Талғар қаласының тұрғындары 20 қарашада ел болашағы мен кемел келешек үшін кезектен тыс өткен президент сайлауында өз таңдауын жасау үшін сайлау учаскелеріне қарай ағылды. Қалада барлығы 24 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Оның екеуі – жабық сайлау учаскесі. Сайлаушылар таңғы сағат 7.00-ден бастап, кешкі 20.00-ге дейін дауыс берді. Талғар қаласы бойынша дауыс беруге тиісті 41 808 адамның 21 233-і сайлауға қатысты.
Абай атындағы №3 жалпы білім беретін орта мектепте орналасқан №837 сайлау учаскесіне тіркелген 2490 адамның сағат 11:00-ге дейін 200-ден астамы дауыс берген. Олардың ішінде кәмелет жасқа енді толған жастар да, сексеннің сеңгірінен асқан қарттар да бар. Сондай-ақ дауыс берушілердің ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарды өз өтініштері бойынша арнайы техникамен жабдықталған инватакси алып жүрді. Сайлау учаскелері қажетіне қарай арнайы кабинкалар, шам, ұлғайтқыш әйнектермен жабдықталды. Сонымен қатар денсаулығына байланысты үйінен сыртқа шыға алмайтын 6 қала тұрғынының үйлеріне №837 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері жылжымалы сайлау жәшігін жеткізді. Тарихи сәттен қалыс қалмай, өз азаматтық ұстанымын білдірген қарт сайлаушылар жас ұрпақтың болашағы мен халқымыздың өркендеуіне жол ашатын маңызды қадам екенін айтып, ел амандығын тілеп, ақ баталарын берді.
Айта кетейік, қала көлеміндегі барлық сайлау учаскелерінде өздігінен келе алмайтын қарт кісілер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жылжымалы жәшік арқылы таңдау жасауға мүмкіндік қарастырылған.
Сайлау учаскесі комиссиясының төрайымы Абсадыкова Эльмира Абылгазиевнаның айтуынша, саяси науқанға қатысушылардың қатары көп. «Біздің сайлау учаскемізде сайлаушыларға 11 адам қызмет көрсетуде. Таңғы 6.45-тен бастап жұмысқа кірістік. Алғаш болып келген 3 сайлаушыға және қарт кісілерге, он сегізге толған тұрғындарға сый-сияпат табыстадық. Сайлау барысын 4 байқаушы және «Аманат» партиясының сенімді өкілдері сайлаудың өту барысын бақылап отырды. Қазіргі уақытқа дейін бақылаушылардың тарапынан ешқандай ескертулер жоқ», – деді Эльмира Абсадыкова.
Кезектен тыс президент сайлауында өз таңдауын жасаған тұрғындармен де тілдестік. Жұбайымен бірге келген қала тұрғыны Бақытжан Төлепберген өз ойын былай деп жеткізді: «Бүгін – халқымыз үшін айтулы күн. Бұл сайлаудан үлкен үміт, жақсылық күтеміз. Сайлау барлық талаптарға сай өтіп жатыр. Ауа-райының жаңбырлы болғанына қарамастан халықтың қарасы көп. Себебі еліміздің дамуы білікті басшыға тікелей байланысты».
Ал жұбайы Гүлнар Сембайқызы: «Егеменді еліміздің баянды болашағы үшін маңызы зор саяси шараға бір кісідей атсалыстық. Отбасымызда жолдасым, інім, мен және кәмелетке толған балаларымыз бар, барлығымыз сайлауға келдік. Өз таңдауымызды жасадық. Бұл науқанға ең алдымен еліміздің тұрақтылығы нығая түсуі үшін қатысып отырмыз», – дейді.
Түске таяу қалалық әкімдік атынан мектептің кіреберісінде шатыр тігіліп, қазан-ошақ, самаурын қойылып, сайлауға келушілерді жылы қарсы алып, оларға ыстық бауырсақ пен шай таратылды. «Сайлау учаскесіне келгенімде осындай тосын сый күтіп тұр екен. Бауырсақтан дәм таттық. Дәмі тіл үйіреді. Содан соң дауыс беріп, өз таңдауымызды жасадық», – дейді Әсел есімді қала тұрғыны. Ал талғарлық Ақниет Жармұхаметқызы: «Өз басым осындай еліміз үшін аса маңызды саяси науқанға міндетті түрде қатысамын. Еліміздің тәуелсіздігі нығайып, халқымыздың әл-ауқаты жақсара берсе екен деп тілеймін», – деп өз ойын білдірді.
Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №7 жалпы білім беретін лицей орта мектебінде орналасқан №838 сайлау учаскесінде де дауыс берушілердің қарасы көп. Сайлау учаскелік комиссиясының хатшысы Курманбекова Алияны сөзге тарттық. «Сайлауда заң бұзушылық тіркелген жоқ. Өзім көп жылдан бері комиссия хатшысымын. Осы жолғы президент сайлауында қала тұғындары белсенділік танытып жатыр. Таңғы сағат 5:50-де келген апамызға ұялы телефон сыйға тарттық. Сонымен қатар 18 жастағы жасөспірімдерге де арналған сыйлығымыз бар. Дауыс берушілерге кітап, ұялы телефон, құлаққап сияқты бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ Талғар қаласының әкімі Күрішбеков Бақыт Қуатбекұлы осы сайлау учаскесінде дауыс берді. Мектептің алдында арнайы шатыр тігіліп, қала тұрғындары дауыс беріп келушілерге әр түрлі дәмді бәліш пен алуан-түрлі сусындардың жәрмеңкесі ұйымдастырылды», – дейді сайлау учаскелік коммиссиясының хатшысы.
Кезектен тыс өткен сайлауда халықтың билікке деген көзқарасынан оң өзгеріс байқадық. Себебі жасынан жасамысына дейін азаматтық құқығын пайдалана отырып, жауапкершілік танытып, ел үшін таңдау жасап, айтулы науқанға барынша атсалысты. Қалалық сайлау учаскелері өз жұмысын жоғары деңгейде атқарды деуге болады. Тұрғындардың саяси белсенділігінің артуы, ел ертеңіне сенім білдіруі қуантты. Сайлау туралы айтылған пікірлерге қарап ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына оң баға берілгенін бағамдауға әбден болады.
Кәусар Әбдікерім