АНА – ОТБАСЫНЫҢ ТІРЕГІ

АНА – ОТБАСЫНЫҢ ТІРЕГІ

Ауданымызда Республика күні мерекесінің маңызы мен тарихына арналған іс-шаралар кеңінен аталып өтуде. Бұл өз кезегінде жастарды елді сүюге, қорғауға, тәуелсіздік құндылықтарын құрметтеуге, сонымен бірге халықтың бірлігін сақтауға шақырады. Осыған орай өткен жұмада Бесқайнар ауылының №20 жалпы жалпы білім беретін орта мектебінде Республика күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.

Мерекелік кешті ұйымдастыруға мектеп мұғалімдері мен Бесқайнар ауылының аналар қауымдастығының жетекшісі Самия Бектілеуова мұрын­дық болды. Сондай-ақ Алматы об­лыс­тық және аудандық кәсіподақ ұйым­дарының шешімімен аталған мектепте талай жылдан бері еңбегі сіңген ұстаздар арнайы алғыс хатпен мара­патталды. Шара барысында Талғар аудандық аналар кеңесінің төрайымы Айтжамал Әбдірешқызы сөз сөйледі. «Құрметті Бесқайнар ауылының тұрғындары, сіздерді Республика күні­мен құттықтаймын! Бұл мереке кезін­де ерекше тойланатын. 2009 жылы Республика күнін 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне алмастырып тастады. 13 шілдеде Ұлытауда үлкен құр­ыл­тай болды. Сол құрылтайда прези­дентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайта жаңғыртып, ұлттық мереке ретінде тойланатынын жеткізді», – дей келіп, тарихи күн туралы танымдық ойларын айтты. Мерекелік шарада оқушылар өткенге тағзым ете отырып, болашаққа жарқын көзқараспен ой жүгіртті. Тәуелсіздік, Отан, туған ел, жер туралы ән-жыр айтып, рухани мол азық алды.
Аналар кеңесі бүгінде ұлттық құн­дылықтарымызды жаңғыртып, жас ұрпаққа тәрбие беретін өзіндік мектепке айналған. Жаһандану дәуі­рінде жастар сыртқы әлемді тану­ға ұмтылатындықтан басқа мә­дениеттердің ерекшеліктерін жақсы түсінеді. Сондықтан олар аналар кеңесінің мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының жас ұрпаққа біздің ұлттық құндылықтарымыздың, әдемі де тәрбиелік мәні зор дәстүрлеріміздің мәнін түсіндіретін жобаларына қуана қатысуда.

Айта кетейік, Қызыл-Қайрат, Белбұлақ, Тұздыбастау, Бесағаш, Бесқайнар ауылдарынан келген аналар кеңесінің төрайымдары да жиынға қатысты. Талғар ауданындағы аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы инс–титутын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыр–туға қатысады. Әр түрлі іс-шаралар арқылы берекелі, тірлігі мықты әрі тату отбасыларды насихаттайды.

Елімізде жүргізіліп жатқан әлеу­меттік-экономикалық реформаларды түсіндіру бойынша жұмыстар өз алдына бір төбе. Аналар кеңесі әлеу­меттік мекемелер, оқу орындары, бала­лар мекемелері мен бастамашыл орталықтармен тығыз және жемісті ынтымақтастықта жұмыс істейді. Белбұлақ ауылдық округінің аналар кеңесінің төрағасы Шәрбану Нұқа­қызы өзін толғандырған адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы ойын былай деп жеткізді:

«Біз президентіміздің Қазақстан халқына Жолдауынан кейін «Ұрпақ қамын ойлайық» атты үлкен іс-шара өткіздік. Осы шараға ауылымыздың аналары, дәрігерлер, басқа ауылдардан келген көпбалалы аналар қатысты. Осы жиынға ауылдық округіміздегі төрт мектептің мұғалімдерін, директордың орынбасарын, тіпті мешіттің имамын да шақырған болатынбыз. Бұл жердегі көтерген басты мәселеміз – өскелең ұрпаққа ұялы телефонның, ғаламтордың зиянын түсіндіру еді. Әрбір келген ата-анаға телефонның бала денсаулығына зияны туралы тереңірек түсіндіруге тырыстық. Ғаламторға деген тәуелділік қазір ғаламдық мәселеге айналып бара жатыр. Соның кесірінен адамдар арасындағы күнделікті байланыс бұзылып барады. Адамдар бір-бірімен сөйлесуді, әңгімелесуді, сырын бөлісуді ұмытып бара жатқандай. Жылы шырай танытып, шүлдірлеп сөйлесуден, жанды, табиғи қатынастан қалып барамыз. Сонымен қатар президентміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы туралы да ауылымыздың мектептерінде үгіт-насихат жұмыс­тарын жүргіздік».

Ал Тұздыбастау ауылының аналар кеңесінің төрайымы Раушан Әбдіғалиева кеңестің келелі істері туралы былай дейді: «Талғар ауданында аналар кеңесі 2012 жылы құрылды. Біздің өз заңымыз, алға қойған мақсатымыз бен міндеттеріміз бар. Қазір ауданымызда аналар кеңесінің 7 мүшесі әр салаға бөлініп, ауылдағы әл-ауқаты нашар адамдарға көмек көрсетуге күш салып жүр. Жетім-жесір, жалғызбасты аналар, мүгедек балалары бар отбасылардың жағдайын басты назарда ұстап, қиыншылықтарын шешу үшін аналар кеңесінің мүшелері әкімшілікпен бірге жұмыс істеп жүр. Мысалы, Тұздыбастау ауылында көптеген ұлт өкілдері тұрады. Түрік, ұйғыр, шешен, орыс сияқты ұлт өкілдерімен ауылымыз аралас, қойымыз қоралас. Осы ұлт өкілдері арасында кейде туындап жататын мәселелерді ешқандай дау-дамайсыз шешеміз. Сондай-ақ 1 мамырда Панфилов ауылдық округінде «Рухтың күші – әкеде» деген үлкен форум өткіз­дік. Барлық әкелер өзінің қара шаңырағында «Отанды сүю – отбасынан басталады» деген бір ауыз сөзді ұран етіп, бала санасына сіңіріп, тәрбиелеуі қажет деп есептеймін. Бірлігіміз бен ынтымағымыз мығым болса, барлық қиындықты жеңіп, мақсатымызға жетеміз. Әке – асқар тау. Әр шаңырақта әкенің орны бөлек. Әке – сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеретін, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам. Әке – отбасы мүшелерін әртүрлі бәле-жаладан қорғап отыратын қамқоршы».

Жиын соңында аналар кеңесі ұрпақ тәрбиесі жолындағы оңтайлы ұсыныстары мен орамды ойларын айтып, алдағы уақытта осы бағытта бірлесе жұмыс атқаруға шақырды. Кеңес мүшелері зейнетке шығып, ұл-қыз, немере тәрбиелеп отырған жандар. Өнегесі мен адамгершілік тәрбиесін тек өз жанұясына ғана ар­намай, өзгелерге де жанашырлық та­нытып, аналық қамқорлығын көрсетіп, аянбай еңбек етіп жүрген ақ жаулықты аналарымыз аман болсын! Аналар кеңесінің жұмысы одан әрі жанданып, қатары көбейе берсін деген тілек айтқымыз келеді.

Кәусар ӘБДІКЕРІМ