Ауыл тұрғындарының шағымы көбейіп кеткен соң жай-жапсарды білмекке айдан аса Талдыбұлақты айнала қазып жатқан көп техника мен жұмыскерлер жүрген жерге барған едік. Аяқ астына барғандықтан алғашқыда тосырқап қалған жұмысшылар сөзден де тосылып, тіл қата қоймады. Тіпті жауап беруге мұршалары да жоқ еді. Өйткені қарқынды жүргізіліп жатқан жұмыс өткен-кеткенмен сөйлесіп тұруға мүмкіндік бермегені де анық.
Оларға кедергі келтірмейін деген ниетпен:
– Басшыларыңызбен сөйлессем деп едім. Телефон нөмерін берсеңіздер… – деген соң жұмысшылардың біреуі:
– Ана жақта жобаның төлқұжаты тұр. Сол жердегі нөмірге хабарласыңыз, – деп жөн сілтеді. Дереу барып әлгі нөмірге телефон соққан едім, Құдай оңдап (бұлай деуіміздің себебі әр саладағы көптеген басшылар телефон тұтқасын көтермек түгілі, бетпе-бет кездескенде сұраққа жауап бермей зытып кететіні бар!), тұтқаны тезарада көтерген «Мелиоратор» ЖШС-нің бөлім меңгерушісі Осман Шаханов өзін таныстырып, қызу жұмыс жүріп жатқанда қолындағы жоба құжатын алға тарта отырып жай-жапсарды былай деп түсіндірді:
«2012 жылдан бастап халық таза ауыз су керек деген хаттар мен өтініштер жазып, осыған байланысты 2017 жылы Бірлік, Талдыбұлақ, Алтын дән, Шымбұлақ, сосын «Береза» санаторийіне су құбырын тарту үшін арнайы жоба жасалды. 11 830-дан астам халық қоныстанған бұл ауылдарда ауыз су мәселесін шешу мақсатында жасалған бұл жобаға осы жылы, яғни 2022 жылы қыркүйекте ғана бюджет тарапынан 1 миллиард 917 миллион теңге қаржы бөлінді. Біз де сол кезде дереу жұмысқа кірістік. Аталған ауылдарға су құбырларын жаңадан тартып, Бірлік пен Талдыбұлақ ауылын сумен қамтамасыз ететін 500 және 100м.куб су сыятын 2 су қоймасын саламыз. Алматы-Талғар күре жолын астыңғы жағынан горизанталь түрде бұрғылау арқылы 8 су құбырын өткізетін боламыз. Жұмыстың аяқталу уақыты 12 айға белгіленген. Келесі қыркүйекте жұмысты аяқтап, толық өткізіп, іске қосуымыз керек. Бірақ біз қазірдің өзінде І-аумаққа қатысты атқарылатын жұмысты аяқтап қойдық. Қазір жоспар бойынша ІІ-аумақтың жұмысын бастап жатырмыз. Талдыбұлақта тиесілі жұмыстың 80%-ы істелді. Бірлік ауылына су құбырларын тарту жұмыстары да басталып кетті. Жалпы 49 524 м су құбыры тартылатын болса, оның ішінде Талдыбұлақта 24 842 м, Бірлікте 18 547 м, Алтын дәнде 6 200 м су құбыры жаңадан тартылатын болады».
Айта кету керек, көшелердің лай-теңіз балшыққа айналып, жаппай қазылып жатқанына наразылық білдірген ауыл тұрғындарының да шағымы шаш етектен. Бірі жаңбыр мен қарда езіліп жатқан көшеде белшемізден батпаққа батып, зорға жүрміз десе, енді бірі тас жолдардың тас-талқаны шығып жатқанын айтып налиды. Қазылған жол шетіне құбыр тасталып, беті жабылғанымен топырағы отырып кеткен жерлердің ойым-ойдым болып жатқанын айтқандар да аз емес. Осыған байланысты «тұрғындар тарапынан түсіп жатқан түрлі шағымдар туралы не айтасыз?» – деген сұрағымызға:
– Бұл туралы ештеңе айтпай-ақ қояйыншы… Адам болған соң ондай сөздер айтыла береді ғой. Біздің мақсат оларға ренжу емес, ауылға жаңа су құбырын тартып, таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Сондықтан ондай сөздерге мән берудің қажеті жоқ. Тұрғындар да бұл мәселеге түсіністікпен қарауы керек. Ескі құбырдың суынан әр түрлі қалдық заттар шыққанына шағымданып еді, енді жаңа құбырды тарға мүмкіндік бергісі келмейді. Бұл – парадокс. Сол үшін жұмыс аяқталғанша шыдауы керек қой. Жерді қазбай қалай су құбырын тартамыз?… – деп жауап берді.
40-тан астам адамнан құралған 8 бригаданың қарқынды жұмысы жерге тоң қатқанша тоқтамақ емес. Осыған орай ауыл ішіндегі кіші көшелердің жұмысы аяқталса, негізгі көшелердің жұмысы күн жылына басталмақ. Мәселен, Талдыбұлақтағы Байғазиев пен Нұржұма көшесінің жұмыстары алдағы жылға жоспарланған. Мұқанов, Мүсірепов, Латиф Хамиди, Ақ мешіт, Нұрпейісов, Әуезов, Ладушкин, Теберіков, Мақатаев, Рысқұлов көшелерінің жұмыстары толық аяқталса, Байғазиев көшесіне тиесілі жұмыстың жартысы істеліп қойған. Қазір 8 экскаватор, 2 манипулятор және бірнеше ауыр жүк көлігі, сондай-ақ бірнеше жүк басатын, қазылған жердің топырағын жауып, үстін тегістейтін техникалар жұмылдырылған жұмыстың барысы да көңіл көншітерліктей қызу жүріп жатыр. Талдыбұлақ ауылының жұмысы аяқталса, жыл аяғына дейін Бірлікке қатысты құбырларды тартып болған соң, Алтын дән ауылы мен «Береза» санаторийлерінің жұмысы өз кезегімен жүргізілетін болады. Көше бұрылыстарына қос-қостан салынып жатқан қара түсті бетон сақиналардың ішіне 2 немесе 6 абоненттің су қолдану құбыры жеке-жеке қойылып, осыған сәйкес әр үйдің су есептегіш құралы орнатылатындықтан оны тексеретін мамандар да әркімнің есігін қағып, олардың артық сөзін естіп, итіне қабылудан, яғни жүйкесін бекер жұқартудан біржолата құтылады деген сөз.
Өздері айтса сенбес едік, көзімізбен көргенді жеткізіп отырмыз. Сондықтан ауыл тұрғындарын аздаған қиындыққа төзе тұруына тура келеді. Өйткені «Таза су – денсаулық кепілі» екенін ескерсек, бұл ретте атқарылып жатқан жұмысқа кедергі келтіруге де еш негіз жоқ.
Бөлім меңгерушісімен сөйлесіп тұрғанда «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей, осы жобаның бас жетекшісі Дулат Сайлаубекұлы да келе қалды. Ауылдың ауыз су мәселесін толығырақ айтып беруін өтініп, ол кісіні де сөз тарттық. Сонымен Д.Сайлаубекұлы не деді? Өзіңіз оқып көріңіз.
– Бұл жоба 2012 жылы жасалып, 2019 жылы өзгерістер енгізілді. Белбұлақ ауылдық округін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында тапсырыс берген осы ауылдың әкімшілігі бұл жобаның жүзеге асуына мүдделі болғандықтан, жұмыстың барысын да қадағалауға құқылы. Сондықтан жұмысты бірселе атқарып жатырмыз деуге болады.
Жұмысты бастауға осы жылдың қыркүйегінде шешім шыққан. Сол кезде басталған жұмыс қазір қызу жүріп жатыр. Бұл республикалық ауықымды жоба бойынша бюджет қазынасынан қаражат бөлініп, 3 елдімекенге жаңадан су тарту қарастырылған. Ол Талдыбұлақ, Бірлік және Шымбұлақ ауылдары. Оларды сумен қамтамасыз ету үшін біреуі 250 м.кубтан тұратын 2 су қоймасы Шымбұлақтың жоғарғы жағына салынады. Кеңестік кезеңнен бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан 500 м.кубтық су қоймалары толық жаңартылып, екі 500 м.кубтық су қоймасы іске қосылады. Қазір Талдыбұлаққа тиесілі 24 842 м су құбырының 12 000 метрі тартылып бітті. Келесі жылы қыркүйекте жұмыс аяқталады. Тоң қатқанша жалғасатын жұмыс қаңтар айында тоқтайды. Өйткені техникалар қатты жерді қаза алмайды да, жұмыстың сапасы да ойдағыдай болмай қалады. 1970 жылдары тартылған ескі су құбырлардың әбден тозығы жеткендіктен жер астында қалады. Қазіргі жұмысқа байланысты оның кейбір жерлері жұлынып кетіп, тұрғындар «сусыз қалдық» деп шағымданып жатады. Өкінішке орай ол құбырлардың қай жерлермен өткенін ешкім білмейді. Құжаттары да жоқ.
Қазір ешқандай қысымсыз тартылып жатқан құбырлардың жұмыс аяқталған соң, осы құбырларға су берілген кезде ғана жұмыстың сапасы белгілі болады. Жұмыстың негізгі этабы да осы. Сондықтан оның қысымын есептеп, құбырдың ақауларын қалпына келтіру жұмыстарына да біз жауаптымыз.
Ескі су құбырлары ауылдардың бұрынғы бөлігінде орналасқандықтан, алдыңғы жобада жаңа құрылыс жағы мүлде ескерілмей қалған. Ол мәселе бойынша техникалық жиналыс өткізіліп, оған арнайы жоба жасалатыны айтылған. Бірақ оның қашан дайын болатыны әзірге белгісіз.
Тұрғындар тарапынан қойылып жатқан талаптар бойынша айтарымыз мынау: Атқарылып жатқан жұмысқа түсіністікпен қарап, артық арыз-шағымнан аулақ болуын сұраймыз! Ауыл үшін атқарылып жатқан игі жұмысқа кедергі болатын нәрселерден аулақ болған жөн. Кейбір тұрғындар «көшені бүлдірдіңдер, суымыз бар, мұның керегі не бізге?» деген сияқты шағымдар айтады. Сол су алып отырған құбырларының қызмет мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Әбден тозығы жетіп, жарамсыз жағдайда жатыр. Ал біз өзімізге тиесілі жұмысты толық атқарып, бұған қатысты жауапкершілікті де түгелдей мойынымызға аламыз. Кезінде бұл жақта тұрғын үйлер болған жоқ. Сол кезде ашық жерлермен тартылған құбырлардың үстіне қазір құрылыс салынып кеткен. Су құбырларын жаңадан тартудың басты бір себебі де осы… – деген жоба жетекшісі топырағы қазылған жол шеті мен талқандалған тас жол мәселесін де аталмыш ЖШС толық ретке келтіреді деген уәж айтты. Барлық жұмыс аяқталған соң қазылған жерлердің топырағы қайта тапталып, тас жолдардың бүлінген жеріне асфальт төселіп, көше топырақтан тазартылады деп сендірді. «Біз осы жұмысқа жауапты басты мердігер болсақ, бұл жұмысқа жауапты бізден басқа 8 қосалқы мердігер бар» деген жоба жетекшісінің сөзіне сүйенсек, аталмыш мәселені шешу барысында «Қойшы көп болып, қой арам өліп» жатпаса екен деген ойдың қылаң бергенін де жасырмаймыз… Жұмыс барысында түсірілген суреттер де ойымыздың айғағы ретінде назарларыңызға ұсынылып отыр. Бірақ бұл жобаға жауапты ЖШС жұмысты жер ортасынан тастап, жауапкершіліктен жалтарып кетеді дегенді білдірмейді. Ауылдың белсенді азаматтарының өтінішімен соңғы үш күнде қазу жұмыстары тоқтатылды. Себебі сіркіреген жаңбырдан лайға айналған ауыл көшелерінде жаяу жүру мүмкін болмай қалды. Ендігі жерде мердігер компания ең әуелі су құбырын жүргізу үшін қазылған көшелерге қиыршық тас араласқан құм төгіп, жолды тегістеумен айналыспақ. Қалған жұмыс осыдан соң жалғасатын болады.
Жаңа су құбырларына қосылу мәселесі жұмыс аяқталғаннан кейін «ТалғарСу» ЖШС-гіне өткізілген кезде шешілетін көрінеді. Демек бұл кезде әр үйге жаңадан су тарту мәселесі алға шығады. Бұл халықтың кезінде бала-шағаның ауызынан жырып, онсыз да қолында барының басын әрең құрап, білетіндерден жөн сұрап, біреуге жалынып, біреуге жалданып, біреуді әке, біреуді көке деп жүріп үйіне зорға су тартқызған халықтың шамына тимей, шаруаның ретін келтірсе деген әрі өтініш, әрі ұсыныс бар. Сондықтан халықтың мұңын тыңдап, шағымына құлақ асатын мәселеге жауапты мекеме мұны да шешудің оңтайлы шешімін қарастырады деп сенеміз. Бұл айтылғандарды аудан, ауыл басшыларының да құлағына алтын сырға деп ұққан жөн!
Жанбота Сұлтанмұратқызы