Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына мынадай толықтыру енгізілсін. Көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі мынадай мазмұндағы 38-1-тармақпен толықтырылсын:
«38-1. Кітапханашы күні – 24 қазан».
ҚР Премьер-министрі
Әлихан Смайылов
–Үкіметтің арнайы қаулысымен 24 қазанда Қазақстандағы кәсіби мерекелер тізіміне «Кітапханашы күні» ресми түрде енгізілді. Мерекеңізбен құттықтаймын! Республика күні қарсаңында алған марапатыңыз да құтты болсын!
– Көп рақмет! Әрине «Кітапханашы күні» бұрын да аталып өтілетін. Бірақ кең көлемде, елеулі түрде емес еді. Кәсіби мерекемізді ресми қаулымен бекітіп бергеніне шын қуаныштымыз. Кітапханашылардың мәртебесін көтеріп, жалақысын көбейтіп жатса нұр үстіне нұр болары анық. Осы сәтті пайдалана отырып, барлық кітапханашыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Соның ішінде өзім қызмет етіп отырған Талғар аудандық кітапханасының ұжымына, алты ауылдық кітапхананың кітапханашыларын құттықтай отырып, тек жақсылық тілеймін!
–Биыл алпыстың асқарына шықтыңыз, нағыз кемел жас. Өзіңізге, өткеніңізге есеп беретін уақыт қой. 60 жас деген қандай екен?
– Рақмет! 60 жасты қазағым «тал түс» деп атайды. Алда әлі талай асулар мен белес-белдер бар. 60 жасқа өмірім қуатты, көңілім шуақты қалпымда жеттім деп ойлаймын. Өмірден тоқығаны мол, кең ойлап, терең толғап, қамқор қолын ұсынып жүретін аяулы әже, қамқор апай бола білген шығармын. Адам балсының 60 жасы –адамның кемеліне келіп толысып, алдыңғы толқын – апаларымның ізін басып, кейінгі толқын – сіңілілерім құрмет көрсетіп, ілтипат танытатын, ұл-қыз өсіріп, құда-жекжатты болып, немере сүйіп, өрісі кеңейіп, өркені өскен беделді кезең. Сондықтан ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырған, оқытып жеткізген, жанымда арқа сүйер жолдасым бар, немере сүйген, қоғамда өз орнымды тапқан бақытты жанмын деп ойлаймын.
– Кітапханашы қызметін қашаннан бері атқарып келесіз? Өзіңіз туралы айта кетсеңіз.
– Менің алғашқы мамандығым – мұғалім. Жолдасым әскери жоғарғы білімі бар офицер болғандықтан әскери қалашықта тұрдық. Сол жердегі орта мектепте ұстаздық қызмет атқардым. Монғолияда да КСРО-ның әр елдерінен келген мамандар келіп жұмыс істейтін. 1989-1990 жылдары мамандар Отандарына қайтып жатты. Орыс тілі мұғалімдерінің сағаты азайып, жалақы да төмендеген уақыт болды. Сондықтан маман тапшылығын жою мақсатында орыс тілі, ағылшын тілінің мұғалімі, кітапханашы сияқты мамандарды қайта даярлады. Кітапқұмар болғандықтан, әдебиет сабағын жақсы көретіндіктен қосымша мамандық ретінде кітапханашы болуды таңдап, осы сала бойынша диплом алдым. Өзім жұмыс істейтін мектепте кітапханашы мен мұғалімдікті қатар алып жүрдім. Ал 2014 жылы Нұра ауылдық кітапханасына орналастым. Содан бері де судай сырғыған 8 жыл өте шығыпты. Қолдан келгенше көп еңбек еттім десем артық айтқандық емес. Кітапхана іші жарық әрі кең. Осы уақыт ішінде көптеген іс-шаралар өткіздім. Еңбегімді бағалап Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрмет грамотасымен», 2019-жылы 10 000 мұғалім қатысқан байқауға қатысып «Үздік педагог» сертификатын және «Білім саласына қосқан үлесі үшін» төс белгісімен және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төс белгісімен, сонымен қатар аудандық, ауылдық көптеген алғыс хат, сертификаттармен марапатталдым.
– Өзіңіз қызмет қылып отырған кітапхана жайлы аз-кем ой қозғасаңыз…
– Нұра ауылдық кітапханасы Талғар аудандық кітапханасына қарасты ауылдың орталығы саналатын Іңкәрбек көшесінде, мәдениет үйінің 2-қабатында орналасқан. 2006 жыл ашылған, 2010-жылы күрделі жөндеуден өткен. Кітапхананың алтын қорында 21482 кітап бар, оның 9164-і қазақ тілінде. Ауылымызда 5341 халық тұрады. 9 айлық негізгі көрсеткіш бойынша 530 оқырман, кітап берілімі – 5484, келушілер саны –1619 адам. Кітапханамыз ауылдық әкімшілік қызметкерлерімен, №12 орта мектептің ұстаздарымен, оқушыларымен, пошта, аурухана қызметкерлерімен, балабақшалармен тығыз байланыста. Алғысым шексіз. «2022 жыл – балалар жылы» деп жариялануынына байланысты облыста, ауданда ұйымдастырылған іс-шараларға белсене қатысып тұрдық. Соның нәтижесінде облыстан Сейфуллин кітапханасы ұйымдастырылған жылдам оқу сайысынан Аянқызы Аяжан ІІ орын, Қонаев қаласында өткен алғашқы іс шарада Ідәрежелі диплом алса, Қуандық Нұрай ІІІ орын, Дүйсенбай Дияр т.б оқушылар алғыс хаттармен марапатталды. 2021-жылы «Авторға хат» байқауынан Мұратқызы Анаргүл бас жүлдені жеңіп алды. Аядай ауыл үшін бұл – үлкен жетістік.
– Қазір заман өзгерді, бәрі компьютерге көшті. Кітап оқылмайды деп дабыл қағып жатады. Осы күнгі оқырманмен бұрынғы оқырманның айырмашылығы қандай? – Кітап кеміріп өскен кешегі ұрпақ онлайнда өмір сүретін бүгінгі буынға үрке қарайды. Біздің кезімізде кітап қасиетті еді, қадірлі еді. Қолдан түспейтін, көңілден кетпейтін, сырласуға болатын, сыйға тартылатын. Ал қазіргі таңда кітап компьютерленді. Озық технологияның тұтқасын ұстаған сайын ұлттық болмысымыз босаңсып, жылдам жалығатын, тез жеритін ұрпақ өсіп келеді. Жастардың беталысына қарасақ кітап оқуға уақыттың жоқтығын желеу етіп, түрлі бұлтартпас себептерді айтады. Меніңше, мұның бәрі – рухани дағдарыстың өтпелі кезеңі. Бесіктің тербелгеніне емес, ұялы телефонның шырылына уанатын сәби өсіп келеді.
– Кітапханашы болу қызығы мен шыжығы мол мамандық қой. Оқырмандармен қарым-қатынаста ерекше есте қалар оқиғалар да көп болады дегендей…
– Кітапханашылар сезімтал, сыпайы, зейінді болуы керек. Оқырмандармен күнделікті қарым-қатынаста кітап таңдауға, оқуға көмектесеміз, қызықты және танымдық іс-шаралар ұйымдастыру арқылы адамдардың алғысын алып жатамыз. Бастан өткен қызық оқиғалар көп қой, біреуін айтып берейін. Көбіне балалармен, оқушылармен жұмыс істеймін ғой. Бір күні М деген оқырман кітапханадан кітап алды да, 2 күннен кейін алып келді. Екінші рет тағы солай қайталанды. Содан әлгі баланы ұстап алып:
Ал балам, оқыған кітабыңның мазмұнын айтып берші? Қалай тез оқи қойдың? – деп едім.
Апай, қандай қусыз, мен бір әңгімесін ғана оқыдым. Екінші рет олай істемеймін, – деп мойындай салды. Кейде осылай оқырмандарды да «тәрбиелеп» жататын кездер болады.
Кітапханашы – әдебиеттанушы, тарихшы, мұғалім, психолог, философ, маркетелог, керек десе экономист те болуы керек.
– Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы екеніңізді де білемін…
– Бүгінде барлық дерлік кітаптардың электронды нұсқасын да ғаламтордан таба аласыз. Ғаламтор – сіз бен біз үшін не қажеттің бәрі табылатын қазыналы қамбаға айналды. Сондықтан ғаламтор арқылы мәтінді, хат-хабарды, құжаттарды, суреттер мен дыбыс-кескінді материалдарды қабылдап аламын, жақындарыма жіберемін. Жұрт алдында істеген жұмыстарымды, өткізген іс-шараларымды да facebook әлеуметтік желісіне салу арқылы оқырмандармен бөлісемін. Ал кейбіреулер әлеуметтік желіні фото альбом сияқты қолданады. Тойға барғанын, ішіп-жегендерін, не сатып алғандарын, қайда жүргендерін жамырата салып жатады. Бұл мәдениетсіздіктің, сауатсыздықтың белгісі деп ойлаймын…
– Кітап оқитын адам азайып кетті деген сынды сан алуан себептер мен пікірлер айтылады. Сол турасындағы көзқарасыңыз қандай?
– Қазір кітапты да интернеттен де оқуға болды. Аудиокітаптар құлаққаппен тыңдауға ыңғайлы. Бірақ қазіргі жастардың кітап оқуға деген құлшынысы күннен-күнге азайып, М.Шаханов ағамыз айтпақшы, «компьютербасты жарты адамдар» көбеюде. Қазір заман ағымы басқа, жамандаудан аулақпын, сонда да кітапсүйер оқырман азайып, қадірі қашып бара ма деймін. Ол жақсылықтың нышаны емес… Көркем сөзді былай қойғанда, қолданыс аясындағы қарапайым сөздің өзі қысқарып, кемтарланып барады. Жастар оқитын, қазіргі қоғамға түсінікті, тұщымды дүние жоқтың қасы. Кітапхана қорында болғанымен, ұрпақтың ойында жоқ. Шындығында, кітап оқудың өзі – өнер.
– Кітапхананың ең жас және ең қарт оқырманын атай кетсеңіз…
– Ең жас оқырмандар – №12 орта мектектегі шағын орталық оқырмандары. Олар кітапханадағы түсті суреттері бар кітаптар, «Бауырсақ» ертегісі, электронды қазақ үй, «Ұсқынсыз үйрек балапаны», «Кішкентай маймыл», «Жоғалған доп» сияқты 3Д форматтағы кітаптарды оқиды, суретін тамашалайды. Ең қарт оқырманым – 1944 жылы дүниеге келген Бозжігітов Парахат. Бұрынғы жазушылардың кітабын көбірек оқиды. Әсіресе тарихи кітаптарды оқып, кітапханаға келгенде әңгімелеп айтып отырады. Мысалы: М.Мағауин, Ә.Кекілбаевты, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кітаптарын, Л.Н.Толстойдың көптомды шығармаларын оқиды.
– Шыны керек, бүгінгі оқырман бұрынғыны қойып, кейінгі ақын-жазушылардың шығармашылығымен жете таныс деп айта алмаймыз. Үгіт-насихат аз ба, ниет жоқ па, шындық осы. Бұл турасындағы пікіріңіз қандай?
– Кейінгі ақын-жазушылар жайлы жаман айтудан аулақпын. Әрбір кітап сол кездегі жас ерекшелігіне сай, өреміздің өрісіне қарай өз ізін қалдырып отырды. Рас, Әзілхан Нұршайықовты, Оралхан Бөкейді, Ілияс Есенберлинді оқып, сол ағаларымыздай болып кетпесек те, көп нәрсені ойға түйдік, көңілге тоқыдық. Заман талабына сай кітаптан гөрі әлеуметтік желінің әлеуеті артып тұрғанын мойындау керек. Дегенмен оқырман қауым поэзиялық шығармаларды өте көп оқиды. Мысалы, Фариза Оңғарсынова, Сара Тастанбекқызы, Марфуға Айтқожа, Қалқаман Сарин, жас ақындардан Асылзат Арыстанбек т.б шығармаларына деген сұраныс жоғары деуге болады. Бұрынғыдай емес, көркем шығармалар мен айтулы ақын-жазушылардың еңбегін насихаттау жұмыстары да аяқтан ақсап жатқанын айтуымыз керек.
– Сұқбатыңызға рақмет. Ісіңіз ілгері, табысты болсын!
Сұқбаттасқан
Жанбота Сұлтанмұратқызы