ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ ОТБАСЫНДАЙ БОЛА АЛМАЙДЫ немесе АНА МАХАББАТЫН МҮЛДЕ СЕЗІНБЕЙ ӨТУІ МҮМКІН МҮГЕДЕК БАЛАЛАР

ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ ОТБАСЫНДАЙ БОЛА АЛМАЙДЫ немесе АНА МАХАББАТЫН МҮЛДЕ СЕЗІНБЕЙ ӨТУІ МҮМКІН МҮГЕДЕК БАЛАЛАР

Түс мезгілінде телефоныма таныс емес нөмірден: «Әлеуметтік қызметкерлер күні марапаттау шарасын өткізетін едік, келіп суретке түсіріп, газетке шығарып берсеңіздер» деген СМС хат келді. Белгіленген күн де жетіп, оңалту орталығына бет алдық. Шыны керек, ғимараттың қабырғасын көрген бойда тұла бойым шымырлап сала берді. Тура төрт жыл бұрын осы табалдырықта баласынан айыр­ылған ананың көз жасы көл болып төгілген еді. Онда телеарнада тілші болып істейтінмін. Қайғыдан қабыр­ғасы қарс айырылған ананы мұндағылар ішке кіргізбей, қарсылық танытып, ақыры Алматыдан келген бір топ телеарна тілшілері де ішіне кіріп, аурудан емес, адамның қолымен өз жөргегіне тұншығып өлген баланың төсегін көрдік. Түн ішінде мүгедек баланы тұншықтырып өлтірді деп айыпталған тәрбиешінің сотта өзін тым жайбарақат ұстағанына да куә болдым. 30 жастағы кінәлі келіншек сотта сөйлеген сөзінде міз бақпай: «Байлап қойғанда бала демалып тұрды», – деген еді. Бала өлімі Наурыз мерекесі күні болған. Араға төрт жыл салып мекемеде тағы да мереке… Сол жантүршігерлік оқиғадан соң аты шыққан «Аяла» мүгедек балалар интернатында не өзгерді? Тасжүрек тәрбие­шілер әлі де бар ма? Жарық дүниеге сөйлеу қабілетінсіз келген қайғысы өз алдына, осы кемістігі үшін кінәлі болып, ата-ананың мейірімінен де қағылған балақайлардың қазіргі жағдайын өз көзіммен көргім келгендіктен журналистік инстинкт аяқты тез-тез басып, интернаттың ішіне жетелей жөнелді.

Интернатта басшылық ауысқан. Есік қаласынан келген Тимур Бақыт деген жігіт 2021 жылдың ақпан айынан бастап «Аяла» орталығына директор болып тағайындалған. Бақыт бұған дейін де әлеуметтік қызмет көрсету мекемесін басқарған. Бірақ онда балалар емес, он сегіз жастан асқан жандарға бас-көз болыпты. Талғардағы осынау оқшау мекемеге балалар сәбилер үйінен келіп түседі. Мұнда үш жастан он сегіз жасқа дейін өмір сүреді. Алып кететін адамы болмаса, Есік қаласындағы интернатқа ауысады. Мүгедек балалардың бұл мекені 101 балаға арналған. Бірақ қазір ғимараттың жартысы бос. Мекемеде 58 бала ғана жатыр. Ал былтыр 75 бала болыпты. 7 баланың жолы болып, өз отбасына оралған. Ата-аналық құқынан айырылған екі отбасы есін жиып, екі баланы алып кетіпті. Өкінішке қарай тағы 7 бала ересектерге арналған интернатта өмірін жалғастырған. Балалар жатқан бөлмеге жаның ауырмай кіріп-шығу үшін жүрексіз болу керек. Бөлме балаға толы, бірақ у-шу жоқ! Балалар мекемесі, бірақ доп қуалап, жадырай жүгірген жасөспірімді мұнда көрмейсіз. Бірі арбаға, енді бірі төсекке таңылған. Бұл балалардың жалғыз тірегі – осы мекеме. Мұнда олар тамақ ішу, киіну секілді сау адамдар қадіріне мүлде мән бермейтін қимылдарды үйренеді. Есейгенде өзін-өзі күту үшін!..

Асханаға да бас сұқтық. Аспаздар тамақ әзірлеу үшін таңғы төртте ұйқыдан тұрады екен. Төрт жарым жылдан бері тәтті ұйқысын қиып, ерекше балаларға ас әзірлеп жүрген Гүлнәр Рахимованы әңгімеге тарттық.

– Кейбір балалар тамақты өздері жей алмайды. Оларға піскен тамақты ет турағыштан өткізіп, сорпа дайындап береміз. Жұта алмайтын да балалар бар. Үйдің тамағындай етіп дайындауға тырысамыз. Бізде бір ерекше бала болды. Оған тамақты ерекше жасадық. Ол баланы біз миллионер бала дейтінбіз, өйткені оған Үкіметтен тамағына көбірек ақша бөлінетін. Себебі ол жейтін тамақтың еті крахмалдан жасалатын. Басқа балаларға берілетін тамақты оған беруге болмайды. Кейбір балалардың картоптан іші кебеді. Олардың да дастарханы бөлек.

– Балалардың сүйсініп жейтін тамақтары қандай?
– Манты, тұшпараны жақсы көреді.
Ас мәзірінде қандай тағамдар бар?
– Таңертең балаларға ботқа, күндіз үй кеспесін істеп бердік. Екіншіге езілген картоп пен котлет, салат берілді. Компот ішеді. Бәлішті өзіміз қолдан пісіріп береміз. Балалар «бүгінгі тамақ дәмді болыпты» деп бізге рақметін де айтады.
Жұмысыңыз таңертең нешеде басталады?
– Біз жұмысқа таңғы бес жарымда келеміз. Алтыда әзірлікті бастаймыз. Жеті жарымда таңғы ас дайын тұру керек. Жүре алмайтын балалар бар. Оларға тамақты бөлмесіне алып барып береді. Сол үшін тамақ ертерек дайындалады. Жұмысым өзіме ұнайды. «Рақмет» айтқанда кәдімгідей жібіп қаласың…

Үстімізге ақ халат жауып, ішке кіргізді. Бетперде де тақтық. Дәлізде жатқан жасыл кілем көзге оттай басылды. Төрт жыл бұрын «тозығы жеткен екен» деп кетіп едік. Ақсана есімді қыздың бізді қуанып қарсы алғанын көргенде жан-жағымыз жап-жаңа, жап-жарық болып кетті. Алдымыздан жүгіріп шығар еді, әттең, тірек-қимылы бұзылған. Ақсана өте ақылды қыз дейді орталықтағылар. Оған мектеп мұғалімдері арнайы осында келіп, сабақ береді. 8 жасар қыз оқу-жазуды енді үйреніп жатыр. «Аяла» Ақсананың бірінші тұрағы емес. Оны анасы босана салып, перзентханада тастап кеткен. Ата-ананың туған баласынан безуіне бір ғана себеп – ауру. Туа салып, ана сүтін татып үлгермеген ол сәбилер үйінен бір-ақ шыққан. Орталықта Ақсананың анасындай емес, ата-анасы бас тартпаған балалар да бар. Даринаның анасы – жолсерік. Болашақта қызын «алып кетемін» дейтін көрінеді. Қазір ақша табудың қамымен жүрген келіншектің тіпті Ақсананы да қосып алып кеткісі келетін көрінеді. Бір бөлмеде өмір сүрген екі қыз бірін-бірі өте жақсы көреді. Айта кету керек, ата-анасы болған күннің өзінде орталықта жатқан балалардың барлығының ресми қамқоршысы – Тимур Бақытұлы.

– Әрқайсысымызда бала болған соң бәрібір жүрегің ауырады.
– Қанша балаңыз бар?
– Төрт балам бар. Екі ұл, екі қыз. Үлкені 14-те, кішісі 6-ға толады.
– Талғарға көшіп келдіңіз бе?
– Жоқ, қатынап істеп жүрмін. Жолға жарты-ақ сағат кетеді. Жеті жарымда шықсам, сегізде осында боламын. Негізі жұмыс 9-да басталады. Өзім ерте келіп, балалардың жағдайын қарап шығамын. Сағат тоғызда жоспарлау жиынымыз бар. Жауаптыларды жинап, күнделікті жұмысты саралаймыз.
Қол астыңыздағы қызметкерлер­дің көпшілігі әйел адамдар. Тіл табысу қиынға соқпай ма?
Ия, қызметкерлердің 75 пайызы әйелдер. Зейнет жасындағы кісілер де, жаңадан оқу бітіріп келіп жатқандар да бар. Әрине, қиындау. Бірақ қазір бір-бірімізді түсінеміз. Ол кісілер мені ер адам деп жолымды көп кеспейді. Мен де олардың біреуін анамдай, біреуін қарындасымдай, енді бірін әпкемдей сыйлаймын.
– Яғни Талғар ұнады ғой?…
– Ұнады. Ең бастысы, өзіме жұмысым ұнайды. Кейде балалар ауырып, ауруханаға жатып қалады. Сауығып келгенше сағынамыз. Көбіне ата-аналар «баламызды қабылдайсыз ба?» деп бізге бірден қателесіп келіп жатады. Олар аудандық әлеуметтік қорғау бөліміне барып, сонда тіркелуі керек. Біз тікелей қабылдай алмаймыз. Алматы облысында бұрын екі интернат бар болатын. Бір-уі Талдықорғанда, біреуі осы. Қазір облыс екіге бөлінген соң біз ғана қалып отырмыз. Алматы облысы бойынша балаларды осында алып келеді. Оңалту орталықтары қазір көп жерде ашылып жатыр. Ал біздің орталық облыс бойынша жұмыс атқарады.
– 58 бала бар дедіңіз. Диагноздары туралы айтып берсеңіз.
– Негізгісі ақыл-есі дамымай қалған балалар. 58-дің бәрінің диагнозы сол. Тек екі бала аутизммен ауырады. Даунмен жатқан 3-4 баламыз бар. ДЦП-мен ауыратын 12 бала жатыр. Барлығында жүйке жүйесі бұзылған деген диагноз. Кейде кейбір балаларда бірнеше диагноз қатар қойылып жатады. Бізде «хрустальный» 3 бала бар. Олардың сүйектері нәзік, тек жатады. Тіпті көтерген кезде де сүйектері сынып кетуі мүмкін. Оларды бұрыннан істейтін қызметкерлерге ғана тапсырамыз. Күтушілер ондай балалардың жаялығын тез ауыстырып, тез киіндіріп үйренген. Ондай балаларға жаңадан келген мамандарды жолатпаймыз. Себебі сүйегін сындырып алуы мүмкін. Сынып кетсе, бітуі де қиын. Біз ата-аналарға ыңғайланып жұмыс істейміз. Ата-аналар үйде баланың қасында отырып, депрессияға түсіп кетеді. Жұмыс істей алмайды. Сол себепті балаларын біз қарап береміз, – деген мекеме директоры 30 жылдан бері осында жұмыс істейтін Рахилям Илиевамен таныстырды.

Рахилям Илиева – бала күтуші. Ол орталыққа 30 жасында келген. Қазір алпысты алқымдады. Балалардың тамағын береді, киімін, жаялығын, төсегін ауыстырады. Оның кезекшілігі таңғы жетіден басталады. Рахилям жағдайы ауыр балаларға қарайды. Оның қарамағындағы балалар төсекке таңылған. Жүрмейді, сөйлемейді…

– Еңбек демалысына шықсам, сағынам балаларымды. Бұл жер үйімдей болып кетті. Бәріне өз балама қарағандай қараймын. Ата-ананың қасында өскен баладай емес, бұлардың мінезі басқаша. Бұл балалар сөйлемейді, жүре алмайды. Су ішкісі келсе, жылап білдіреді. Қасына жүгіріп барып, суын беріп, қолыма аламын. Алла мұндайды ешкімнің басына бермесін Әр ата-анада дені сау бала болсын деп тілеп отырамын. Балаға жылы қарасаң, еркелейді. Ақсана мен Дарина ғана «ана» деген кім екенін түсінеді. Қалған балалар білмейді. Бәрі бізді «мамасы» деп ойлайды. Біз оларға шешесі сияқты болып кеттік. «Мамаң кім?» десе, бізді көрсетеді. Солай… Бізді «ана» дегенде жүрегім езіліп кете жаздайды. Ішің күйіп кетеді. Сыртта көп ата-аналар балаларына қол көтеріп, ұрсып жатқанын көріп қаласың. Сонда «ұрма, ұрыспа, қадіріне жет!» деймін. Сап-сау балаға қайта рақмет айтып, қуану керек қой! «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейді. Өзімнің екі балам бар. Екеуі де есейіп кеткен. Мұнда кішкентай балаларым, үйде үлкен балаларым бар, – деп ой бөліскен Рахилям: – 30 жылдық өмірін орталыққа арнаған бала күтуші жаңадан келген жастарға үнемі үйретіп отыратын ол:

– Осы 30 жылда мүгедек баланы асырап алып кетіпті дегенді естімедім, – дейді. – Өз аналары алып кетпесе, басқа адамдар келіп, асырап алыпты дегенді көргенім жоқ. Жүрегімде қатты сақталған бір бала бар. Димаш деген бала. Екі аяғы істемейтін, бірақ сөйлейтін. Жап-жақсы бала еді, қайтыс болып кетті. Сөйлеген сөздерімен бәрімізді баурап алатын. Жарқын, жылы бала еді. Өзім асырап алғым келеді, бірақ денсаулығым жоқ, – деп те мұңын шақты.

Орталық басшылығы мешітке жиі барады екен. Жоқ, көмек сұрау үшін емес, некесін қиғалы жатқан жастармен сөйлесуге.

– «Ұлы сөзде ұят жоқ» дейді. Үйленіп, үй болмас бұрын екі жас медициналық тексеруден өтсе дейміз. Содан кейін ғана баланы жоспарласа екен. Қазіргі жастар оған мән бермейді. Жеңіл киініп, қыстыгүні іштері ашық жүреді. Ауру бала осыдан пайда болады. Сол себепті «туа бітті аурудың алдын алсақ, осындай ерекше балалар азайса» деген ниетпен неке қиғалы жатқан жастармен әңгімелесеміз. Арақ, темекі деген тағы бар. Одан кейін ұрыс-керіс. Жүкті әйел стресс алған кезде іштегі балаға әсер етеді. Көп мешіттерге барып айтамын «неке қиған кезде соны айтып өтсеңіздер», – деп ағынан жарылды мемлекет мүгедек балаларды сеніп тапсырған жігіт. – Бізде тұзды шахта да бар. Соның арқасында коронавирус басталғанда балаларымыз ауырған жоқ. Балалар тұзбен ем алып отырды. Парафинмен емдеу де бар. Музыка пәнінің де көмегі көп. Логопедтер де жұмыс істейді. Біз балаларды бөлмейміз, ДЦП, аутист болсын қабылдай береміз.
– Бала өліміне әкеліп соқтырған жағдайдан соң қандай өзгерістер болды?
– Әрине, 2018 жылдағы жағдай қайғылы аяқталды. Жұмыскеріміздің салғырттық танытқанының салдары қайғылы қазаға әкеліп соқтырды. Әрине, қызметкерлерді жұмыстан беталды шығармадық. Тәртіпті қатайттық, бейнебақылау таспаларын көбейттік, жұмыс режимін өзгерттік. Ол кезде жұмысшылар тәулік бойы жұмыс істейтін. Қазір күндізгі және түнгі кезекшілік қойдық. Себебі балалардың көктем мен күзде аурулары қозып, тыңдамайтын уақыттары болады. Сондай жағдайларда бала күтушілер күндіз шаршап, түнде көздері ілініп кетеді. Өзім жаңадан осында келген кезде таңғы 4-те келіп тексердім. Сол кезде ұйықтап жатқандарды ұстадым. Оларға тәртіптік жаза қолдандық. Мен арасында ешкімге айтпай, бақылап, тексеріп шығамын.
– Бұрын сонда қанша таспа болған еді?
– Алдында 45 таспа болған. Қазір 104 камераға көбейттік. Жан-жақты бақылауға қойып жатырмыз. Камераларда да кейде ақаулар болып тұрады. Электр қуаты артқан кезде сөніп қалады. Жел соққанда жарық та жиі өшеді. Сол кезде автоматты түрде генератор қосылады.
– Сіз басшы болғалы бері балаға қол көтеру, дөрекі сөйлеу деген секілді жайттар болды ма?
– Ешкімге айтпай, бөлмелерді аралап жүргенде тәрбиешілеріміздің бірінің аузынан балағат сөздер шығып жатқанын естідім. Дереу тәртіптік жазаға тарттым. Бірде аулада балалармен серуендеп жүрген кезінде сол тәрбиешінің балағат сөз айтқанын тағы естіп қалдым. Үшінші рет қайталанғанда жұмыстан шығардым. Мен келгелі балаға қол жұмсау жағдайлары болған жоқ. Оларға қатты сөйлеп, дұрыс қарамаған жағдайда тәртіптік жазаға тартып отырамын. Менің жұмысқа келгендегі бірінші мақсатым – балалардың денсаулығы, өмірі. Екінші орында – тәртіп.

Мүгедек жасөспірімнің жанына желеу болып, жаялығын ауыстырып, жуындырып, күндіз-түні бас-көз болатын бала күтушілердің алатын жалақысы 80 мың теңге ғана екен. Жұмыс өтіліне қарай 130 мың алатындар бар. Ал медициналық білімі бар қызметкерлерге 150 мың теңге жалақы төленеді.

Жақында «Аяланың» жанынан 40 балаға арналған жаңа оңалту орталығы ашылды. Онда тірек-қимылы бұзылған, тағы сондай түрлі ауытқулары бар балаларға әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-педагогикалық, тұрмыстық, еңбек секілді сегіз қызмет түрі көрсетіледі. Тірек-қимылы дұрыс жүре алмайтын балаларға емдік денешынықтыру жүргізіледі. Сондай-ақ сәулелермен балалардың бұзылған жүйке жүйесін қалпына келтіреді. Олар күндіз емін алып кетеді. Ал Алматы облысының шалғай ауылдарынан келетін отбасылар болса, ата-анасы қасында бірге жатып, ем алуға болады.

«Аяла» шама-шарқынша балаларды аялап, мәпелеуге тырысып-ақ жатыр. Сұхбат кезінде тәрбиешілердің бірі «бұл – ерекше балаларға жаратқанның берген сынағы» деп қалды. Мен онымен келіспеймін. Керісінше, мүгедек балалар бізді сынау үшін жіберілген сияқты. Жүрегімізде расымен жылу бар ма? Мешітте бәрі мейірімді. Бірақ мүгедек балалар үйінде ол мейірімділер неге жоқ? Бұл жағдайда кім мүгедек? Аяқ-қолы әлсіз болып туған бала ма, әлде туған баласын тағдыр тәлкегіне тастаған ата-ана ма?

Аруна Ортай