Қазіргі заманды интернетсіз елестету мүмкін емес. Өйткені сонау «айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызып» отырған дамыған технологиялар дәуірінде кез келген дүниені ғаламтор арқылы алып отырмыз. Ал Талғар қаласына қарасты Аққу ықшам ауданының тұрғындары ұялы байланыс пен сапалы, жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізе алмай отыр. Ұялы байланыс болмағаннан кейін тұрғындар телефондар мен ноутбуктарны көтеріп сол маңдағы интернет ұстайтын автобус аялдамасына отыруға мәжбүр. Тұрғындардың «үйдің төбесі», «терезенің алды», «автобус аялдамасы» дегендей өздері ғана білетін сөйлесу нүктелері бар екен. Алайда үкімет өкілдерінің сөзіне сүйенсек, бүгінде еліміз 97% ғаламтормен қамтылғанын ескерсек, мына ауылдың оған қатысы жоқтай көрінеді.
Мектепте бастауыш сынықа сабақ беретін Майра мұғалім (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді. Ред.): – Мамыр айында оқу аяқталатын кезден бастап бізде интернет мүлдем жоқ болады. Жазда Tele2 компаниясы осы маңайда тұрған интернет мұнарасын алып тастады деп естідік. Ұстаз болғаннан кейін ноутбукпен жұмыс істеп, берген сабақтарымызға есеп беріп отырамыз. Қатты қиналдым, ұялы байланыс мүлдем ұстамайды. Тіпті бір аптаға демалысқа келген студент балаларымыз әрең шыдайды. Сонау Белбұлақ ауылында тұратын қайын апамның үйіне барып мектепке оқу жылының есебін берген кезім болды. Қыркүйек айы басталғаннан бері күнтізбелік жоспарды басқа облыста тұратын қайным толтырып беріп отырды. Бірнеше жылдан бері мектептерде «Кundelik.kz» жүйесінің жұмыс істеп жатқанын мұғалімдер қауымы мен баласы мектепке баратын ата-аналар жақсы біледі. Бұл да біз үшін күнделікті үлкен жұмыс. Мен балаларға беретін ақпаратты жалғыз кітаптан алмаймын. Оқушыларымды қызықтыру үшін интернеттен қосымша материалдар алуым керек. Ұялы байланыс ұстамағаннан кейін үйде қалған балаларым да уайымдайды. Ал мен ол кезде автобус аялдамасында ноутбукпен жұмыс істеп отырамын. Бұл ықшам аудандағы тағы бір мәселе – ол – көгілдір отын. Газ құбырлары тартылғанымен әлі күнге дейін газ берілген жоқ. Міне, қарашаның ортасы болды. Бірақ жұмыс істеп жатқан ешкім жоқ!» – деді.
Ал көпбалалы ана Залина Жұмашева: «Мен балаларыма қосымша сабақтарын оқу үшін онлайн бағдарламалар сатып алғанмын. Бірақ интернет дұрыс ұстамағаннан кейін оны оқи алмай отыр. Төлеген ақшам бекер күйіп кетті. Біздің интернетті қолдану үшін оранып алып үйдің төбесінде ұялы байланыс ұстайтын жерде отыратын кезіміз көп», – деп мұңын шақты.
Ал осы Аққу ықшам ауданның ақсақалы Берікбай Өтемқұлов болса: «Интернет мұнарасын алып тастағаннан кейін ұялы байланыс мүлдем ұстамайтын болды. Үйімде студент қызым бар. Түнде көшенің бұрышында, қай жерде ұялы байланыс ұстайды, сол жерде отырады. Бүкіл ауыл болып қиналып отырмыз…» – деп ел мәселесін тілге тиек етті.
Аққу ықшам ауданындағы автобус аялдамасына қарама-қарсы орналасқан «Хан Тәңірі» атты дүкеннің қожайыны Динара Қозыбаеваның айтуына сенсек ол: «Бізде ұялы байланыс мүлдем жоқ. Мысалы, мен дүкен иесі болғандықтанқазір kaspi.kz қосымшасын пайдаланамын. Тұтынушыларым тиісті аударымды жасай алмайды. Ол үшін интернет ұстайтын жерді іздеп сандалады. Ал балалар сабаққа қатысты ақпарат іздеу керек болса, көшеге шығып, автобус аялдамасына барып, күн ұзақ сарылып отырады. Осының кесірінен тіпті қыздарым да үйге келгісі келмейтін болды. Жағдайы жақсы адамдарың көбісі үйлеріне сымды интернет орнатып алды. Осыдан біз сияқты қарапайым халық жапа шегіп отырмыз», – дейді.
Тұрғындардың мұң-зарын тыңдағаннан кейін Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбековтан сұхбат алдық. Ол: «Аққу ықшам ауданы бойынша бұрын Tele2 компаниясының интернет мұнарасы болған. Меншік иесі оны алып тастаған. Tele2 компаниясының басшыларымен хабарластым. Интернет мұнарасын қоюға болатын 3-4 жерді көрсеттім. Олар коммерциялық ұсынысын санап, интернет бағанасын қоятын жерін анықтап, маған хабарласатын болады. Содан кейін Аққу ықшам ауданына интернет бағанасын қайта орнатамыз. Ақпараттық технологиялар басқармасына өзім ұсыныс хат жібердім. Себебі Tele2, Altel, Beeline, Active байланыс операторларының компаниялары елу мың халық тұратын қалаларда 100% 4G интернетпен қамтамасыз етуі керек. Егер олар осы ұсыныс бойынша бір айдың ішінде ешқандай шара қолданбайтын болса, Ақпараттық технологиялар басқармасы аталмыш Tele2 компаниясына айыппұл салады. Газ мәселесіне келетін болсақ, бұрын Аққу ықшам ауданында мүлдем газ болмаған. Бұл мәселе Алматы облыстық ЖКХ басқармасына қатысты. Осы жылы мемлекеттен қаражат бөлініп, ауылға газ құбырлары тартылды. Осы аптада қосамыз деген жоспар бар. Газ мүлдем жоқ басқа шағын аудандарда тұрғындар 400-500 мың теңгеден жинап, өздері газ тартқызып жатыр. Ал Аққа ықшам ауданына газ бюджет тарапынан тартылады. Енді газды тұрғындарға «КазТрансГазАймақ» 150 мың теңгемен қосып беретін болады», – деген ақпар айтты.
Ұялы байланыс мәселесі бойынша тәуелсіз сарапшы ретінде «Alataunet» интернет компаниясының бағдарламашысы Рафаэль Халитовтан істің мән-жайын білгенімізде: «Қазіргі таңда Талғарда мобильді интернетке сенім жоқ. «Қазақтелеком» монополиясы жеке секторды қосуға асықпайды. Шағын жеке провайдерлер үшін электр бағандарын жалға алудың қымбаттығына байланысты шалғай аймақтарды интернетпен қамтамасыз ету қиынға соғып отыр. Қазіргі уақытта АЖК параллель кабель төсеу үшін электр бағандарын жалға алу бағасын шарықтатып жіберген. Осының салдарынан қарапайым халық зардап шегіп отыр. Біздің «Alataunet» компаниясы гибридті қосылу шешімін қолдана отырып, шалғай аудандардағы пайдаланушылардың мәселелерін шеше алады. Біз интернет пен теледидар қызметтерін қосу бойынша тұрғындардың ұжымдық өтініштерін қарауға дайынбыз», – деді сарапшы.
Ұялы байланыстың жоқтығы, интернеттің жылдамдығының төмендігі тұрғындардың әлеуметтік жағдайына әсер етіп, жұмыстарын құлшына істеуге, балаларының тиісті деңгейде білім алуына кедергі келтіріп жатқаны анық. Сондықтан ақпараттар ағымында жоғары технологиялық жетістіктерден құр қалып, интернетсіз отырған Аққу ықшам ауданына интернет желісі тартылса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл біздің ғана емес, ауыл жұртшылығының да тілегі.
Кәусар ӘБДІКЕРІМ