ЖАСТАРДЫҢ САНАСЫН УЛАҒАН ЖАТ МЕРЕКЕ

ЖАСТАРДЫҢ САНАСЫН УЛАҒАН ЖАТ МЕРЕКЕ

Көрер көзге түрпідей тиіп, оғаш көрініп жүрген мейрамдардың бірі – Хэллоуин. Көптеген адамдар аталмыш мерекенің мағынасын, мәнін дұрыс түсіне бермейді. Хэллоуиннің тарихы мен дәстүрі көптеген ғасырлардан бұрын бастау алады. Ол туралы деректерді друидтердің ежелгі дінінен табуға болады. Қазіргі таңда бұл, ең алдымен, өлілерді мазалап, зұлым рухтарды қорлайтын күн. Хэллоуин біраз жыл бұрын АҚШ-та ғана кең тойланатын еді, кейін Еуропада үлкен танымалдыққа ие болып, енді, міне, Орта Азия елдеріне қарай ығысты. Аталмыш мерекенің тарихына тоқтала кетсек, Хэллоуин – АҚШ-та Рождестводан кейінгі халық жаппай тойлайтын мереке.

Христиандық дәуірге дейінгі кезеңде қазіргі Англия Франция мен Ұлыбритания жерлерін мекендеген кельт тайпаларынан бастау алады. Христиандар дәл осы күні әулие-әнбиелерге тағзым етіп, мереке ретінде атап өткен. Кельттерде екі ғана жыл мезгілі бар: қыс және жаз. Олар күн құдайына табынған. Сондықтан күн құдайы қыс бойы өлілердің билеушісі және түнек әскерін басқарушы Самхэйннің тұтқынында болады деп есептеген. Дәл осы күні Самxэйн фестивалі тойланады. Қыс түсер кезеңде тылсым дүниелердің қақпасы ашылады, өлгендер бір түнге өз үйлерінде қонады, өмір мен өлім алмасады деп сенген. Олармен қоса жер бетіне зұлым руxтар да түседі. Зұлым жандар жануарларға, қауіптілері мысықтарға қонады екен-мыс. Өзге нанымдар бойынша 31 қазаннан 1 қарашаға қараған түні тірі табиғаттың руxтары биік төбе басына шығып, от жағып, жан тыныштығы үшін құрбандық шалған. Таңертеңгілік қалған шоқты үйді-үйге үлестіріп, қыс бойы өшірмеуге тырысқан. Ол жауыздық пен зұлымдықтан сақтайды деп есептеген. Осылайша IX ғасырда xристиан діні кеңінен таралып, мейрамсымақ Хэллоуин де көптеген xалықтарға сіңісіп кетті. Өз жанын шайтанға сататын бұл күн туралы әркім әр түрлі айтады. Біраз азаматтар «Хэллоуин түзу жолдан адастырушы!» деп есептесе, өзге дін өкілдерінің барлығы бірдей бұл айтылған сөзге қосыла бермейді.

Хэллоуиннің тариxын егжей-тегжейлі қарастырып, зерттеген орыс ғалымдарының бірі Игорь Метлик. Ол өзінің «Мемлекеттік және муниципалдық білім беру мекемелеріндегі Хэллоуин» атты кітабында: «Хэллоуин мейрамы зұлымдық пен зорлықты насиxаттайды және бала псиxикасына қатты әсер етеді. Статистикаға сүйенер болсақ, жастардың арасындағы құқықбұзушылық, зорлық сияқты қылмыстардың саны артып келеді. Хэллоуинді тойлау дегеніміз – жастарды қандықол қылмысқа итермелеу, санасын улау, қатыгез ұрпақ тәрбиелеу. Девиантты мінез-құлық көрсету, ұстаздар мен оқушылар арасындағы кикілжіңдер, үй ішінде туындайтын проблемалар Хэллоуин кезінде жиі орын алады», – деп көрсетеді. Ол сөздің жаны бар секілді. Олай дейтініміз, биыл да нақ сол жат мереке күні бірнеше қайғылы оқиға болды.

Мәселен, Сеулде Хеллоуинді тойлау кезінде бар-жоғы төрт метрлік тар көшеде жұрт сығылысып, ақыры бір-бірін таптап тастады. Салдарынын сол арада 151 адам қаза болды. Аяқ астында тапталып өлгендердің арасында шет елде білім алып жүрген қандасымыз Мәдина Шерниязова да бар. Қазақстан азаматы Кореяда жоғары оқу орындарының бірінде оқып жүрген екен. Сондай-ақ Үндістанда аспалы көпір опырылып түсіп, 134 адамның денесі табылды. Әлі табылмағандары қаншама… Қайғылы жағдай болған кезде көпірдің үстінде бес жүзден аса адам тұрған екен. Екі жерде де жүзден аса өлім болған. Қайғылы оқиғалардың дәл Хеллоуин күні болуы кездейсоқтық па? Әлде, расымен, сол күннің тікелей қатысы бар ма? Оны ешкім нақты айта алмайды.

Жын-сайтандарды ұлықтайтын мерекені атап өту Ресейде және Малайзияда заңмен тыйым салынған. Себебі олар бұл мерекені «сайтандарды ұлықтау» деп, ол күнді атап өтудің өскелең ұрпаққа берер бірде-бір пайдасы болмағандықтан осындай шешім қабылдаған. Ал біздің елде, керісінше, Хэллоуинді асыға күтетіндердің қатары артып барады. Бұл мерекеде жастар түнгі клуб жағалап, түрлі қорқынышты, аянышты кейіпке енеді. Тіпті соңғы уақытта балабақшалар мен мектептерде де ерсі дәстүрді атап өту кең етек жайып барады.
Зұлымдық пен үрейді дәріптейтін кештердің орнына қазақшылыққа жақын, балаға рухани тәрбие беретін кештер ұйымдастырған жөн болар. «Жалт-жұлт еткеннің барлығы алтын емес» демекші, шетелден келген дүниенің барлығы мәдениет немесе өркениет емес. Оның ішінде халықтың тіліне, діліне, ұлттық құндылықтарына, тіпті идеологиясына да қайшы нәрселердің болуы әбден мүмкін. Сол үшін әрбір ата-ана, қоғам мүшесі, азамат «өлім құдайын» дәріптейтін басқа ұлт өкілдерінің сенімін «қазақ балаларына үйрету арқылы біз не ұтамыз» деп ойлануы қажет. «Ол әлі бала ғой» немесе «бұл жай ғана ертегі мен аңыздан құралған сенім», «көңіл көтеру кеші» деп оған немқұрайлы қарамау керек. Себебі сіз баланың жан дүниесімен жұмыс жасап отырсыз. «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» екенін естен шығармайық!

Кәусар ӘБДІКЕРІМ