Алматы облысының прокуратурасы казинолар мен ойын автоматтарының жұмысын тексеру кезінде мемлекеттік қызметкерлердің 507 млн теңгесін құмар ойынға жұмсағанын анықтады. Құзырлы органның мәліметінше, әзірге құмар ойынның құрығына іліккен 305 мемлекеттік қызметкер белгілі болған.
Ел болашағын соларға сеніп тапсырып отырғанда қолда бар мүмкіндікті іске жұмсамай, казино ойындарының көрігін қыздыруға арнаған шенеуніктердің жазасы туралы шешім қандай екені екені әзірге белгісіз. Тізімнің басында Әділетті Қазақстанның көшбасшысы болар Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі мен Қаржы министрлігі тұр. Өте өкінішті әрі ұят. Қызметкерлері казиношыл ведомстволардың ішінде Жоғарғы Сот, Қаржы мониторингі агенттігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің де аты аталды. Ойынқұмарлыққа келгенде жергiлiктi атқарушы орган мамандары да құралақан емес. Сонымен ресми дерек бойынша мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің құмар ойынға жұмсаған қаражатына көз салайық:
ҚР Iшкi iстер министрлiгi – 97 млн;
ҚР Қорғаныс министрлігі – 95 млн;
ҚР Қаржы министрлігі – 25 млн;
ҚР Жоғарғы Соты – 7 млн;
ҚР Қаржы мониторингі агенттігі – 15 млн;
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі – 3 млн;
Жергiлiктi атқарушы органдар – 36 млн;
Басқа мемлекеттік органдар – 27 млн.
Тексеру нәтижесі туралы журналист Михаил Козачков Telegram арнасында Алматы облысының прокуроры Берік Адамов қол қойған құжатты жариялап, Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметі аталмыш құжаттың нақтылығын Sputnik Қазақстан тілшісіне берген мәлімдемесінде растаған, бірақ әлі күнге дейін ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Аталмыш құжатта ойынханаларға барған кейбір мемлекеттік қызметкерлердің аты-жөні, ұтылған сомалары анық көрсетілген.
Прокуратура өкілдері:
«Иә, растаймыз. Біз бұл тексеруді жүргізіп, тізімдегі барлық мемлекеттік органдарға шара қолдануға жібердік. Осы мән-жайлар мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесіндегі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдаудың тиісті деңгейде жүргізілмеуін көрсетеді», – деп атап көрсетіп, мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындарға жұмсаған қаражатының шығу тегін тексеру керек дей келе: «Біз бұл мәселе бойынша ресми мәлімдеме жасаған жоқпыз. Бізге хабарламалар түсе бастады, біз фактіні растадық. Өйткені бұл заң бұзушылықтар казинолар мен ойын автоматтары залдарын тексеру кезінде анықталды. Расында да аталмыш факті бойынша түрлі мемлекеттік органдарға хат жолданды. Әр ведомство өз қызметкерлерімен жеке айналысып, тиісінше қабылданған шаралар туралы бізге хабарлауы керек», – дейді Алматы облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Мақсат Әбиров.
Прокуратура қызметкері ойынханаға жұмсалған шығындар мемлекеттік қызметкерлердің нақты жалақысына сәйкес келмейтінін атап өткен.
Иә, бұған кеткен қайран ақша қазынадан арнайы бөлінбесе де атқамінерлердің құмар ойынның құрбанына айналғаны онсыз да қыл үстінде қылпып тұрған саяси ахуалдың кезінде өте орынсыз әрі алаңдатарлық мәселе екені анық. Ал оған жұмсаған қаражатты ойынқұмар шенеуніктердің қайдан алғаны түптеп тескеріп, жіктеп саралауды қажет етеді. Мұндай қызметкерлер заң алдында жауап беріп, мемлкеттік қызметтен аластатылуы тиіс.
Ашық ақпарат көздерінде Алматы маңайының ақшасы тасыған атқамінерлері мен құмар ойыншылары жарнамасы жол жағалай орналасып, «мен мұндалап» тұрған Қонаевті жағаласа, Астана жақтың атқамінер ауқаттылары Щучинск қаласын қарайлайтыны айтылады. «Ел құлағы елу» ғой, тіпті қалтасына қаражаты сыймағандардың мұндағы «ұсақ-түйек» казиноны көзге ілмей, шетел асып ойнап келетіндері туралы естігенбіз. Естігенімізге емес, көргенімізге сенетін қасиетке басып, «Қазақ қосып айтады, қосып айтпаса несіне айтады?» деп қоя салғанбыз. Алайда мына ақпаратттан соң ондайлардың да бар және аз емес екеніне күмән қалмады. Күндіз-түні толассыз қатынаған көліктен арқасы бір босамайтын Алматы-Қапшағай (Қонаев) күрежолда жарқыраған жарнамасы көздің жауын алып, ойынқұмарды қойып, жай адамның есін алатын ұтыс сомалары көрсетілген тақтайшалар самсап тұр. Бір қарағанда, ұтысқа қойылған 150 000 мен 600 000 АҚШ долларын оп-оңай ұтып алсам ғой дейтін жымысқы ой кім-кімнің де мазасын алары хақ. Несі бар, «аздаған» ұтыс тігіп, анадай айтулы ақшаны алып кетсең, қалтаңды тесіп кетпейді ғой. Міне, көп адамды құртып, құмар ойын жетегіне елітіп жатқан жарнамалар мен ойлар – осылар.
Ал сол оңай олжаға қарық боламын деген сайтан үміттің жетегінде кететіндердің ойынға жұмсар қаражатының дені қандай да бір арам жолмен келген артық ақша немесе жақын-жуық, айналасындағы туыс-туғандардың табан ет, маңдай терімен жинаған азын-аулақ тиын-тебені болып шығады. Басындағы үйін салып, әйелін саудаға салатын азғындар да осындайлардан шығып жатады. Айта берсең, мұндай қасіретке ұшырағандар жайын жырлауға алты ай аздық етер.
Шариғат жолымен қарасаң, ауыр күнәға саналатын құмар ойындарынан қалай құтылуға болады? Лезде түбіне тартып кететін құмар ойындардың артында дуалау мен қара магия тұрады деушілер де бар. Себебі оған бір кірген адамның одан оңай құтыла алмайтынын көріп те, естіп те жүрміз. Осының салдарынан қанша адам үйсіз-күйсіз қаңғыбасқа айналып, қарызға белшесінен батып, онысын өтей алмай, ұрлыққа барып, сотталып кетті десеңші… Айтуға ауыз бармайтын қасіретке ұшырайтындары қаншама?… Адал ас ішіп, ақ жолмен жүріп, адамдық қасиеттен ада болмай, ар-намыс пен абыройдың биігінен көрінгенге не жетсін!
Сізге сұрақ. Козино ойындарын ойнап көрдіңіз бе немесе ойнағыңыз келе ме? Неге? Ойланып көріңізші…
Жанбота Сұлтанмұратқызы