Бүгінгі банкнот сериясы 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10 000 және 20 000 теңгелік номиналдармен ұсынылған. Ал монеталар тізбегі 1, 2, 5, 10, 20, 50, 100 және 200 теңгелік монеталармен қалыптастқан.
1993 жылдың 15 қарашасында төл теңгеміз қолданысқа енгендіктен осы күнді қазақстандықтар Ұлттық валюта күні ретінде атап өтуді дәстүрге айналдырғалы да 29 жылдың жүзі болды. Алдағы жылы 30 жасқа толғалы отырған төл теңгенің тәуелсіз елдің басты нышаны ғана емес, біз үшін маңызы зор тарихи-мәдени құндылық екені анық.
1992 жылдың 27 тамызында Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітіп, Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлелов секілді суретшілер теңгенің бар болмысын қазақ елінің терең тарихымен көмкеріп, болашағын көркем бейнелеп шықты. Содан бері қаншама өзгерістер еніп, қанша мерекелік монеталар жасалғанын сіз бен біз көзбен көріп келеміз. Теңге тарихына аз-маз зер салайықшы.
1993 жылы 12 қарашада төл теңгеміз туралы жарлық шығып, 15 қарашада айналымға енді. Сол күні таңғы 08:00-ден бастап кеңестік рубль-
ді жаппай теңгеге айырбастау басталды. Ол кезде 1 теңгенің құны 500 рубльге тең болды. Сөйтіп 15 қараша мен 18 қараша аралығында КСРО-ның 1961- 1991 жылдарда шығарылған рубльдерін ұлттық валютамызға – теңгеге айырбастау шаралары жүзеге асты. Қолында бар рубльді теңгеге айырбастаған жұрт жапатармағай банктерге ұмтылды. Қанша екені есімде жоқ, сол кезде бір адамға тиесілі ақша айырбастаудың шектеулі сомасы белгіленген еді. Одан артығын айырбастай алмайғандар рублі жоқ адамдарды іздеп, соларға бөліп беріп, ауыстыртып алып жатты. Ал айырбасталмай қалған рубльдерін бала-шағаға таратып беріп, әр түрлі жерлерге коллекция ретінде жапсырып, тіпті көшедегі асфальттардың үстіне де тізіп тастағанын көзімізбен көрдік. Өйткені ендігі жерде ол еш пайдаға жарамайтын еді. Қуаныш пен реніштің айқасқан кезі де осы болар-ау, сірә…
Бастапқыда кеңестік рубль банкноттарының қазақша аудармасында «сом» көрсетілгендіктен қазақстандық валютаны солай атау жоспарланды. Бірақ көптеген дәлелді талқылаулардан соң Ұлттық валютаны «теңге» деп атау туралы Халықаралық инженерлер академиясының академигі, ғалым, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов ұтымды ұсыныс жасады. Бұл да терең тарих екенін қазіргі жастар біле бермейді.
Ал алғашқы теңгенің дизайны қалам, калька, тушь, қарындаш, акварель және темпер көмегі арқылы қолмен жасалғанын сіз білесіз бе? Теңгеге Меңдібай Әлин, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов, Тимур Сүлейменов, Хайрулла Ғабжалылов сынды дизайнерлердің тері сіңді. Түрлі номиналдағы банкноттардың дизайнын жасау барысында қажетті тариxи тұлғалар таңдалып болған соң, суретшілер ол тұлғалардың шынайы түр-бейнесін табу мәселесіне тап болады. Өздеріңіз білетіндей, тариxи тұлғалардың басым бөлігінің нақты суреттері жоқ. Мысалы, әл-Фарабидің бейнесі қандай болғанын ешкім білмейді. Біз қолданып жүрген ғұламаның портреті кезінде КСРО Ғылым академиясында стандарт ретінде бекітілген. Ал Әбілxайыр xанның суреті ағылшын саяxатшысы Аткинсонның жұмыстарынан табылды. Абылайxанның бейнесі орыс тарихының дерекөздерінен, ал Сүйінбай тұлғасы қазақ сурет өнерінің негізін қалаушы Әбілxан Қастеев мұрағатынан алынды.
Банкноттардың қорғаныс қасиеттері номиналдың құнына қарай жасалатынын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Мысалы, 10 мың теңгелік банкнотта 18 дәрежелі қорғаныс болса, 200 теңгелік купюрада қорғаныс дәрежесінің көрсеткіші одан әлдеқайда аз болады.
Халықаралық валюта қауымдастығы (IACA) 2007 жылы 10 мың теңгелік банкнотты әлемдегі ең үздік валюта деп таныса, әлем елдері валютасының арасында жалған ақша жасаушылардың жымысқы әрекетінен қорғалған қауіпсіз валюта ретінде танылған теңге бүкіл әлемдік банкнот коллекционерлерінің тәуелсіз бірлестігі ретінде танылған Халықаралық банкноттар қоғамында (IBNS) қазақстандық банкноттар 2011 жылдан 2013 жылға дейін әлем бойынша ең үздік деп танылып, 2014 жылы түркі жазуына арналған «Күлтегін» ескерткіш банкноты 2013 жылдың ең үздік банкноты аталды. Интертет желісінде жыл сайын дауыс беру арқылы жылдың үздік банкноттарын анықтайтын бұл қоғамға 90-нан астам елдің сарапшылары мүше. Сондықтан америкалықтар теңгенің технологиясына сүйеніп, доллардың қауіпсіздігін күшейткені туралы естіп пе едіңіз?!
Сондай-ақ 2016 жылы High Security Printing Europe конференциясында 20 мың номиналды банкнот 2015 жылдың ең үздік аймақтық банкнотасы деген марапатқа ие болды. 2000 жылдан бүгінге дейін жыл сайын халықаралық байқауларға үнемі қатысып келе жатқан Қазақстан теңге сарайы мен Ұлттық банк дизайн мен технологиялық жаңашылдығының нәтижесінде әртүрлі номинациялар бойынша 23-тен астам марапатқа ие болды. Бұл – еліміз үшін айтулы жетістік болса, біз үшін үлкен мақтаныш.
Өз елімізде ақша басып шығаратын фабрика болмағандықтан теңгенің алғашқы партиясы Лондонда, Harrison&Sons фабрикасында басылып, алғашқы ақшаларды жеткізу үшін Лондоннан Қазақстанға 18 әуе сапары жасалды. Жүз еселенген бөлшегі «тиын» деп аталтын 1, 3, 5, 10, 20, 50, 100 номиналды алғашқы теңгелерді қазақстандық банктарға бөліп беру 8 күн ішінде жүзеге асырылды. Ал сол кездегі қазақстандық монеталардың алғашқы легі Германияда жезден және никельден, күмістен жасалған құнды жәдігер еді.
1992 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытының негізінде Қазақстан теңге сарайы құрылып, осы жылы 26 мамырда құрылған Қазақстан ұлттық банкі полиграфия фабрикасында тұңғыш рет 1993 жылы маусымда Егемен Қазақстан тарихында алғашқы қағаз тиындар мен бағалы қағаздар шығаратын цех іске қосылды. Сөйтіп 1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы аумағында ұлттық валютаның енгізілуі туралы шешім қабылданып, осы сәттен бастап Қазақстан Республикасы Ұлт-тық Банкі – эмиссиялық банк болып қайта құрылды. Қазақстан Республикасы Ұлттық банктің эмиссиялық қызметі оның құрылымдық бөлімшелері болып табылатын Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Банкнот фабрикасының банкноттары мен Өскемен қаласындағы Монета сарайында дайындалған монеталар арқылы іске асып келеді.
1998 жылы қарашада Қазақстан теңге сарайында қазіргі айналымда жүрген монеталардың алғашқы коммерциялық партиясы шығарылды. Сол уақыттан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын Ұлттық банктің түсті металдардан, алтын және күмістен жасалатын ұлттық валюта монеталарын шығару жөніндегі тапсырыстарын орындайды. Олар айтулы оқиғалар мен мемлекеттік мерекелер қарсаңында шектеулі көлемдегі монеталар шығарумен қатар, диаметрі 100 миллиметрлік, салмағы килограммға дейін жететін шеңберлі, естелік, коллекциялық монеталар мен түрлі номиналды «proof» сапасындағы бағалы металдардан жасалған ерекше құнды монеталық заттар жасаумен айналысады. Сонымен қатар мемлекеттік наградалар мен медальдар да осы жерде жасалады.
Қазақстандық теңге сарайы құрамына Англияның Корольдік монета сарайы сияқты нарықтың алпауыттары кіретін Монета сарайлары қауымдастығының мүшесі болып табылады. Бүгінде Қазақстан монета сарайы таяу және алыс шетелдердің де тапсырысын тұрақты түрде орындап келеді. 1993-1998 жылдар аралығындағы теңгелерде қазақтың қалыбы мен тарихын танытатын ірі тұлғалар бейнеленді. Айталық, 1 теңгеге әл-Фарабидің бейнесі, 3 теңгеге сөздің пірі – Сүйінбай Аронұлының, 5 теңгеге дәулескер күйші – Құрманғазы Сағырбайұлының, 20 теңгеге ұлы ақын Абай Құнанбайұлының, 50 теңгеге Әбілқайыр ханның, 100 теңгеге Абылай ханның портреті бейнеленді.
Айта кетейік, теңге еліміздегі алғашқы ақша емес. Тарихи деректерге жүгінсек, қазақ даласында қолданылған алғашқы ақшалар сан ғасырлар бұрын кәдеге жараған. Сырдарияда, Отырар алқабында билік құрған түркілер, VII-VIII ғасырларда Жетісуды мекендеген түргештердің де өз ақшалары болғаны туралы деректекр бар. Отырар мен Исфиджабта монет сарайлары жұмыс істеп, VIII ғасырлардан жалғасқан Х ғасырдың орта тұсында қалалар тез өсіп, тауар өндірісі мен сауда көлемі айтарлықтай өскенін тарихтан білеміз. Ол кезде ұсақ бөлшек саудада көбіне мыс фельстер қолданылып, алтын монеталар да айналымға түскенін тарихи деректер растайды. Түрлі құнды металдардан жасалған монеталар сау-
дада дара түрінде ғана емес, қажетіне қарай кесектеп сындыратын болған. Он төртінші ғасырдың соңында Қазақстанда Әмір Темір монеталары айналымға енеді. Сонымен қатар Қазақстан қалаларындағы қызу саудада мыстан жасалған динарлармен бірге Самарқанд, Бұхара, Ташкент монеталары қолданыста болды. Қазақстан біртұтас рубль аймағына ХХ ғасырда кіріп, бұл үрдіс 1993 жылдың қараша айына дейін, яғни тәуелсіздігімізді алғанға дейін жалғасты.
Теңге тарихы да қазақ тарихы сияқты талай теперіш көріп, тәжікеден өткені белгілі. Мына дерекке назар салсаңыз сіз бен біз қолданып жүрген төл теңгеміздің көрген құқайына көз жеткізесіз. www.inform.kz сайтында: «Күрделі жиырмасыншы 1992 жылы 26 шілде күні Ресей өзінің төл валютасын енгізгеннен бастап, өзге елдердің, соның ішінде «рубль аймағындағы» Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты елдердің қаржылық жүйелерін бөліп жібергендігін хабарлады. Сондай-ақ Ресей Орталық банкі Қазақстанға қазақ нышандары бар рубльді шығарып беруді ұсынған. Осыған қоса олардың мынадай талаптары болды: біріншіден, рубльді пайдалану үшін Қазақстан Ресейдің құрамына, Ресей Федерациясының субъектісі ретінде енуі керек; екіншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жинаған небәрі 700 млн-нан астам АҚШ долларындағы алтын-валюта резервін Ресейдің орталық банкіне тапсыруы керек. Қорыта айтқанда, олар өз рублін Қазақстан тәуелсіздігімен алмастыруды ұсынды. Сол уақыттан бастап Қазақстанда КСРО-ның рубльдері ғана айналыста қалды және өзге рубльден бөлінген аймақтардан олардың келуіне шек қойылмады. Ақыры оған дейін құнсызданған рубль әрі қарай құнсызданып, инфляция қарқыны 2900 пайыздан асты. Міне, осындай келеңсіз оқиғалардың орын алуы Қазақстанның төл валютасын шығаруға еріксіз жол сілтеді» деген тарихи маңызы бар дерек келтірілген.
Еске сала кетейік, төл теңгеміз алғаш шыққанда1 теңгенің рубльге шаққандағы ресми түрде белгіленген теңгерімі 500 рубль болса, 1 АҚШ доллары 4,75 теңге болып бекітілді. Ежелгі көрші Қырғыз елінің 1 сомы біздің 3 теңгеге тең еді. Ал енді қарашаның 17-сі күні Ұлттық банк бекіткен валюта бағамы бойынша 1 теңгенің өзге валюталарға шаққандағы құнына зер салып көріңіз.
АҚШ/ KZT – 459.35 (АҚШ доллары)
EUR / KZT – 478.60 (Евро)
RUB / KZT – 7.61 (Ресей рублі)
GBP / KZT – 546.49 (Фунт стерлинг)
TRY / KZT – 24.68 (Түрік лирасы)
UAH / KZT – 12.44 (Украина гривні)
CNY / KZT – 64.88 Қытай юані)
KGS / KZT – 5.44 (Қырғыз сомы )
AED / KZT – 125.06 (БАЭ дирхамы)
Байқап отырғаныңыздай, баға нарығы сан рет құбылып, құнсыздану үрдісі тоқтаусыз жүріп, қымбатшылық қысқан ел «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартадының» кебін киіп келеді. Десе де ата-бабамыздың қаны мен тері сіңген киелі топырақтағы тәуелсіздіктің басты нышандарының бірі – төл теңгеміздің айтулы мерекесімен баршаңызды құттықтаймын!
Жанбота Сұлтанмұратқызы