызмет көрсете алатынымыз. Соңғы модель­дегі томография аппараты жұмыс істеп тұр. Ковидтің кезінде КТ-нің қаншалықты маңызды болғанын ел біледі. Одан бөлек, бізде жаңа заман талабына сай цифрлық рентгенография бар. Мемлекеттік мекемеде рентген нәтижесін үлкен форматтағы үлдірге шығарады. Кейде оның нәтижесін бір күн күтуге тура келеді. Ал біздің клиникада сіз рентгенге түсесіз, он бес минуттен соң нәтижесін қолыңызға береді. Енді МРТ мен маммограф аппаратын күтіп отырмыз. Ол құрылғылар да жаңа жылдан бастап өз функцияларын атқаратын болады. Кабинеттеріміз де, онда істейтін мамандарымыз да толық дайын. УЗИ диагностикасына арналған үш кабинет жұмыс істейді. Оның түрлері көп. Бүйрек, бауырдан бастап, қан тамырларды, варикозды, тромбыларды, іште жатқан нәрестенің патологиясын, жүктіліктің барысын да тексеруден өткізуге болады. Асқазан жағдайын тексеретін ФГДС, ЛОР аппараты да қолданыста бар. Біздегі үлгі «корей комбайны» деп аталады. Бұл – құлақ пен мұрын қуыстарын ішкі жағынан қарап, нәтижесін қолыңызға шығарып бере алатын аппарат. Сонымен қатар жүрегіңіздің тұсына жапсырып беріп, бір сөтке бойы жүрек қағысын зерттейтін «Холтер СМАД» деп аталатын төрт аппаратымыз тағы бар. Орталығымызда кардиолог, пульмонолог, гематолог, гастроэнтеролог, гепатолог, ревматолог, уролог-андролог, травматолог-ортопед,акушер-гинеколог, репродуктолог, инфекционист, онколог, дерматолог, маммолог т. б. он сегізге жуық салалық маман тұрақты қызмет көрсетіп келеді.

Кейде кейбір клиникалардың жұмыс кестесі мен науқастар санының артуына байланысты портал бойынша ауруханаға жатқызуға дайындаған науқасымыздың бір диагнозын алу уақыты созылып кетіп, жатқызу мерзіміне үлгермей жататын жағдайлар болады. Амал жоқ, уақыт қысқан соң процесті тездету үшін ақылы медициналық қызметке жүгінуге кеңес береміз. Біздің клиникада бұл мәселенің де шешімі табылған. Науқастарға осы мекеме ішінде сапалы әрі тез медициналық көмек бере аламыз.
Көптеген адамдар «портал бойынша стационарлық емді қайдан аламыз?» деп жатады. Осы мәселені шешу үшін қаланың кардиология, офтальмология, урология, алғашқы медициналық көмек, №4 травмотологиялық аурухана, қалалық №1 және №2 балалар ауруханасы, облыстық аурухана, акушерлік және гинекология институты, қаланың бірнеше перзентханаларымен, Алматы қаласында орналасқан көпсалалы, мамандандырылған ауруханалармен, клиникаларымен келісім-шартқа отырдық. Қазіргі миграцияның толассыз өсуі халық санының артуына ерекше ықпал етіп отырғаны белгілі. Осыған байланысты клиника ғимаратын әлі де ұлғайтып, стационарлық аурухана, сонымен қатар кішігірім оперативтік ем-шараларды ұйымдастыру да жоспарланған.

Басында осы саладағы тірлігімізді бастағанда отбасылық жекеменшік медициналық қызмет көрсетеміз дегенбіз. Медициналық қызметке зәру адамдардың саны артып келе жатқанын көрдік. Осы тұрғыда ауыл ағалары мен ақсақалдары келіп, өз тілектерін, өтініштерін, ұсыныстарын, ақыл-кеңестерін айтып жатады. Уақыт өте келе талап басқаша болатынын сезген соң, ойымызды облыстық денсаулық сақтау мекемесі басшыларына жеткіздік. Олар тарапынан да қызу қолдауға ие болып отырмыз. Сондықтан елге көрсетер медициналық қызметімізді жаңа жылдан бастап жаңаша сипатқа ауыстырмақ ойдамыз. Клиника ғимаратын кеңейту де басты назарымызда. Мақсатымыз 24 сағаттық стационарлық емдеу орталығын ашу болғандықтан, қазір ғимарат мәселесін шешу үшін қолдан келген шаралардың барлығы жасалуда.

Мойнымызға үлкен жауапкершілік жүгін алып отырғандықтан оның самағын да жан-тәнімізбен сезінеміз. Сондықтан бізге тіркелген азаматтардың көңілінен, сенімінен шығу үшін адал қызмет атқаруға атсалысатын боламыз.

 

СИҚЫМБЕКТІҢ Алтынбайы,
Бесағаш ауылы