Талғар ауданына 82 мың тонна көмір қажет

Талғар ауданына 82 мың тонна көмір қажет

2022- 2023 жылдың жылыту маусымы Талғар ауданы әкімінің 2022 жылдың 3 қазанындағы №10-70 өкімімен басталды. Биылғы жылыту маусымы туралы сөз қозғамас бұрын, өткен жылға қайырылып, артық-кемін айта кеткеніміз жөн болар. Әрине ешкім өз істеген ісінің олқылықтарын айтқысы келмесі анық. Десе де шындықты халықтың өз аузынан сұрап білдік. Бокина көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғыны Гульжамилям Касымова: «Осында тұрып жатқаныма үш-төрт жыл болды. Үйіміз орталық жылу жүйесіне қосылған. Қыста өте жылы, кейде тіпті терезені ашып қоямын. Арасында жылу жүйесін өшіріп қоятын кездерім болады. Жер үйде тұратын туыстарым келгенде үнемі үйіміздің сондай жақсы жылитыны туралы айтады», – деп ризашылығын білдірді. Алты жыл бойы осы үйде тұратын Фатима Наурызқызы да жылу жүйесінің жақсы жұмыс істейтініне разы. Арасында шығып жататын азын-аулақ ақауларға тұрғындардың да салғырттығы себеп болатынын жасырмады. Мақсатымыз – біткен іске мін тағу емес, жақсылығын да жария ету.

Көп ұзамай қыс та келеді. Ал биылғы жылыту маусымына Талғар ауданы толықтай дайын ба, отын қоры жеткілікті ме? Бұл туралы Талғар аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары берген мсәліметке сүйенсек, белгілі болғанындай биылғы қысқа 82 000 тонна қатты отын қажет. Аудан аумағында 3 көмір қоймасы бар. Олар: «ЛазуритВостока» жауапкершілігіне тиесілі теміржол тұйығы, «Алматы отын» ЖШС және «Гасанов» көмір сату қоймасы. Бұл орындарда «Шұбаркөл» көмірінің 1 тоннасы 18-18,5 мың теңге болса, «Қаражыра» сұрпының 1 тоннасы 17-17,5 мың теңгені құрайды. «Қамданған қапыда қалмайтындығын» ескеріп, ерте қимылдаған тұрғындар 46 000 тонна көмір сатып алған. Жалпы, ауданда 252 көпқабатты тұрғын үй бар, ондағы пәтер саны 6186. Оның ішінде 164-і Талғар қаласында болса, қалған 88-і ауылдық округтерде орналасқан. Осы көпқабатты үйлерді газдандыру мәселесі 2018 жылдан бастап қарқынды жүріп келеді. Содан бері 34 жылу қазандығы салынды. Ол қазандықтардан 142 көпқабатты үйге табиғи газ бен жылу беріліп, тұрғындар орталықтандырылған жылыту жүйесінің рахатын көруде.

Талғар ауданында 48 елдімекен бар болса, оның 29-на табиғи газ тартылған. Қазіргі уақытта аудан мен ауылдарды газдандыру мәселесі 60,4%-ға жетті. Аудан өңіріне газ таратушы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның филиалы мен «ЖетісуГазҚұбыры» ЖШС өз жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінгі күнге тартылған газ құбыры 925,2 шақырымды құраса, табиғи газ тарифінің 1 шаршы метрге шаққандағы құны 30,68 теңгеге тура келеді. Қазір аудан бойынша барлығы 44162 жеке тұрғын үй болса, оның 32376-іне газ тартылған. Ал аулаларға тартылған газ құбыры 73% -ды құрайды.

Аудан аумағында орналасқан 252 көпқабатты тұрғын үйдің 142-cі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Бұл 56,3 %-ды көрсетеді. Жылу блокты-модульді қазандықтар арқылы таратылады. Жалпы абонент саны 6855. Талғар ауданы – көлемі жағынан облыстағы ең үлкен аудан болғанына қарамастан, қаладағы үйлер, әлеуметтік-мәдени нысандарда дайындық жұмыстары толық аяқталған. Аудан бойынша бюджеттік салаға қарайтын 85 нысан бар. Оның 57-сі білім ошағы болса, олардың 17-сі сұйық отынмен (дизельмен), 38-і газбен, 1-і қатты отынмен жылытылса, 1 мекеме орталық жылуға қосылған. Алматы облысы білім басқармасының Талғар ауданы бойынша білім бөлімі «ММ БББМҰНАЙ» ЖШС-мен 220 384 389 теңге 82 тиынға дизель отынын жеткізуге 04.04.2022 жылы №250 келісімшарт жасалып, сұйық отын қоры 735843 литрге жеткен. Сондай-ақ аудандағы 17 медициналық мекеме, 5 мәдениет, 5 спорттық нысан, 2 әлеуметтік нысан мен 12 әкімдік ғимаратытың 31-і сұйық отынмен, 6-уы көмірмен жылытылса, 45-і табиғи газға жалғанған.

Аталған нысандар ішіндегі денсаулық сақтау саласына тоқталар болсақ, бүгінгі күні Еңбекші, Қарабұлақ, Панфилов, Бірлік, Талдыбұлақ, Қызыл Қайрат, Гүлдала және Береке ауылдарындағы емханаларға газ құбырлары жүргізіліп, қазандықтар қойылды. Жылыту маусымының басында олардың барлығы іске қосылған. Сондай-ақ Арқабай, Қызылту, Еркін, Кендала және Жалғамыс елдімекендерінде медициналық нысандарды газбен жабдықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Газ тартылмаған Панфилов, Нұра, Туғанбай, Гүлдала, Талдыбұлақ, Бірлік, Қызыл ту, Белбұлақ, Талғар мен Кендала ауылдарына қарасты медициналық мекемелерге арнайы қазандықтар орнатылып, дизель отынымен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні орларға қажетті 160 000 литр мөлшерінде дизель отыны дайын тұр. Одан өзге қорда қосымша 79 000 литр бар.

«Қыстың көзі қырауда» болғандықтан, қыстық қамды ерте жасап алған абзал екені түсінікті. Қазіргі күннің өзінде күн бірде ысып, бірде суып құбылып тұрғанда, алдағы қыстың қалай боларын кім білсін?

Зорагүл Әбдіқадір