Редакциямызға Жұмағали Тұрсынұлы Кебекбаев деген оқырман хабарласып, қарашаның қара суығында Талғар ауданының орталық кітапханасында кітапханашылар мен оқырмандардың бүрсең қағып отырғанын айтты. Талғар қаласына қарасты көпқабатты үйлер мен мемлекеттік мекемелерге қазан айының басында жылу беріліп қойған. Осыны естіген соң кітапхана директоры Махамбет Қасымханұлымен тілдесіп қайттық. Орталық кітапхананың іші қоңыр салқын болғандықтан қызметкерлер мен оқырмандар жылы киім киіпті.
Мән-жайды түсіндірген Махамбет Қасымханұлы: «2020 жылы аудандық кітапханаға жылу кіргізу үшін бюджеттен қаражат бөлінген. Оны Шымкенттегі мердігер компания ұтып алған. Ол кезде карантин болуына байланысты ешкім келмеді. Сыртынан жоба жасап, өздері келісім беріп, құжат жасап, тіпті мемлекеттік сараптамадан өткізіп жіберген. Кітапханаға «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалы Талғар газ шаруашылығының бастығы Болатжан Данаев жер асты арқылы Қонаев пен Рысқұлов көшелерінің бұрышы арқылы өтетін техникалық шартын жасап берді. Осы маңайдағы ғимараттардың келісімін өзім жинадым. Кітапханаға газ құбырын тарту жұмыстарын «Stroy Service Group» атты мердігер компания ұтып алды. Бюджеттен осы газ құбырларын тартуға 300 метр жерге небәрі 4 миллион теңге ғана бөлінді. Содан «ҚазТрансГазАймақ» газ құбырын қосу үшін 6 миллион теңгеге есепшот берді. Аталған қаражатты облыстан да, ауданнан да сұрадым. Сонымен қыс та түсті, артынша көктем шықты. Енді облыс екіге бөлініп кеткендіктен кімнен қаражат сұрарымызды білмей қалдық. Екі ай облыстық мәдениет саласының бастығы орнында болмады. Маусым айында қажетті сома сұралды. Қыркүйектің 2-сінде мәслихат жиналысы болып, 6-сы күні ақша бөлінді. Қаражат порталға қойылып, 26-сы күні аталмыш «Stroy Service Group» мердігер компания тендерді ұтып алды. Екі күннен соң келісім шарт жасалды. Газды қосу нүктесінің орныны ауысуына байланысты сызба жұмыстары қайта жасалды. Тиісті мекемелермен арнайы келісілді. Содан істелген жұмыстарға төрт рет комиисия шақырылды. Мекеменің есептеуіш құралына дейін комиссия тексерді. Осы жерде орнатылған ШРП және есептеуіш құралға жеке комиссия шықты. Есептеуіш құралдан от жағатын пешке дейін тартылған есептеуіштің қаражаты 21-і күні төленді. 22-сі күні қосылу нүктесіне есепшот берілді. Оны бүгін төледі. Осы айдың 25-і күні от жағатын оттық орнатылады. Жиырма сегізі қосады», – деген ақпар берді.
Ал кітапхананың газ қосу жұмыстарының басы-қасында жүрген «Stroy Service Group» мердігер компаниясының директоры Ернар Молдакасымұлы: «Қолыма есершот бүгін тиді. Енді «ҚазТрансГазАймақтың» Жетісу өндірістік филиалымен бірлесе отырып, есептеуіш құралдан от жағатын пешке дейін тартылатын газ құбырының қаражаты төленгеннен кейін қосылады», – деп уәде берді.
Осыған байланысты «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалы Талғар газ шаруашылығының бас маманы Арман Талғатұлы: «Газ мәселесіне келетін болсақ, ол үкімет тарапынан қаржыландырылады. Оны конкурс арқылы жеке меншік компанияның жобасы ұтып алады. Бұл мәселе – жобалаушылардан кеткен қателік. Бұл мердігер компания газдың қосылуын есепке алмаған. Сол себеппен жобаны өзгертуге тура келді. Өйткені техникалық шарт бойынша ол жақтың сомасы үлкен болып шықты. Кітапхананың басшысы Махамбет Қасымханұлы келіп өтініш білдіргеннен кейін, біз аудан әкімі Қайдар Әлиханұлымен хабарласып, тапсырушымен хат алысып, техникалық шарттың нүктесін өзгерттік. Техникалық шарт бойынша қайтадан жобалау басталды. Кітапхана басшысы ол жобаны өзі барып көріп, архитектурасымен келісуі керек. Ал біз өз тарапымыздан келісімімізді бердік. Одан кейін барып, құрылысын газын қайтадан жасады. Сол себепті бұл ұзаққа созылып кетті. Өздеріңізге белгілі, газ өте қауіпті болғандықтан қауіпсіздік ережелері бойынша әр мекеме бізден келісім алуы керек», – деген уәж айтты.
Мәселеге жауапты «Stroy Service Group» компаниясының директоры Ернар Молдақасымұлы алдағы дүйсенбі күні газдың қосылатынын айтып, уәде берді. Сондықтан бұл мәселе алдағы уақытта да редакция назарында болады.
Кәусар Әбдікерім