1962 жылы құрылған Талғар қалалық балалар музыка мектебіне биыл мерейлі 60 жыл толып отыр. Жарты ғасырдан астам уақыт замана көшінен қалмай кемелденіп келе жатқан білім ордасы – бүгінгі таңда 200-ге тарта шәкірт тәрбиелеп отырған озық оқу орындарының бірі. Қазіргі таңда домбыра, қобыз, фортепиано, скрипка, дәстүрлі ән, гитара, акардион, эстрадалық вокал, хормен ән салу сынды он түрлі мамандық бойынша 21 ұстаз білім береді.
Қазанның 21 күні аталмыш өнер мектебі халық аспаптар бөлімінің оқушысы, халықаралық, республикалық жасөспірімдер арасындағы түрлі байқаулардың жеңімпаздары – Цин Әмір мен Мадияр Мұқанбай ұстазы Бибіжан Тұрдығалиқызының жетекшілігімен өздері білім алып отырған өнер ордасының мерейтойына және Республика күні мерекесіне орай «Күмбірлейді қос ішекте сырлы әуен» атты шығармашылық кеш өткізді. Мектептің аядай ғана АКТ залында өткен шағын ғана шығармашылық кеш – қос күйшінің үлкен арманына қанат қаққан алғашқы есеп беру концерті. «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» демекші, осы кешті ұйымдастру үшін қаншама еңбек пен ізденіс, табандылық пен талпыныс және өнерге деген үлкен махаббат жұмалғаны аңғару қиын емес. «Шебердің саусағы ойнайды» дегндей, домбыраның шанағынан, саусақтардың саласынан сыңғырлаған сырлы әуендер төгілді. Салтанатты кеше қатысқандар батыстың жорық күйлері мен шығыстың шыңырау күйлерін шеберлікпен орындап, тыңдаушысын тәнті етті. Атап айтсақ, Құрманғазы, Махамбет, Тәттімбет және қазіргі заман композиторларының шығармалары орындалды. Фортепианода шетел композиторларының шығармаларын шебер орындаған өнерпаздар өздерінің нағыз талант иесі екендерін көрсетті.
Бұл кешке арнайы қонақ ретінде қос жігіттің құрдасы, ұлы композитор, күйші Нұрғиса Тілендиевтің шөбересі – Нұранбек Нұрғиса келді. «Ат аунаған жерінде түк қалады» дегендей, ата жолын жалғаған жас жеткіншек достарымен бірге күй сайысын қыздырып, атасының күйлерін орындап жиналған жұртты сүйсіндірді. Қазақ күйшілік өнерін терең меңгеру мен дәстүрлі орындаушылық шеберліктің биік деңгейін талап ететін абыройлы міндет тек үздіктердің ғана еншісінде екені белгілі. Алтынның сынығын, тектінің тұяғын көрген қауым ұлы күйшінің өзін көргендей қуанып қалды.
Цин Амир 2017 жылдан бастап осы мектептің үздік оқушысы атанып келеді. Ол 2020 жылы «Тәуелсіздік тұғырым» атты байқауда халық аспаптары бойынша І орын, 2021 жылы халықаралық «Аstana Grand Festival» байқауында ансамбль құрамында І орын, 2022 жылы тағы да осы байқауда байқауда жүлдегер атанып, осы жылы «Рауан» фестивалінде жеңімпаз болды. 2022 жылы «Жетісу жұлдыздары» жас өнерпаздар байқауында облыс әкімі жүлдесін қанжығаласа, 2018 жылы музыка мектебінің оқушысы атанған Мадияр 2020 жылы «Мәңгілік ел – Қазақстаным» байқауында бас жүлде, 2021 жылы «Astana Grand Festival» байқауында ансамбль құрамында І орын, 2021 жылы «Ұлы дала ұрпағы» байқауында ансамбль құрамында бас жүлде, 2021 жылы республикалық «Ақ көгершін» байқауында І орын, 2022 жылы республикалық «Ұлы дала» байқауында ансамбль құрамында тағы да бас жүлде алған. Қазан айының 23 күні Алматы қаласында халықаралық балалар мен жасөспірімдер арасындағы өткен «Жас жұлдыздар» шығармашылық фестивалінде жұп болып өнер көрсеткен жігіттер бас жүлдені иеленіп, ол жүлделерін мектебінің мерейтойына арнайтындарын айтты.
Айтулы өнер ордасында білім алып отырған әр бала талантты. Өйткені онда баланың бойындағы дара талантын ашып, шыңдай білетін білікті ұстаздар көп. Ауданымыздағы маңызды шараларда үнемі өнер көрсететін «Ұлар» домбырашылар ансамблі, «Желмая» қобызшылар ансамблі он жылдан бері көптің алқауына бөленіп жүр. Жақын жылдарда құрылған «Дәстүрлі әншілер» ансамблі де халықтың ықыласына ие болып келеді. Қазақтың ұлттық өнерін, әлемнің классикалық музыкасын, заманауи эстрадалық ән айту өнерін осы мектеп қабырғасында меңгерген дарынды балалар халықаралық, республикалық байқауларда бағын сынап келеді. «Осындай додаларда жүлдесіз қайтпайды!», – деген мектеп директоры Гүлбағила Мұсабекқызы сөзін былай сабақтады: «Мектебімізді тәмамдаған түлектер жыл сайын еліміздегі танымал оқу орындарына түседі. Осы жылы Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне төрт оқушымыз қабылданды. Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледждіне де түсетіндер аз емес. Бұл көрсеткіш – біз үшін өте жоғары деңгей. Алда тағы мерейтойымызға орай жоспарлап отырған шараларымыз бар. Осы көктемде «Өнерім мектебіме арналады» атты мектепшілік дарынды балалар байқауын өткіздік. Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Оқытушыларымыздың іс-тәжірибелерінің қортындысы ретінде «Талғар музыка мектебіне 60 жыл» деген тақырыппен жинақ шығармақшымыз. Алда сіздермен бөлісер жаңалықтарымыз мол».
Осы мектепте төрт бірдей немересі білім алған Дүйсеке Рахымжанов қария: «Немерелерім осында домбыра, қобыз, фортепиано сынды аспаптарда ойнауды меңгеруде. Білім беру сапасы өте жақсы. Балаларымыз Түркияға дейін барып түрлі байқауларға қатысып, жұлделі орындар алды. Ұстаздардың жауапкершілігі мол, біліктігі жоғары. Гүлбағила Аскарбекова басшы болып келгелі мектебіміз жандана түсті деуге болады. Үздік ұстаздар тобын жасақтады. Осында оқығысы келетін балалар конкурс арқылы қабылданады. Бір әттеген-айы, мектеп құрылысы тым шағын, кабинеттер тым тар. Алда кеңейтіліп салынса нұр үстіне нұр болар еді», – деген ойын ортаға салды.
Өнер атты өлкеге қанат сермеп бара жатқан Амир мен Мадиярға ақ жол тілей отырып, ұрпағымыздың бойына ұлттық өнер мен рухтың дәнін сеуіп келе жатқан мектеп ұжымына қазақтың талантты ұл-қыздарын тұғырынан түлете беріңіздер демекпіз.
Зорагүл Әбдіқадір