«Думан ТрансKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты автобустардың қалаған жерінен адамдарды түсіріп, қалаған жерінен отырғызып алатыны өз алдына, толы екендерін сылтау етіп түсетін адам болмаса тиісті аялдамасына тоқтамай өте шығатыны тағы бар. Шопыр біткеннің бәріне күйе жағудан аулақпыз, бірақ халыққа қызмет етіп, нәпақасын қарапайым халықтың қалтасынан айырып отырған автопарк қызметкерлерінің халыққа келгенде асылық қылатынын астын сызып айтпасқа амал жоқ. Таңмен жұмысқа, сабаққа асығып, қара кеште үйіне әрең қайтатын қарапайым халықтың, бала-шағаның жанайқайын естіп жатқан не жүргізуші, не автопарк жоқ. Мәселеден хабардары болса да мыңқ етпей отырған автопарк иелерінің мақсаты не екенін біле алмадық. Бірақ күннің ыстық-суығында, жағасынан су сорғалаған жаңбырлы күндерде, аяз алқымнан қысқан қақаған қыста жол машақатын тартқан, жаны қысылған халықтың мұңын кім тыңдайды? Мәселесін кім шешеді?
Аталмыш ЖШС-нің басшылығынан барлық мән-жайды білмек болып автопарк сайтында және автобустарда көрсетілген телефондардың бәріне қоңырау соқтық. Ешқайсысынан қайран болмады. Телефон тұтқасын көтерген кезекші инженер басын бәледен алып қашып, өз құзіретіне біз айтқан мәселелерді шешу кірмейтінін және ешқандай нөмір бере алмайтынын айтты. Тіл болсын деп тапқанымыз амалсыздан «Қара қазан сары бала қамы үшін» жүрген жалғыз тізгінші болды. Айт–қаны мынау:
«Айлығымызды уақытылы және толық ала алмаймыз. Онсыз да аз айлықты жоқты сылтау етіп кесе береді. Сондықтан мұнда шопыр тұрақтамайды. Өзіңіз де көріп отырсыз ғой, барлық автобуста жүргізуші іздейміз деген жарнама бар. Әне тұр. Қазір айналымда аз ғана автобус бармыз. Көбі сынық, ескірген. Жұмысқа кезекпен шығамыз. Шопыр жетіспегендіктен кейде күнде жолға шығуға тура келеді. Ондай кезде бізге өте қиын. Бәрін айта берсең, бәлеге қаласың. Сондықтан жүргенімізден тұрғанымыз көп. Қыркүйекте жаңа автобус шығарамыз деген, ол қазанға қалды. Қазан бітті, автобус әлі жоқ. Енді қашан болатыны да белгісіз. Тар автобус кезекпен жолға шығамыз, 7-8 айналым жасаймыз, жұмыс өте ауыр, ал айлық аз. Сыйақы деген атымен жоқ. Сұрамаймыз да… Бала-шағаның қамы үшін амал жоқ шыдап жүргеніміз болмаса, көбі осындай себептерге байланысты басқа автопарктерге ауысып кетеді…».
Талғар ауданына қарасты ауылдардың арасын Алматымен жалғайтын «Думан ТрансKZ» ЖШС-не тиесілі №203, 204, 207, 224 автобустардың қызметіне үнемі жүгінетіндіктен мұндағы жүргіншінің жанайқайы мен мәселесін күнде көзбен көріп, құлақпен естіген соң халықтың мұңын «еститін үкіметке» айтып отырған жайымыз бар. Себебі автопарк мұны естімейді, көрмейді, өйткені «құлағы керең, көзі соқыр». Ал көрген құқайын айтып, құзырлы орындарға шағым түсіріп, олармен айтысып-тартысып жүруге қу тірліктің қамытынан қолы бір босамайтын халықтың уақыты да жоқ. «Жыламаған балаға емшек бермейді». Ендеше әлдекімге айтқанмен қолында тұрған еш қауқары жоқ, сондықтан «Түйенің танитыны – жапырақ» деп, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіхановқа аудан халқының жанайқайын жеткізуді азаматтық борыш деп санадық. «Үмітсіз – шайтан», өйтпеске амал жоқ, жол азабын тартып, тауаны таусылған халықтың басқа барар жері, басар тауы қайсы?..
Талғар аудандық әкімшілігіне қатысы жоқ, облыстық маңызға ие тас жолда өз қалауынша жүретін №203, 204, 207 автобустарының онсыз да бітпейтін жыры күн суытқалы бері тіпті көбейген. Жақсы болса қуанар едік, мына қымбатшылықта тіршілік қамытына таңылып, жүйкесі жұқарып, қалтасы тесіліп жүрген қарапайым халықтың «жынына» тиетін кезі де жиілеп барады. Тау–сылмас жырдың басты себебі де осы. Жолы болып, автобусқа сыйып кеткен жүргіншілердің аяқ тірейтін орын таппай, сығылысып тұратыны мен автобустың ішіндегі айқай-шуы бір төбе болса, сыймай дала қалатындардың жанайқайы жүз төбе десек артық айтқандық емес. Бұл мәселе Талғар ауданына қарасты ауылдарға қатынайтын №203, 204, 224 автобустарға да тікелей қатысты. Басқаларын айтпай-ақ қояйық, ырғап-жырғап жатпағаны онсыз да аян.
Талғар қаласы мен Алматыдағы метроның «Райымбек батыр» аялдамасының ортасында жүретін №207 автобустың жүргіншісі өте көп. Автобус қызметін пайдалантындардың негізгі бөлігін бір айлыққа күні қараған немесе үкіметтің беретін аз-маз жәрдемақысын қанағат ететін қара халық құрайтынын ескерсек, олардың табан ет, маңдай терімен «нанын айырып отырған» аталмыш серіктестіктің немқұрайлылығын айтуға, сірә, сөз жоқ.
Ел айтты десем өтірік болар, көзбен көргенді айтып отырмын. Көргеніміздің бір парасы мынадай: Белбұлақ округіне қатынайтын №204 автобустың соңғы аялдамасындағы жағдай да адам көргісіз. Айналасы тола қоқыс болып жатқаны өз алдына, автобус тосқан үлкен адамдар (өйткені бала-шаға, жастар туралы айту артық) тізе бүгетін орындық жоқ. Ол жерде шошайған қалпында шаң басқан 2-3 сплитерлік кірпіш тұр. Оның өзін ары-бері жүрген жолаушылар мен маңайындағы үй иелері әкеп қойған деп топшылаймыз. Айтпағымыз бұл емес, негізгісіне көшейік. 26 қазан күні тоқтаусыз жауған күзгі жаңбырдың суығын бәріңіз сезінген боларсыздар. Жұмыстан кеш шыққандықтан қас қарайған шақта Талғардағы Абай және Қонаев көшесінің қиылысындағы жаңбыр мен желде қалқа болар қара ағашы да жоқ аялдамада сіркіреген жаңбырдың астында бір жарым сағат №207 автобусты күттік. 18.00-де аялдамада аяғынан тік тұрған халықтың қарасы 19.00 дегенде 30-дан асты. Қарап тұрғанша деп санағанымыз да рас. Қойны-қоншына су сорғалап, суықтан бүрісіп тұрғандардың дені сабақтан кеш тараған оқушылар. Біреуі тоқтамаған күйден өте шыққан соң, одан жарты сағат кейін келген екіншісінің алдынан шығып, қол көтеріп, улап-шулап жатып тоқтатып алдық. Мемлекеттік нөмірі – 239 AL 02. Қауіпті жағдай екені айтпаса да түсінікті. Енді өлдім-талдым деп жамырай шулап ішіне кіріп, жүргізушіден неге тоқтамай жатқандарын, не себепті автобустың кешігіп жатқанын сұраймыз деп бәлеге қалдық, ұрыс естідік. Жасы 65-70 шамасындағы атаның: «Әй, мойынымыздан су сорғалап өлдік қой. Неге тоқтамайсыңдар, а?» – дегеніне қараңғыда жарты Құдай болып алған шопыр жауабының сиқы мынау: «Тоқтадық қой енді! Міндіңдер ме, миды жемеңдер! Шаршап келе жатырмыз… Оңайларыңды тез-тез басыңдар!»… Қу тірлік алдымен адамгершіліктен гөрі ақшаны ойлатқан мына уақыттағы шопырдың жайын түсінсек те, малмандай су болған халықтың күйінген күйіне пысқырмаған шопыр жігіттің қылығына бәріміз іштей наразы болсақ та мына сөзінен кейін «Ұқпасқа айтқан сөз – жетім» екенін ұққандаймыз. Кінәламадық. «Әттең-ай, ең болмаса «Кішіге – ізет, үлкенге – құрмет» болмағанын-ай» деп кейідік. Сол сәтте бетінен мойынына қарай сырғып аққан жаңбыр суын жеңімен сүртіп жатқан шарасыз ақсақал мына жүргізушінің сөзіне назаланып, налыған кейіпте көз жасын сүртіп жатқандай көрінді. Аяп кеттім…
Күн жаңбырлы болған соң ба такси де тоқтамады. Әйтпесе осының бәріне куә болып жүрек сонша ауырмас еді… Дәл осы күні күнделікті сабақтан кеш шығып, Алматыдан 21.00-де №207 автобустың жоқтығынан №54 автобусқа отырған студент баламды Тұздыбастаудың бұрылысына барып алып кетуге мәжбүр болдық. 2 сағат бойы «Саяхатта» сіркіреген жаңбыр астында тұрған балам ақыры суық тиіп ауырып қалды. Мұның бәрін неге айтып отырмын? Жалғыз өз басымның күйі болса үндемес едім, бұл жағдайды осы маршрутпен қатынайтын барлық жүргіншінің жанайқайы деп қабылдаңыздар.
Айта кетейік, 2019 жылдан бері Алматы-Талғар бағытында халыққа қызмет көрсететін №207 маршрут метроның «Райымбек батыр» аялдамасынан бастап қала ішіндегі аялдамалардан бөлек, Талғар тас жолының бойындағы барлық аялдамаға тоқтайды. Бесағаш, Тұздыбасту, Белбұлақ, Бірлік, Талдыбұлақ, Қызыл-Қайрат ауылдары мен Талғар қаласындағы автовокзалға дейінгі бірнеше аялдамаға тоқтауға тиісті. Бірақ олардың бәріне тоқтау-тоқтамауды шопыр шешеді. Жолаушы тасымалдаушы «Думан ТрансKZ»-тің мәліметінше, аталмыш автобустың қозғалыс интервалы 7-10 минут. Маршруттық айналымда барлығы SAZ HD маркалы, сыйымдылығы 50 орындық (отырғандар ман тұрғандарды қосқанда деп жорамалдадық. Автор.), 44 адамға арналған 20 шағын автобус бар. Қозғалысы таңғы 5:40-та басталып, кешкі сағат 20:50-де аяқталады. ЖШС директоры – Қожантаева Гүлнара Ержанқызы. Жетекшісі – Исабаев Талғат Қасенұлы. Кеңсесі Алматы қаласындағы Халиуллина көшесінде орналасқан 119 үйде. Білуімізше, №17, 20, 21, 111, 129, 203, 204, 207, 222, 224, 226 автобустар осы ЖШС-нің еншісінде.
Ақша десе алақанын ысқылап, жарыса жүріп көрген жерден адамдарды «іліп» ала бергенімен, өтініш айтқан жолаушыларды керек жерінен түсіріп кетуге құлықсыз жүргізушілердің де жүйкесі тым жұқа. Бірдеңе десең баласына ұрысқандай ақырып әкетеді. Мұндайда жүрегі шайлыққан жүргінші жұрт өзі тар, өзі кір, кез келген жерде бұзылып қалып, келесісіне ауыстыратын аз ғана автобусқа қолы жетіп, «тырнағы ілінгеніне» тәубе етеді. Басқа амал да жоқ. Өйткені жетер жеріне барар басқа автобус та, такси ұстауға қалтасында басы артық тиын да жоқ. Енді жолаушылар құқы туралы бірдеңе айту артық екенін өздеріңіз де ұғып отырған боларсыздар. Өкініштісі сол, автобустардың аралық уақыты сақталмайды, кейбір шопырлар өте дөрекі, халықтың қалтасына күні қарап отырса да автобус жолаушыларына қажетті жағдай жасалмаған. Сондықтан табалдырығына әупірімдеп жүріп аяғын іліктірсе болды сыйып кетуге тырысатын халықтың киімі қырық бұралып, түймесі үзіліп, қыздардың додыраған шашы ауызға жабысып, добалдай сөмкелері басқа тиіп, апалардың дорбасы жыртылып, аталардың мәсісі шешіліп жатса да бір аяқтап тұруға мәжбүр. Өйткені келесісіне де сыймай қалуы бек мүмкін немесе ол күткен автобусы келмей қалады. Күлетін нәрсе емес… Көргенімізді, басымыздан күнде өтетін жайтты жұмсарта айтып, жапсарлай жеткізіп отырған түріміз осы. Біз Талғар ауданына қатысы бар барлық маршруттар туралы айтып отырмыз. Айтқанымыз жалған болып шықпас үшін осы серіктестіктің өз сайтында жазылған шағымдар мен пікірлерге көз салайық. Бұл бір күннің емес, бұрынның әңгімесі екеніне көз жеткізу мақсатында шынайы болу үшін бір жыл арасында жазылғандарын теріп, олардың жазу қалыбын бұзбай, сол қалпында беріп отырмыз. Астындағы сандар уақытын көрсетеді.
Найля: Қайырлы күн! Бүгін 294 АІ нөмірлі автобус жүргізушісі Бригада аялдамасына тоқтамай кетті. Жұмысқа асығып бара жатқан едім. Таксиге ақша болмағаннан автобус күтеміз, ал олар тоқтамай кетеді. Бригадаға аялдама орнату үшін қайда барып өтініш жасау керек? Алдын ала рақмет!
Гуля: Автобусы объезжают остановки. Почему? Мы что ждём их для прикола что ли??? Конкретно речь идёт об автобусе №207 с номером 361 В Кызыл Кайрате не останавливаясь проехал, как будто так и надо. Хотя я стояла на остановке.
2022-05-15, 16:26:12
Халидам: Маршрут заканчивают слишком рано, я работаю до 21:00 в Кызыл Кайрат выхожу пораньше, чтобы успеть на автобус но с 20:50 уже они проезжают поражником, когда должен быть последний автобус с Талгара в город?
2022-05-03,12:02:38
Мадина: Сәлеметсіз бе? 207 автобус аялдамада тұрсаң да тоқтамайды. Жарты сағат күтеміз және 207 автобус тар нашар автобус.
2022-07-14, 15:20:54
Гуля: Время 21:10 и он проехал в наглую, видя, что я машу ему…
2022-07-14, 15:18:00
Аружан Берик: Смысл вообще им писать, оплатили через терминал, сели, ждали, когда поедет 204 автобус. Только собирался выехать его вызвали куда-то, он оставил нас на остановке, сказал на другой садитесь. Позвонила в поддержку трубку взяла девушка, я ей начала объяснять ситуацию. На что она мне ответила, что видите ли у него терминал не работает ( все у него хорошо работало, все как то оплачивали). Это беспредел. Прошу прощение за выражение, но это все просто п*здц. Вдруг я там опаздывала и вышла по их расписанию, чтобы успеть по своим делам.
2 июля 2022
Гульнара Рыскулова: Добрый день! Когда, наконец, урегулируете график 203 маршрута? Больше 30 мин стоим. В Талгар 6-автобус проехал, в город ни одного.
31 мая 2022
Айдар Хасан: 204 автобусов не хватает, интервал не соблюдают.
16 марта 2022
Аид Григориевич: По какой то мне непонятной причине водители 207 автобуса не останавливаются на остановках. Мало того, что не останавливаются, ещё и орут на весь салон, спрашиваю, есть ли на этой или иной остановке выходящие. Я не хочу орать на весь салон об этом, это некрасиво, и неудобно перед другими пассажирами, это не единичные случаи.
24 ноября 2021
Жанбота Сұлтанмұратқызы