Әңгімесінің әлқисасын «Он екі жасымда асқар тау әкем құлады. Балалықтың бал дәмін таусап үлгірмей жатып, тұрмыстың кермек дәмін татып үлгердім. Шиеттей алты баламен жесір қалған анамның мойнындағы жүгін жеңілдету үшін қара жұмыстың қамытына ерте жастан жегілдім», – деп бастаған Абдыгали Акпаев 1949 жылы Шу қаласында төрт мүшесі түгел болып өмірге келген. Алайда баланың қос жанары он жеті жасында суалып қалған. Тағдырдың жазғанына шара бар ма? Содан бері дыбыстар әлемінде өмір сүріп келеді.
Қарапайым жұмысшы отбасының баласы жанарынан айырылғаннан кейін де оқу-өндірістік орындарда жұмыс істеген. Жанары семген жас жігіт оқуын жалғастыра алмай қалса да, Алматыдағы зағиптардың кешкі мектебінде оқып, атестат алған. 1985 жылы «Абай атындағы Қазақ Ұлттық унтверситетіне» оқуға түсіп, тарих пәнінің мұғалімі мамандағын меңгерді. Көзі соқыр болса да, көкірек көзі ояу азамат осылай төрт мүшесі түгел адамдар армандап түсе алмайтын жоғары оқу орнын тәмамдап, көкірек көзін біліммен толтырып, өміріне даңғыл жол салған. Басқаларға масыл болмақ түгілі, жақындарының жанашыры, жебеушісі болып отыр.
Абдыгали ата өмірлік жарына да ризашылығын жеткізіп, алғысын айтып отыр. Павлодарға оқу-өндірістік орнының басшылығы қызметіне ұсыныс түскенде алысқа кетуіне қарсы болған інісі жеңгесіне ағасын райынан қайтаруға кеңес беріпті. Алайда ол: «Ер азаматтың жолын тоспаймын, барғысы келсе, өзіне сенгені», – деп жолдасына сенім артыпты. Қайда барса да қолдау көрсетіп жүргенінің арқасында Семей, Павлодар, Тараз сынды жерлерде ұзақ жылдар бойы оқу-өндірістік орнының басшылық қызметін мүлтіксіз атқарып келген.
Әкесі жергілікті емхананың жүгін таситын арбакеш болса да елге сыйлы адам болыпты. Құдай қосқан қосағы өмірден өткен соң анасы қанаты қатып үлгермеген сары ауыз балапандарының қамы үшін азаннан қара кешке дейін дамылсыз еңбек еткен. Біздің кейіпкеріміздің бойындағы қайсарлық пен өмірге құштарлық сынды асыл қасиеттер сол анасынан алған еншісі десек артық болмас. Қайсар ананың қажымас еңбегінің арқасында алты баласы да қанаттанып, өмірден өз орнын тапқан.
«Өмірдің алды үміт, арты өкініш» деген бұрынғылардан қалған сөз бар. Бәрі біз ойлағандай бола берсе өмірдің несі қызық? «Кедей бай болсам дейтін, бай құдай болсам» дейтін мына заманда пенделерге «шүкір» деген сөзді айтқызатын жандар болмаса құдайымызды танымай кетеріміз анық. Қандай жағдайда шүкірлік етесіз деген сұрағыма ақсақал: «Қол-аяғы балғадай, тепсе темір үзетін азаматтардың мынадай бейбіт заманда екі қолға бір күрек таппай, өмірге налып, өкпе айтып, өзгелерді кінәлап жататындарына қарап іштей шүкір деймін. Аштық пен тоқтықты, бар мен жоқты көрсек те сағым сынып, жігерім мұқалған емес, адалдықтық ақ жолынан айныған емеспін. Өмір мен үшін көркем, сол баяғы жанарымды жоғалтқан он жеті жасымдағыдай нұрлы әрі үмітке толы. Осының бәрі көз алдымда жайнап тұрмаса да, көкірегімде сайрап тұрады», – деді.
Шу оқу-өндірістік кәсіп орнында жұмыс істеп жүріп өмірлік серігін тапқан азамат 1968 жылы отау құрыпты. Сол жылғы қыстың қаталдығы туралы әңгімелей отырып, қалай отау құрғандарын айтып ағынан жарылып, жоқшылық қолды байлаған заман болса да көңіліміз тоқ, қайғымыз жоқ деп ақтарылды. Айтуынша, ол кезде оқу-өндірістік орны берген жалғыз кісілік көрпе-жастық пен аз ғана ыдыс-аяқтары болыпты. «Сол жылғы қыс тым қаһарлы болғаны сонша үй суық, жалғыз кісілік көрпеміз ары тартсақ бері, бері тартсақ ары жетпейтін. Содан бері жарты ғасыр зымырап өте шығыпты. Міне, бүгін бес баланы қатарға қосқан үлкен шаңыраққа айналып отырмыз. Жоқшылық мені жасытпады, керісінше жігерімді жанып, құлшына өмір сүруге үйретті», – деді ақсақал жымиа еске алып.
«Игіліктің ерте-кеші жоқ» екенін айтқан Абдығали Жылқышыұлы балалы-шағалы болғаннан кейін студент атанған. Әңгіме арасында сол кездегі қызық оқиғасымен де бөлісті. «Сессия кезінде 7-8 жасар кішкентай қызымды жетелеп университетке бара жатқанмын. Троллейбустан енді ғана түсе бергенде ол жүріп кетіп мен жерге ұшып түстім. Кішкентай қызым шырылдаған күйі кетіп барады. Бір кезде жедел жәрдемі де, басқалары да жинала кетті. Ауруханаға алып кетеміз деп жабысқан дәрігерлерден зорға қашып құтылғанмын. Тағы сондай бір жолы қыста көше тайғақ болатын. Мені жетелеп жүрген кішкентай қызым екеуіміз тура жол ортасында құлап, көліктің астына түсе жаздадық. Құдай сақтап, аман қалдық. Еһ, қайсы бірін айтайын…», – деп жеңіл ғана күрсінді.
Қарияның құдай қосқан қосағы Нышанкүл де сөзге араласып, балаларды қатарға қосу – үлкен жауапкершілік екенін айтып, сөзін былай сабақтады: «Кнөпке топырақ шашпаймын, алайда бүгінгі жастарға қарап қарным ашады. Тоқшылықтың қадірін білмейді. Бастарына түскен болар-болмас сынаққа морт сынады. Жас отбасылардың көбі тұрмыстағы азын-аулақ жетіспеушілігі мен кішкене қиындыққа төтеп бере алмай, екі жаққа кетіп жатады. Екі ортада балалар тірі-жетім болып қалады. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмасы анық, десе де мейлі қандай жағдайда да, жанұяның бұзымағаны жақсы», – дейді.
Өмір жолында қандай тосын сыйлар күтіп тұрғанын кім білсін, әр түрлі қиындықтан қажымыс қайрат пен берік сенім ғана алып шығары анық. Зағип жандар үшін бес баланы қатарға қосу шынымен оңайға соқпағаны анық. Сол қиыны мен қызығы мол күндерді еске алып: «Өз көзім болар-болмас жарықты көреді. Үйелмелі-сүйелмелі балаларды қалдырып қарыс қадам шыға алмайтынмын. Сыртқа шығуға тура келгенде еңбектеп жүргенін төсектің аяғына байлап, жүріп жүргеніне қаратып қойып, сыртқа шығып келуге тура келетін. Бір күні келсем байлап қойған балам жылай берген соң үлкені жастықпен бастырып тұншықтырып тастай жаздапты. Балалар қаз тұрғаннан бастап арттарынан қалмай еріп жүретінмін. Бөпелеріме қарай жүріп оқу-өндірістік орнынан алған жұмысты үйде отырып істеген кезім болды. Аяқ киім бауының ұшындағы темірді станокпен жабыстыратынмын. Балаларым да көмектесетін. Осылай оларды еңбекқор етіп тәрбиеледім деп ойлаймын. Абекең ұзақ жыл оқу-өндірістік орындарда басшы болып істесе де, халықтың қылдай дүниесіне қиянат жасаған емес. Өте адал, мамыражай мінезімен елге сыйлы, ұжымында беделді болды», – деді қайсар ана ер азаматының асыл қасиетін мақтан тұтып.
Екеуі де зағип бола тұра бақытты отбасы бола алғандағының басты құпиясы осы сыйластықта жатқан шығар деген ойға қалдым. Жарық дүниеге келген пенденің жарық сәулесін көргісі келетінін айту артық болар. Алайда қараңғы әлемде жүрсе де жан-жағына сәуле шаша білген жанның өнегелі өмірі бәрімізге үлгі екені ақиқат.
Зорагүл ӘБДІҚАДІР