ТАЛҒАР АУДАНЫ ҚЫСҚА ДАЙЫН БА?

ТАЛҒАР АУДАНЫ ҚЫСҚА ДАЙЫН БА?

Қыс та жақындап қалды. Синоптиктердің болжамына сүйенсек, таяу күндері күн күрт суытады. Қыс қарсаңында, әсіресе, жолдарды тазалау жұмыстары жан-жақты дайындықты қажет етеді. Талғар ауданы таулы аймақ болғандықтан қыс мезгілі ерте түсіп, қарлы борандар жиі болып тұрады. Ауа-райының қолайсыздығы жаяу жүргіншілер мен жолаушыларға ыңғайсыздық туғызып, көшелер мен жолдарды қас пен көздің арасында қар басып қалып жатады. Қылышын сүйретіп, қыс таяғанда аудан шаруашылығына жауаптылар алдымен техниканы түгендейтіні белгілі. Сол себепті қысқы маусымда туындауы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу үшін коммуналды көліктердің жарамдылығын байқап, ауданымыздың қысқа дайындығын көзімізбен көріп қайттық.

Талғар қаласы бойынша жолдарды күзгі-қысқы маусымда күтіп ұстауға жауапты – «Алматы жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Олардың қысқы маусымда қарды тазалауға 13 техникасы, оның ішінде 3 тұз-құм лақтырғыш Камаз, 1 грейдер, 1 қар тиегіш, 1 жолдарды қар қалдығынан тазалайтын щеткасы бар трактор, 1 өздігінен түсіргіш техника, 5 механизатор және де бір жүк көлігі бар. Мәліметке қарағанда, Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков мердігер мекемелердің қыс маусымына дайындығын алдыңғы аптада ғана тексеріп қайтыпты. «Қысқа дайынбыз. Аудан орталығын қыс маусымында қардан тазартатын мердігер ұйым алдын-ала анықталған. Ол жұмыстар үшін бюджеттен 11 миллион теңгеге жуық қаражат қарастырылып, келісімшарт толтырылды. Өткен аптада «ҚазАвтоЖолдың» маманымен бірге мердігер ұйымды тексеріп қайттық», – деді қала әкімі.

Ал Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің ақпаратына сүйенсек, Талғарда 1046,5 шақырым аудандық маңызы бар жолдар, облыстық маңызы бар жол 172 шақырым, ал республикалық маңызы бар жолдар 97 шақырымды құрайды. Республикалық маңызы бар жолдар бойынша қысқы мезгілде қар тазалау жұмыстарын «ДЭУ 21» ЖШС мекемесі атқарады. Жолдарды тазартуға 3 Камаз, 2 трактор, 2 қар тиегіш, 2 ЗИЛ, 2 автогрейдер, қосымша 2 құм лақтырғыш жалға алынады. Мердігердің мәліметіне сенсек, олардың қорында 5 мың құм мен 5 жүз тонна тұз бар екен. Яғни қыста жолдарды қар басып қалады деп алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Ал облыстық маңызы бар жолдарды қардан «Азимут жолдары» ЖШС мекемесінің техникалары тазалайды. Олардың иелігінде 2 Газель көлігі, 2 грейдер, 3 құм лақтырғыш Камаз, 6 дана жүкті түсіретін машина, 2 қар тиегіш, 1 қар тазалағыш, 3 жолдарды щетка мен күрекпен тазалайтын трактор, 1 ПАЗ көлігі бар. Инертті материалдар қоры да жеткілікті дейді. 1000 тонна құм мен 3 жүз тонна тұз дайын қысқа дайын деп отыр.

Биыл Талғар қаласының 56 көшесіне, яғни 55,79 шақырым жолдың қарын тазалау жұмыстарына бюджеттен 23 миллион теңге қаражат бөлінген екен. Бірінші тоқсан бойынша 11,6 млн теңге қаражат игерілген дейді әкімдіктегілер. Ал төртінші тоқсанның жұмыстарына 11,4 млн теңге қаражат қалыпты. Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Асқат Досжанов ауданның қысқа дайындығы туралы былай дейді:

«Талғар ауданы бойынша республикалық маңызы бар 97 шақырым жол өтеді. Облыстық маңызы бар 179 шақырым және аудандық маңызы бар 1046 шақырым жол тағы бар. Соның ішінде республикалық маңызы бар жолдар «ҚазАвтоЖолдың» құзіретінде. Ол жолдарды қысқы мезгілде қардан тазалаумен «ҚазАвтоЖол» айналысады. Біздің негізгі бағытымыз – «Алматы-Талғар-Бәйдібек би», «Алматы-Көкпек-Көктау-Қорғас» тас жолдары және Төңкеріс ауылына апаратын жол. Қыстыгүні қауіпті болып саналатын жолдар да жоқ емес. Ауданымызда қыста ең қауіпті аймақтардың бірі – Бесқайнар ауылындағы тауға шығатын айналма жол. Көбіне көктайғақ сол ауылда болады. Онда қардан жолдарды «ДЭУ №21» ЖШС тазартады. Ол ауылға 12-қарашаға дейін барып, қар тазалайтын техникаларын тексереміз. Ең бастысы, үш көпірді жоғары көтеріп, тазалап отыратын жүк көлігі бар. Негізі қысқы қорымыз Талғар қаласында орналасқан. Ал облыстық маңызы бар жолдар Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарайды. Ол жолдарды күтіп ұстаумен «Азимут жолдары» айналысады. Ол мекеменің қар азалайтын техникасы жеткілікті. Сонымен қатар Талғар қаласындағы ішкі көшелерді қардан тазартудан қалалық әкімшілік өз мойнына алған. Осы жолғы байқауда «Алматы жолдары» деп аталатын мекеме ол жұмыстарды ұтып алды. «Алматы жолдарының» қар тазалайтын техникаларын, құм-тұзын зерттеп қайтқанбыз. Қосымша 12 қарашада тағы барып тексереміз», – деді Асқат Досжанов.

Ал Алатау, Белбұлақ, Бесағаш, Бесқайнар, Гүлдала, Қайнар, Кеңдала, Нұра, Панфилов, Тұздыбастау ауылдық округтерінің қар құрсауында қалып қалмауын қадағалауы тиіс жеті мердігер бар. Олар: «Жүсіпов» жеке кәсіпкерлігі, «Интерсигнал», «ТрансЖолСервис», «Тұрғын үй» ЖШС, «Сапарғалиев», «АКА 50» ЖШС-і. Мердігерлер қыста ауыл жолдарын тазартуға бес ЗИЛ көлігі, бес трактор, жеті құм шашатын көлік, бес жүк көлігін жұмылдырмақшы. Ол жұмыстар үшін 635 тонна құм мен 355 тонна тұз әзірленген. Бұған қоса қарды қала сыртына шығаруға тағы қосымша техника тартпақшы.

Қорытындылай келсек, коммуналшылар жол мен көшені уақытылы қардан тазартып, оқыс жағдайларды болдырмау үшін барын салатынына сендіріп отыр. Енді жауапты мекемелердің шын мәніндегі дайындығы қыс қаһарына мінгенде сыналатын болады.

Кәусар Әбдікерім