Тұздыбастау ауылдық мәдениет үйінде Талғар ауданы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі жыршылық, жыраулық дәстүрді қайта жаңғырту, кейінгі ұрпаққа аманаттау, жыраулардың есімін кеңінен насихаттап, жас ұрпақты ұлттық өнерге баулу мақсатында Құланаян Құлмамбет атындағы Жетісу жыр-терме мектебінің ашылу салтанатын өткізді.
Онда кенжелеп қалған өнердің көшін жылжыту үшін атқарылған игі істің бастамасында алты алашқа аты мәшһүр өнерпаздар, жыр-терменің қыр-сырын зерттеп жүрген ғалымдар мен зетттеушілер, ауыл тұрғындары және осы өнердің жолына енді қадам басқан талантты шәкірттер бас қосты. Атадан балаға қаймағы бұзылмай жеткен ұлттық өнерді болашаққа қаз-қалпында жеткізу – әрбір өнерлі ұланның парызы. Осындай абыройлы міндет арқалап жүрген шараның арнайы қонағы әрі елімізге танымалы өнер жұлдыздары – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев, ҚР Мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Тілеулес Құрманғалиев және филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы кештің көркін келтірді.
Кіреберісте қонақтарды «Мұрагер» домбырашылар оркестрі күмбірлеген күймен қарсы алса, Талғар аудандық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған кітап көрмесі жыр-терме жанрынан мол мәлімет беретін кітап, журналдарымен көрермендерді баурады. Мәдениет үйінің іші халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін үлкен мұражайға айналды. Киіз үй үлгісінде жасалған көрмеде қазақы нақыштағы ою-өрнектермен кестеленген сырмақ, текемет төселіп, халқымыздың көшпенді тұрмысында қолданған, бұл күнде мұражайдан ғана көруге болатын жәдігерге айналған келі-келсап, қымыз ашытатын күбі, құман сынды ыдыс-аяқтар көненің көзіндей, бабалар сөзіндей көп нәрсені аңғартып тұр. Шын шебердің қолынан шыққан ұлттық музыка аспаптары да көпшіліктің назарына ұсынылды. Көрмені тамашалаған көпшілікке Кәрібай ақсақал ақ батасын беріп, басталып жатқан игі істің сәтті жалғасуын тіледі. Ақ жаулықты әжелер жақсылықтың бастамасына арнап шашқан шашуларына тәтті тілектерін жалғады.
Кітап көрмесін аралап, ұлттық құндылықтарымызға үңіліп, тарих таңбаларына тоқталған алқалы жұрт тамаша концерттік бағдарламаның да куәгері болды. Талғар аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары тамылжыта ән шырқаса, «Алатау аясында» ансамблі сахнаны күмбірлеген күймен көмкерді. Дәстүрлі ән өнерінің майталмандары Рамазан Стамғазиев пен Тілеулес Құрманғалиев та халық әндерін орындап, көрерменді тәнті етті. «Нават» жыр-терме мектебінің оқушылары мен Мұратбек Сарбасовтың «Жетісу» дәстүрлі ән мектебінің талантты шәкірттері ән шырқап, тыңдармандарын таңдай қақтырды. Надыхан Манай мен Ардақ Орынбек Құланаян Құлмамбет пен Жамбыл Жабаевтың айтысынан үзінді айтып, ескі заманның есті өнерін есімізге салды.
Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әлия Жақыпбекова құттықтау сөзінде былай деді: «Қазақтың ұлттық музыкасы – ұлттың інжу-маржаны, ортаймас қазынасы. Бабаларымыз ат үстінде найзасына сүйеніп мызғып алып, ұлан-ғайыр жерін қорғай жүріп, дәстүрлі өнерді көзінің қарашығындай сақтап, халықтың мұң-мұқтажын қара домбырамен жеткізген. Ұлттық өнерді кейінгі ұрпаққа насихаттау – шын өнерпаздың ғана қолынан келер қасиетті міндет. Енді ғана қолға алып жатқан өнер жанры болашақта биік деңгейде дамиды деген ойдамын. Бабалар аманаты баршаға ортақ. Кез келген қазақ баласы қадір тұтып, қастерлеуі тиіс. Сондай-ақ ашылып жатқан жыр-терме мектебінен күміс көмей, жез таңдай жыршы, термешілер шығады деп сенім артамын».
Мерекелік шараны жүргізген және осы ашылып отырған жыр-терме мектебінің жетекшісі, Талғар қалалық №25 мектептің музыка пәнінің мұғалімі, Талғар қалалық балалар музыка мектебінің ұстазы Серік Сүйіндік жыр-терме өнерінің балаларға не беретіні туралы сұрағымызға: «Жырды үйренген бала не үйренеді? Жырды үйрену үшін бала алдымен домбыра үйренеді. Сол арқылы ол әнші, күйші болады. Баланың жады шынығады. Жыр-термені жаттау арқылы баланың ой-санасы, таным көкжиегі кеңейеді. Батырларымызға тән өр мінез-құлық, батылдық, тектілік дари бастайды. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы осы әдіс арқылы адамның ішкі сапасын қалыптастыруға әсер етеді. Өзім де осы өнердің жалғастырушысы болғандықтан Жетісу жыр-терме мектебінің көмескі тартып тұрғаны жаныма батып жүретін.
Көп жылдан бері жыраулық дәстүрді жаңғыртуды ойға алып, оны үйірме ретінде жүргізіп келемін. Облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен бұл өнер қайта түлеп, жандана бастады. Алматы облысының Кеген, Талғар, Нарынқол, Жаркент сынды аудандарында семинар өткізіліп, біраз шаруаның басы қайырылды. Биыл Алматы облысы бөлінгеннен кейінгі ең маңызды бастама осы болды. Ұзынағашта Жамбыл-Сүйінбай атындағы, Райымбек ауданында Көдек Байшығанұлы атындағы жыр-терме мектебі ашылды. Талғардағы Құланаян Құлмамбет атындағы мектеп – үшінші ашылған өнер ошағы. Осы айдың он төрті Еңбекшіқазақ ауданында жалғасты. Осылайша облысымызға қарасты аудан орталықтарының барлығында жыр-терме мектептері ашылатын болады. Оларға мемлекет тарапынан штат бөлініп, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етеді.
Жыр-термемен сусындап өскен бала тұнып тұрған тарихты, суырып-салма ақындықты, әншілікті меңгереді. Жырдың әлқисасындағы көп кездесетін құрмалас сөйлемдерді айту арқылы баланың тілі жаттығады. Абай атамыз айтқандай, «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» ұйқастары мен баяндалған оқиға баланың көз алдына келіп тұратындықтан адамның қиял кеңістігін кеңейтеді. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бабалар қалдырған асыл мұраның ұрпаққа берері ұшан теңіз», – деген ойлы пікірін ортаға салды.
Бүгінгідей жаһандану дәуірінде бізді алған бағытымыздан айнытпай, асыл мұратымызға жеткізетін жол – ата-бабалармыз салған сара жол екені анық. Ендеше сол ата-бабамыздан қалған асыл мұраны ардақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу үшін жасалған жобалар болашақта мол жемісін беретініне сенеміз.
Зорагүл Әбдіқадір