Абу-Дабидегі (Біріккен Араб Әмірліктері) джиу-джитсудан өткен әлем чемпионаты 2022 жылы 28 қазан мен 8 қараша аралығында өтті. Қызу тартыспен өткен бұл чемпионатқа әлемнің 65 елінен 1500 спортшы қатысты. Оның 28-і біздің елдің спортшысы. Аталмыш әлем чемпионатында чемпионатында 38 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған атыраулық Болашақ Сүйекенов әлем чемпионы атанса, 85 кел салмақта белдескен Руслан Исраилов финалдық жекпе-жекте Канада өкілі Ньютон дос Сантоспен жекпе-жекте Қазақстан қоржынын тағы бір алтынмен толықтырды. Біріккен Араб Әмірлігі мен Таиланд және Ресей спортшыларынан басым түскен 14 жасар Жібек Құлымбетова «Не-ваза» турнирінде осымен 4 дүркін әлем чемпионы атанды. Ал алматылық Нұрай Алтынбек болса 40 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, турнирдің жеңімпаздар тұғырынан көрінді. Райымбек Ержан үздік үштіктенорын алып, Дарина Жұмаш пен Айнұр Байғұжа, Серікжан Мағаздар өз салмағында күміс жүлдегер атанды. Топ жарғандар арасында Бірлік ауылының тумасы, Қафиза Әбдіғұлов атындағы №34 мектеп-гимназиясының түлегі, қазанның 28-і мен қарашаның 12-сі аралығында Абу-Дабиде өткен Әлем чемпионатының 16-17 жас аралығындағы белдесудің қола жүлдегері Райхан Абдуллаева да бар. Жарыстың барысы туралы жүрек жұтқан жұдырықтай қыздың өз аузынан естиік.
– Айналайын Райхан, өткен аптада елдің атын ғана емес, аядай ауылыңның да атын әлем алдында асқақтатып, әлем чемпионы атаныпсың. Жеңісіңмен қуанышыңа ортақпын. Құтты болсын! Биіктей бер!
– Рақмет! Бұл – бәріміздің жеңісіміз деп ойлаймын.
– Алдымен отбасың туралы айтып өтсең?
– Ата-анам бар. Олар – қарапайым шаруа адамдары. Үйде екі баламыз. Мен кішісімін.
– Жарыстың барысына көшсек. Чемпионат туралы кеңірек тоқталып өтсең. Қанша елден, қанша спортшы қатысты?
– Барлық жас аралықтары бойынша өткен бұл додаға 62 елден 1500-ден астам спортшы қатысты. Оған біздің елден 28 спортшы барды. Соның ішінде жерлестерімнен чемпионаттың алғашқы күндерінде-ақ 55 келі салмақ дәрежесінде, 16-17 жастар арасында күресте Абзал Заңғар алтын медальді жеңіп алып, екі дүркін әлем чемпионы атанды.. Ол джиу-джитсудың «Файтинг» түрінен бақ сынады. Джамаль Рузахунов «Не-ваза» түрінде күресіп, 66 кг салмақ дәрежесінде ІІІ орынды иеленді. 38 келі салмақ дәрежесінде Самат Эмирхан қола медальге қол жеткізді. Ол 63 келі салмақ дәрежесінде бақ сынасқан Аделя Ушурова да дәл сондай нәтиже көрсетті. Джиу-джитсу бойынша шәкірттеріне барын үйретіп, қолынан жетелеп жүрген бапкерлеріміз бен барлық спортшыларды жеңістерімен құттықтаймын!
– Алдыңғы орынға жетуге не кедергі болды? Тәжірибе ме, әлде сәттілік жетіспеді ме?
– Менің жасым мен салмағымдағы күреске 9 спортшы қатысты. Олардың бәрі әр елден іріктеліп шыққан үздік әрі тәжірибелі спортшылар. Біз 4 минут күрестік, есеп 0:0 болып аяқталды. Алайда төрешілердің шешімі бойынша жеңісті израильдық қызға берді…
– Қазақстандық спортшылардың ішінен тағы кімдер жеңіс тұғырынан көрінді?
– Көбінің аттары есіме түспей тұр, олар ренжімейтін шығар. Есімде қалғаны І-орынды қазақстандық, ІІ-ші орынды тайландтық қыз алды. Талғар жасөспірім мектебінен барған Ерик Дюшалы өз салмағында күміс медальге қол жеткізді. Ал Артур Пиха алтын медаль алса, Рамазан Айым қола жүлдені иеленді. Барғандардың ішінде жүлдесіз қайтқаны некенсаяқ деуге болады. Бұл – жарыс, сондықтан жеңгендер мен жеңілгендердің болуы қалыпты жағдай. Алайда, айта кету керек, әлем чемпионатына барған барлық спортшыларымызды өте мықты дайындықтан өткен, үздіктердің үздігі деуге болады.
– Сендердің буын нағыз тәуелсіз кезеңнің ұрпағы ғой. Сен үшін еркіндік пен тәуелсіздіктің, жеңістің өлшемі қандай? Кейбір спортшылар әлем чемпионатына қатысқанның өзі мәртебе деп жатады. Жеңіске жету міндетті деп ойлайсың ба?
– Мен үшін еркіндік деген адам баласының өз қалауын еш қысылмастан жасауы. Көптің айтуынша әлем чемпионатына қатысқанның өзі мәртебе дейді, бірақ менің ойымша, жеңіске жетуге талпыну қажет, физикалық және моралдық тұрғыда адам өзін дайындау қажет.
– Өзің айналысатын спорттың нақты атауы қандай? Бұған дейінгі жетістіктерің туралы аз-кем ақпар берсең. Қай жерде, қандай жарыстарға қатысып, қандай жеңістерге жеттің?
– Үш жылдан бері джиу-джитсу спортымен айналысамын. Осы аралықта жеткен жетістіктерім көп. Аталмыш спорт түрі бойынша көк бөлбеу иегерімін, республикалық және халықаралық турнирлердің жүлделерін иелендім. Қазақстан чемпионы болдым, спорт шеберлігіне үміткермін. Сәті түсіп әлем чемпионатына жолдама алып, Абу-Даби қаласында өткен Әлем чемпионатында қатысып қайттым. Нәтиже жаман емес, чемпионаттың қола жүлдегері атандым. Бұл да мен үшін үлкен жетістіктерімнің бірі.
– Меніңше, жаны нәзік қыз бала үшін спорттың мұндай ауыр түрін таңдау оның өмірдегі миссиясын өзгертіп, мінезін қатайтып жіберетін сияқты… Осы саланың ыстығы мен суығын қатар көріп өсіп келе жатырсың ғой. Өзге қыздардың осы спортты таңдауын құптайсың ба?
– Бұл спорт қыз бала үшін спорттың аса ауыр түрі деп айта алмаймын. Рас, өз басым спортпен айналысып, жеңістерге жеткеннен кейін алға қойған кейбір жоспарларым өзгеріп кетті. Қай спорттың түрі болмасын, адамды мықты болуға үйретеді, сананы тәрбиелеп, ақылды жетілдіреді. Сондықтан міндетті түрде чемпион болып кетпесе де, адамдар спорттың бір түрімен айналысу керек деп есептеймін. Сондықтан бұл спортпен қыздардың айналысуын да құптаймын және кейбіреулер айтқандай, олардың дене пішімдері де ұл баланікі сияқты өзгеріп кетпейді. Мен үшін спорттың ең жақсысы осы деп ойлаймын.
– Жалпы бұл спортқа қалай келдің, не себеп болды? Мұнымен қашаннан бері айналысасың? Ата-анаң қарсы болған жоқ па?
– Мен бұл спортқа анам мен грек рим күресінің жаттықтырушысы Ұзақов Бағжан алып келді. Бастапқы кезде өзімнің қызығушылығым болмады. Бірақ залға келіп күресіп көргеннен кейін қызығушылығым артып, әрі қарай жалғастыруды жөн көрдім. Ата-анам әрдайым тек қана қолдайды.
– Жүрек жұтқан жұдырықтай ғана қыздың жеңіске жетуіне себепкер болған жандар туралы айтып өтсең.
– Менің бұндай деңгейге жетуім бапкерлерімнің арқасы, күнделікті жаттығуда жаңа тәсілдер үйретіп, қолдау көрсеткен Юсупов Кемаль мен Юсупов Леонидка үлкен рақмет.
– Әдетте спортты қыздардың мінезі тік, өмірге деген көзқарасы да өзгеше болады ғой. Қатарластарың мен достарың жайлы не айтасың?
– Негізі достарым көбі әртүрлі спортпен айналысады. Сондықтан бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Достықта адам таңдап жатпаймын. Ер балалармен де, қыз балалармен де араласа беремін.
– Спортшыға жеңіске жету үшін жаттығудан бөлек, өжет мінез бен ақыл, қайрат, жігер керек екені анық. Егер олар ұштаспаса спортшының жеңіске жетуі неғайбыл. Бұл туралы пікірің қандай?
– Иә, джиу-джитсу спортында тек күш пен тәсіл ғана емес, сондай-ақ ойлай білу қажет. Шахмат секілді. Ойлау арқылы жеңіске жетесің. Сонымен қатар спортта жеңісті де, жеңілісті де бірдей көтере білу қажет.
– Келбетіңе қарасам нәп-нәзік, жібектей мінездің иесі сияқтысың. Сайыс барысында ішкі арпалыс мен жеңіске деген құлшыныстың салдарынан мінезде өзгеше бұлқыныс пайда бола ма, әлде салқын сабырға жүгінесің бе?
– Спортта бәріміздің ойымызда жеңіске жету деген мақсат болады. Ол үшін бар күшіңді салып, ақылыңды барынша іске қосып, асып-саспай, білетін айла-тәсіліңді салқынқандылықпен іске асыру керек. Жеңген, жеңілген жағдайда да қарсыласыңды сыйлау қажет. Қай-қайсысын да сабырмен көтере білу маңызды.
– Мынаны білгім келеді, спортшы екеніңді мақтан тұтып, басқаларға күш көрсеткен кезің болды ма, қорғану мақсатында болса да? Әлде оған мүлде рұқсат жоқ па?
– Спортшымын, чемпионмын деп ешқашан мақтанбаймын. Қоғамдық өмірде ешкімге күш көрсетпегенмін. Спортшы болғандықтан ұрыс төбелеске қатысуды қате деп есептеймін.
– Телефоннан бас алмайтын, сабақты да оқып қарық қылмайтын, ал спортта мүлде шаруасы жоқ қатарластарыңа не айтар едің? Көп қой ондай жастар…
– Ондай қатарластарыма қандай да бір спортпен шұғылдануға кеңес берер едім. Бірақ әркімнің өз қалауы бар. Сондықтан ол біреуге ұнаса, біреуге ұнамасы анық. Бірақ уақытты босқа кетіріп, еш пайдасы жоқ нәрсемен айналысатындарды мен де түсінбеймін…
– Сабаққа да, жаттығу мен чемпионаттарға да қатысуға уақытыңды қалай жеткізесің?
– Күнделікті танертең басқа студенттер секілді сабаққа барамын. Ал кешке жаттығуға қатысамын. Жарыс кездері рұқсат бойынша сабақтан босатыламын.
– Оқу демекші, қандай мамандық бойынша, қай оқу орнында оқисың?
– Қазір Алматы қаласында Әділет колледжінде 3 курс студентімін, негізгі мамандығым менеджмент.
– Қазір нанотехнологияның дамыған заманында білім мен білікке баса назар аудармаған ел дамымайды, бір сөзбен айтқанда көштен қалады. Алдағы мақсатың қандай? Оқу оқып, білікті маман боласың ба, әлде білекті, жүректі спортшы болып қаласың ба?
– Иә, оқу-білімнің артығы болмайды ғой. Сондықтан екеуін де қатар алып жүруге тырысамын. Бұйыртса, басты мақсатым – жоғарғы оқуды спорт академиясында жалғастыру.
– Демек, болашақта осы саладан алыстап кетпейсің, әрі спортшы болып қаласың. Солай ма?
– Солай деуге болады.
– Қай спорттты алсаң да онымен айналысатын жас мөлшерінің белгілі бір шегі бар. Бұл спортпен қанша жасқа дейін айналысуға болады? Өзің қашанға дейін жасқа дейіносы салада жүрмексің?
– Бұл спортпен 4 жастан бастап айналысуға болады. 40-50 жастағы спортшылар да бар. Ал өзім қанша жасқа дейін айналысатынымды білмеймін, оны уақыт көрсетеді.
– Алтыным сол, ашық сұқбатың мен тап-таза жүрегің үшін, сендей баланы тәрбиелеген ата-анаңа мың алғыс! Барлық арман-тілектеріңнің орындалуына тілекшімін, жарқыным!!!
Сұқбаттасқан
Жанбота Сұлтанмұратқызы